АЙНЬІМАЙ ТҮСЕР АҚИЫҚ
2022 ж. 22 наурыз
2895
0
Ақселеу Сейдімбек туралы бір үзік сыр
Сен үшін отқа күюден, суға батудан тайсалмайтын жанашыр жаныңның болғанының өзі айналаңдағыларға аз да болса қадір-құрметтің барының белгісі ғой.
Әкеге бала тасбауыр, жұбайға жар жатбауыр атанғандар көрініп қалып жатқан алақұйын кезеңде, қан арқылы туыспағанмен, жан арқылы қиысқан сенімді серіктің, адал достың болуы, әсіресе әуейі де әсершіл шақтан өтіп, жер ортасы – көктөбеге шыққан тұста мақтаныш, тіпті бақыт деп ойлаймын...
Алдымен азамат ретінде танылған жаннан ғана адами қарекет, өміршең өнер туындамақ. Айналасына түсірер шуағы жоқтан үлкен іс күту – бекершілік. Ал оның дос-жары ғана емес, көпке шуағын түсіруге талпынудан бір жалықпауы, жалтармауы халқының алдындағы перзенттік парызына адалдығын көрсетсе керек.
...Жоғары оқу орнына қабылдау емтихандарын шама-шарқымызша тапсырып болып, талайымыздың таразыға тартылатын күні. Факультет деканының есігін күзетіп, студенттік өмірге жол ашар тізімге ілігеміз-ау деген жиырма-отыз дәмегөй көгенкөз қаздай тізіліп тұрмыз. «Мен түспегенде кім түссін?!.» деп, негізгі үш пәннен ең жоғары 15 балл жинаған екі-үш талапкердің алдында жапырағы түскен күзгі өгізқурайдың собығындай сопайған ұзын сары тым маңғаз тұр. «Көкесі мықты, әлде көтермешісі мықты біреу боларсың...» деген ой иектейді.
Жинаған балы бұлардан бір-екі саты төмен, әрі қылкөпірден өтер-өтпесіміз неғайбіл бізде оларға деген қызғаныштан, қызығудан басқа, «Азаматтарым-ай, бәрекелдіге!» ұқсас сезім жоқ еді.
Ол сәтте бойын да, сойын да ұнатпағанымен, бір көзің кітапта, бір көзің қыз бен қызықта жүрер студенттік сәркілдеген жастықтың қызығын бес жыл бойы бір бөлмеде жатып бөлісуімізге тура келді. Әрине, таныса-білісе келе оқуға қабылданар күнгі 15 балдың буымен әсіре маңғаз көрінген мінез-құлқын байқатқан емес. Шөліркеп келіп, суы мол өзенге бас қойған киік үйіріндей, оқу залдарында үйілген кітаптардың ортасынан бастың ғана қылтиып көрінетін кезі. «Ал біздің ауылда...» деп басталар әңгіменің қызар тұсы – түннің жарымында төсекке бас қояр тұстағы бірер сағат уақыт.
Оның әңгімесіне құлақ түрер болсаң, сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырмай, кітаптан оқып отырғандай ғып майын тамыза сөйлегенде шешендік мектебінен өтіп келгендей, ал аңшылық, саятшылық, атбегілік, құсбегілік, салт-дәстүр жөнінен сайрағанда жиырмасыншы емес, он тоіоғызыншы ғасырдан келгендей немесе Сарыарқаның әлі Кеңес өкіметіне кездеспей, әлі күнге дейін сол баяғы бүркіт салып, саят құрып, қымыз сапырып, қызара бөртіп жүрген кезіндей көрінер еді. Сөйтсек, мұның бәрі көнекөз қарттардың жанына көп ілесіп, ежелгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай бостан өмірі туралы әңгімелерге құлағын ерте түргеннен, соны үнемі аңсап жүруден туындап жатар көңіл шіркіннің әншейін қиялы ғана екен. Қара нан, қара шайға бірде жетіп, бірде жетпей жүретін аз стипендиясының біразын, «табылмайтын қазына ғой» депкейбір кітаптардың фотокөшірмесін түсіртуге жұмсап қоятын «есепсіздігі» «қазанымыз» ортақ біздердің, бір бөлмедегі кешегі қойшы-қолаңның, қазіргі зейнеткерлердің балаларынан жиналған Болат, Қожабек, Жұмағали
сияқты кедей-кепшік төртеуіміздің талқымызға жиі түсетіні әлі есімізде.
Одан қала берді, кереуеттің басында ілулі тұратын қара домбырасын қолы қалт еткенде біраз еңірете тартып-тартып алып: «Ұлдар-ау, әр күйдің жанын өздері түсініп, өздері маған ойнап беретін осы он саусағым да бір кезде топырақ астында қалар ма екен?!» – деп мақтанышқа ұқсас әзіл айтары бар-ды.
Мақтанса мақтанғандай, он саусағының «өздігінен» шертпе күйлердің шырайын шығарып орындайтынына ғана емес, мүйізден шақша жасап, ағаштан домбыра шабатын, қайыстан сегіз, он екі таспа қамшы өріп, бір уақыт зергерлік өнерімен де айналысатынына да кейін қанықтық...
Университет аудиториялары жатақханасында бірге өткізген бес жыл бізді табыстырып берсе, «Лениншіл жаста» (бүгінгі«Жас Алаш»») тізе қосып, қатар істеген біраз жылдар қандай сын болса да ажырамастай ғып, қиыстырып, рухани туыстырып кеткендей.
Кей жылдары басқа-басқа қалаларда жүрсек тс, оның мен білмейтін сыры, жыры қалмаған шығар-ау. Тіпті, ішегінің қырындысына дейін...
Мысалы, жаңағы айтқан «домбыра шабады» дегеннен шығады-ау. Сол
«Лениншіл жастың» Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген кезі. Ол бір күні ескі үйдің әбден сәрсен болып кеуіп қалған қарағайбөренелердің бірінің кұлашқа жуығын кестіріп, үйіне таксилетіп алып келеді ғой. Онысын ваннаға сұлатып салып қойып, ұш-төрт электр қайнатқышпен шайыры шығып болғанша екі күн бойы сақырлатып қайнатады кеп...
Сөйтсе, үш-төрт электр қайнатқыш жұтқан токтың ақшасы азаматтың айлық жалақысынан, газеттен алған қаламақысынан асып кетіп, «отбасылық талқылауға» түскеніне қатысқаным бар.
Бүгінгі сөз мен үшін жастық шақтың қызық-шыжығын бірге өткізіп, жарты ғасырға жуық уақыт сынынан тізе қоса қатар өткен, жылы жақын құрдас, жаны жақын сырлас қана болғанмен, елінің алдында перзеттік парызын адал атқарып келе жатқан, өз көңілінің мерейі үшін қолынан шоты мен бізі, жанының ләззаты үшін қара домбырасы мен қылқобызы түспесе, жұрты үшін білгені мен түйгенін қағазға жазумен қолынан қаламын түсірмеген жазушы, ғалым, ғылым докторы, профессор Ақселеу Сланұлы Сейдімбек туралы бір үзік сыр еді.
Табиғаты мен тамыры тұтас жазушы болу үшін бар тіршілік атаулы оның перзенті екендігін сезіну және перзенттердің бірі ретінде жақсы көру аз, оны мейлінше тамыршыдай тап басып, танып-білу қажет, сонан соң білгеніңді жұртқа жеткізе білу қажет...
Шахталарға түсіп кеншілермен, жайлауға шығып малшылармен етене тілдесе жүріп, газет редакциясы бөлімдерінің тапсырмаларын тап-тұйнақтай ғып орындап жүрген қаламы жүрдек журналист Әдебиет есігін «Күзеуде» хикаясымен ашқанда қатар жүрген жігіттердің бәрі ортамыздан қаламының желі бар, қара сөзге ебі бар бір жазушының менмұндалағанына күмәнданбаған.
«Сарыарқаның саумал иісті, сары ала жапырақты күзі еді. Бұл кездің жер бауырлап жатып алатын қорғасын бұлты да, көкиық етіп ұзақ сілбілейтін жауыны да, бой жаздырмас ызғарлы суығы да әзірше білінбей тұр. Оның орнына күзгі таңның хабаршысындай болып басталатын майда леп күн арқан бойы көтерілгенше толқи есіп, күй сазындай көңіл сергіте тербеумен болады. Күн көтеріле қоңыр күздің қоңыр лебі елеусіз ғана тынады... Үш ай жаз бойы сүлікше қадалған малдың нөпірі бұл өлкенің сонысын шайып, отын әбден сұйылтқан-ды. Сонсоң да биебаудың тебіні тозып, ат арқаны қалмаған малшылар аз күнде-ақ «әуп» десіп көшіп үлгерген...»
Көркемдік деген осы болар деп, жылтыраған сөзге, мақалдап-мәтелдеп қиыстыра жазуға үйірсектеніп жүрген тұс қой.
Ақаңның мына бет алысы, төрт аяғын тең басқан байсалды да байыпты бастауы ерекше әсерлі көрінген. Тынысы кең, ұзаққа шабар жүйріктей, алып-ұшпай әдемі ырғақпен толғауы Ақселеудің де ертеңгі шығармашылық қарымын елестеткендей еді. Кейіпкерлерін «Ршыман, Уәкила, Құдайменде» деп атауының өзі архаизмге айналған есімдердей естілее, басты кейіпкерлердің іс-әрекеттері, сөз саптап, ой толғаулары да өтті-кетті бұрынғы бір кезеңдерден келген жандардың іс-әрекеттеріндей, сөздеріндей әсер беретіні рас. Баяндалар оқиға да сол бір кезеңдегі бір-екі отбасы адамдарының басында бола берер жайттарға арналған.
Ршыман Құдай қосқан сыңары Уәкиласын қарттықтың ауылын бірге қарсы алар сенімді серігі деп біледі. Оған көңілінің орта түскен шағы да жоқ. Жалғыз ұлы Құдаймендесіне де әкелік мейірімі асып-төгіліп жатыр. Алайда қартыңның көңілі жесір келіншек Толқынмен ойда жоқтағы кездесуден соң алай-түлей. Ықылас-пейілі – өз отының басында, аяулы сезімі, жан-жүрегі –Толқынмен бірге. Орындалмас арман, мұратқа жеткізбес, бірақ өзімен бірге кетер соңғы мұңды жыр.
Дүниеге тіршілік иесі болып келген жанның ең соңғы тұяқ серпер мөлдір сезімі. Жас келіншек те қалған ғұмырының екі тізгін, бір шылбырын бұл кісіге біржола ұстатуға әзір. Қартайғанда жорға шыққан кәрі бозының соңғы әнін Уәкиласы да оңашада көзінің жасын бір сығып алғанымен, түсінгісі-ақ келеді.
Алайда үшеуінің алдында да алынбас асу бар еді. Ол, автор қанша емеуірін танытса да, оқырман қаншалықты түсінсе де ғасырлар бойы халықпен бірге жасасқан, бірақ уақыт, жаңаша мизамның күшімен елеусіз қалған тағы бір ұлттық ерекшеліктің ауыздықталуы еді.
Ақселеудің «Аққыз» хикаясын да қара сөзбен жазылған махаббат дастаны деуге болар. Серттей берік уәдесін Аламан батырға беріп қойған Аққызды Наймантай батырдың өзіне біржола қарату үшін тәуекелмен жасаған бір қадамы – қыз отауына түн жамылып Аламан болып келуінің сендірер дәлелі аздау әрі опасысдыққа жақын қарекет болып көрінгенімен, бұл хикая – жазушы шығармашылығындағы үлкен бір белес.
Ең бастысы, бұл шығармада ұлттық менталитет – өткен ғасырлардағы адамдардың мәрттігі, тіпті барымта-қарымтаның ерлікке бағаланар, ептілікке баланар өнер екендігі – бәрі-бәрі де оқырманын бей-жай қалдырмайды. Араға көп уақыт салмай жазылған «Бір атым насыбай», «Атамекен» хикаялары да уақыт жағынан кешегі кеңестік кезеңді әңгімелегенімен, алдыңғы шыгармалармен үндес, қайсысындағы болсын орталық кейіпкер болып жүретін қарттарының барлығы да туған топыраққа адалдықты істерімен көрсетіп, кейінгі ұрпаққа қазақы қасиеттерді, адалдықты өсиеттейді.
Оның шығармаларының ішінде «Ақиықтың» орны ала бөтен дегім келеді. Мұнда түз қыранын ұстап, балаша мәпелеп тәрбиелеген бүркітші Сыздық қарттың біліктілігі тәнті етеді. Жерде жатқан бір тал құс жүніне қарап жіберіп: «...жапырақ жүнінің сүйірлене бітуі тек ой құсына тән...» – деп немесе аспанда жүрген бүркіттің «сарғыш тартқан бауыры мен теңбілденген құйрық қауырсынына» қарап, оның тегін анықтауы, немесе: «...былтырғы барқын, биыл баршын шығып, он бірінші қар басып отыр, олай дейтінім, сары барқын тартқан саны, иығына түскен ақ – баршындықтың белгісі», – деп қыранның жасын қолмен қойғандай айтып беруі – халқымыздың құсбегілікті биік өнер дәрежесіне көтеруінің белгісі.
Бұл құсбегі Сыздық қарттың ғана біліктілігінің көрінісі емес, осыны жазып отырған автордың, яғни Ақселеудің этнографиялық игілігімізді, жұртымыздың салт-дәстүрін талмай жинаған білімділігінің жемісі.
Туындының тілдік, құрылымдық, оқиғаны тартымды күйде жеткізе білу, яғни көркемдіктің алғышарттарының қапысыз орындалуын айтпаған күннің өзінде, «Ақиық» хикаясы – құс баптап, халқымыздың киелі дәстүрлерін жалғастырамын деген кісіге оқулық болар танымдық, құнды дүние.
Ол жазушы ретінде туған табиғатын жазудан жалыққан емес-ті. Оның небір ғажайыптарына оқушысын жетелей отырып, тағы да сол танымдық соны ойларды айтып қалуға тырысады. Оның өзі де: «Егер маған біреу «Дүние дидарындағы ең сұлуды, ең қымбатты, адам баласына ең жақынды, ең қаталды, ең дананы... аташы» десе, мен соның бәрінеде «Табиғат!» деп жауап берер едім», – деуінің өзі соған куә-тін.
Табиғат туралы балаларға арналған, болмаса үлкендерге арналған шағын әңгімелерінің әрқайсысы сол Табиғат-ананың «ең қатал, ең әділ», бірақ сонша мінсіз мінездеріне үңілуден және оның сырын ашуға құмарлығын таныта түсуден әсте танбаушы еді. Табиғаттың перзенті аңға құс салып, ит жүгіртудің өзін: «Жүрегінің оты, бойының қуаты бар жігіттің қолынан ғана келер асыл әрекет», – деп, оның өзі өнердің бір үрдісі деп үндер-ді.
Сарыарқаның төсінде жолымыздың бір тоқайласқан тұсында мен үшін жер қыртысының бос қалған бір қуысы ғана болып көрінер үш-төрт үңгірге түсіргені бар. «Ақтар қашып, қызылдар қуған кезде байлар тығып кеткен қазынаны қазамыз», – дейді. Көрдей қараңғы әрі төбесінен суы тамшылаған үңгірлерден, әрине, қазына табыла қойған жоқ. Оның есесіне тар қуыс, аласа дәліздерден өтеміз деп жүріп, киім жыртып, маңдай ісіріп дегендей, жер астына сапарымызды аяқтаған кезде: «Бабаларыңның баспанасын көргеніңің өзі қазына тапқаннан артық болды емее пе?!» – деп уәж айтады. «Ұялғаныңа көрінсін!» – деймін.
Бірақ іле-шала газетке оның үңгірлер туралы зерттеу мақаласы жарияланды. Оның қандай «қазына» іздеп жүргені сонда ғана мәлім болды.
Жетпісінші жылдардың ортасында зиялы қауымның арасында кеңестік темір құрсаудан қайтсек құтылуға болады дейтін қиялға ұқсас, іштен тынған күбір-сыбыр әңгімелер, болмаса тәуелсіз тірлікті аңсаған әңгіме-дүкен, екі кісінің басы қосыла қалса, жиі айтылар еді.
Бұл 1986 жылғы оқиға сияқты кемерінен асқан ашу-ыза түрінде көріне алмаса да, іштен тынып, іштен булыққан наразылық түрінде байқалатын. Тоталитарлық билік те оны , сезбей, қарсы қарекетін жасамай отыра алмаған еді. Ұлт болашағы туралы баспасөзде, әр түрлі деңгейдегі жиналыс мінбелерінде айтылған «оқшау пікірлер» хатталып, иелері МҚК-нің «сенімсіздер» тізіміне тіркелетін. Ақселеу Сейдімбектің аты-жөнінің де тізімінің бел ортасында жүргені бар. Сол тұста ғой оның Құдай берген жазушылық өнерден саналы түрде бас тартып, жұртқа ымдаусыз, емеурінсіз жеткізуге болатын көсемсөзге, дәстүрлі мәдениетіміз бен тарихи-этнографиялық деректерге толы әдет-ғұрыптар арқылы-ақ сол тұстағы ұйқылы-ояу, көнбіс те көнтеріге айналып бара жатқан сананы оятуды мақсат еткен зерттеу мақалаларға біржола ден қоя бастағаны.
«Күзеуде» мен «Аққыз», «Қыз ұзатқан» мен «Ақиықтардың» келесі сезін айтпай жүріп алдың-ау», – деп достары наз айтқанда: «Ораза-намаз –тоқтықта». Ұлтыңды рухани тәркілеу үрдісі үдеп, бүкіл халық тағдыры өгей әкенің өктем әрекетінің безбеніне түсіп тұрған шақта, баланы кәмпит беріп алдағандай, оқырманды жылтыр сөзбен алдарқатып керегі не?!» – дер еді. Сөйтіп, ол өзі жазған мақалалары ғана емес, өзі басқарған «Зерде» журналының жарияланымдарын түгелге жуық қалғыған рухты оятуға, мүлгіген ұлтжандылықты серпілтуге арнаймын деп жүріп қызметінен қуылып, артына шала байланды. «Ұлтшыл» деген таңба басылды. Қанша дегенмен, сонау бір 37-нің сойқанды кезеңіндей емес, айтуы болғанмен, атуы жоқ, қорқытуы болғанмен, қорлауы аз кезең болғандықтан біраз азаматтар, оның ішінде Ақселеу де ілдәлдалап аман қалған.
Сонда ғой азаматтың басын құрметтеген ағаларының бірі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына: «Өзі «сенімсіз» болғанымен,
балаларының не кінәсі бар?» – деп оны еден жуушы қылып жұмысқа қабылдайтыны. Бұл еден сыпырушылықтан басталған жұмысының ғылымға біржола бет бұруының алғашқы қадамы еді. Ғылыми жұмыс ғалым атану немесе атақ алу үшін жазылса, ол ғылым емес, қоғамына берері жоқ, жеке бастың алданышы ғана. Мысалы, «Ұзақ уаытқа шыдайтын тас жолдардың окономикалық тиімділігі» деп ғылыми жұмыс жазу – ғылым емес. Ұзақ уақытқа шыдайтын тас жолдың тиімді болатыны онсыз да ақиқат. Ал «Тас жолдарды төзімді қып салудың тәсілдері» десе, бұл – ғылым. Ғылымның мақсаты жұртқа пайдалылығымен ғана өлшенбек.
Ғылым ғылым үшін емес, ілім үшін, былайша айтқанда, көпшілікке іліп берері үшін жасалса кәнеки! Рас, әдебиет пен өнер ғылымынан биология, математика, физика ғылымдары сияқты жаңалық ашу оңай емес. Алайда бұл ғылымның берері адам жанының рухани өсуіне ықпал етуімен өлшенбек.
Сонау жылдары үңгіртану мәселесіне текке қызықпапты, бұрын қазақ зерттеушілері көп назар аудара қоймаған осынау тың тақырыпқа үңіле отырып, жеріміздегі табиғи және табиғи емес ескерткіштер туралы ой толғаған «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981 ж.) кітабы дүниеге келді. Халқымыздың дәстүрлі мәдениеті, тарихи-зтнографиялық болмысы, ұлтты ұлт ретінде қалыптастырып, ғасырлар қойнауынан бермен қарай өзгеден өзгешелендіріп тұрған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, тіпті аңшылық- саятшылық, қолөнер, ұсталық-зергерлік саладағы ерекшеліктер арқау болған «Ойтолғақ», «Сонар» кітаптары танымдық тұрғыдан ерекшеленеді.
Оның осы еңбектерінің заңды қорытындысы сияқты «Қазақ әлемі: этно-мәдени пайымдау» (1997 ж.) атты көлемді кітабы, атының өзі айтып тұрғандай, бүтін бір ұлттың этнографиясына және мәдениетіне, төл тарихы мен фольклорына – бүтін рухани әлеміне байырқалай тоқтап, орнықты ойлары мен пайымдарын ұсынады. Әдебиет пен өнер институтында жүрген тұсында ол ауыз әдебиетіне, әлі де зерттелуі аз, зерделенуі кемшін тұстарға ден қойды. Бұл күнде қолданыста азайғанмен халқымызбен бірге жасасып, оның болмыс-тіршілігінің, тарихының елестеріндей болып бізге жеткен қара өлеңді жүйелеп, жинады. «Қазақтың дәстүрлі лирикасындағы қара өлең жанры» Ақселеудің бұл саладағы сүбелі еңбегі еді.
Студент жатақханасында жатып, қоңыр домбырасымен қоңыр сазды күйлерді тартқанда әр өнер туындысын өз жанының сүзгісінен өткізіп, әр қағыс, әр иірімге өзінше пайым жасап жүргендей екен.
Ол ғана емес, оңтүстікте мақта жинасақ та, солтүстікке барып, бидай орағына аралассақ та қойнынан дәптерін, қолынан қаламын тастамай, көненің көзіндей қарттармен тілдесіп жүретін еді. Сонда ескіден қалған сөз, аңыз-әңгімелерді теріп жүреді екен ғой.
Екі мыңдай күйдің аңызын жинап, әр күйді шығарған кісі, аңызды жеткізуші ондаған адамдар туралы мәліметтер жинақтау – үлкен бір ұжымның қолынан әрең келер еңбек. Күй өнерінің сезімді селт еткізер әсері оның авторының бір сәттегі көңіл толқынының бұрқ еткен жан тебіренісі ғана емес, ол бүкіл бір тарихи-әлеуметтік өмірдің халықтың философиялық, дүниетанымдық болмысының да сазбен берілген көрінісі екенін Ақселеу Сейдімбектің тиянақты зерттеуі дәлелдей түседі. «Күй шежіре» (1992 ж.) –күйдің ғана шежіресі емес, ұлттың өзімен бірге жасасып келе жатқан төлтума мәдени өмірінің де шежіресі іспетті...
Бір кезде алыста жүрген достары әзілдеп: «Ақселеудің есен-саулығын теледидардан көріп, біліп тұрамыз», – дегендей, кезінде ұлт өнері, этнографиясы, дәстүрлі мәдениеті туралы әңгімелердің ортасында Ақселеу отырар еді. Әсіресе, Жәнібек марқұм Кәрменов екеуінің қазақ әндерінің дәстүрлік ерекшеліктеріне қарай жүргізген хабарлары жұрттың әлі есінде. Сол хабарларда қазақ әндерінің классикалық ерекшеліктеріне тоқтаған сайын сөзінде ой жоқ, әуенінде жүрек қылын бүлк еткізер саз жоқ, етегі елпі, жеңі желпі әндердің көбейіп бара жатқанына екеуі де наразы кейіп танытып отырар еді.
«Ән дегенді олай емес, былай шығару керек қой...» дегендей, Ақселеу де алты-жеті ән шығарып жіберді. Микрофонды тістеп тұрып айтатын камералық әншілердің шама-шарқы жете бермес кең тынысты, әуенге бай «Сарыарқа», «Дәурен-ай» сынды әндері халық арасына кең тарап кетті.
Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика кафедрасына Ақселеу меңгеруші болып барып, ұстаздық іске біржола ден қойғанын естігенде достары Кәрібай, Қуанышбай, Серіктер мындай әзіл айтып еді: «Ақантай университеттің бір аудиториясына кіріп, студенттерден «Сендерде қандай дәріс еді, шырақтарым?» деп сұраса керек. «Өнер тарихы еді, оқытушымыз бүгін науқастанып қалыпты» дейді студенттер. «Жарайды, менің бүгін қолым бос еді» деп күй тарихын толғай жөнеледі. Не керек, сол күні оқытушылары болмай қалған студенттерге тарихтан, әдебиеттен, тіпті археологиядан да дәріс оқып, ішін біраз босатқан соң үйіне келіп, зайыбынан «Бүгін кешкі асқа не дайындап едің?» деп сұрамақ болып, «Орал, сенде қандай дәріс еді?» деп сұрапты дейді».
Әзіл болғанымен, шындықтан тым шалғай сөз емес-ау. Болмысы солай өйткені.
Қазағым деп тілін сындырып, қазағым деп өмірден өтер, ұлтын сүйе- тінін құр сөзбен емес, бар болмыс-бітімімен, бүкіл саналы тірліктегі қам- қарекетімен дәлелдеп өткен осы Сланның Ақселеуіндей бір шоғыр азаматтары болған ел бақытты.
Кәдірбек Сегізбай, жазушы
qazaquni.kz