Ләйла Баймолдина, А.Чехов атындағы кітапхана меңгерушісі: Әкемнің еңбегі бағаланған жоқ
2022 ж. 05 ақпан
4461
1
Сәбит Баймолдин – қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына зор үлес қосқан қаламгер. Әдеби сынның өсіп-өркендеуіне де сүбелі үлес қосты. Оның көзі тірі кезінде оннан аса жинақтары жарық көрді. Ол дүниелері сыншылар тарапынан жоғары бағаланды. Кезінде қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаев: «Сәбит – өлең деген құдіретке бас иіп табынатын, оған барынша адал қарайтын азамат. Табиғат берген талантым бар екен деп бас-көзге қарамай, жоқты бардан өлең жасайтындардың санатына жатпайды. Аз сөйлеп, көп аңғартуға талпынатын талғамшыл ақын. Ол халық кәдесіне жарайды-ау деген нәрсені таңдап, талғап қана жырлайды. Оның еркін ой, ерек мінезі –арғы-бергі әдеби мұраны, өзге жұрттың өнегесін жақсы білетіндігінен болса керек. Көңіл күйі келмесе, бұлбұл да сайрамайды, көздегені болмаса, қыран да самғамайды. Одан кем қалып жатқан олар жоқ. Сәбит ақындығының осы қасиетін ұнатам» деп өзінің шынайы пікірін білдірген болатын.
Көзі тірі кезінде осындай құрметке ие болған ақынның бұл дүниеден озғанына 21 жыл болса да, әлі күнге дейін я туған жерінде, я тұрған жерінде көше де, мектеп те берілмеген. Бұл – елдігімізге сын. Келесі жылы Сәбит Баймолдинның туғанына 80 жыл толады. Мерейтой қарсаңында осы олқылықтың орнын толтырып, тиісті қалалардан көше мен мектеп аттарын беруіміз қажет. Сонда ғана ақынның рухы тыныш тауып, екінші ғұмыры басталары анық.
Таяуда біз жақсының көзі – Ләйла Сәбитқызымен әңгіме-дүкен құрған едік. Сол сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.
– Сіздің әкеңіз кім?
– Менің әкем – Сәбит Баймолдин. Алғыр ақын, жалынды журналист, білімді де білікті басшы, қайырымды да қамқор әке.
– Әкеңіз қай жерде туып, өсті? Қай оқу орнын бітірді?
– Менің әкем 1942 жылдың 5 наурызында Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында туған.
– Қай оқу орнын бітірді?
– 1964 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін, ал 1972 жылы Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген.
– Жоғары оқу ордасын тамамдаған соң, қай жерде қандай қызмет атқарды?
– Әкем 1964 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң, кіндік қаны тамған ауылына келіп, орта мектепте оқытушы, мектеп директоры болып еңбек етеді. Кейін «Қазақстан мұғалімі» газетінің Батыс Қазақстан өлкесіндегі меншікті тілшісі, Ақтөбе облыстық кітапқұмарлар қоғамының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағында аға редактор, Қазақстан баспа және полиграфия жөніндегі комитетте бөлім бастығы, баспалар жанындағы Литоның бас редакторы,1992 жылдан «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі болып түрлі лауазымды қызметтерді абыройлы атқарады.
– Әке қадірін неше жасыңыздан сезіне бастадыңыз?
– Әке қадірін ес біліп, етек жауған кезден бастап қатты сезіндім. Өйткені мен кішкентайымнан әкемнің қызы болып өстім. Ол кезде әкем Алматыда оқитын, студент болатын. Менің үш әжем болатын. Яғни, әкемнің анасы, әжесі және анамның анасы. Солардың бәрі мені бауырына тартып: «Менің баламсың» деп еркелеткісі келсе, олардан босанып шығып: «Жоқ, мен әкемнің қызымын» деп бой бермейтін көрінем. Әкем мені алақанына салып өсірді десем, артық айтқандығым болмас. Күндіз-түні айналып, толғанып отыратын. Әсіресе, ауырып қалсам, емханаға апарып, ем-дом жасатып, жаны қалмай жүгіріп жүретін. Соның бәрі әкемнің балаға деген махаббаты деп білем.
– Ол қандай әке еді?
– Әкем қатал кісі болатын. Біз жетеу едік. Бәріміздің тәртіпті болуымызды қалады. Шектен шығармайтын. Өзі ұстаз болғандықтан, үнемі сабағымызды тексеріп, қадағалап отыратын. Бәрімізді қазақ мектебінде оқытты. Қай жерде жүрсек те қазақша сөйлеуімізді талап ететін. Құрбы-құрдастарымыз телефон соғып, орысша сөйлесе, «Сен қазақтың үйіне телефон соғып тұрсың» деп ұрсып тастайды екен. Бұл оның ана тіліне деген құрметі деп түсінем. Туған күн тағы басқа сол сияқты кештерге жібермейтін. Жіберсе де, бір-екі сағатта қайтуымызды қадағалайтын. Үйде волейбол сеткасы, добы болатын. Өзіміз бір команда құрып алып, отбасы боп волейбол, кейде шахмат ойнайтынбыз. Домбыра тартатын. Анам екеуі қосылып, ән айтатын. Әкем арақ ішпейтін, темекі тартпайтын. Үйге келген кісілерге де арақ қойылмайтын.
Міне, менің әкем осындай адам еді. Қазір ойласам, бала үшін бұдан басқа қандай тәрбие керек?!
– Болашақта кім болғаныңызды қалады?
– Ол кезде мединститут пен пединституттан басқа оқу орындары болмады ғой. Әпкем мединститутқа барғасын, мені пединститутқа жіберді. Оның алдында мектепке барып, мұғалімдерден менің қандай сабаққа ынтам зор екенін біліп алыпты. Алматыға көшіп келген соң, кітапханашы боп жұмысқа тұрдым. Кейін Қыздар институтының кітапхана факультетін де бітіріп алдым. Әкеме кітапханада істейтінім қатты ұнайтын.
– Ол отағасы ретінде қандай адам еді? Үй шаруасына араласушы ма еді?
– Негізі, біздің үйде әкемнің үш анасы, екі қарындасы, жеті баласы болатын. Анам екеуі бәрімізді қабақ шытпай бақты, қақты, қатарға қосты. Жалпы, әкем – ана сыйлаған адам. Ол туралы ел де айтты, жұрт та жазды. Бірақ әкем үй шаруасына араласпайтын. Өйткені ол қолына балға ұстап көрмеген адам. Сондықтан үй шаруасы анамыздың мойнында болатын. Бірақ ол кезде дүкендердің өзінен ақшаңа ештеңе таба алмайтынсың. Әкемнің арқасында сондай қат заттарды табуда қиындық көрмейтінбіз. Өзі қалай сәнді әрі әдемі киінсе, бізді де солай киіндірді. Қысқасы, бізді аштан да, көштен де қалдырған жоқ.
– Жақын достарым деп кімдерді айтушы еді?
– Есенбай Дүйсенбай, Қажығали Мұханбетқалиұлы – Ақтөбе облысы Байғанин ауданынан. Әкем қайтыс болғанда туысқандармен бірге, Қажығали аға мен Молдахмет аға болды. Ақылдарын айтты. Оларға ризашылығым шексіз.
Аян Нысаналин, Дүкенбай Досжан – курстастары. Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Зейнолла Серікқалиев, Фариза Оңғарсынова, Оразбек Сәрсенбаев, Еркінбай Әкімқұлов, Аян Нысаналин, Жұма–Назар Сомжүректермен сыйластықтары зор еді. Бұл кісілердің барлығы әкем елуге толған кезде, газет-журналдарға жақсы пікір-лебіздерін білдірген. Молдахмет Қаназов ағамен көрші тұрдық. Кітапханада 35 жыл бойы еңбек етіп келемін. Осы жылдар аралығында қазақтың қабырғалы ақын-жазушыларымен қаншама кездесу ұйымдастырдым. Атап айтар болсам, Оразақын Асқар, Сәкен Иманасов, Сейфолла Оспанов, Мыңбай Рәш, Сәбит Досанов тағы басқалар маңдайымнан сүйіп: «Әкеңді білеміз, жақсы адам, мықты ақын еді» деп жатады. Ауылда, Ақтөбеде, Алматыда әріптестері, құрдастары, сырластары көп еді. Талай ақын-жазушыларды маған мақтап отыратын. Біреуді жамандағанын естімеппін. Негізі, менің әкем біреуді ұнатпаса, ол кім болса да бетке айтатын адам еді ғой. Мен өзім сондай адамдарды жақсы көремін.
– «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бар қазақта. Әкеңіздің достарымен әлі де қарым-қатынас жасап тұрасыз ба?
– Әлі де араласып тұрамыз деп айта алмаймын. Өйткені олардың көбісі қазір бұл өмірден озып кетті. Барымен байланысымыз үзіліп қалды. Оның үстіне қазіргі індет те қолбайлау болып тұр.
– Әкеңіздің көзі тірі кезінде неше кітабы жарық көрді?
– Әкемнің көзі тірі кезінде «Жер-мекен», «Қырда туған», «Монолог», «Қызыл іңір», «Сағыныш», «Алтын гүл», «Сенемін саған», «Армия семьясы», «Іңкәр күндер», «Бесік жыры», «Тал кеме» атты жинақтары тасқа басылды. Олардың барлығы сыншылар мен оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алды. Мәселен, қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаев кезінде: «Сәбит – ешкімге ұқсамайын деп, есі кете ізденгіштігімен ақын, іздену жолындағы артық я кем айтуымен де ақын. Жырының салмақтылығы; тілінің ащылығымен де ақын. Тіл өнеріндегі дертімен де, орнының оқшаулығымен де Сәбитті қабылдауға болады. Өткен жылы жарық көрген оның «Қызыліңірі» – осының айғағы» десе, ал заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «Сәбит Баймолдин – көп оқыған, көп тоқыған, қажет десеңіз, көп еліктеп-солықтаған ақын. Бірақ оның бойындағы шынайы талант пен бір кісінің көретін көресісін көрудей-ақ көрген нақты тағдыр әдебиет дегеннің де шын пайғамбардың іліміндей құдіреттерге марапат емес, пенделерге шарапат, даурыққандарға медеу іздейтін өнер екенін діті ұғынтып, сол жолда сирек дәйектілікпен еңбек етіп келе жатқан суреткер» дейді. Бұл пікірлер – жоғарыда айтқан сөзіміздің дәлелі.
– Ол кісінің елге сіңірген еңбегі бағаланды ма?
– Өкінішке қарай, әкемнің еңбегі бағаланған жоқ. Кезінде Қазақстан Жазушылар одағы Байғанин ауданы мен Ақтөбе қаласының әкімшілігіне арнайы хат жазып, көше, мектеп атын сұрап еді, бермеді. Бірақ Ақтөбе, Байғаниндегі кітапханалар туған күнінде кездесулер жасап жатады. Ол үшін кітапхана басшылығына ризашылығымды білдіремін. Белгілі ақын Ертай Ашықбаев екі рет Ақтөбе газетіне әкемнің өлеңдерін жариялады. Ол үшін Алла разы болсын айтамын.
– Оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қандай жоба-жоспарлар бар?
– Келесі жылы әкем 80 жасқа толады. Осы мерейлі мерекеге орай Қазақстан Жазушылар одағы бастап, Ақтөбе жұртшылығы қостап, Алматыда тұрған үйіне тақта қойылса, көше берілсе, сондай-ақ туған жері – Ақтөбе, Байғанинде көше, мектеп атаулары берілсе, мемлекеттік тапсырыспен кітаптары шықса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Артында неше тұяқ қалды? Неше немере-шөберелері бар?
– Негізі, жеті перзенті бар еді. Оның төртеуі – қыз, үшеуі – ұл. Олар – Ләззат, Ләйла, Нұрғиса, Айнұр, Шыңғыс, Нұргүл, Бағлан. Бәріміз де жоғары білім алғанбыз. Ләззат Ақтөбеде тұрады. Мамандығы – дәрігер. Нұрғиса бауырым бақилық боп кетті. Кезінде Іле ауданындағы емхананың бас дәрегері боп істеп еді. Қазір әкеміздің 11 немересі, 2 шөбересі бар. Немерелер ішінде де үшеуі – ұл. Немерелерінің бәрі талапты да талантты. Сабақ үлгерімдері жақсы. Сурет салады. Өлең оқиды.
– Олардың ішінде ата жолын қуғандар бар ма?
– Нұрғисаның Санжар деген ұлы өлең жазады. Шығармалары Ресей басылымдарында жиі жарияланып тұрады. Жеке кітабы да жарық көрді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ермахан Шайхыұлы
qazaquni.kz