МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫ

МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРШЫСЫНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫ

Биыл Халық жазушысы, мәңгілік махаббат жыршысы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығына орай еліміздің әр өңірінде көптеген шаралар өткізіліп жатыр. Солардың бірі ҚР Ұлттық кітапханасы «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін» мерекелеуге арналған «Кітаптар SHOY`– 2022» шарасының аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі дайындық кафедрасы ұйымдастырған «Махаббат, қызық мол жылдар» романы кейіпкерлерінің әлемі» тақырыбындағы дөңгелек үстел және Әзілхан Нұршайықов атындағы жыл сайынғы шәкіртақы-2022» шығармашылық байқауының қорытынды кеші.

Кешті аталған шараның өтуіне бірнеше жылдан бері мұрындық болып жүрген ҚР Ұлттық кітапханасының басшылығы мен осы іс-шараны ұйымдастырушы және оған демеушілік жасаушы Ә.Нұршайықовтың отбасы салтанатты түрде сөз сөйлеп ашып берген соң, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Г.Ә.Мұсаева қатысушыларды 2012 жылдан басталған шығармашылық байқаудың жыл сайынғы жұмыстарымен таныстырды. Әр жылдарда өткізген махаббат кешіне қатысты көрсетілген слайдтар мен суреттер жыл өткен сайын бұл мерекенің жастар жүрегінен тереңірек орын алып бара жатқандығынан сыр шерткендей болды. Өсіп келе жатқан буын жарты ғасыр бірге соққан қос жүректің өнегелі өміріне, сол өмірден қара сөзбен сыр шертіп, төл әдебиетімізде өнегелі де, өмірлі етіп қалдырған махаббат жыршысына деген шексіз ризалықтарын білдіріп отырды. Іс-шара аясында ұйымдастырған дөңгелек үстелге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының студенттері мен ҚазҰУ колледжінің студенттері қатысты. Олар «Махаббат, қызық мол жылдар» романы туралы өз әсерлерін бөлісті. Әрине, махаббат – мәңгілік тақырып, әйтсе де оны әр ұрпақ өзінше жырлап, өзінше қабылдайды. Бұл күні талқыланған махаббат, өнегелі маххаббат, сол махаббаттың жемісі бақытты отбасы тақырыбын дәріптеу болды. Жақында Ұлттық университеттің Халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенттері Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жастар театрында жас талантты режиссер Ф.Молдағұл сахналаған «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін тамашалаған екен. Олар дөңгелек үстел барысында спектакльден алған өз әсерлерін жеткізіп, оны кітаппен салыстырды, махаббат пен адалдық туралы ой бөлісті, біздің заманымызда әлі де таза махаббат тірі ме, жоқ па, өз шешімдерін айтты. Кештің ең бір сүбелі тұсы соғысқа қатысқан екі кітап туралы әңгіме болды. Әңгіме М. Әуезовтің «Абай жолы» және Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романдары туралы өрбіді. Кеш қонағы ауған соғысының ардагері К.Пірмашов Әзағаның «Махаббат, қызық мол жылдар» романына байланысты Ауғанстанда болған оқиғалар туралы тартымды әңгімелеуі суденттер үшін өте қызықты да тың мәлімет болды. 


Жыл сайын университет қабырғасына келетін жас қаламгерлер мен ақындардың бірнешеуінің тұсауын кесіп, шағын топтың алдында алғаш танымал етуді Әзаға кеші дәстүрге айналдырғандай. Биыл да бұл игі іс жалғасын тапты. Сөз өнеріне әуес жастар бірінен кейін бірі шығып, өз өлеңдерін оқып, жырсүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Аталған кеште ән де айтылды, жыр да оқылды, күй де шертілді. Кеш өте әсерлі, ықшамды, қызық болды.  

Кеш соңында 2022 жылғы Әзаға шығармашылығы бойынша салынған суреттер байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау қорытындысы бойынша 1-орын үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжінің студенті Жамалова Анельге 50 000 тенге, 2-орын үшін Қожа Ахмет Яссауи атындағы мектептің оқушысы Қылышбай Хафизге 40 000 теңге ақшалай сыйлық тапсырылды, қазылар алқасының шешімі бойынша 3-орын ешкімге берілмеді. 5 студент 10 000 тенгеден ынталандыру сыйлығын алды. 


Байқаудан тыс ҚР СҚ мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі М.С. Аманбаев пен ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, Лондон шығармашылық гильдиясының мүшесі Р.Р. Сүлейменовтің жазушы мерейтойына деген құрмет ретінде жолданған тамаша туындылары қаламгердің ҚР ұлттық кітапханасының екінші қабатында орналасқан Меморалды кабинетіне қойылатын болды. Бұл кешке қатысушыларға, ұйымдастырушыларға, дөңгелек үстелге қатысқандарға арнайы сертификаттар берілді.  

Ұлттық кітапхана ұйымдастырған кітаптар жәрмеңкесінде жазушының өте танымал кітптарымен қоса, аз танылған кітаптары да сатылды. Келген қонақтар өздеріне қажетті кітаптарды қолжетімді бағада сатып алғандарына қуанышты болды. Өнер мерекесі қонақтарға естен кетпес сәттер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кешке келген адамдар мол рухани азық алып қайтты.   

Соңынан қонақтар болашақта махаббат тақырыбына қатысты әр жылы әртүрлі өнегелі кештің тарихын толықтыра түсетін сырға толы суретке түсуге асықты. 

Жанар НҰРШАЙЫҚОВА, 

Гүлназ МӘШІНБАЕВА, 

Салтанат ТӨРЕБЕКОВА, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры және доценттер