БАСШЫ БОЛСАҢ ҚОРЫҚПА...

БАСШЫ БОЛСАҢ ҚОРЫҚПА...

(Басшылардың бейресми гимні)

«Басшы болсаң қорықпа... қорықсаң басшы болма!»

                             Бір әкімнің пәлсапасы

І

Басшы болсаң қорықпа... қорықсаң, кет!

Бұл саған кию емес бөрік сәндеп. 

Алыпқа да амалдап жағу керек,

Алқалап тұрса-дағы халық сен деп. 


Басшы болсаң қорықпа... қорықсаң, бар! 

Бұл жол өзі аумайды жорықтан дәл. 

Қол астыңда істейді тамыр болып,

Тамырыңды жіберер орып қанжар.


Басшы болсаң қорықпа... қорықсаң, шық!

Жанға жайлау сезілген қорықтан шық. 

Даңғыраған даңғыл мен көрсоқпақта

Дамылсыз жүру керек жарып, жаншып. 


Басшы болсаң қорықпа... жаңашыл бол! 

Жаңа жолда қауіп көп, таба, сын мол. 

Шектеулер шекарасын аттай білсе,

жұрт мүддесін ойласа – жанашыр сол. 


Басшы болсаң қорықпа... бұлтақтама

Бір атың жазулы тұр құлтақтада. 

Бастарынан біреудің аттау керек,

Биікке шығам десең шырқап, бала.  


Басшы болсаң қорықпа... қорықтың-ақ, 

Жүйе жұлып лақтырар көріп тымақ.  

Алды-артыңды тең ойла, сонда ғана  

Соны сүрлеу саларсың соны ұқтың-ақ. 

 

ІІ

Басшы болсаң қорықпа... сатқан жаттан,

Жұрт алдында басыңа жаққан боқтан. 

Жуылады бәрі де, сақтан, бірақ,

Абыройға түсетін ақтаңдақтан. 


Басшы болсаң қорықпа... оттан... оқтан, 

Бас бухгалтер сарт та сұрт қаққан шоттан. 

Ауызы жемесе де, жесе де қан

Қасқырдың өз кінәсі қақпан қапқан. 


Басшы болсаң қорықпа... топтан... доқтан,

Арызқой ағайыннан аттандатқан. 

Бопсасына бүгілме кеуделінің

Бөксесіне буы ұрып отқан тақтан. 


Басшы болсаң қорықпа... көп мандаттан,

Мансап іздеп басыңа тапқан бақтан. 

Көкпарға түс, ісіңді серке ғып тарт, 

Қарсыластан қаймықпа қаптал қаққан. 


Басшы болсаң қорықпа... тот қармақтан,

Бап ішінде жазылған көп тармақтан. 

Там-тұм ісің төрге емес елге арналса, 

Том-том ісің түк емес соттар жапқан.

Айбек Оралхан, 

Қазақ үні