ЕСТИМІСІҢ ДАУЫСЫМДЫ...

ЕСТИМІСІҢ ДАУЫСЫМДЫ...

Газетіміздің авторы, жазушы Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының жалғасы «Жиырма бірінші ғасыр» атты жаңа роман-эпопеяның бірінші кітабын жазып бітірді.

Шығармада Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы басты оқиғалар, азаттық алған Қазақ Елінің қиындықтарды еңсерген қымбат кезеңінің көркем панорамасы жасалған. Райхан, Айбалта, Гүлнұр, Таңшолпан-Әмірхан тағдыры арқылы өрілген лирика мен драмаға толы оқиғалар, астарлы аңыздар, аса бай бейнелі тіл шығарма шырайын аша түскен.

Шығармада суреттелетін Ел өміріндегі елеулі оқиғалар Ақбас бүркіттің көзімен, ой сезімімен беріледі. Ақбас бүркіт бұған дейін әлем әдебиетінде кездеспеген жаңа образ.

Осы шығармадан үзінді ұсынамыз.


Бұрын жайнаң қағып, жарқылдап жүретін Райхан Арқалыққа келгелі күрт өзгерді. Көңілін көңілсіздік бұлты торлап алды. Жақұттай жарқыраған сұлу жүзі күнге күйген бөздей салғsн тартты. Ешкіммен сөйлеспейтін тұйық тұңғиыққа тартып барады... Маңайында емежарқын әңгімелесіп, сырласатындай да ешкім жоқ. Арқалыққа келін болып келгеніне төрт жылдан ассада жаңа ортаға сіңісіп кете алар емес. Көзінде – мұң, жүрегінде жазылмайтын жара бар. Ол мұң – сағыныш мұңы, ол жара – махаббат жарасы. Көздегі мұңда, жүректегі жара да бірақ адамға – Ерасылға байланысты. Күні-түні ойлайтыны – Ерасыл. Көзін ашса да, жұмса да көретіні соның, сұлу бейнесі.

Ерасылды көрмегелі төрт жыл, төрт ай, төрт күн. Көргісі келіп сан мәрте бұлқынды, жұлқынды жаралы жүрек. Сәті түспей-ақ қойды. Алғашқы жылы сабыр түбі – сары алтын. «Сәл шыда, Райхан, ертең-ақ жетіп келеді Ерасыл» деп өзін-өзі жұбатты. «Данышпандық дегеніміз – төзе білу» деген Флобер сөзін көңілге медеу өтті.

Бұдан әрі сағынған, жүдеген жүректі жұбата алмағасын өзі баруға бекінді Алматыға. Ұшаққа билет алып ұшқалы тұрғанда Ерасылдың Парижде жүргенін естіп алып ұшқан от-жалын көңіл үстіне мұздай су қойғандай қоламтаға айналып бара жатты. Ғашық жүрек күйіп-жанып тағы бір рет талпынғанда Ерасылдың күні кеше Америкаға аттанып кеткенін естіп қатты күйзелді. Күйіктен іші өртеніп, өле жаздады...

Жан дүниесінде арпалысқан, шарпысқан сезімдермен алысып, іштегі күйігін баспақ болып, жазу столына отырды. Сол сәт оның қаламынан:

Ерасылым, керемет ең не деген!

Бар нәрімді сығып алып денеден,

Бал шырынның бір тамшысын қалдырмай,

Барлығын да бір өзіңе берем мен, -

деген жыр жолдары туды....

«Қысылғаннан қыз болдық» - деген осы екен ғой, деп мырс етті іштей өзін-өзі мысқылдап.

Арқалыққа келгесін жоғарғы сынып оқушыларына ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген Райханды қала басшылары қолқалап ортан қолдай орта мектепке директорлық қызметке тағайындады. Сол дұрыс болды. Өзіне қандай міндет жүктелсе де асқан жауапкершілікпен беріле жұмыс істейтін Райхан еңсесін басқан ауыр ойлардан күндіз бір сәтке болса да арылды. Бұл басқаратын мектептің проблемасы көп. Кеңес өкіметі кезінде, Брежнев заманында салынған ескі ғимарат жылдар бойы жөндеу көрмеген, құлағалы тұр. Бұл проблемамен біраз айналысып қала, облыс басшыларының биыл оқу жылы аяқталысымен күрделі жөндеу жасаймыз деген уәделерін алды жақында. Ұжымның да проблемалары аз емес. Біреуге үй, біреуге күй керек. Райханның билік алдында да, халық алдында да беделі биік екенін білетін мұғалімдердің өтініші көп. Соның бәрін біртіндеп рет-ретімен шешіп келеді Райхан. Ең қиыны осы үлкен ұжымның екі топқа бөлініп алып, айтысып тартысуы еді, осы тұста дипломатиялық дарыны көмекке келіп, оларды да татуластырды. Мектептің бірін шешсең тағы бір шыға келетін көп проблемасымен айналысатын жұмыс күні Райханға жеңіл, ең ауыры жұмыстан кейінгі кез. Мұндайда уақыт өтпейді, өтпейді деу аз бір орнында жылжымай тұрып алады.

Бүгін жексенбі. Райхан үйде жалғыз. Күйеуі Нұртілеу сапарда. Райхан үш бөлмелі пәтерде төрт қабырғаға қамалып отыр. Жалғыз...

Райханның ойына Лерментовтың:

Жалғыздық қандай жаман еді,

Мына бір қапас өмірде.

Қуанышқа ортақ адам көп,

Ешкім жоқ қайғы бөлуге, -

деген жыр жолдары оралды. Көз алдына Арқалыққа аттанар алдында Ерасылдың бетін құшырлана сүйгені нұр төгілген көзі, шуақ шашқан жүзі келді. «О, дариға арман-ай. Қайта айналып келер ме еді сол бір сәт» Райхан ауыр күрсінді. Қайдасың қарлығаш қанат қуаныш?

Ты не доступен как совесть,

Ты всегда со мной как воздух, -

деп Анна Ахматованың жұлдызды жырын іштей қайталайды. «Қандай ғажап өлең! Бар болғаны екі-ақ жолмен қалай жеткізген қасиетті, сұлу сезімді». Менің жанымның жарасы, о дүниеге өзіммен бірге кетер асыл арманымды қалай тап басып айтқан! Ерасылым, жаным! Қайдасың? Естимісің менің сені сағынған дауысымды. Естиді! Сол сәт Райханның ойына Шараф Рашидовтың «Кашемирская песня» хикаясындағы «У любви особый голос. Он долетает до неба, проникает в глуб земные, перелетает через океаны и моря. Кипящие волны и смереч. Не могут полечит его» деген сөздер оралды...

Райхан бүгін де жалғыз. Күйеуі Нұртілеу Қостанайға жиналысқа кеткен. Түн ортасы ауып барады. Кірпігі айқасар емес. Жата-жата жалыққасын төсектен тұрып кетті. Денесі күйіп-жанып, жанын қоярға жер таппады. Шөлдеген сияқты болғансын салқын лимонадты қылқыта жұтты. Сосын седкин ішті. Өзін қоярға жер таппай душ қабылдады. Душтан шығып жатын бөлмеге келді. Кісі бойындай айна алдына келіп шашын тарамақ.

Үп-үлкен айна аршылған жұмыртқадай аппақ тәнді айдай анық көрсетіп тұр. Ботаның көздеріндей үлкен, таңғы шықтай мөлдіреген екі көз қарлығаштың қанатындай қиылған жіңішке қас пен аппақ жазық маңдайға талықсып туған айдай жараса қалыпты. Ерте піскен шиедей албыраған алқызыл еріннің үстіндегі қыр мұрын алаулаған алма бетті керемет, кермиық көркем көрініс болып, таңдай қақтырады. Ұзынша келген жұп-жұмыр сүйір иек астындағы ақ тамақ ақ мақтадай үлбірейді. Кішкене келген қос құлақ ақ қайыңға сән берген жасыл жапырақтай. Қара ормандай қою, қара түндей қап-қара қою шаш, ұп-ұзын қайқы кірпік, түп-түзу, ұп-ұзын сирақ жаңа жауған ақша қардай аппақ сан, сымбаты бөлек сұлулығымен көз суарады. Сол екі санның арасындағы қара түбітпен көмкеріліп үлбіреген күн тимеске көз қиығы түскенде өне бойын әлдебір жалын шарпып өтті. Оймақтың ойығындай кіндік үстіндегі қарын бәйге аттың ішіндей тартылып тұр. Жіп-жіңішке қынама қыпша бел мен сәл шығыңқы қос мықын қандай сұлу! Қаз кеудеде кеседей төңкерілген қос анар дем алған сайын көтеріліп басылады. Жығылмай тіп-тік тұрған жұмытрқадай топ-толық анардың ұшындағы кіп-кішкентай, сүп-сүйір бөбешік ақырын ғана дір-дір етіп, дертіп тұр. Енді бір сәт арқасын айнаға беріп көз қиығын салды. Тіп-тік қом иықтағы қос жауырын ортасынан төмен қарай тартылған өзеннің арнасындай ойпаңдау сызық, кедір-бұдыры жоқ теп-тегіс омыртқа мен әсем жымдасқан, қай қырынан қарасаң да жанарыңды суарған мінсіз мүсін айнаға шағылысқан ай нұрымен анық көрініп тұр...

Осы балбыраған балғын тәнім де, күнтиместің шыңырқауында тұнған тұп-тұнық балшырынның өн бойына удай таралып есіңнен тандыратын уыты да сенікі, бірі сенікі емес пе еді, жанып сүйген жалғызым Ерасылым! Тым болмаса сол уға бір рет уланып, естен тана есеңгіремедік. О, жарық дүние жалған-ай, қол жетпеген арман-ай...

Күйіктен іші өртеніп, үгелек жүрегі үгітіліп бара жатқан Райхан төсекке тыр жалаңаш құлай кетті. Бота көзден парлаған ағыл-тегіл ащы жас ақ жастыққа ақ жаңбырдай үздіксіз құйылып жатты.

Сәбит ДОСАНОВ