Аңшы бала

Аңшы бала

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Ба-лалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осынау атаулы жыл аясында жас автордың жеткіншек буынға арналған дүниесі оқырман назарына ұсынылып отыр.

Аңшыны көз ұшынан мұнартып Ақшоқының шойтастары қол бұлғап шақырғандай болды. Балбөбек балалық шағы өткен жерлері. Бастауыш мектепті сонда оқып еді.

Селеулі-бетегелі, жусанды-сораңды дала тал-терек пен шілікті жыныс қалыңдарынан да кенде емес-ті. Өзінің кіндік қаны тамған Қазығұрт жайлауымен жапсарлас осы Тасбазда «Бетқайың» деп аталатын әжептәуір ауқымды, сыңсыған шоқ тоғай болған-ды. Кейін түрлі жағдайларға қарай сиреп кетті. Балалық шаақта Ақшоқы мен жиырма бес шақырымдайға созылған сол екі аралықта шағын «Орленок» велосипедімен талай жүйткіген...

Сегіз-тоғыз жастардағы кезі шығар, сол Бетқайыңның түбіндегі дөңнің үстінде ертелі-кеш ит таластырып, қала берді, қосаяқ қуып дамыл таппайтын.

Бір күні қызық болды. Тұс-тұстан жабыла қосылған көп иттен жан ұшыра безіп келе жатқан қосаяқ сасқаны ма, өзінше айласын асырып, алыстан орағытып, қарсы алдынан айналып шыға келген үйдей ала төбеттен жалтара қашудың орнына, тура соның аңқиған аузына барып қойды да кетті. Қап-қара болып үңірейіп тұрған соң, ін екен деп қалса керек.

Мұндай оқыс қимылды күтпеген ит байғұс баж ете қалып, шалқадан түсіп, төмен қарай жанталаса домалады. Сонда аңғал хайуанның қорыққаннан жүрегі жарылып кетпеді ме деп қауіптеніп еді. Аман екен. Тек бейшара бұдан кейін-ақ қосаяқ көрсе жын көргендей шошынып, анадайдан қашатын болған...

Осы көрініс есіне түскенде өз-өзінен жымиып, желе-жортып келе жатқан тазысы Аққұсқа қарайды.

Құсбегілік пен аңшылыққа деген бейімдігі бойына сол бала кезінен дарыған дағды сияқты. Үйде дала қоянын ұстаушы еді. Сауысқанмен әуестенді. Күйкентай, кірпі, тырна асырады...

Ойлап көрсе, ұстамаған нәрсесі аз екен. Солардың мінез-құлық, пиғыл-пейілдері өте қызық болушы еді-ау. Мысалы, сауысқанның арамдығына найза бойламайтынын білді. Оған талдың басынан ұя жасап, табанына шөп салып, үстін жауып қоятын. Ұя төбесіне кішкене ғана тесік қалдырады. Бір тексергенінде, сауысқаны жұмыртқа басып жатқан еді. Енді бір қарағанында, балапаны шығыпты. Шиқ-шиқ етеді. Сүйкімді-ақ. Үшінші мәрте соны барып ұстап, қолына алып, аузына нәр тамызайын десе, ұшты-күйлі жоқ... Сөйтсе, ана сауысқан ұя ішінен қосалқы ін қазып, титтей шібиін тығып тастапты. Залымдығы сонша, қуысты тікесінен де емес, ешкім байқамайтындай етіп, тура бүйірден қиғаштай шұқып үңгігенін аңдады. Ал іннің арғы жағын ұңғыл-шұңғыл шытырманға айналдыруға тырысыпты.

Өзі таң алагеуімде қоректеніп әдеттенген. Таңғы сағат бес жарымдар шамасында шықылықтап бақырады-ай келіп. Дауысы да сүйкімсіз. Шырт ұйқыда жатқаныңда жан тітіретіп бажылдайды бір. Екі көзін сипай салып атып тұрады да, аузына ірімшік апарып салады. Мұның шағын «зообағының» у-шуына үйдегілер де әбден үйренген. Елең қылмай жата береді.

Сауысқанның тамақсаулығы да сұмдық. Жұдырықтай ғана құс кетпендей ірімшікті тұтастай жұтып жібереді. Одан соң дәндеп алады да, күнұзын бақырып, соңыңнан қалмайды. Берсең жей береді. Тоймайды. Тура бір, сартылдап тұратын механизм іспетті...

Қоянның көжектері лезде жетіледі. Туғанына төрт-бес сағат қана болған титтей көжектің ширақтығы сондай, ыршып қашып, бұлтылдай жүгіріп қолды-аяққа тұрмайды. Екі күн емген соң домаланып алып, тыным таппай олай-бұлай секіреді-ай. Одан соң түн ортасында ретін тауып қашып кеткеніне көзің жетеді. Табиғаттың өзінің дарытқан ақыл-айласы соларға...

Қолға тырнаның дағдылануы қиын. Бірақ бір бауыр басып алса ілесіп қалмай қояды. Сарала қаз бен үйректің үйренуі тез. Кереуеттің астына кіріп алып жата береді. Шақырсаң ытқып шығады. Кірпі болса, тырс-тырс етіп үйдің ішін түнімен шарлап, маза бермейді.

Әкесі жалғыз ұлы бола тұра мұны өмірінде беттен сүйіп көрмепті. Тек анда-санда сирек мейірленген кездерінде ғана иіскейтін. Одан соң еш уақта ұрған да емес. Ұру қайда, ең аяғы әйт деп маңдайдан шерткен сәті есте жоқ. Тек бірде жаңбырлы күн еді, қозы көш жердей шамада арқандаулы тұрған атымды әкеліп бер деп жұмсады. Ойын қызығына кірген бұл қырсығып, тез бара қоймайды. Еркелік те. Әлдебір жаққа асығып, шыдамы таусылып тықыршыған әкесі бірден қозғала қоймағаны үшін ашуланып, баласын қолындағы құрықтың ұшымен қағып кеп қалды. Қаттырақ тиіп кеткен сияқты, әлде намыс қысты ма екен, көзінен жас мөлтеңдеп, жылағаны бар. Әйткенмен, үй жаққа жүгіріп барып, босағада ілулі тұрған жүгенді алып, аяңдап атқа беттеген. Қырқадан аса бергенінде, алдындағы бұта түбінен бір орқоян ытқып шығып, тұра қашты. Жалма-жан қолындағы жүгенді лақтырып қалғанында, көлбей дөңгеленіп барып, тура, қоянның мойнына ілінгені! Шұбатылған шылбырдан жармасып, жиырма-отыз метрге жеткенде қоянды бас салып, қос құлақтан шап беріп ұстай алды. Одан соң көзі жылтыраған мақұлықты жүрегін атша тулатып қойнына тығып, шолақ қоңыр шапанының омырауынан басын ғана қылтитып шығарып түймелеп, атты жетелеген күйі ыржыңдап үйге келген. Мұның екі езуі екі құлағына жетіп жайраңдап оралғанын байқаған әкесі де жымиып тұр екен: «Немене, менің ұрғаным ұнады ма жаңағы?!» дейді. Қайдағы ұнаған! Ақкөңіл әке де айтады-ау. Жынды болмаса, адам біреудің ұрғаны үшін күле ме екен; бұл сол жолы басқаға емес, өзінің ойда жоқта қоян ұстап алғанына күліп, мәз болып жүр еді...

Қазір қарап отырса, алғашқы аңшылық қадамы кездейсоқ ұшырасатын осынау қоян-қарсақтардан басталыпты.

Болашақ аңшы қысты күндері каникулға келіп тұратын. Келе сала тырбанып, маядан шөп суырып, мұз ойып, қар күреп жүретін әкесіне болысады. Мал суарысады, қораның қиын тазалауға жәрдемдескісі келеді. Бірақ қаршадай ойын баласы қайбір жұмыс істеп жарыта қойсын, біраз күннен соң артына жалтақ-жалтақ қарап, қайтадан көрші ауылдағы оқуына жөнеліп бара жатады.

Тасбазға сонау жиырма бес шақырымнан апта аралатып шаңғымен де келіп жүрді. Қайтқанда да сөйткен. Бірде өстіп жүргенінде зәресі зәр түбіне кетіп, қатты қорыққанын да ұмытпапты. Жексенбі күні түстен кейін шаңғының екі таяғын безектете аршындай сермеп, Ақшоқыға қарай екпіндете тартып келе жатқан. Бір уақта, құдай сақтасын, ақ түтек боран басталсын. Аяқ астынан көтеріліп, алай-түлей бұрқыратты-ай келіп. Әлден мезгілде бұған қарай белгісіз бірдеңелер топырлай шапты. Түтеген бұрқасын арасынан қараң-құраң, қараң-құраң етеді. Не пәле екенін түсініп болар емес. Қорыққаннан жүрегі тас төбесіне шықты. Аяқ-қолы дірілдеп, тоқтай қалып, шаңғысын шешуге мұршасы келмей жатыр. Шынында, өлдім ғой, біткен жерім осы ғой деп еді. Қасқыр елестеген.

Есін бір жиса, шаңғысының бір сыңарын қос қолдап найза кезенгендей сығымдай ұстап, селтиіп тұр екен.

Зуылдап келіп тақалған әлгі тобыр бір кезде мұны көрген бойда кілт тоқтап, кейін серпілді. Сөйтсе, еліктер тобы болып шықты. Ой-и, қуанғаны-ай! Содан шаңғыны аяққа қайтадан іле салып, безді жалма-жан... Ақшоқыға жеткенше бір тоқтаған жоқ. Жанұшыра далбақтап, қалай барғанын білмей де қалыпты...

      Бала кезінде Тасбаздың теріскей қапталында «Қолтықсай» деп аталатын кең өзек бар еді. Тілеуғабыл араға уақыт салып әке қонысына оралғанында, неге екенін, сол аңғардың бір бүйіріндегі борсықтың інін көруге көңілі құлады.

Ақырын жылжып тақала бере, анадайдан жалт етіп қашқан қасқырды көзі шалған. Хайуанның сұлбасына қарап, шіл бөрі ме, әлде көрбан қасқыр ма екен деген ой жылт етті. Ін алдында алты қанат үй орнындай жер тапталып, жапырылып жатыр. Бөлтіріктердің ойнағы. Бұлар кәдімгі бала секілді асыр салады. Демек, апанның қазіргі иелері – қаншық пен арлан. Өздерінің лезде тығылып үлгергені де таңырқатты...

Әйткенмен, бірер күннен кейін-ақ байқады, адам исін сезіп қалған түз тағылары күшіктерін ілестіріп бұл орыннан лезде тайып тұрды.

Келесі жылы бір соққанында әлгі орынның қатты өзгергенін аңдайды. Ін айналасы «күрделі» жөндеуден өткізілген. Маңай тап-тұйнақтай. Тап-таза. Шоқ қараған ішіндегі «әжетханаға» апаратын жол да сайрап жатыр. Яғни, борсық қайта оралған.

Аңшы бұлар енді қайтер екен деп, оқта-текте көз қырын салып қойып жүрді. О жылы бұлар әзборақтарын өсіріп-өндіріп, жайлы қыстап шықты.

Келесі жазда тағы барса, орын астан-кестең. Бұрынғыдай тәртіптің ізі де жоқ. Енді інді қастандықпен түлкі басып алған екен.

Негізі, түлкінің борсыққа шамасы келмейді. Ал оның күшіктеуге ыңғайлы, паналауға жайлы жерді тартып алудағы әрекеті – жаман-жәутігі, түлкішегімен топырлап барып іннің қуыс-қуысына сарып кетеді. Тіпті, борсықтың жататын орнына дейін барып былғайды. Бұдан соң еңбекқор, тазалықсүйгіш борсық бейшара амалсыздан безіп кетуге мәжбүр болады.

Осылайша, бір інді жиырма жыл ішінде алма-кезек түрлі аң жайлайтын көрінеді. Бұл да бір үздіксіз арпалыс көрінісі, тірлік заңдылығы тәрізді.

Енді бірде кертөбел атымен кезекті саятқа шығып бара жатқанында, Бетқайың тоғайының тұсынан өте беріп... бүйірден келіп ұрған жойқын соққыдан жалтарып үлгерді. Найзағайдың жылдамдығындай зу еткен қияпат күшті жалт бұрылып, өткізіп жібермегенінде, көлік-мөлігімен бірге тырапай асары сөзсіз-тін. Кертөбелдің сергектігі де бір ғанибет, қисая беріп, тізгінді сол қолымен жұлқа тартқанынша, өзі-ақ оқыс бұлтарды. Соның өзінде, топырақты бұрқ еткізіп шойнаң етіп, жығыла жаздап барып зорға оңалған.

Сөйтсе, бір көк қаршыға тұтқиылдан тиіп, балдақтағы бүркітті қос аяқтап тепкен екен. Әжептәуір ірі. Ызақорлығы сонша, бір мезет нысанадан ауытқып, тепе-теңдік сақтай алмағандықтан, өзі де құлап кетердей құлдилай беріп, дереу қайта көтерілді де, шабуылды және жалғастырды. Екпіні жан шыдатар емес. Аңшының желе жортып, төңіректен тезірек қашып құтылудан өзге лажы қалмаған-ды. Айсары бүркіттің де томағамен отырып, бұл әрекетті аңдамай қалғаны жөн болды ма деп ойлаған. Әйтпесе, қарсыласына қарсы шүйлігіп, түте-түте қылар ма еді...

Қатты тіксінгенмен, ұзай бере қаршығаның бөгде құстан өз жерін, өз аумағын қызғанғанын пайымдады. «Алла-ай, құс екеш құс та туған мекеніне бөтен біреулердің кіруін қаламайды екен-ау!» таңырқаған.

Арада оншақты күн өткенде малшы жігіттер дәл сол қаршығаны көтеріп келді. Шалажансар. Төбесінен қан ағып тұр. Тоғай маңайында тура сонау жағдай қайталаныпты. Көк қаршыға бұ сапар өңіріне кіріп кеткен қос ителгімен айқасады. Алайда жеңіліс тапқан. Екеудің аты – екеу, бірі алдарқатып төмен қашқан сәтте, екіншісі төбеден келіп ұрған екен. Бас сүйегін жарып жіберіпті.

Өлді байғұс... Салмағы бір жарым келідей екен. Ұрғашы қаршыға.

Құстың нақты неден өлгенін білу үшін бір күндей мұздатқышқа салып қатырып қойып, ертеңіне қалаға, арнайы лабораторияға апарды. Маманның да айтқаны қысқа болды: бастан соққы тиген...

Қаршығаны тастаған жоқ. Әдемілеп тұлыбын жасатты.

Қазір құс Алматы – Астана күре жолының бойындағы Ақсу-Аюлы мекенінен Қарағандыға асатын айрықтағы «Бүркітші» деп аталатын кафеде ілулі тұр. Келген ел көреді. Біреулері бұл неғылған құс деп сұрап жатады, біреу сұрамайды...

 Мәди МАҒАЗҰЛЫ.

Алматы.