Дулати туындыларындағы жалпыадамзаттық құндылықтар

Дулати туындыларындағы жалпыадамзаттық құндылықтар

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

 «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, 

филол.ғ.д. Гүлзия Пірәлі


Еліміздің тәуелсіздік алып рухани еркіндікке ие болғалы бері әлемнің көптеген елдерінің мұражайларында, кітапханаларында сақталынып келген тарихымызға қатысты мұраларымыз табылып, ел игілігіне айналып келеді. Сондай мұралардың бірегейі Кашмир өлкесін 1540 жылы қақтығыссыз дипломатиялық жолмен бейбіт түрде өзіне қаратып, тәуелсіз 11 жыл бойы дербес билеген ірі мемлекет қайраткері, ойшыл қаламгер Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі. Ол ортағасырлық шығыс өркениетінің дамуының бастауында тұрған реформатор, қайраткер, жазушы, ақын, ғұлама ғалым. Оның асыл мұрасын елімізге оралтуда белгілі филолог, кітаптанушы, қаламгер Мұхтар Қазыбек тынымсыз еңбек етіп келеді.

Дулатитанушы «Тарих-и Рашидидің» тарихи-филологиялық, философиялық тұрғыдан алғаш рет жүйелеп, әр қырынан туындыны қарастырып зерттеді. М.Х.Дулатидің жалпыадамзаттық құндылықтарға қатысты терең философиялық ой-пікірлерінің арналарын, салаларын ашып көрсете білген зерттеуші «Тарих-и Рашидиде» 40-тан астам ғылым саласына қатысты құнды ғылыми тұжырымдарды алғаш рет жүйелеп талдады. Мырза Хайдар заманының білімдар ғұламасы, ғалым, жазушы екенін туындысында 40-тан астам ғылым саласын қамтуы дәлелдей түседі. Мұның өзі жаңалық еді. Энциклопедист тұлғаның төл тарихымызға қатысты осы күнге дейін беймәлім болып келген тарихи, әдеби, мәдени, ғылыми деректері мен танымдық-тарихи материалдары шын мәніндегі қазақ руханиятына қосылған құнды дүниелер. М.Қазыбек зерттеулерінде ұлы ғұламаның өмірі мен шығармашылығы арнайы тың тақырыптар аясында қарастырылып, көпшілікке таныс емес ұлттық құндылықтарымызға тікелей қатысты қыруар және құнды ақпараттар жүйеленген. Дулаттанушы Мұхтар Қазыбектің зерттеуіндегі әрбір тақырыптардың өзі көп жәйдан мағлұмат береді.

Адамзат ақыл-ойының алыбы Мырза Хайдар шын мәнінде «Тарих-и Рашидиде» көтерген Моғолстан, моғолдар туралы мәліметтер – назар аударатын тың дүниелер. Мырза Хайдар Қазақ хандығының құрылуын, әлемдік саяси сахнаға көтерілуін алғаш рет тарихқа хаттап түсірген ғалым-жазушы. Бұл қазақ тарихындағы ең ұлы дерек һәм мәлімет. М.Х.Дулати бір ғасырдан астам уақыттағы қазақ тарихының айтулы кезеңдерін өз мемуарында көркем тілмен есте қаларлықтай етіп суреттеген. «Тарих-и Рашидидің» тарихи-танымдық қырларын ашып көрсетудің маңызы үлкен. Аталмыш туынды төрткүл дүниеге таралды. Алдымен ағылшын тіліне 1895 жылы Д.Росс аударды, одан кейін орыс, қытай, түрік, қазақ, яғни әлемнің барлық ұлы тілдеріне аударылған бірден-бір шығарма болды. Бұл деректерге М.Қазыбек ерекше ден қояды.

Елімізге кеш оралған ұлы реформатор, жазушы, ақын, ғұлама ғалым М.Х.Дулатидің асыл мұрасын орыс тілінен, кейін парсы тілінен Ә.Нұралиевпен бірлесіп аударып, ең алғаш рет рухани дүниемен қауыштырған да М.Қазыбек. Ол бұл еңбекті 2000-2003 ж. орыс тілінен аударуға үш жыл уақытын сарп етсе, парсы тілінен 2004-2015 жылдар аралығында Ә.Нұралиевпен бірлесіп, 11 жыл тынымсыз еңбек етті. Ол жиырма жылдан астам уақыт Дулатидің шығармашылығын зерттеумен айналысып, мол дүние атқарды. Парсы тілінен аударылған «Тарих-и Рашидидің» көлемі 48 баспа табақ, 776 бет, кітапқа жазылған ғылыми аппаратының өзі 90-беттен асады, қыруар еңбек сіңіріліп, тер төгілген. Дулати мұрасына деген аса жауапкершілік таныта білген.

Ұлт тарихына, тұлғатануда құнды еңбектерімен танылып жүрген М.Қазыбек адамзат тарихында тұла бойында қаламгерлік пен қайраткерлік қасиет қатар қонған М.Х.Дулати сынды интеллектуалды тұлғаның тарихта сирек кездесетін қайраткерлік, шығармашылық қырларын кеңінен танытады.

Еуропа құрылығында М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты шығармасы деңгейінде өз заманында жазылған әдеби-мемуарлық шығарма болмағандығы жөнінде Ш.Уәлиханов кезінде: «...Сондай-ақ мынаны ескерте кеткім келеді, Европаға бұл еңбектің аты ғана (академиялық қолжазбасы әлі дайындала қойған жоқ) мәлім бірден-бір тарихи шығарма», - деп жазады. М.Қазыбек Ш.Уәлихановтың Қашқариядан «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен ұйғыр тіліне 1760 жылдары аударған Мұхаммед Садық Қашқаридың еңбегін алып келгендігін, соның негізінде Дулатидің өз өміріне қатысты жерлерін, генеалогиялық («ата-тек) шежіресін жасады. Дулати кезінде Моғолстанның гүлденген аймақ болғанын, онда көптеген қалалардың болғандығын, отырықшы тіршілік еткенін жазып, ал бүгінде сол қалалар мен құрылыстардың қираған орындары, бұзылған мұнаралар мен қорғандардың үйінділері ғана қалғанын өкінішпен баяндайды. Баласағұннан қаншама ғалымдар шыққан еді. Ұмыт болып қалған мәдениет ошақтарының өркениеттің дамығанын айғақтай түсетініне тоқталған. Ш.Уәлиханов «Из «Тарих-и Рашиди» атты мақала жазып, Дулати еңбегінің маңыздылығына назар аудартқан алғашқы дулатитанушы ғалым.

М.Қазыбек шын мәнінде Дулатиді қазақтың тұңғыш тарихшысы, тұңғыш жазушысы ретінде Ә.Марғұланның берген бағасына орай, бұл тақырыпты тереңдете түсуді мақсат етеді. Моғолдар туралы деректер «Тарих-и Рашидиде» ғана жан-жақты баяндалды. Ал Ә.Марғұлан моғолдар кімдер деген сұраққа нақтырақ жауап беріп, бұл Жетісу қазақтары, тайпалары деп жауап берді, оны моңғолмен шатастырмау керек деді. Моғолдар, Моғолстан, Еке Моғол ұлысы, Ұлы Моғол империясы – бұл тұтас заңды түрде жалғасып жатқан тарихи сабақтастық, осы мәселені М.Қазыбек терең талдап, түп негізін ашып көрсете білген, бұл жаңалық десе де болады. «Тарих-и Рашиди» әдеби-мемуарлық шығарма болғандықтан «...Бізге келіп жеткен әдеби мұралардың ішінде «Тарих-и Рашидимен» салыстыра қарайтын әдеби мирастар бар ма?», - деп сауал тастай отырып, соған жауап іздейді. Осы ретте М.Х.Дулати шығармаларын зерттеген әлем зерттеушілері мен қазақ ғалымдарының ізденістерінен толық ғылыми ақпарат бере отырып, олардың пікірлеріне тоқталады. М.Қазыбек Шоқаннан кейін М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» тарихи философиялық туынды ғана емес, әдеби көркем дүние екендігіне ерекше көңіл бөлген академик Ә.Марғұланның: «Күншығыс әдебиетінің іргелі салаларын ақтарып қарасаңыз, Мұхаммед Хайдардың кім болғаны, оның адамшылық тұлғасы көз алдыңызда суреттеліп, бұл кісі де сол кездегі Мір Әлішер Новои, Бабыр сияқты Орта Азия көлемінен шыққан атақты данышпан, ғалым, жазушылардың бірі екенін көресіз. Бұл кісінің сәулетті даңқын дүние жүзіне әлпештеп таратқан әсіресе, оның «Тарих-и Рашиди» деген кітабы болды. Бұл кітап бүгінде барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүние жүзілік әдебиет мұрасының бірі болып отыр», - деген құнды пікірін өз зерттеуіне басты ұстаным, бағыт еткен.

Сондай-ақ, автор «Тарих-и Рашидиді» зерттеуші әрі парсы тілінен орыс тіліне аударған ғалым, иранист А.Урунбаевтың «...лексикасы өте бай, арабша мәтіндерді қолданылып отыратын бейнелі әдеби тілмен жазылған шығарма», ал дулатитанушы ғалым Ә.Дербісәлиевтің «тарихи-мемуарлық шығарма», ғалым Ж.Дәдебаев «Тарих-и Рашиди» дилогия, тарихи танымдық көркем шығарма», мемуарлық роман жанрын зерттеуші, маман Н.Ақыш та осы пікірде екендігін, ғалым, иранист К.Пищулинаның «первокласный труд» деген пікірлерімен келісе отырып: «... «Тарих-и Рашиди» - көп планды, энциклопедиялық сипаттағы синкретикалық жанрда жазылған бірегей көркем шығарма. Ал оның авторы жаратылысынан құйылма ақын, ойын көркем, бейнелі етіп жеткізіп жазатын қаламы өте жүйрік, тілі орамды, кісінің жан дүниесін, оның психологиясын терең ашып, суреттеп көрсететін қаламгер екендігі шығармада толық сақталып отырады», - деп бағалайды.

Зерттеуші М.Х.Дулатидің туындысында баяндалған Моғолстанда билік еткен хандардан Тоғылық Темір, дулаттың атақты әмірлері Болатшы, Қамараддин, Шамсаддин, Хұдайдад, сондай-ақ Жүніс хан, Есенбұға хан, Бабыр патша, әмір Әбубәкір Дулаттың мемлекеттік істердегі қайраткерліктерін, қырларын да барынша талдап, жан-жақты сипаттайды. Төл тарихымызды түгендеу бағытындағы ізденістері зерттеушілер үшін ғана емес, жалпы ұлттық құндылықтарымызға, руханиятымызға қосылған үлкен олжа болып табылатынын ұмытпаған жөн.

Ұлттық санамыздың, мәдениет пен әдебиетіміздің өркендеп-өсуіне, әлемдік рухани кеңістікте кеңінен танылуына сонау орта ғасырдың өзінде көп үлес қосқан энциклопедист ғалымның еңбектеріне сол кездері де қазір де үнді, ағылшын, қытай, орыс оқымыстылары жиі-жиі сілтеме жасап, шығыс өркениетіне тәнті болып жататыны жөніндегі ғылыми мәліметтер оқырмандарға үлкен мақтаныш, мерей туғазары да сөзсіз. Жазушы, ғалым әрі мемлекет қайраткері М.Х.Дулатидің адамзат ақыл-ой тарихында екінің бірі қол жеткізе алмаған шығармашылық пен билік ісінде бірдей зор жетістіктерге қол жеткізіп, ғылым мен білім, өнердің өркендеп дамуына үлес қосып, өз заманындағы көптеген халықтардың тарихын, әдеби-мәдени мұраларын терең зерттеп зерделеуі жағынан «Тарих-и Рашиди» көп планды туынды ретінде ерекшеленіп тұрады. Зерттеушінің «Тарих-и Рашидиде» 40-тан астам ғылым салаларына қатысты дерек, мәліметтерді жіктеп, жіліктеп ашып көрсете білуі ерекше назар аударады. Айталық, педагогика ғылымында Күншығыс елінде бала төрт жас, төрт ай, төрт күн толғанда мектепке алып бару дәстүрі бар еді деп жазады. Өзі төрт жарым жаста мектеп табалдырығын аттаған. Бұл деректі білім министрі де білгені артық болмас. Ағарту саласындағы керемет дерек, мәлімет емес пе? Ғұламада басқа да ғылым салаларына қатысты тарихымызда жоқ деректер айтылып баяндалады.

Кітапта Моғолстанның бір кездері гүлденіп, өркендегенін паш ететін, мақтаныш тұтатын сирек мағлұматтар молынан баяндалады.

М.Қазыбек М.Х.Дулатидің ««Тарих-и Рашидидің» жалпыадамзаттық құндылықтарға қатысты құнды ой-пікірлерін өз зерттеулерінде барынша тарата, тарқата отырып, күрделі, түйіткілді мәселелердің түйінін тереңнен талдап, жан-жақты қызықты етіп баяндап отырады.

М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты мемуарлық туындысында өзі қызмет еткен Моғолстанның 1514 жылдан 1533 жылдың шілдесіне дейінгі 20 жылға жуық кезеңі көркем суреттелінген, Моғолстан хандығының гүлденіп, елдің тұрмыс жағдайының жақсарып, егіншілікпен айналасуы, қала тіршілігіне бой ұсыну процесі нақты көркем тұрғыда зерделенеді. Қазақ хандығымен арадағы қарым-қатынас мәселесі кітаптың көптеген тарауларында әңгіме желісіне арқау етіліп отырады. Дулати Қазақ хандығына байланысты ойларын жүйелі түрде баяндап отырады, себебі ол Моғолстан топырағында Қазақ хандығының шаңырақ көтеруіне Есенбұға хан мен Жүніс ханның тарихи еңбектерін жақсы білетін. Жүніс хан болса, Бабыр патшаның да, Дулатидің де туған нағашы атасы болатын. Қазақ хандығына қатысты тарихи оқиғалар Дулати өмірінде ерекше орын алады. Дулати ірі, тарихи, саяси оқиғалардың бел ортасында жастайынан араласты, ерте есейді.

Бұл жөнінде автордың өзі: «... «Тарих-и Рашидиде» бұрын басқа бірде-бір әдебиетте, тарихи кітаптарда айтылып, хатқа түспеген тарихымыздың, әдеби дүние-танымымыздың асыл арналарына, тұнып тұрған салт-дәстүріне, тіршілік ету мәдениетімізге, мемлекеттік құрылысымызға қанықтыра түседі. «Тарих-и Рашиди» - ұшан-теңіз дүние, ол ғасырлардың тұнып тұрған кәусәр қазыналарын бойына сіңіріп, жинақтаған бірден-бір әдеби мұра. Ал оның жазылу мәдениеті көркем әдеби тәсілдерді, көркем бейнелеудің озық үлгілерін өз дәуірінің ең шоқтықты туындыларынан да асырып қолданған хас шебердің сипатын танытады.», - деп ой түйеді.

Адамзат ақыл-ойының жемісі мен жетістігі, мәдениеті мен әдебиетінің асыл қазынасы саналған М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашидиі» әлем халықтарының назарын аудару себебі ХIV-ХVІ ғасырлардағы Орталық Азияда өмір сүрген елдердің тарихын, этнографиясын, әдет-ғұрпын, тыныс-тіршілігін әдеби-ғылыми тұрғыдан жүйелі түрде зерделеуінде жатса керек. Теңдесі жоқ танымдық туындыдағы әрбір тарихи дерек бүгінгі толық емес төл тарихымызды түгендеуге, оның ғылыми салмағын көтеруге, осы күнге дейін ұрпақ санасынан сызып тастаған тұлғаларымызды тануға мүмкіндік береді.

«Тарих-и Рашиди» - биік эстетикалық нысана көздеп жазылған нағыз классикалық көркем туынды екендігін, оның поэтикасы арнайы зерттеуді қажет ететіндігін ескерткен автор сондықтан өз зерттеуі арқылы олқы тұстың орнын толтырып, сол сәтті қадамын бастаған да сыңайлы. Өйткені, М.Қазыбек жазушы ретінде М.Х.Дулатидің қаламгерлік қырына, жазушылық шеберлігіне баса көңіл аударып отырады.

«Тарих-и Рашиди» дилогиясының авторы Мұхаммед Хайдардың филологиялық дүниетанымының кеңдігін, тіпті өз заманындағы әдебиет теориясын жете меңгергені де мәлім. М.Х.Дулати тарихи оқиғаны әдеби тілмен келістіре өрнектеп баяндауы жағынан ерекшеленіп тұратын әдеби қырларын М.Қазыбек зерттеуінде жан-жақты мысалдармен аша білген. Дулатидің өз бейнесі де оқиға барысында әр қырынан көрініп отырады, ол үнемі өсу мен өрлеу үстінде көрінеді, бұл эволюциялық құбылыс. Дулати әскери психолог. Ол сарбаз психологиясын, оның бойындағы психологиялық көңіл күйді, қорқыныш пен үрейді жеңуін автор оқиға желісінде өте сәтті суреттеп көрсетеді. «Тарих-и Рашидиге» психологизм, лиризм тән. Зерттеуші: «...Кейіпкердің ішкі толғанысын, қабылдауын сыртқы дүниедегі табиғи көріністер көп жағдайда ерекше леппен, ішкі табиғи тербеліс, ішкі ырғақпен баяндалып, кейде автор оқиға барысына сай, оны күшейте түсетін өлең үзіктерін келтіреді, сөйтіп оқиға мәнін ажарландырып, адам сезімін тебірентіп жібереді. «Тарих-и Рашидидің» авторы құйылма ақын болғандықтан, кітапта 2,5 баспа табақ көлемінде өлең үзіктері берілген, оның біразы М.Х.Дулатидікі, Сағди және т.б ұлы ақындар шығармасы, кейбір өлең үзіктері авторын анықтауды қажет етеді.», - деп ой-пайымдарын ортаға салады. Ғұлама өзіне дейінгі, онымен замандас ұлы ғалымдар мен әйгілі ақындарды, олардың туындыларын жақсы, тіпті жатқа білген.

Мұхтар Қазыбектің Мырза Хайдардың шығармашылығын әр қырынан қарастырып, оқырманға тосын ой салып, жаңа бір дүниенің есігін ашып бергендей жаңалығымен жақсы әсерге бөлейді. «Тарих-и Рашидидің» поэтикалық қуаты мен эпикалық кең тыныстылығы, көркемдік әлемі әдебиеттанудың ғылыми теориялық категориялары арқылы талданған. «Тарих-и Рашидиде» тұтас бір эпикалық кезең - эпикалық тұрғыдан көркем де бейнелі етіп сипатталынған. Зерттеуші Дулатидің суреткерлік шеберлігін, қаламгерлік қырағылық, байқампаздық қасиеттерін назарда ұстай отырып, оқиғаның көркем бейнелі баяндалуын талдап, қаламгердің қолтаңбасын, стилдік, тілдік, жанрлық ерекшелігін тап басып айқындайды. М.Қазыбек әдеби-мемуарлық шығармадағы тұлғалардың іс-әрекеттерін, психологиясын, ішкі толғаныстарды автордың бедерлеуін басқа да әдеби тәсілдерінің табиғатын сыршылдықпен баяндап, оқырманға жеткізеді.

«Тарих-и Рашиди» жазушы һәм ақынның қаламынан туған туынды. Еңбек парсы тілінде жазылған, ал оның тілі қандай? Бұл сұрауға иранист ғалымдар пікіріне сүйене жауап береді. Зерттеушінің бұл ғылыми тұжырымдарын Дулатидің «Тарих-и Рашидиінің» текстологиясын зерттеген ғалым, Иранның Хамадан университетінің профессоры, доктор Али Мухаммади «...Мұхаммед Хайдар әрі жазушы, әрі ақын. Ол ортағасырда өмір сүрген иран классиктерінен артық болмаса, кем емес, оның жазған шығармасы нағыз көркем туынды, тілі өте бай да шұрайлы әрі бейнелі, образды келеді, ал стиліне келсек, бұл ғажап дүние, оқырманды ешуақытта жалықтырмайды. «Тарих-и Рашиди» стилі ғажап, нағыз көркем туынды», - деген аса жоғары бағасы бекіте түссе, Тегеран университетінің профессоры, доктор Асгар Додбехтің: «...Ұлы ғұлама Дулати парсы тілінде керемет шығарма жазды, ол әдеби тілді соншама жетік игерген...», - деген пікірлері «Тарих-и Рашидидің» тілінің құнарлылығын бай да оралымды бейнелі, образды болып келетінін қуаттай түседі. «Тарих-и Рашиди» тілі жағынан иранның ұлы, атақты ақындарының шығармаларынан асып түспесе, кем түспейтінін айғақтайды.

М.Х.Дулати өз шығармасында көзі көрген, көкейіне қонған тарихи оқиғалардың мезгілін, жылын абжад есебі бойынша (хронограмма) дәл көрсетіп отыруы да – жаңалық еді. Ғұлама ғалым олардың бәрі келешек тарих, ұлт руханияты үшін аса қажеттілігін терең сезінген. Соның айқын айғағы Қазақ хандығының құрылған жылын дәл көрсетіп, жазып қалдыруы ұрпақтарына қандай абырой болған десеңізші! Ең өкініштісі, әлемнің ұлы тілдеріне аударылып, адамзаттың асыл мұрасына айналған, бұл туындының өзінің туған еліне, жұртына кешігіп жетуі дер едік. Осы олқылықтың орнын жазушы-баспагер, аудармашы М.Қазыбек толтыру бағытында қоғамдық санада сілкініс тудыратын еңбектер атқарып келеді.

Дулати Құран Кәрімді жатқа білген хафиз, орта ғасыр ойшылы, оның шығармасы әдеби толғаныстар мен тарихи оқиғаларды философиялық тұрғыда пайымдауларға толы. Түрік халықтарының даналығы, дүние танымы, ілім-білімі, мәдениеті мен тарихы, дәстүр-салты, салт-санасы, ерлік, жауынгерлік дәстүрлері, ел басқару, әскери өнерлері, бұл энциклопедиялық еңбекте керемет баяндалған.

Төл тарихымызға қатысты беймәлім, ұмыт болуға айналған мәліметтерді, құндылықтарды осы еңбектен ғана ала аласыз. Өзіне дейінгі ең ұлы оқиғаларды, атақты тарихи тұлғаларды жадынан шығармай жазып кетіпті. «Тарих-и Рашиди» авторы М.Х.Дулати алдына қойған мақсатын кәсіби тұрғыда толық атқарып кеткен тұлға деп, зерттеуші осылай зерделейді. Мырза Хайдар тарихты тізсе тарихшыдай, тұлғалар туралы сөйлесе тұлғатанушылардай, халықтың өмірі мен салт-дәстүрін бейнелесе этнографтай, діні мен діліне тоқталса, дінтанушыдай, әлеуметтік жағдайын әңгімелесе кәсіби мамандай көсіліп, ал табиғатты бейнелесе нағыз пейзажист, натуралист жазушыдай көркем кестелеп, төгілтіп жыр төгуі жағынан құйылма ақын болған бабамыздың даңқын әлем халқының мойындауы жай емес, тарихи факті еді.

Ұлы реформатор, ірі қоғам және қалам қайраткері М.Х.Дулатидің сан алуан қабілеті мен талантының әр қырын байқампаздықпен талдаған зерттеуші: «...Бұл салалар Дулатидің мемлекет қайраткері, саясаткер, қолбасшы, тарихшы, ақын һәм жазушы, әдебиеттанушы, философ, мәдениеттанушы, дінтанушы, өнертанушы, әлеуметтанушы, этнограф, географ, картограф, саяхатшы, психолог, лингвист, жаратылыстанушы, құқықтанушы сияқты және т.б ғылым салаларын ұлы ғұлама өте терең меңгерген....Сонымен қатар Дулатидің этнопедагогикалық ой-пікірлері, педагогикалық ойлары, тіл мәселесіне, археологияға қатысты, биологияға, экологияға қатысты пікірлері және осы салалар бойынша пайымдаулары, экономика, құрылыс, архитектура, қала құрылысы, сәнді де сәулетті ғимараттар, сәулет өнері туралы көзқарастары, астрономиялық, топографиялық, метеорологиялық, ирригациялық, шығыс медицинасы, ономастика, гидроним, ауыл шаруашылығы, геология жөніндегі ой-пікірлері жеке-жеке алып талдауды қажет етеді. Қолбасшы ретінде әскери ой-пікірлері, әскери өнер, мемлекет басқару ісі, құқық мәселелері, халықаралық қатынастар сияқты аса күрделі ғылым салалары да мұнда жақсы аңғарылады. Дулати тарихи ұлы тұлғалар, кемел адам концепциясын көтеріп, оның шарттарына, талаптарына тоқталды....Бабырдың да, Дулатидің де әскері де өз заманындағы ең озық қаруларды, артиллерияны-зеңбіректерді ұрыс, майдан даласында өте шебер қолданып, дұшпанынан күштерінің басымдығын көрсете білді. Олар 1526 жылы Үндістанды жаулап алу кезінде зеңбіректі қолданса, арада екі ғасырдан астам уақыт өтсе де бұл отты қаруларды, өкінішке орай, қазақтар жоңғар шапқылығына қарсы қолдана алмады»,- деген пікірлеріне де қосылмасқа болмайды. Зерттеуші М.Х.Дулатидің энциклопедиялық сөзтізбесін жасау барысында «Тарих-и Рашидиден» 40-тан астам ғылым саласының негізін анықтап, жіктеген дедік, оның бұл ойын 8 томдық «Үндістан тарихының (1867-1877)» 5-ші томындағы «Тарих-и Рашиди» жөніндегі тарихи деректер, ғылыми тұжырымдар толықтыра түседі.

Шынында да ғұлама ғалымның осынау мол мұраларын жеке-жеке ғылым салалары бойынша кәсіби тұрғыдан зерттейтін болса, онда біздің ұлттық ғылымымыздың да, тарихымыздың да, әдебиетіміздің де, мәдениетіміздің жалпы рухани тамыры бірнеше ғасырға ұзарып, өркениет кеңістігіндегі тарихи орнымыз айшықтала түсер еді. Тарихтағы ақтаңдақтар айқындалып, жалпы адамзаттық ақыл-ой дамуындағы қол жеткен жетістіктер қалай десек те арналана түсер еді. М.Х.Дулатидің даналық феноменін келешекте жан-жақты қарастыру өзекті мәселе ретінде қала бермек.

Ал ұлттық ғылымда дулатитануда бүгінде қазақ ғалымдарынан Ә.Марғұлан, Н.Мингулов, К.А.Пищулина, Б.Ысқақов, Ә.Дербісәлиев және т.б. белсенді еңбек етті. Атап айтсақ, Ш.Уәлихановтан кейін М.Х.Дулати туралы тарихи маңызы зор зерттеулерді Ә.Марғұлан жазды. Ә.Марғұланның 1941 жылы «М.Х.Дулати-қазақтың тұңғыш тарихшысы», 1963 жылы «Білім және еңбек» журналында «Мұхаммед Хайдар Дулати» деген мақалалар жариялады. «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Ұмытылмас есімдер» сияқты жинақтарда ол туралы танымдық материалдар бар. Көрнекті шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлиевтің дулатитанудағы ерең еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Ол алғаш рет әлем тілдеріне ұлы оқымысты жөнінде, оның өмірі мен қызметіне қатысты жарияланған еңбектерді, әдебиеттерді жинап, Дулатиға арналған өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық (1999 ж) жариялады. Міне осы анықтамалықта 450-ге жуық әдебиет көрсетілген болса, ал 2018 жылы екінші басылымында мыңнан аса жарияланған материалдар М.Х.Дулатидің дүниежүзіне танымал тарихи тұлға, ғұлама ғалым, ірі мемлекет қайраткері екендігін дәлелдесе керек. Шығыстанушы ғалым, профессор Ә.Дербісәлиевтің айтуынша, бұл еңбектің дүниежүзі бойынша 30-ға жуық нұсқасы бар көрінеді. Дулатитанушы М.Қазыбектің зерттеу еңбектерінде әлем ғалымдарының дулатитануда еңбек еткен шетелдік ғалымдар, зерттеушілер туралы бізге беймәлім мәліметтерге қанықтыра түседі.

М.Қазыбек әдеби, мәдени, рухани кеңістігіміздегі дулатитануға қатысты ғылыми дүние танымдық, мол ақпараттық мәлімет, деректері тың дүниелерге кеңелте түседі. Осы деректердің өзі даңқты бабамыз, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, әмбебап ғұлама, ұлы ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидің феноменін, интеллектуалдық болмысын танытары анық.

М.Қазыбектің Дулати туралы жазған зерттеулерімен шектелмей қоғамдық, қайраткерлік қызметіне де тоқталған жөн деп есептейміз. Өйткені өз елі мен ұлтын өле сүйген азаматтардың да кейде кез-келгені бара бермейтін тәуекелдікке барып, еш атақ пен ақшаға айырбасталмайтын ұлтқа қызмет етудің ұлтжандылық үлгісін танытарлық табанды да тартысты күрескерлік танытуы, сөз жоқ, қандай құрметке болса де лайық.

Атап айтар болсақ, баспагер-жазушы Мұхтар Қазыбек 1998 жылы ұлы тарихшы, ғұлама ғалым М.Х.Дулатидің 500 жылдығы қарсаңында Дулати қоғамдық қорының Жарғысын түзіп, қор құруды сол кездегі «Санат» баспасының директоры, белгілі қаламгер Серік Әбдірайымовпен кеңесіп, қолға алуы төл тарихымыздың тамырынан ой көмбе тауып, оқырманның санасын оятарлық ойлы дүние жазуына себепші болғанын айғақтайды. М.Х.Дулати қоғамдық қорының төрағасы, артында 5 томдық еңбек қалдырған, ірі мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың дулатитануда бірлесе жасаған кең масштабты жобалардың жүзеге асуына да баспагер ретінде қыруар еңбек еткен еді. М.Х. Дулатидің еңбектерін, қолжазбаларын, ол туралы зерттеулерді дүниежүзінің кітапханаларынан іздестіріп, елге қайтару мақсатында да жанкештілікпен табанды жұмыстар жүргізіп, ұлт тарихын түгендеуге тер төгіп келеді. 1999 жылы Дулатидің туғанына 500 жыл толу мерей тойына орай Үндістанда ЮНЕСКО-ның шешімімен атап өтілген халықаралық шараға қазақстандық делегацияны ұйымдастыру жұмыстарын да белсенді жүргізіп, ұлттық ғылымда дулатитану саласының қалыптасуына қомақты үлес қосқаны көпшілікке мәлім. Бұл іс-шаралар Қазақстан-Үнді дипломатиялық қарым-қатынас тарихына тың серпін берді. Тараз университетінің сол кезеңдегі ректоры, көрнекті ғалым Уәлихан Бішімбаевтың күш-жігерімен ТарМУ-ға М.Х.Дулати есімі беріліп, алдына биік тұғырлы ескерткіші орнатылды. 1998 жылдан бастап, университетте халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, 2 жыл сайын Дулати оқуларын тұрақты түрде ұйымдастыру дәстүрге айналған. Университетте заманауи мұражай және Дулатитану орталығы жұмыс істейді. Міне осынау қыруар ғылыми, әдеби шараларды ұйымдастыру, өткізу барысында да Мұхтар Қазыбек өзінің ұлтжанды қасиетін танытып келеді.

Кашмир өлкесінде (1540-1551жж.) дербес билік еткен, «Тарих-и Рашиди» атты тұтас екі дәуірден астам кезеңнің эпопеясын қамтитын шығармасымен әлемге әйгілі болған ғалым М.Х.Дулатидің жалпыадамзаттық құндылыққа айналған асыл мұраларын іздеп, әдеби, ғылыми айналымға енгізуде ерен еңбек еңбек етіп келе жатқан зерттеуші, жазушы Мұхтар Қазыбектің Дулатидің шығармашылығына арналған зерттеу еңбектерінің циклдары қазақ ғылымына қосылған үлкен олжа деп ойлаймыз.

qazaquni.kz