Талант - тағдырдың адамы
2022 ж. 30 қаңтар
2346
0
Биыл қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Сырбай Мәуленовтің туғанына жүз жыл толады. Төменде жыраулық арын мен нәзік лиризм құдыретін ұштастырып қазақ өлеңінің деңгейін ғажайып биіктерге көтерген әйгілі шайырдың ұл-қызы әкелері туралы сыр ағытады.
ЖАРАТҚАНҒА ДА ЖАҚСЫ АДАМ КЕРЕК ЕКЕН ҒОЙ
Неге екенін қайдам, әкем туралы ойласам оның жас кезін үнемі сағынышпен еске аламын. Мен біздің отбасында үлкен ағаларым Дүйсенбай, Жеңіс және Атығайдан (ол ертеректе қайтыс болды) кейінгі қыздың тұңғышымын. Менен кейін сіңлім Сақыпжамал, інілерім Бейбіт, Қасым, Ғазиз дүниеге келді. Біздің отбасы елуінші жылдары Алматыдағы Мечников көшесінің бойында пәтер жалдап тұрды. Ол жылдары әкемізді үнемі күшқайраты тасыған жігерлі, шабытты шағында көретінбіз. Ол биік, сұңғақ, сымбатты болатын. Толқынданған қара шашы өзіне жарасып тұратын. Бұл оның отыз бестегі кезі еді. Сонау алыста қалған елуінші жылдары қазір ойлап отырсам, ол кездің адамдары асып-тасып бара жатқан байлығы болмаса да өте қарапайым тұратын. Соған қарамастан бәрі де қонақжай, бір-біріне сыйлы, қадірменді еді. Әсіресе, әкемнің қонақжайлығын айтпаңыз, біздің үйден күні-түні оның жерлестері, жазушылар үзілмейтін. Мереке күндері аулаға дастархан жасалып, айнала отыратын көршілерді қайтіп ұмытарсың. Ал, әкем болса сол отырыстың ешкім айырбастай алмайтын асабасы (тамада) болатын. Дауысы саңқылдап шығып, қазақ, орыс, украин, татар әндерін тамылжытып айтатын. Бұл жылдары ол Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында қызмет істеді. Күндіз жұмыста болып, ал түнгі уақытын өлең жазуға арнайтын. Түннің қай мезгілі болса да ол өзінен-өзі ыңылдап, басын шайқаған күйі өлең жазып отыратын. Таңертең әжем мен ше - шеме түнде жазған өлеңдерін оқитын. Олар оның ең алғашқы тыңдаушысы әрі сыншысы еді. Бүгінде мен әкемнің болмысының бөлек жаратылып, осындай дарынды адам болуы әке-шешесінің арқасы ма деген ойға келемін. Себебі, ол балаларына ата-анасы туралы үнемі ризашылықпен әңгімелейтін. Өйткені, осынау қарапайым жандар оған білім б е р д і , б а л а ж а с ы н а н х а л ы қ шығармашылығымен сусындауға тәрбиеледі. Оның қай кезде де арқа сүйер ақылшы-кеңесшісі атаанасы болды. Осындай ата-ананы әрдайым үлгі тұтып, қадірлеу керек екенін әкем жиі айтатын. Міне, біз осындай өнегемен өстік, өндік. Атам болса ерте қайтыс болды да, мен ол туралы жақсы біле бермеймін. Ал әжем бізбен бірге бар саналы ғұмырын өткізді. Менің ұғымымда одан артық аяулы да ақылды, қарапайым да кемеңгер адам болған емес. Үстінен үнемі камзолы мен ақ орамалын тастамайтын. Ақ орамал оның бізге деген кіршіксіз ақ махаббаты мен мейіріміндей еді. Оның немерелеріне деген аналық махаббаты шексіз еді. Әжемнің аты – Алмагүл, фамилиясы – Таева. Оны бәрі жақсы көретін, қасынан кісі үйіріліп кетпейтін бекзат адам еді. Әкем оны өте жақсы көретін, бірбіріне деген мейірімге толы, нәзік қатынастарды айтуға тіл жетер ме екен. Ол анасын лебізге толы үнмен «Әни» деп атайтын. Оның себебі – Қостанайда тұрған кезінде біздің үй татарлармен жиі араласқан. Татарлар шешелерін «әни» деп атайды екен. Әкем осы сөзді ұнатып, әжемді ұдайы осылай атап кеткен. Сонымен қатар әжем ескінің әндерін, әңгімесін, ертегісін көп білетін көкірегі қазына, шежіре қарт болатын.
Әкем көп балалы болса да әжем оны жалғыз болғандықтан ба екен, үнемі кішкентай балаша еркелетіп, қас-қабағына қарап, бағып-қағып, «көзімнің қарашығы» деп айналып-толғанып ет бауыры езіліп, жүрегі елжіреп, тал бойы иіп отыратын. Өзі ауырса да баласына сездірмейтін. Өйткені оның жаны жараланбауын ойлайтын. Әжемнің біздің әрқайсымызға деген мейірімі өз алдына, егер біреуіміз ауыра қалсақ, оның бір үшкіргенінен-ақ жазыла кететінбіз. Әкем де өте балажан еді. Ол бізді жақсы көріп, аса мейірленгенде қатты қысып сүйетіні соншалық, әлі күнге дейін бетімізді сүйген, иіскеген жерінің табы қалғандай сезіледі де тұрады. Үйде өз кітапханамыз болды. Онда классикамен қатар поэтикалық жинақтар да мол болатын. Әкем кітапты жай әуестік үшін емес, оқу үшін жинайтын. Ол кітап оқығанда тек түйсініп ғана қоймай, жан дүниесі содан ләззат алатын. Біз кішкентай кезімізден қалалық кітапхананың тұрақты оқырманы болдық. Бәлкім, әкемнен қалған өнеге шығар, мен өзім де жақсы шығарма оқыған сайын ләззаттанып, рахат күй кешетін болдым. Біз оқудың қадірін ерте біліп өстік. Әуелде әкемізге еліктеп оқысақ, бертін келе кітапты құмартып, іздеп жүріп оқуға д а ғ д ы л а н д ы қ . О с ы н ы ң б ә р і әкеміздің арқасы еді. Әкемнің бір айрықша қасиеті – есте сақтау қабілеті тамаша болатын. Басқа ж а з у ш ы л а р м е н а қ ы н д а р д ы айтпағанда Шекспирді, Байронды, Шиллерді жатқа соғатын. Ол тумысынан әзілқой болатын. Әсіресе, «Байрон басқа, мен басқа» деген сөзін бүгінде жиі есіме аламын. Жас кезінде Есениншілеп «осы жұрт мені сен көп ұзамай қазақтың танымал ақыны боласың деп жүр ғой» дейтін. Шынында да, солай болды ғой. Кей-кейде оның бойына осынша сан қырлы қабілетті кім берген деп таңданатынмын. Шын таланттың тұлпарлығы тай кезіненақ білінеді екен ғой. Ол он төрт жасынан өлең жаза бастапты. Қызылорданың педагогика институтында оқып жүрген студенттік жылдарда драма үйірмесін басқарып, студент сахнасына спектакльдер қойған екен. Оның үстіне бейнелеу өнерін жақсы көрген. Әсіресе, туған жердің табиғаты бейнеленген пейзаждарды ұзақ қарауды ұнататын. Ал, қырғыз әндерін тыңдағанда жан дүниесі ғажайып, мазасыз бір күй кешетіні әлі есімде. Ол жолсапарға жиі шығатын. Мұндайда әжем болса жалғызын бір Аллаға тапсырып, отбасына аман-есен оралуын күтіп, іштей тілеуін тілеп отыратын. Бұл өмірде ананың мейірімі мен тілеуіне жететін не бар. Әкемді соғыстан аман алып қалғанда әжемнің ақ тілеуі шығар. Әжемнің қазасын естігендегі оның көңіл-күйін айтып жеткізу қиын еді. Ол кісі 1973 жылы қайтыс болғанда, әкем Қасым Аманжоловтың 70 жылдығына арналған салтанатта жүр еді. Әжемнің ауыр хал үстінде екенін естіген ол ешкімге қарамастан бірден Алматыға ұшып келді. Ол анасының қайтыс болғаны туралы осында келген соң естіді. Бұл хабарды есту оған ауыр тиді де, ауруханаға түсіп қалып анасын жерлеуге де қатыса алмады. Осы нау жан дүние күйзелісін оның анасының ақырғы сапарынан кейін жазған өлеңдерін оқығанда қатты түсіндім. Біршама уақыт өткеннен кейін ауруханадан шыққан соң әжеме арнаған өлеңдерін оқып көңіл-күйі қалыпқа түсе бастады. Ол өзі дүниеден өткенге дейін әр жыл сайын бізді ертіп әжемнің кабірінің басына баратын. Бүгінде әр көктем келген сайын бізде отбасымызбен әжемнің басына барып, құран оқытып, төңірегін тазалап, шарбақтарды сырлап қайтамыз. Әкемнің үлкендерге деген сыйластығы мен құрметі ерекше еді. Бала кезден есімде калғаны – біздің үйге Қостанайдан Омар Шипин мен Нұрхан Ахметбеков сынды қарт ақындар жиі келетін. Оларды көргенде әкем төбесі көкке бір елі жетпей шаттанып, өз әкесі келгендей куанатын. Соңғы жылдары оның өмірі бірқалыпты өтті. Анау-мынау ауруларды бұйым көрмей сол біртоға, мәрт қалпын сақтап жүретін. Егер 1992 жылы шешем екеуі автомобиль апатына түспегенде әкем әлі күнге жасай беретін бе еді деп ойлаймын. Сол төтеннен келген апаттан кейін ол жүрек демікпесі қосылып ауруханада жеті ай төсек тартып, ауыр хал үстінде жатты. Дегенмен де өмірінің соңғы айларында оның қасында болғаныма өзімді әлі күнге бақытты сезінемін. О н ы ң н а у қ а с ы н ж е ң і л д е т у г е әбден тырысып-ақ бақтым. Өзі де жаны қиналғанын бізге сездіргісі к е л м е й т і н . Н а у қ а с ы ж а н ы н а батқанын қанша білдіргісі келмесе де оған моральдық жағынан да оңай болған жоқ еді. Өйткені, бір кездегі сұлу да сұңғыла, қуатты да арынды ақиық ақынның әп-сәтте кескен теректей күйге түсуін көру ол үшін де, біз үшін де аса азапты, ауыр сәт еді. 1993 жылдың 12 ақпанында реанимацияда жатқан әкеме бардым. Тамаққа тәбеті соқпаса да, жеңіл-желпі ауқаттандырдым. Ол дәрігерден менің қасымда болуын өтінді. Кетерде дөрігер мені дәлізге шақырып алып, санаулы ғана өмірі қалғанын айтты. Кеудемді қанша өксік қысса да, әкеме бұл қалпымды сездірмеуге тырыстым. Ол маған бар мейірін төге қарап: «қарашы, аяқ-қолым суып бара жатқан секілді, жылытшы» деп өтінді. Мен қолынан ұстап едім мұз секілді сұп-суық болып қалыпты. Шыдай алмай жылап жібердім. Сонда өзі өмірден өткелі жатқан әкем: «Балам ешкім де мәңгілік емес, өзіңді күт, сенің де денсаулығың жоқ қой», – деді. Жарты сағат өткеннен кейін медбике менің уақытым біткенін айтты. Үйге жеткенше жол бойы жылап келдім. Әкемнің аз ғана күн өмірі қалғанын шешеме айтпауға бекіндім. Әйтсе де көңілімде әлі де біраз күн жасаса екен деген үміт оты жылтырайды. Өкінішке орай, бұл менің ең қымбат жанмен соңғы кездесуім екен.
Бақытжан СЫРБАЙҚЫЗЫ
«ӨЗІҢЕ СЕН...»
Әкемнің аяулы бейнесін ойыма алған сайын мына бір жай есіме түседі. 1989 жылдың наурыз айы еді. Көктемнің күні әдеттегідей шуақты емес. Аспанды бұлт торлап алған. Қар аралас сылбыр жауын күні бойы себезгілеп тұрып алды. Ауарайының мұндай қолайсыз сәтінде әкемнің денсаулығы нашарлап кететін еді. Осы бір күндері менің жеке өмірімдегі кейбір сәтсіздіктерді қабылдау да біздің шаңырағымызға оңайға түскен жок. Мұндайда ең алдымен бар ауыртпалык әке-шешеңе түсетіні белгілі. Мені одан сайын босамасын дей ме, әйтеуір, олар қас-қабағымды бағып, бәйек болып, ақыл сөзін айтып қолдап, жігерлендіріп отыратын. Қазір сол күндерді есіме алсам, менің өмірімде күрт бетбұрыс жасаған мына бір оқиға үнемі ойымнан шықпайды. Сол кезде әкемнің «Қысқы жаңбыр» («Зимний дождь») атты кітабы Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан жарық көруге дайындалып жатқан. Күн бұлттанған күндері соғыс салған жарасы сыздап, көңіл-күйі болмай жүргеніне қарамастан тынбай жұмыс істейтін. Бір күні таңертең қызметке кетіп бара жатқанымда әкем мені тоқтатып, мейір төге қарап, сол жинақтан «Сенім» («Вера») деген өлеңін аса бір шабытпен оқыды. Дәлізде тұрып калған мені әлгі өлең жолдары ұлан-асыр күйге түсірді. Өлеңнің мазмұны былай болып келетін: «Саңылаудай сәулесі жоқ қара түнек күндер туса да, аспанда ай тұтылып төңірек тұмшаланса да сеніміңнен айырылма, табиғат-тәңірінің нұры а қ ж а у ы н м е н а п п а қ қ а р д а н кейін алтынкүрек есіп, дүние тазарады. Адамзат жаратылғалы бері жақсылық пен жамандық, қайшылық атаулы ұдайы итжығыс түсіп келеді. Десек те, адам баласына өмір сүру ешқашан да оңай болған емес. Бірақ тазалык жеңеді. Сен соған сен. Көтер еңсеңді! Өмірдің әлі де талай тар жол тайғақ кешулерінен өтесің. Бірақ сен сол жолда сеніміңді, ерік-жігерінді мұқалтпа, тек қана өзіңе-өзің сен». Осы күні кешкісін әкем маған тағы да бірнеше өсиет сөздер айтты. Мен сол өсиетті күні бүгінге дейін бойтұмардай сақтап келемін. Сонда ол былай деп еді: «Әрі-беріден соң өзіңді сыйлап өмір сүр. Егер өзінді сыйлай білсең, өмірің қызық пен қуанышқа толы болады. Жастық деген – көңілдің бір желігі, қызықты кезеңі. Бірақ соның қадірін біле отырып, сен нағыз ер азамат болып қалуға тиістісің. Артыңда ұрпақ қалдыру үшін, жарық дүниенің қадірін білу үшін адамға арқа сүйейтін, табан тірейтін өз ортасы, отбасы, достары болуы керек. Әрине, мұның бәрі оңайшылықпен келмейді, демек, сол үшін күресу керек, бірақ жалғыздықты серік етіп ешкім де мұратына жеткен емес. Осыны есте сақта!». Қайран, әке, қалай айнақатесіз, жөн айтқансың.
Бейбіт СЫРБАЙҰЛЫ
БӘРІ ДЕ ӘКЕМНІҢ АРҚАСЫ
Қалада өскен ақсаусақ бала қиындықтың қадірін біліп өссін дей ме, әкем кей сәттерде балалық шағы туралы былай деп сыр шертер еді: – 1922 жылы тұрмыс тауқыметімен Торғайдан Қызылордаға ауа көштік. Әкем тігінші, ісмер к і с і б о л а т ы н . О с ы ж ы л д ы ң жауынды күзінің бір күні мен дүниеге келіппін. Бір жылдан соң атақонысқа қайта көштік. Тұрмысымыз өте жұпыны болды. Әкем көбіне жұмыссыз жүрді. Ол кезде тігіншілікпен күн көру қиын болатын. Әйтсе де, қайран әке біз үшін не көрмеді?.. Өнерлі кісіге кәсіп те табылады екен... Ол өз әкесі туралы осылайша таңға дейін айтудан жалықпас еді. Сондағы ойы бізді біле берсін дейді екен ғой. Ол сәт сайын өз әкесіне айналып бара жататын, біз де атамыз тіріліп келгендей күй кешіп отырар едік. Әкем ас үйде түн баласына көз ілмей жұмыс істейтін. Ол үшін демалыс күні деген атымен жоқ еді. Күн-түні машинканың үні құлағымыздан кетпейтін, онсыз таң атып, күн батпайтын. Менің бар шаруам – машинканың тықылын ішімнен санап жатып ұйықтап кетемін. Ол қазақтың хас батыр - лары – Кенесары, Наурызбай, Аманкелді туралы әңгімелерді аса бір құштарлықпен айтатын. Бәлкім, соның әсері болар, менің бала кезімдегі мына бір көріністі ә р і п т е с т е р і н е ә ң г і м е л е у д е н жалықпайтын. Бірде ол қысты күні редакциядан үйге қайтып келе жатып, жол-жөнекей кішкентай алаңқайда төрт баланың бір балаға жабылып жатқанын көреді. Содан бұл әділетсіздікке жаны шыдамай араша түседі. Сөйтсе әлгі «жалғыз батыры» мына мен екенмін. Ол өзін батырдың ұрпағы екенін орынды мақтан ететін. Бәлкім, бұл әңгімені айта беретінінің де себебі содан шығар. Әкем менің бокспен айналысқаныма қатты қуанып жүрді. Осы спорт түріне арналған жарияланымдарды көп оқытатын. 1969 жылы Көкшетауда өткен алғашқы жарысқа өзі шығарып салды. Мен онда он төртте едім. Әр жеңісім сайын төбесі көкке бір елі жетпей қуанатын, қашанда шынайы қуана білетін. 1972 жылы маусым айының соңында Қарағандыға жарысқа кетуіме байланысты мен мектеп бітіру кешіне қатыса алмадым. Кешке әкем мен шешем барады. Мектеп директоры аттестат тапсыру үшін атымды атаған кезде менің орныма әкем шығыпты. Ол кезде әкем қырық тоғыз жаста болатын. Сонда ата-аналардың біреуі әкеме: «бұл мектептің сырттай оқушысы» деп қалжыңдаған көрінеді. Ол менің тек қазак, орыс әдебиетіне емес, Батыс әдебиетіне деген құштарлығымды да оятты. Оның Байронды, Пушкинді, Лермонтовты, Блокты, Бунинді қазақ тілінде қалай шебер сөйлеткенін енді түсініп жүрмін. Кейінгі нан жеп жүрген мамандығымды тандауда әкемнің еңбегі өлшеусіз. Бір қайран қалатыным – мол білімдарлығы, жан-жақтылығы еді. Соның бір дәлелі, шешендік өнердің ғажайып т ұ л ғ а л а р ы , о р ы с з а ң г е р л е р і П.К.Александров, Ф.И.Плевако, В.Д.Спасович және басқалар туралы айтатын тамаша әңгімесі әлі есімде. Осының бәрін қайдан біледі деп ойлаймын. Ол тек әдебиетпен шектелмей, жан-жақты болуды талап ететін. Әкемнің жұмысқа деген зейінділігі мен табандылығы мені әлі күнге қайран қалдырады. Ол қашанда өз ойыңды айтып, жеткізе білуді, қағазға дәл түсіруді талап ететін. Университеттегі жас оқытушы кезімде әдебиет пен ұлттық дүниетаным туралы ойларымның қалыптасуына көп көмегі тиді. Біз Британ кітапханасы туралы жиі айтатын едік. Осы жылы Л о н д о н ғ а ж о л ы м т ү с і п , с о л кітапханаға арнайы бардым. Онда бір ай жұмыс істеген күндерде әкем менімен бірге жүргендей, кітаптарды бірге парақтап отырғандай сезілетін. Әкемізбен арада болған әңгімеде қалжың қоса жүретін. Ол қашандатапқыр еді, айтқыш еді. Айтқыш болғанда, жай айта салмайтын. Бір ауыз сөзінің астарында терең тағылым жататын. Айтқыштықты үлкен өнер санайтын... Бүгінде қазақ зиялыларының арасында жиі естіліп қалатын «Сырағаң айтқан екен» деген ғажайып қағытпалар соның дәлелі болса керек. Қазір де өзіме үнемі өнеге тұгатын әкемнің ғажайып бір қасиетіне таң қаламын. Ол адамдардың таланты мен мүмкіндіктерін жоғары бағалайтын. Балаларын қарапайым болуға, адамдарға әрдайым қамқор қ о л ы н с о з у ғ а , ә р к і м н і ң ж а н дүниесін түсінуге үйретті. «Егер сен біреуге қол ұшын берсең, оның жан дүниесіндегі өзгерістерді түсіне білесің, онда ол адам дүниеде жақсылық барын сезініп, нұрлана түседі, өмірге құштарлығы артады» деп отыратын. Әкемнен қалған осы бір ғажайып өсиет пен ізгі қасиеттер менің өмірімнің бар мағынасына айналды, қиын кезде ақылшысүйеу болып келеді... Жас қазақ офицері Волхов майданында соғысып, Ленинградты азат етуге қатысты. Бүгінде әкемнің мұрағатында Николай Тихоновтың 1942 жылы 22 қазанда жазған хаты сақтаулы. Содан үзінді келтірейін. «Мен жас қазақ ақынының бәрімізге ыстық Ленинградты тек қаламымен емес, қаруымен де қорғап жүргеніне аса разымын. Біз әлі-ақ Ленинград азат етілген соң ұлы ерлік туралы айтып, жалынды жырларымызды оқитын боламыз» деп жазады ақын. 1943 жылдың 17 қаңтарында Ленинград қоршауын бұзу үшін Волхов бағытында жүргізілген қиян-кескі ұрыста әкем сол қолынан ауыр жараланады. Ол өмірінің соңғы күндеріне шейін сол жарақаттың азабын аз тартқан жоқ. Әйтсе де соның бәрін бұйым көрмейтін әкемнің қайсар рухына әлі күнге таң қаламын. Ол кісінің Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) достары көп. 1991 жылдың тамызында сол қалада Михаил Дудинмен кездестім. Ол кісі суретіне «Сырбайдың ұлы Қасымға» деген қолтаңба жазып берді. Талант – тағдырдың ада - мы. Ол да өзге үлкен тұлғалар секілді өмірден аз соққы жеген жоқ. Ұлтшылдығының арқасында «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналының Бас редакторы болып жүріп, қызметтен екі мәрте қуылды. Сонда да жасыған жоқ, табандылық танытты. Соның нәтижесінде, сол қызметке қайта оралды. 1986 жылы қазақтың зиялы қауымының ірі өкілдеріне жөнсіз тағылған айыптаулардан менің әкем де қалыс қалмады. Ол қызметті, мансапты, даңқты ойлаған емес, бәрінен де шындықты қымбат санады. Балаларын асырай алмай қаламын-ау деп қорықпастан ақиқатқа жүгініп, адал сөзді пір тұтатын. Турашыл, бірбеткей еді. Ол менің қызметтегі самғауларым мен сүрінген сәттерімде: «сен әлі жассың. Сондықтан жұмыс істе, еңбегіңе, адалдығыңа сен, күресе біл, табанды бол. Не болса соған жасыма» деп қайрап отыратын. Мені осы сөз қанаттандырып, жігерлендіретін еді. Бүгінде осы өсиет сөз менің ұстыныма айналған... Менің өтінішіммен 1995 жылы қыркүйек айында шешем Күлжамал екеуміз әкемнің есімімен аталатын кешелерді көріп қайту үшін жолға шықтық. Алайда біз бәрінен бұрын ақын Сырбай Мәуленовтің есімі берілген мектепті көріп, оған көмек беруге барғандай едік. Ұят та болса айтайын, мен осы уақытка дейін Торғай облысында екі-ақ рет болған екенмін: біріншісі 1973 жылы студенттік құрылыс отрядында, екіншісі 1982 жылы әкемнің 60 жылдық мерейтойында. Арқалықтағы көше (бұрынғы Комсомол) орталық көшелердің бірі, ол ғажайып Жәнібек-Тархан ескерткішіне барып түйіседі. Ескерткіш өте керемет, Жәнібек шауып бара жатқан тұлпардың үстінде. Осы арада оның СанктПетербургтегі I Петр ескерткішіне әнтек ұқсайтыны еріксіз ойға қалдырады. Торғай поселкесінен Милысайға дейінгі жол өте ауыр болды, жол үстін жаңбыр қатты шайып кеткен, тайғақ мұз. Бізді алып келе жатқан екі «Волга» тоқтауға мәжбүр болды. Менің жүкті ойлап мазам кетті: әкемнің бюсті (бойы 1,5 м, ені 80 см), 300 көркем әдеби, окулық кітап, автоқаламдар, қарындаштар, блокноттар – бұлар біздің мектепке әкеле жатқан базарлықтарымыз, мұның бәрі «ЗИЛ» жүк автомобилінің қорабында болатын. Мен әсіресе шешемді қатты аядым, ол жаңбырдың астында аяғындағы жеңіл туфлиімен батпақтап үш шақырымдай жаяу жол жүрді. Мен ойландым да, шешем екеуміз ЗИЛ-мен кете берейік дедім, өйткені бүйте берсек, біз мектептегі кездесуден кеш қалатын түріміз бар, ал бүл күн ерекше бір күн еді – әкемнің туған күні болатын... Мектептің алдында бізді күтіп тұрған балаларды көрген сәтте ауыр жол, шаршап-шалдыққанымыз бірден есімізден шықты. Бізді алыстан алтын әкеле жатқандай – әкеле жатқан сый-тартуларымыздың жай-күйі қалай болды екен деген ой мазалай берді. Абырой болғанда, кітаптың көбі жаңбыр суынан аман екен. Маған кездесу керемет әсер берді. Ең бастысы окушылардың дарындылығы тәнті етті, олар бірінен соң бірі әкемнің жырла рын оқып, әндерін шырқады. Мен кездесуде бұл кішкентай мектептен әкем секілді ел-жұрт мақтаныш қылар қазақтың асыл ұл-қыздары жұлдыздай жарқырап шығуын тіледім... Қайтар жолда біз Торғай поселкесіндегі көшелердің бірінде салынып жатқан ғимарат-үйдің қасына келіп тоқтадық. Мен жұмысшылардан не салып жатырсыздар деп сұрадым. Олар: Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбековтің болашақтағы мұражайлары деп жауап берді. Мен шексіз бақыт сезімін бастан кештім... Арқалықтан Алматыға келген соң ертеңіне біз шешем екеуміз Қызылордаға самолетпен ұшып бардық. Қалада бұрынғы Калинин көшесіне Сырбай Мәуленовтің а т ы б е р і л і п т і . Б ұ л қ а л а н ы ң орталығындағы тыныш, шағын көше, педагогикалық институтқа иек артып жатыр, мұнысы әдемі бір жарастықты білдіргендей. Өйткені 1941 жылы әкем осы білім ордасынан Ұлы Отан соғысына аттанған болатын. Бізді пединституттың оқытушылары мен студенттері құшақ жая қарсы алды. Мен онда республикадағы азаматтық заңның жай-күйі туралы лекция оқып бердім. Бұдан соң облыстық кітапханада, Абай атындағы совхозда, Тасбөгет поселкесіндегі бір мектепте кездесулер болды. Осындағы әкемнің бала күнгі досы, байырғы партия қызметкері Еламан Жүнісбаевпен және оның жұбайы Мүслима апаймен жүздесу естен кетпестей естелік болып қалды. Өйткені мен олардан әкемнің балалық, жастық шағы жөнінде көптеген қызық әңгімелер естідім. Қасым СЫРБАЙҰЛЫ ҒАЛАМДЫ АҚЫН БИЛЕСЕ 1966 жылы мектептегі кезімде әке-шешем мені тұңғыш рет өздерімен бірге Мәскеуде өткен СССР жазушыларының съезіне ала кетті. Сондағы қуанғаным-ай. «Мәскеу» қонақ үйіне орналасып, басқа республикалардың жазушыларымен бірге тұрдық. Күн сайын қызықты шығармашылық кештер мен кездесулер өтеді. Сол жылы Сергей Михалков, Расул Ғамзатов, Михаил Львов, Лев Ошанин, Мұстай Кәрім, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Сергей Норавчатов секілді одаққа танымал ғажайып ақын-жазушыларды көрдім. Әкем сұңғак бойлы, кесек кісі еді. Оның үстіне үнемі көңілді жүреді, достарымен іші-бауырына еніп, қатты қалжындасқанды ұнатады. Торғайдың даласы секілді көңілі дарқан еді, достарына жүрегін жайып салатын. Еліміздің түпкір-түкпірінде майдандас достары мен жекжат-жұрағаттары көп болатын. Оларды әрдайым мақтан тұтып отыратын, әрі достыққа адал еді. Әсіресе, солдаттық өмір мен майдан күндерін жиі есіне алып, үлкен құрметпен әңгімелеуші еді. Ол «Жиырма екінші биіктік», «Майдан жолдарында», «Окопта», «Боздақтар туралы баллада», «Синявино» және басқа жүздеген өлеңдерінде сол бір отты жылдардың өшпес шежіресін жасады. Сол бір Мәскеу сапарында тамаша ақын Сергей Михалковтың үйінде конақта болғанымыз менің өмірбақи есімнен кетпейді. Ол өзінің балаларға арналған кітабына «Ғазиз Мәуленовке Степа ағасы – қалам сақшысынан» деп қолтаңба берді. Үлкен ақынның сол тілегінің менің алдағы өмірімді білгендей болжағанына әлі күнге қайран қаламын. 1975 жылдан бері Ішкі істер министрлігі саласында істедім. Кейін жоғары шенді – полковник, заң ғылымдарының кандидаты, доценті атандым. Ғылымипедагогикалық жұмыстармен айналыстым. Әкемді ойлаған сайын оның басқа республикалардағы ақынжазушы достары еріксіз есі - ме түседі. Мен 1980-83 жылдары Киевтегі СССР Ішкі істер министрлігі жоғары мектебінің адъюнктурасында оқыдым. Ағам Қасым екеуіміз Киевке келісімен әкемнің украиндық майдангерақын досы Платон Воронконың үйін тауып алдық. Ол кісі соғыс жылдарында аты аңызға айналған атақты Ковпактың партизан отрядында ержүрек командир болған. Мен ол үйдің баласындай болып кеттім. Зайыбы Елена Александровна екеуі қосылып айтатын соғыс жылдарындағы қиын өмір мен ақын тағдыры туралы әңгімесін с а ғ а т т а р б о й ы н а т а п ж ы л м а й тыңдайтынбыз. Ковпактың отряды майдан даласындағы демалыс сәтінде партизан ақын Платон Воронконың сөзіне жазылған әнді жігерлене шырқайтын көрінеді. Қызмет бабымен республиканың түпкір-түпкіріне жолымыз жиі түседі. Сондай бір күндерде ауыл ақсақалдарының әңгімесіне құлақ түріп жүремін. Олар халқымыздың аяулы азаматтары туралы әңгімедүкен құрған кезінде үлкендері «О, Сырбайдың, Сырекеңнің ұлысың ба, айналайын» деп маңдайымнан сипаса, кішілері «қайран Сыр-аға» десіп жүрек толы лебізін білдіріп жатады. Сондайда мен әкемнің халықтың жүрегінен мәңгілікке орын алғанына толқып, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Отбасындағы әңгімеде әкем балаларына білім мен тәрбиесіз адамның өмірден өз орнын табуы мүмкін еместігін жиі айтатын. Өзі де көп оқитын, көп білетін. Өмірден бар оқығаны мен жиған тәжірибесін жас ақын-жазушылармен, студент, оқушы-жастармен бөлісуге тырысатын. Әрбір қазақтың баласы секілді ол кісі де 20-30-шы жылдарда ұлттық спорт түрімен жиі айналысып, ойын-тойларда жеңімпаз атанып, талай топ жарған екен. Содан ба екен, ағам Қасым екеуімізді спортқа ерте жастан баулыды. Спортқа деген жанкүйерлігі де ерекше еді. Осынау саланың тарландарына деген құрмет сезімін ол үнемі өлеңмен білдіруді де дағдыға айналдырған. Мәселен, ол 1980 жылы Мәскеу олимпиадасындағы Серік Қонақбаевтың ғажайып ж е ң і с і н е қ а т т ы т о л қ ы п ж ы р арнағанын жұртшылық жақсы біледі. Шешем бастап ағайын-туыстар, бауырлар, дос-жарандар оның ескерткішінің басында, мәрмәр тақтасының қасында әр тағзым еткен сайын «Әке! Мен соғыс деген зұлмат та тамырын қия алмаған сенің өміріңнің жалғасымын...» деген ақын сөзі әрдайым есіме түседі. Ол сол бір отты жылдар есіне түскенде ескі жарасы сыздап, бомбалар мен снарядтардың шуылынан құлағы тұнып беймаза күй кешетін. Сондықтан да ол күндерді еске алуды мүлдем ұнатпайтын. Өмірдегі ең жақын адамың туралы айту қашанда қиын. Оның бекзат болмысын сағынған сәтте «Ғаламның кілті ақындардың қолында болса, ақын билесе дүние дидарына көз тоймас еді-ау» деген ән жолдарын іштей қайталай бергің келеді.
Ғазиз СЫРБАЙҰЛЫ
qazaquni.kz