«СОҢҒЫ КӨШ» ТАРИХТЫҢ ҰЛЫ КӨШІНЕ ҰЛАСА БЕРЕДІ

«СОҢҒЫ КӨШ» ТАРИХТЫҢ ҰЛЫ КӨШІНЕ ҰЛАСА БЕРЕДІ

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы және қоғам қайраткері Қабдеш Жұмәділ ағамыздың өмірден озғанына да бір жылдан асып кетіпті.

Қазақ әдебиетіндегі соқталы туынды «Соңғы көштің» авторы, алыптардың соңғы тұяқтарының бірі Қабдеш ағамыз былтыр аты жаман пандемияда бір апта ғана ауырып, қалың елімен қоштасып та үлгермей кете барды…Ол енді 19 күннен кейін 24 сәуірде 85 жасқа толар еді...

Қабдеш Жұмәділ қалың қазақ сүйіп оқыған «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» романдары мен бірнеше көркем әңгімелердің авторы еді. Сонымен қатар қазақтың даңқты да, дарабоз дарынды қаламгері ғана емес, қарымды қайраткері де еді. Қоғамдық-саяси өмірде өз үнін батыл да, ашық айтып отыратын. Ұлттық мүддені қорғау, Мемлекеттік тілді қолдау жолында қашанда алдыңғы қатардан табыла білді.

«Ақ жол» партиясының Алаш қайраткерлерін ұлықтау, қазақ санын көбейту үшін қандастар көшін қайта жандандыру, Мемлекеттік тілді қолдау туралы ұсыныстарын қолдап, өз ой-пікірлерін қосып отыратын еді.

Мен парламентке бара салып, алғашқы көтерген мәселелерім бұрыннан айналысып келе жатқан Қандастар көшін көбейту тақырыбы еді… Екі айда екі рет депутаттық сауал жасадым. Сондықтан да, жақында Алматыға барып, Ұлы көштің жайымен «Соңғы көштің авторының ақыл-кеңесін тыңдап, ақ батасын алып шығамын деп жүрген едім... 

Алладан үкім келді – амал жоқ! Алды пейіш, арты кеніш болғай деп қоштасып қала бердік.

Қабдеш Жұмәділ қай жағынан алса да бақытты жазушы.

Халықтың шынайы ықыласына бөленген шығармалары ең көп тиражбен тарады.

Қазақстан Кеңес империясы құрамындағы кездің өзінде Қытайдан Атажұртқа өзі бастап өткен қазақ көшінің - сом шығармасымен ескерткіш қалдырған "Соңғы көштің" Тәуелсіз Қазақстанда Ұлы көшке ұласқанын көріп қуанды. 

Алыптардың соңғы тұяғы деп те бекер айтып отырған жоқпыз. Қабдеш Жұмәділ Қазақстанның Халық жазушысы атағын алған қаламгерлерден қалған үштің бірі еді, жазушылардан ең соңғысы еді...

Біз қазақтың ұлы жазушылары Мұқтар Әуезовты, Сәбит Мұқановты көрген жоқпыз. Ғабит Мүсіреповпен бір амандасқанымызды жырға айналдырдық. Бірақ Мұқтар Әуезовтың өзі болмаса да, көзіндей, бізге тастап кеткен сөзіндей, тұлғасы да, жырласы да ұқсас Қабдеш Жұмәділді көрдік. Дарабоз жазушымен талай пікірлестік, дәмдес, сапарлас болдық, ұлттық мүддені қорғау жолында қатарлас болдық деп мақтанамыз.

Осыдан оншақты жыл бұрын Өскеменге әкім болған Ислам Әбішев “Красный Восток” аталған қалада осы уақытқа дейін ешкім алып тастамақ түгілі олай ойлап та көрмеген Лениннің ескерткішін құлатып тастап, орнына ұлы Абайдың асқақтаған ескерткішін асқар Алтайдың төріне тұрғызып тастады. Сонымен қатар “Шығыс шынары” атты халықаралық мүшәйра өткізді. Осы мүшәйраға қазақ ақын-жазушыларын Қабдеш Жұмәділдің өзі бастап барды. Өскемендегі ұлттық рухани өзгерістерге қатты риза болған Қабдеш ағамыз сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ислам Әбішевке рахмет айтып, ай маңдайы жарқырап тұрып: -Шығысқа ұлттық рух келді! Ұлы Абай келді, артынан Абайдың інілері де келді!”-деп толғанып сөйлеп еді…

2019 жылы 4 қыркүйекте елордамызда үш күн бойы дүркіреп өткен Азия жазушыларының тұңғыш форумын дүрілдетіп жіберген қазақтың дарабоз жазушысы Қабдеш ағамыз болды.

Ол әлемді билеген Шыңғыс ханның ешқандай моңғол емес, қазақ екенін, сондықтан оны өзіміз ашық иемденуіміз керек, моңғолдарға рахмет, деп салды. 

-Мен осы форумға қатысып отырғандардың ең үлкенімін. Мен тарихи романдарды біраз жазған адаммын. Әдебиет пен тарихты бөлмеймін. Бізде жалған концепция бар. Оған тарихшылар, саясаттанушылар кінәлі. Оған империялық саясаттың қатысы бар. Біз соған қарсы күреспедік. Ол өтірік не? Шыңғыс хан түрік пе, моңғол ма? Осы мәселе әлі күнге айтылып келеді. Моңғолдарға рақмет. Өйткені Шыңғысхан жауыз дегенде біз одан безіп шықтық. Олар ұзақ жылдар оны иеленді. Біз сол моңғолдарға рақмет айта тұрып, Шыңғыс ханды қайтарып алу керекпіз. Рашид ад-динді, "Құпия шежірені" қайта аударып жатырмыз. Бұрын қасақана қате аударып отырған. Шыңғыс хан түрік деген сөзді сыпырып алып тастаған. Т. Әбенайұлы "Жамиғат ат-тауарихты" қайта аударды. Бұрынғы аудармадан айырма үлкен. Бұрын Ресей, Қытай түріктерден қорықты. Қорғанды не үшін салғанын білеміз. Орыстар Алтын Орданың боданы болды. Сөйтіп екеуі де Шыңғыс ханды түрікке жолатқысы келмеді", - деді Қазақстан халық жазушысы.

Форумға қатысып отырған моңғолиялық жазушы бұған шалқасынан түсіп, шатынап кетті... 

Үзілісте Қырғыз Жазушылар одағының төрағасы, ақын бауырымыз әңгімелесіп тұрғанда маған: "Моңғолдар Шыңғыс ханды бермейміз деп жатыр ғой"-деп күлді. " Моңғолдардың Шыңғыс ханды берер-бермесін уақыт көрсетеді. Бірақ, бір нәрсе - айқын, Шыңғыс ханның қазақ екені - шындық! Оны басқа елдердің де бәрі біледі. Қабдеш ағамыз ақиқатты айтты"-деп жауап бердім. Алатаудың ар жағынан келген ақ қалпақты бауырымыз: "Біз Шыңғыс ханға таласпаймыз, қазақтарға бердік"-деп, қала берді... 

Қиын-қыстау кезде бақи дүниеге аттанып кеткен Қабдеш ағамыздың жаназасына астанадан ұшып барған едім…  

Қоштасу жиынын Қабдеш ағамыздың жақсы көретін інілері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет пен ғалым Ұлықпан Сыдық жүргізді.

Маған сөз беріп, қоштасу сөзін айттым.

Жаман індеттің кесір-кедергісі осындай асыл тұлғаларымыздан айрылғанда білінеді. 

Үйі алдындағы аулада бір топ адам жаназасына қатыстық.

Әйтпесе, нағыз халық жазушымен халқы қимай қоштасып, қалың ел салтанатты театрға сыймай кетер еді...

Көктемде Алматыда өткен жылдық асына ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, 

“Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев екеуміз келіп қатыстық.

Енді міне, 20 тамызда Қабдеш ағамыздың өзінің аманаты бойынша жерленген Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылындағы бүгінде “Қабдеш бекеті” аталған жерде үлкен асы өтіп, ескерткіш күмбез кешені ашылмақ.

Бұл қазақтың классик жазушысы, қоғам қайраткері, ұлт мүддесі жолындағы күрескер тұлғаның атын ұлықтау мен мәңгілік есте қалдыру шараларының басы болмақ!

Қазақ әдебиетіндегі «Соңғы көш» тарихтың ұлы көшіне ұласа береді.

Қабдеш ағамыздың пейіште рухы шалқи бергей!

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты