ҰЛТСЫЗДЫҚПЕН КҮРЕСУГЕ ҮНДЕДІ
2022 ж. 02 шілде
4206
0
Мамытбек Қалдыбайұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бауыржантанушы.
Алатау бөктеріндегі жасыл баққа оранған биік, еңселі ақ үйге тағы бардым. Ғабең үйінде екен. Менімен қонақ қабылдайтын кең бөлмесінің төріне төселген көрпеше үстінде жастыққа жантайып жатқан күйі әңгімелесті. Көйлекшең, жалаңбас. Қарсы қабырғаны тұтас дерлік кітап сөрелері алған, оңтүстікке қараған үлкен терезе алдында – жазу үстелі. Бөлмеде басқа зат жоқ. Кішілеу, аласа орындыққа жайғасқан мен:
– Бұдан екі-үш жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде сіздің көлемді очеркіңізден: «Қарағанды, Жезқазған облыстарын аралай жүріп, шежірелі дана қартты іздеп едім, таппадым» деген сөзіңізді оқыдым. Сол көкейімнен кетпей қойды.
– Қазақтың жерін түгел аралап өткен кісімін ғой, – деді Ғабең сабырлы үн қатып. – Сонда өзіміз қатарлы ескі сөзді, ескі құлақты шежірелі дана қарттарды кездестіруші едім. Бұл жолы іздесем де таппадым. Қайда барсам да жаңа қауым, тіршілікте де, өмір күресінде де жаңа әдіс-тәсілдер қолданылып жатыр. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген осы емес пе? Шежірелі дана қарт бірен-саран бар шығар. Бір ауылда пәлен сағат аялдап, басқа ауылға ауысып отырдым. Мүмкін, мұның да салқыны тиюі. Шынымды айтсам, тұла бойы шежірелі қариялар қазір сирек, көбі кетіп қалды. Бірен-сараны үйінде бүк түсіп жатқан да болар. Ана жылы Жезқазғанға барғанымда дана қартпен әңгімелескенімді жазғанмын. Бұл жолы ондай қарттарды көре алмадым дегенім де рас.
– Сіз естіген, көрген оқиғаларды ұмытпай есте сақтайсыз ба?
Ғабиден аға мырс етіп күлді. «Шикілігімді байқап қалды-ау», – деп іштей қысыла түстім.
– Өз басым көргендерінің мыңнан, жүзден бірін ғана есте сақтап отырса да сол адам кемеңгер, дана болар еді деп ойлаймын. Далаға шықсаң, қыбырлап құрт та, құмырсқа да жүр. Өсімдіктер жайқалып, тау-тас түнеріп тұр. Сол көргеніңнің қайсысы ұмытылмайды? Жалт етіп мыңнан бірі ғана есте қалады емес пе? Бәрі адамның ішіне сыймайды. Оқиға – океан. Оны ешкім ешбір ыдысқа құйып ала алмайды. Біз сол көрген-білгеніміздің мыңнан бірін ғана айтып, мыңнан бірін ғана жазып жүрміз. Қалғандары су сияқты ағып кетеді.
– Ақыл мен сезімнің қайсысын жоғары бағалайсыз?
– Сезім деген адамның алатын әсерінен туады ғой. Көзің көріп, құлағың естіп, не мұрның иіскеп қалғанда мынау жаман, мынау жақсы, не сасық деген сезім туады. Меніңше, сезім бер жағында, ал ақыл тереңде жатады. Мен ақыл сезімді електен өткізіп шығарады деп ойлаймын. Оның бер жағында талант пен ақыл бір кісінің басынан табыла бермейді дегенді ылғи айтып жүрем. Белинский Гончаровтың бір шығармасын (аты қазір есімде жоқ): «Мына жерге дұрыс келіп, мына жерде құлап қалыпты. Мына жерде Ескендір болса (Герценді солай атаған), ақылмен алып шығып кетер еді», – деп қатты сынап тастайды. Ол кісі Герценге жазған хаттарының бірінде: «Ойпырмай, бір кісіге осынша ақылды бере беріпті», – дейді таңданып. Гончаровқа Пушкинді, Гогольді үлгі етіп ұсынып: «Олардың таланты әрдайым алда жүреді, ақыл соның ішіне кіріп кететін тәрізді. Ал Ескендірдің шығармаларын ақыл билейді», – дегенді айтады. Шынында, Пушкин, Гоголь дегендер үлкен таланттар ғой. Егер оларға ел билеу тізгінін берсе, әй, бір шұңқырға соғар еді-ау деп ойлаймын. Жақсыны қозғауы дұрыс, ал оны орындауда қай жерге соғарын құдай білсін. Халықтың арманын, қуанышын, қайғысын бәрін тауып айтқанымен, соны жүзеге асыру оңай емес, оған ақыл керек. Ақылға әдіс-айла, стратегия, тактика бәрі кіріп кетеді. Ақыл деген нәрсенің өзі табиғаттың сыйы. Ол адамның қанына ана сүтімен бірге бітеді, кейіннен оны адам оқумен, көрумен байытады. Ақыл біреуде көп, біреуде жоқ болуы да мүмкін. Бірақ білімі бар, өйткені оқыған. Бұған ауыз әдебиетімізде, ақындарымыздың өлеңдерінде мысал көп. Соның біреуін айтайын. Бір ақылды адам баласын армансыз-ақ оқытыпты. Ол ғылым күшімен ғайыпты болжап айта алатын халге жетіпті. Әкесі бірде жүзігін көрсетпей алақанына жасырып:
– Балам, көп оқыдың ғой, көрмей білесің. Осы менің уысымда не бар, тапшы? – дейді. Баласы ойланып отырып:
– Апырай, өзі дөңгелек-ау, апырай, өзінің ортасы тесік-ау, апырай, түсі ақшыл-ау, – дейді.
– Сонда бұл не болды?
– Диірменнің тасы-ау деймін...
Осы сәтте телефон шылдырлап, Ғабиден аға босағаға жақын жатаған орындық үстіндегі телефон тұтқасына қол созды. «Ойды бөлетін болды-ау», – деп іштей қинала қалдым. Бір-екі тіл қатысқан Ғабең «адасып соққан біреу ғой» деп тұтқаны орнына қойды.
– Не айтып отыр едім?
– «Диірменнің тасы-ау» депті баласы.
– Ә, дұрыс. Бұл жауапқа әкесі қабағын түйіп: «Ақыл, парасат болмаса ғылым шіркіннен не пайда?!» – дейді. – Ғабең дауыстай, еркін күлді. – Ұлы бәрін дұрыс айтып келіпті де, дұрыс қорытынды жасай алмапты. Диірменнің тасы уысқа сыймайды ғой! Меніңше, адамға жаратылыстың ақылы керек, оны байыту тағы керек.
– Сіз шығарманы қалай жазасыз?
– Бір жазғанымды қайта-қайта қарап: «Мына жерін былай ету керек еді, мына жері әлі шикі», – деп дамыл көрмеймін. Аз болса да саз болғанын қалаймын, келешекке тозбай барса екен деймін.
– Қаламдастарыңыздың шығармаларына қалай қарайсыз?
– 1938 жылы Сібірде болдым. Қазақша газет шығарып тұрдық. Жас кезім. Уақыт түзеліп, ауған ел өз мекеніне қайта бастады. Енді газет оқырмансыз қалай шықсын, мен де елге оралдым. Сәбең (Сәбит Мұқанов) «Есіл» деген роман жазып жүр екен. Ол кезде роман аз. Жарық көрген кітаптың бәрін қалдырмай оқисың. Есіл тасып, Айдос деген кейіпкері буаз биесін іздеп жүрсе, бие аралда тұр екен. Құлындапты. Барса, алдында бір қасқыр шоқиып отыр. Неге қашпайды деп жақын келсе, өліп қалыпты. Аузы-басы қан-қан. Жеймін дегенде бие теуіп өлтіріпті. Өлгенде шоқиып отыра ма?
– Өлген соң оны жыға салмайсың ба? Шоқиғаннан гөрі созылып жатқаны сенімді емес пе? – дедім Сәбеңе.
– Әй, сөйтіппін бе?! – деп Сәбең пікіріме құлақ асты. Бізде екі сөзбен айтып тастайтын нәрсені бір бет етіп жазатындар бар. Шығарма өзегіне керек емес нәрселерді енгізу жиі кездеседі. Бұл – салақ қарау ғой. Бұдан біраз жыл бұрын өзің сияқтанып үйге Темірғали Нұртазин келді. Онда мен Қазақстан Жазушылар одағының председателі едім. Қалың қолжазбасын ұсынды.
– Оқып, пікір жазып берсеңіз?
Сол кездің өзінде-ақ көзім нашар еді.
– Біріншіден, көзім нашар, екіншіден, мен сыншы емеспін. Сыншыға барыңыз.
– Өзім оқып берейін, еш болмаса мына бір бөлігін тыңдаңызшы? – деді өтініп. Бір сағаттай отырып, бір тарауын оқыды.
– Басқасына емес, осы тарауыма пікір айтып беріңіз...
Амал жоқ (қазекең қадалған жерінен оңай ажырай ма?), білгенімше пікір айтып: «Осыны өзің қағазға түсіріп кел, көрейік», – дедім. Екі-үш күн өткен соң алты бет жазып әкеліпті.
– Қол қойып берсеңіз?
Біраз жерін оқып:
– Бұған қол қоюға болмайды. Тастап кетіңіз, – дедім. Әлгі алты беттен сығып, екі-ақ бет қалдырдым. Тағы келді.
– Сен ғылым докторысың, тағы өзің сыншысың. Әдебиетке сын айтасың. Әдебиет, алдымен, тіл мен ойдан тұрады ғой. Ойды тіл жарыққа шығарады. Сонда тілге сен қалай сын айтасың? Алты бет жазыпсың, мен ойымды екі бетке сыйғыздым. Міне, көр, бәрі сыйды.
– Ойпырмай, Ғабе-ай, мен сізді жаңа таныдым ғой! – деді.
Ғабиден аға шынтағын жастықтан алып, түзеле отырып, маған тік, сынай қарап:
– Тауып сөйлеу, дәл, ұтымды сөйлеу, түрлі жағдайға байланысты әр адамның көңілін танып сөйлеу деген қиын нәрсе, – деді. – Жазушы әр кейіпкерін әртүрлі психологияда сөйлетеді. Соны түсіне білу керек. Бірде көрнекті сыншымыз роман жазыпты. «Оқып, пікір айтыңыз?» деп өтінді. Роман дегеннен кейін тастап кет дедім. Әлгінің бас жағынан үш-төрт бет оқыдым, ар жағына зауқым соқпады. Келді.
– Ғабе, оқыдыңыз ба?
– Үш-төрт бетін оқыдым. Қызыл қаламмен сызып, шетіне жазып қойдым. Бұлай роман жазуға болмайды, жазушы, алдымен сөз саптауға шебер болуы керек. Қараңызшы, мына сөйлеміңіз неге ұқсайды? Мына сөзді мына жерге не үшін қыстырдыңыз? Сіз – сыншысыз. Жазушылық пен сыншылық бір арнаға сыймайтын нәрсе. Басыңызды босқа қатырмаңыз.
– Жазушылық түпсіз терең, қиын екен, – деді ол. Өзі елдің жазғанына сын айтып жүрген кісілердің бірі. Өз жазғанында әлгіндей кездескен соң басқаға не айтар еді? Бір жақсысы, ол мінін түсінді, мойындады. Ал түсінбейтіндер, мойындамайтындар бізде қаншама? Қазір Қазақстанда бес жүздей жазушы бар, біздің кезімізде саусақпен санарлықтай ғана еді. Көзім нашар, кітап оқи алмаймын. Кей-кейде жас жазушылардың аяқ алысын ғана бақылаймын. Жарты бет, бір бет оқығаннан-ақ бойы көрініп қалады. Композиция, сюжет деген секілді жайларды айтпағанның өзінде тіл шеберлігі жетпей жатады. Ә дегеннен аяғын бір шұңқырға сұғып алып, ақсай бастайды. Қазақ айтымпаз. «Өнер алды қызыл тіл» деген. Неше өнер бар, соның алды – тіл екен. Тіл күн жылытпасты жылытады...
Ғабең жастыққа қайта қисайды:
– Күллі әлемнің, қазақша айтқанда, «он сегіз мың ғаламның тіршілігі күнде тұр» дегендей күн тасты, жерді қыздыра алады, суды жылытады. Ал сол күн қатып қалған адам көңілін, оның ішкі әлемін жылыта ала ма? Жылыта алмайды. Күллі әлемге жарық беріп тұрса да, қайғылы көңілді жұбата да, жылыта да алмайды. Ал жазушы сөзі күн бере алмаған көңілге сәуле береді. Сөз нәзік әрі сұлу, әсер ететін болу керек. Сонда ол тас боп қатып қалған көңілді де жібіте алады. Адам – адам ғой, ойы бар, сезімі, ақылы бар. Оның күн сәулесі түспеген көңілін сөз жылыта алады, ол – ол ма, қуанған көңілді жылата алады. Міне, сөздің құдіреті осындай! Әдебиеттің бір қасиеті – оқып отырсаң жеңіл, жай жазыла салғандай көрінеді. Жас кезімде екі-үш кітабым жарық көріп, аулыма барғанымда, біреулердің: «Құдай-ау, Ғабиден кітап жазыпты, онысы өзіміздің Сәрсенбай, Дүкенбай туралы екен. Осы да кітап па? Мұндайды кім жазбайды?!» дегенін естігем. – Ғабең біраз күліп алды. Мен осы сәтті пайдаланып қалғым кеп:
– Жазушы жолы туралы не айтар едіңіз? – дедім.
– Дүниеге келген адамның өзіне ғана лайық тағдыры бар. Әркім әртүрлі жолмен жүріп жатыр. Бәрі тіршілік амалы, күн көру қамы. Жазушы жолы, меніңше, ең қиын жол. Оған түскен жас белді бекем байлап түскені жөн. Әрбір есі дұрыс адам білімнің, оқудың соңынан түссе, белгілі маман болып шыға алады. Ал енді жазушылық оқу арқылы ғана қонбайды. Институт, университет бітірсең де, мейлі үлкен ғалым болсаң да жазушы бола алмайсың. Ол үшін бойыңда сүтпен біткен, қазақша айтқанда, құдай берген талант болу керек. Таланттың дәні болған күнде де оны күтіп-баптамасаң, байытпасаң, дамытпасаң жақсы өнім ала алмайсың. Құр дәнді суға салып қойсаң не болады? Ол шіріп, не бүлініп жоқ болуы мүмкін. Өзіңді-өзің байыту – өмірді білу, үнемі іздену деген сөз. Жазушыға басқадан көп іздену, әйтеуір, ішін байыта беру керек, балам. Бұл ойды бұрын да тиіп- қашып айтқан шығармын. Жазушы халық жүрегіне жол таба алатын болуы қажет. Жазушы жолы ең қиын дейтінім сондықтан...
Ғабең біраз ойланып, сөзін қайта сабақтады:
– Жақында «жас ақын-жазушылардың кешіне әбір-екі ауыз сөз айтып беріңіз», – деген соң, ерінбей-ақ қояйын, жастар ғой деп бардым. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деп Абай тегін айтқан емес. Сендер өлеңге жабысқан жастар көрінесіңдер. Аяғы ұйқасқанмен өлең бола бермейді, сөз патшасы бола бермейді. Ақындық – өнердің ең жоғарғы түрі» деген тәрізді сөз айттым. Кітап мыңдарға арналады ғой. Ал жеке маман жазбасы жұрттың бәріне түсінікті емес. Жазушының жазғанын қара да, төре де, маман да, маман емес те оқиды, сынайды. Оның сыншысы да, оқушысы да көп. Маманның жазғанын сол мамандық саласындағылар ғана оқиды. Жазушы жолы қиын деп отырғаным сол. Адам адам болғалы мұны білген. Көп адам жазушы боламын деп талаптанған. Мен – Арқаның қазағымын. Көкпар болғанда тай-құнан мінгендер де шабады. Әдебиетте де солай. Дегенмен, олардың бәрі бірдей белгілі нысанаға жете бермейді. Пушкин дейміз, ол жалғыз емес қой. Оның тұсында да көп ақын болды, бірақ олар жол бойында қалып қойды. Біздің Абайдың тұсында ақындар болмады ма? Толып жатқан ақындар болды. Абайды біз қазір пір тұтамыз. Бәйгеден жүйріктің бірен-сараны ғана келетініндей, ақын-жазушының да дәуірден-дәуірге, ұрпақтан-ұрпаққа, қоғамнан қоғамға санаулысы ғана жетеді. Мұның бәрін айтып отырғаным, жазушылық еңбекке келсең белді бекем буып келу қажеттігіне көз жеткізе түсу. Қазақ «оқу инемен құдық қазғандай» дейді. Жазушылық жол одан да ауыр. Оған оңай деп кіріспеу керек, қайталап айтамын, ол әрдайым ізденуді талап етеді.
– Бауыржан Момышұлы бір сөзінде өзін жазушы емеспін деді. Сол пікіріне сіз қалай қарайсыз?
– Біз қазір жазушы деген сөзді жалпы қолданамыз. Осы жағынан алғанда, ол кісі – жазушы. Бірақ суреткер-жазушы, философ жазушы, реалист-жазушы бар. Меніңше, Бауыржан суреткер-жазушыдан гөрі философ-жазушы. Суреткер-жазушы туындысында шалқып жатқан оймен бірге өмірдің түпсіз терең, құшақ жетпейтін картинасы жатады. Тіпті, бізде бірнеше роман жазған жазушылар бар. Солардың өзін үлкен суреткер деп айтуға болмайды. Бауыржан білгенін, көргенін, ойын қағазға жақсы, шебер түсірген жазушы. Жазғаны пайдалы, жұртқа қажет. Өзі әскери адам. Ол, сөз жоқ, талантты. Ол қатарлы әскерилердің бәрі жаза алып жүрген жоқ. Бауыржан есімі біздің қазақта, бүкіл совет елінде, Ұлы Отан соғысы тарихында жүздеген, мыңдаған жылдар ұмытылмас белес болып қалды. Әр ауданнан Алтын жұлдыз таққанның бірнешеуі табылады, оларды кемітпеймін, әйтсе де, Бауыржандай аты шыққан емес. Бауыржан – ұлттық мақтанышымыз, ұлттық батырымыз. Ол – тарихымыздың, совет тарихының биігінен көріне алған азаматымыз. Қажет десеңіз, ол әлемнің азаматы...
Ғабиден аға негізгі тақырыптан ауа бастағанын сезгендей, үнсіз қалды. Сәлден соң етек-жеңді ұзын қырлы, қоңқақ мұрнын ұстай отырып: «Бізде суреткер-жазушы – Мұхтар Әуезов, – деді жігерлі үн қатып. – Оның туындыларының көркемдігі мен ойы, тілі бәрі тең түседі. Сәбит Мұқанов Мұхтардан көп жазды, бірақ суреткер ретінде Мұхтарша тереңге, көркемдікке бара алды деп айта алмаймын. Француз жазушысы Жорж Сименон екі жүз он сегіз роман жазыпты. Мен бір де романын оқыған жоқпын. В.И.Ленин шығармалары екі жүзден астам тілге аударылыпты, одан соң көп аударылған Карл Маркс екен. Бұлардан кейінгі орынды Жорж Сименон алатын көрінеді. Шекспир қырық тоғыз тілге аударылыпты... Мольер оған да жетпейді. Әйтсе де, мен Жоржды Бальзак дей алмас ем, Шекспир дей алмас ем... Қазір өз өмірін жазып жүр екен. Күніне сексен бет... (Ғабең күлді). Оның туындылары қызықтырғыш детективке құрылған. Есікті қалай бұзды, ұрыны қалай ұстады дегенді жұрт қызығып оқиды. Бірақ оны Эмиль Золя да, Мопассан да деп айтпас едім. Мен үлкен ойдың, үлкен көркем-суреттің галереясын жасаған жазушыларды ғана суреткер-жазушы деймін...
– Кешірерсіз, көп сұрақ беріп шаршатып алдым ба деп іштей қиналып отырмын, – дедім мен Ғабеңнің тұнжырай ойға енген кескінін көріп, аяй түсіп.
– Шаршамаймын! – деді Ғабең даусын қатайтып. – Сендей талапкер жасқа білгенімізді, көргенімізді, тіпті, өнеге боларлық бір ауыз сөзімізді қалдырып кетуіміз керек. Сенімен сол санамен сөйлесіп отырмын. Ілгеріде мен де үлкен, атағы шыққан кісілерге жолығуға, сырын сәл де болса біліп қалуға құмартатынмын. Жастың психологиясы белгілі. Оқу іздеп Петропавлға бардым. Қызылжарға он-он бес күн қонып жеттік. Қала көшесінде келе жатқан едім, тұсымнан өте берген бір кісі қасындағы серігіне:
– Мына кеңседегі менімен сөйлескен – Мағжан Жұмабаев, – деді. Құлағым елең ете қалды. Ізінше иығына жамыла салған жұқа шапан, басында сұр шляпа, орта бойлы кісі әлгі қарсыдағы кеңседен шықты. Соңынан ілесіп бердім. Бір қораға кірді, мен де кірдім. Жастық қой (күлді).
– Жоқ, ол кісімен тілдеспей кетпеймін! – деп өзімді қайрап қоямын. Ішке енсем, әйелі екеуі шайға отырған екен. Сөйлесетін тіпті сөзім де, тақырыбым да жоқ. Тек тілдескім келді. Өлеңдерін сырттай оқып жаттағам, жақсы көрем, – Ғабиден аға тағы да дауыстай, мәз бола күлді. – Жас адамның психологиясы қызық болады ғой. Мағжан мейлінше ақын, әрі өте білімді, тарихты, орыс әдебиетін терең білетін. Есенин, Блокпен тұстас ақын еді. Брюсов біреуге жазған хатында оны «казахский Пушкин» деген. 1934 жылы шыққан Малая энциклопедияда «крупнейший лирик» деп жазған. Мағжан зорлық-зомбылыққа қарсы болды. Әділдігіне көзі жетіп, түсініп совет қызметіне кірем деп еді, біреулср «атақты, белгілі адам көлеңкесінде қалып қоямыз» деп қызғанып, маңайлатпады... Қайталап айтқаным үшін кешір, балам, Мағжан керемет білімді адам еді. Оның Шығысты, Европаны білуі ғажап. Ауылдан шыққан шала сауаттымын, бірге отырып бір кесе шай іштім. Өзін сырттай көруге құмар боп жүргем ғой.
– Қандай шаруамен келдің? – деді маған жылы ұшырай қарап.
Қапелімде не дерімді білмей абдырап қалдым:
– Қандай оқуға түсу турасында сізбен ақылдассам деп едім...
Асықпай ақылын айтты.
Ғабиден аға маңдайын ұстап, үнсіз қалды.
– Ол өзі бір асқар шың еді, – деді мұңайғандай бір түрлі бәсең үн қатып. – Лермонтов Пушкиннен оза алмады, бірақ асқар шың болды. Қазақ әдебиетінде Абай өзінше, Шәкәрім өзінше шың. Үлкен басшыларға жолыққан сайын «осындай атаусыз қалған үлкен кісілеріміз бар» деп қоймай айтып жүрмін. Шәкәрімді оңбаған бір Қарасартов деген далада атып тастаған. Әділетсіздік қой, ақымақтық қой! Шәкәрім сияқты ірі дарынды атып тастай ма?! Қылмысы болса, тексерсін. Бұл – барып тұрған жауыздық! Өлтірген соң, өз кінәсін жою мақсатымен түрлі жала жауып, қолдан документ жасаған. Ахмет Байтұрсынов қандай?! Олар өлмеуге тиіс. Бүгін болмаса, ертең тіріледі. Қазақ бір-бірін күндеп, «ойбай, контрреволюционер» деп жоқтан өзгені тауып, оларды қаралады. Ал талантын неге пайдаланбасқа? Орыс әдебиетінде кейбір дарындардың қатесі болғанын, бірақ шығармасы халықтық екенін мойындағалы қашан? Ахаң: «Лақ құрлы бақырмай, өлгеніміз бе, япырмай» – деп халық бостандығын аңсаған, үнсіз қалуға намыстанған. Әйтеуір, бір ойланар түбі деп олар жайында үлкен басшылардың (жолыға қалғанда) құлақтарына құйып жүрмін... Жақсы, балам, келгеніңнің айыбы жоқ. Ит босап кетіп, қауып алып жүрмесін. Кейде ызаланғанда шынжырын үзіп кететін сайтан өзі... Шығарып салайын, – деп, Ғабиден аға қара тақиясын, желеткісін киіп, тысқа шықты.
– Рақмет, аға, – деп қуана, қимай қоштастым.
Аспанды бұлт торлап, жаңбыр бір тамып, екі тамып тұр екен. Дәл осы сәт табиғат бейне тұнжырай ойға енген Ғабиден ағаның бейнесіне ұқсағандай сезілді...
Ал бүгінгі таңда кезінде аға ұрпақ өкілдері ашық айта алмай келген ақиқаттардың басы ашылды. Халқымыздың мақтан тұтар ақтаңгер ұлдары, рухани қазынамыз іспетті қадірлі ағаларымыз Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және сәл кейінірек Міржақып Дулатов толық ақталып, олардың бір кезде Ғабиден аға армандаған мәңгі өшпес туындылары еліне қайтып оралды. Иә, тарихта ешқандай «ақтаңдақтар» қалмауы тиіс. Әйтеуір, болашақта барлық ақиқат айтылады деп шексіз сендім.
P.S.
Ғабиден ағамен бес сағат емін-еркін сырласып, үйіме қайтып келем. Қуанышымда шек жоқ, әсер-сезімім көл-көсір. Айтпақшы, Ғабеңнің сөз арасында: «Бұрын ұлтшылдықпен күресетін едік, қазір ұлтсыздықпен күресетін болдық!» – дегені мені бір сәт түпсіз тұңғиық ойға батырған еді.
Болмыс-бітімі мүлде бөлек, жан дүниесі ешкімге ұқсамайтын асыл ағаның «қазір ұлтсыздықпен күресіп жүрміз» деген сөзінің астарынан: «Ағайындар-ау, біз қандай күйге ұшырадық?! Ұлттық мінезімізден, қасиетімізден, тілімізден, дінімізден айырылып, жұрдай болдық емес пе? Қашанға дейін үндемейміз, қашан серпілеміз?! Ар-ұятымыз, намысымыз қайда? Ақыл қоссаңдаршы? Не істегеніміз жөн?!» ¬– деген жан айқайын ұғып, шиыршық ата түстім.
Арада біраз уақыт өтті. Асфендияров атындағы медициналық университет студенттері менімен екінші рет кездесу кешін өткізді. Бұл жолы кездесуге Ғабиден ағаның қызы, белгілі офтальмолог, профессор, ұзақ жыл көз иниститутының директоры болған Жанар Мұстафина қатысып, сөз сөйледі.
– Бауыржан Момышұлын әкем ерекше жақсы көрді. Бізге: «Ұлтымызды сүюде Баукеңнен үлгі алыңдар!» дейтін. Жасырары жоқ, қазір жағдайымыз күрделі. Жириновский секілді сілімтіктер суымызды ішіп, ауамызды жұтып, осы Алматыда өссе де, азу тісін ақситып, ырылдауын қояр емес. Шамасы жетсе, бізді байқатпай қаппақ, табанына салып таптамақ. Ол сұмырай дана халқымыздың «бір күн дәм татқан үйге қырық күн сәлем» деген мақалын ұмытып, бізді қорқытпақ. Біз ешкімнен, ешқашан қорықпаймыз! – деді ол.
Мен Жанар қарындасыма Жириновскийді тірідей көрге көмгені, Ғабиден ағаның өр рухына сай бойжеткені үшін қатты риза болдым.
Өсиет
Ғабиден Мұстафин
ЖАУҚАЗЫН БУЫНҒА ХАТ
Қарақтарым! .
Биыл Ғабит екеуміз үміткер атаулынын бәрін өзінің сықырлауық арбасына отырғыза бермейтін қалтырауық қыңыр сексеннің үшеуіне көтерілдік. Осы бұралаңы мен бұлтағы, қиыны мен қызығы мол, күреске толы ұзақ ғұмырдың пайғамбар жасынан астамы әдебиетке арналыпты. Алда кәрі қойдың жасындай санаулы өмір қалды. Жақында бір әзіл үстінде Ғабиттің «енді екі-үш жыл жүрсек жетпей ме?» дегені есімде. Пешенеге не жазылғанын кім білген? Әлі де жүре бергің, көре бергің келеді. Бірақ өткенді електеп, қорытындылап, кейінгіге қалдырар басты сезімізді жұтпайтын кезеңге әлдеқашан жетсек керек. Сондықтан да соңғы кезде жиі мазалап жүрген кейбір ой-ескертпелерімді «Жалын» альманағы арқылы жас қауымға жолдап отырмын. Себебі, күнді күле батырғанымызбен, кез келген боз ала таңда оянбай қалуымыз әбден мүмкін ғой.
Адамды адам етіп келе жатқан бір ұлы қасиет бар. Оның аты – ұят.
Кейде көшеде, аялдамада, троллейбус ішінде нақ бір басқа жер таппағандай, көптің көзінше құшақтасып, аймаласып тұрған жастарды көресің. Махаббат неғұрлым ұятты, әдепті келсе солғұрлым қадірлі, ләззатты болмай ма? Бұл сезімнің жалаңаштанып, әдеп пердесінің сырылуы емес пе?
Сабыр, ынсап, ар, ұят, әдеп – бірінсіз бірінің күні жоқ. Бәрі жиылып махаббатты құрайды. Бірін жоғалтсаң бәрін жоғалтасың. Жаман қылық – жұқпалы аурудан да қиын, бірден бірге ауыса, ұрпағына да кетуі мүмкін. Сондықтан «Ұлың өссе ұлықтымен, қызың өссе қылықтымен ауыл бол» дегенді қазақ тегін айтпаған.
Жуырда бір жас жазушының шығармасынан бетіңнен отыңды шығаратындай ұятсыз жолдарды оқыдым. Қандай әдепсіздік.
Жаяу Мұсаның «Сұрша қызына» әншілер «құмарымды қандырды» деген сөз қосыпты. Бұл – әндегі әдепсіздік.
Әдебиет пен өнердегі әдепсіздік өте қауіпті.
Т. деген бір қыз көзге оңды-ақ еді, ерге шықты, бірер ай отасты да айрылысты. Уәжі: «Күйеуім еркіме жібермейді». Күйеуінің қояр кінәсі: «көрінгенге көз салады». Екінші күйеуінен жүймелете екі ұл тапты. Көп ұзамай қаршадай екі перзентін, күйеуін тастап, үшінші біреумен кетіп қалды. Сірә, онда да тұрақтай алмас. Маскүнемдер арақтан сілесі қатып жатса да, арақ сұрайды.
Жұрт көбіне ұсақ құмарлықты махаббатпен шатастырады. Жалаң нәпсі билеген кеудеде махаббатқа орын жоқ.
Киім-басы мұнтаздай көрікті әйелдің мосқал тартқан ер кісіні қол арбаға отырғызып, көшеде жүргенін жиі көрем. Бірде арбасыз кездесті. Әңгімеге тарттым.
– Сүйіп қосылған күйеуім еді. Соғыстан осылай кәріп боп оралды, – деді ол. – Енді қалған ғұмырымда жанына дақ салмай аялап өткім келеді.
Міне, махаббатқа адалдықтың, ар, намыс тазалығының бір көрінісі.
Бір күні автобуста келе жатып қатар отырған екі әйелге көзім түсті. Бірінің жасы жиырма-отыз аралығында, ерні қызыл бояу, көзінің үсті көк бояу, ұзартылған кірпіктері қара бояу, башмағынан шығып тұрған башпайының тырнақтарын да қызылмен бояп тастаған, омырауы ашық, көйлегі тізесіне жетпейді, жеткен жерінің өзін жапқаны шамалы – сүзгідей сирек матадан денесі көрінгендей. Қасындағының жасы отыз-қырық аралығында. Мұның құмары алтын екен. Он саусақтың алтынсызы бірен-саран, қайсыбіріне, тіпті, екі жүзіктен киіпті, білезік, сырғалар да алтын, алтындары асыл тастармен безенген. Осы екі әйел көркемдіктің, мәдениеттің шегіне жеткендей көңілдері көтеріңкі. Орыс, қазақ сөздерін араластырып шатты-бұтты сөйлесіп отыр. Осы сәтте автобусқа бір кемпір кірді. Көтерген себеті бар, жөтеледі, ентігеді, жан-жағына қаранып орын іздейді. Әлгі екі әйел дәл қасында қалтаңдап әзер тұрған кемпірді елемейді.
Сол мезет соңғы жақта отырған қарақат көз қоңыр қыз орнынан атып тұрып, жүгіре басып барды да, кейуананы қолтықтап әкеліп, өз орнына отырғызды.
– Бұл кісі шешең бе, әжең бе, шырағым? – деп сұрадым қыздан.
– Екеуі де емес, танымаймын, – деді қыз. Сөйлеген кезде екі беті қызарып кетеді екен. Ибалылық деген осы. Сірә, мені таныды ғой деймін, сәлден кейін:
– Сізді автобуста көрем деп кім ойлаған. Қандай тамаша болды! – деді батылсыздау үнмен.
– Автобус – көптің көлігі. Көппен бірге болу әбес пе?
– Жо-жоқ, сондада...
Аялдамаға келіп қалыппыз. Қыз сөзін аяқтай алмай, қош айтысып түсіп кетті. Кішкентай қылығымен-ақ бәрімізді риза ғып кетті..
Қазақта обал, рақым, иба, қанағат, борыш деген ұғымдар бар. Бұлар – ескіден келе жатса да ескірмеуге тиісті асылдарымыз. Оларды темір етікке нәл қағып кигендей әспеттеуіміз керек, қадірлеуіміз керек. Халық «Көргенсіз десе ашуланба – көргеніңнен көрмегенің көп» дегенде осы арайлы қасиеттерді өмір бойға сіңіре беруді нұсқап айтқан.
Жастар! Біз тойдан қайтып келе жатқан адамбыз, сіздер тойға бара жатқан адамсыздар. Сауырынан сипатпас шу асаудай зымыран жылдар мынау... Сендер енді он бес жылдан соң XXI ғасырдың есігін ашасыңдар. Жаңа ғасырға алып барар тарту-таралғыларыңның ең қымбаты, ең қадірлісі – мейірім, рақым, қанағат болғай!
1984 жыл.
Редакциядан: Бұл – алыптар өкілі, атақты жазушы Ғабекеңнің баспасөз бетінде жарық көрген соңғы арнау сөзі. 1985 жылы «Жалын» альманағының 1-санында жарияланды.
qazaquni.kz