Тау тұлға Тауман аға
2021 ж. 28 қараша
4984
0
Амандосов аманаты
«Журналистика ғылым емес» дейтіндер мен оларға дау айтатындар арасындағы пікірталас әлі күнге дейін толастамай келе жатқаны анық. Белгілі бір сала ғылым болып қалыптасуы үшін оған зерттеу нысаны, теориясы мен тәжірибесі және тұтынатын ортасы болуы шарт. Бұл – журналистиканың ғылым екенін айғақтайды. Алайда «дін болу үшін – негіз, кітап болу керек» деп есептейтін риторикалық түсінік сияқты, бұл пікір қайшылығына да қашан нүкте қойылатын белгісіз...
Журналистика ғылымын ұстап тұрған белтемірдің бірі – жанр. Қоғамның бір орында тұрақтап қалмайтыны секілді, жанр да үздіксіз түрленіп отырады. Дегенмен, «Жанр, қайда барасың?» деп жүргенімізде көптеген публицистикалық жанрдың түрлері мен пішіндерін «жоғалтып» алғанымыз анық. Зады, ұмыт қалдыруға бейіл болып барамыз десек болады. Өйткені даму дөңгелегі зырлауықтай айналған қоғамда «жауынгер жанрға» корреспонденция, репортаж емес, сұхбат айналып кеткелі қашан?!
Сұхбаттың алдыңғы қатарға шыққаны соншалық, бұл интервью берушінің «журналист менің айтқанымды жазып, нан тауып отыр» деп кергуіне әкеліп, корреспондент еңбегін бағаламауды туындатты. Журналистика арқылы әйгілі болған «айтишниктердің» өзі азаматтық журналистикаға кәсіби журналистика ілесе алмайды деуге көшкен.
Бұған «төртінші билік» өкілдерінің журналистика жанрларын толыққанды пайдалана алмауы да басты себеп. Ал журналистердің жанрларды «естен шығаруы» мен жан-жақты игермеуі отқа май құйғандай болып отыр. Әйтпесе, журналистика жанлары мен түрлері туралы оқимын дегендерге Т.Амандосов, Т.Қожакеев, М.Барманқұлов, Н.Омашев, К.Хамзин, Б.Жақып т.б. еңбектерінде кеңінен айтылған. Осындай айтулы ғалымдардың ішінде қазақ журналистикасы теориясы мен тәжірибесінің бастау бұлағы ретінде Тауман Амандосов тұрғаны ақиқат.
«Біз жанр жайын байыптауға қарапайым түр тұрғысынан емес, мазмұн тұрғысынан қараймыз да, оның сыртқы белгілері мен өзгешеліктерін тізе бермей-ақ, даму заңдылығы тұрғысынан келеміз. Өйткені дүниеге шыншыл көзқарас журналистерге жаңа идея, жаңа мақсат, жаңа міндет жүктеді. Публицистиканың мазмұн жаңалығы журналистердің алдына тың әдіс, соны түр табуды талап етті. Мұның өзі публицистика жанрларын жақсарта, байыта түсу мақсатынан туатыны айқын. Газеттер мен журналдарда жарияланатын, радио арқылы хабарланатын, телевизия арқылы берілетін материалдардың түрлерін құбылтып, мазмұнын байытып, ажарландыру, сөйтіп, шеберліктің шыңына жетіле беру негізгі міндеттердің бірі болып отыр» деген Амандосов одан әрі жанрларды былай жіктейді:
Жанрлар туралы тағы да дәлелдей түсу үшін көркем әдебиет жанрларын, олардың түрлерге қалай бөлінетіндігін қарастырып өтейік. Әдебиеттің жанрлары – драма мен лириканы алайық. Драма жанрының трагедия және комедия атты екі түрі бар. Немесе лирика жанры: сонет, арнау, романс, элегия, тағы басқа осы сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Олай болатын болса, публицистиканың да осындай үлкенді-кішілі жанрлары, оның түрлері болуға тиіс. Ол «Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады». Дамудың осы барысында публицистикалық шығармалар мынадай үш түрлі жүйеге бөлінеді: публицистиканың хабар жанрлары, публицистиканың талдамалы жанрлары, көркем публицистикалық жанрлар.
Тау тұлғалы Тауман Амандосов мұндай тұжырымға іргелі ізденіс, мол тәжірибенің негізінде жеткен. Биыл саналы ғұмырында артында өшпес мұра қалдырған журналистикадағы дара тұлға, ұлағатты ұстаз, ғалым Тауман Салықбайұлының туғанына – 100 жыл. Қазақ халқының руханиятына, ұлттық журналистикасына сіңірген еңбегі зор Тауман Амандосов Атырау облысының Балықшы ауданы Кеңөзек ауылында дүниеге келген. Дарынды журналист өзінің еңбек жолын қазіргі Атырау қаласындағы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған.
1946 жылы ҚазМУ филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік бағамен тамамдаған жас маман университетке аға оқытушылыққа қалдырылады. 1952–1958 жылдары – сырттай оқыту саласында проректор, 1959–1966 жылдары филология факультетінің деканы қызметін атқарды. 1966 жылдан өзінің ұйытқы болуымен құрылған журналистика факультетінің деканы болып сайланып, 1971 жылға дейін осы қызметте болды. Факультеттегі теле-радио кафедрасының ашылуы да Тауман Амандосов есімімен байланысты. Ғалымның жекелей және ұжымдық авторлығымен шыққан «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы», «Пуб¬лицистика – дәуір үні», «Газет жанрлары», «Журналист және өмiр», «Қазақ баспасөзiнiң жанрлары» атты теориялық оқулықтары, өзі аударған «Журналист анықтамалығы» барша журналистер үшін әлі күнге дейін құнды дүние.
Ашылуына Тауман Амандосовтың өзі мұрындық болып, қалыптастырып, дамуына зор үлес қосқан тағы бір кафедра – Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасы. Болашақ журналистердің шеберлігін шыңдап, редакциялаудың қыр-сырына үйреткен осы кафедра 1998 жылы «Баспа ісі және әдеби редакциялау» деген тың атаумен қайта ілгеріледі. Орта Азия көлемінде алғаш Қазақстанда дүниеге келген «баспагер-редактор» мамандығының ашылуына сол кездегі факультет деканы Намазалы Омашев түрткі болған еді. Кафедра меңгерушісі болып Бауыржан Жақып тағайындалды. Содан кейін Баспа ісі және редакциялау кафедрасы ретінде Қайрат Сақ, Баспа ісі және дизайн кафедрасы ретінде Сағатбек Медеубек тізгінді қолға алды. Осы уақытта бұл мамандықтың маңызының артқанынан кафедра университет көлемінде алдыңғы үздіктердің қатарына шықты.
Келе-келе «Баспа ісі» мамандығының «Өнер» классификаторына енуіне байланысты меңгеруші Жетпісбай Бекболатұлының уағында Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ретінде қайта құрылды. Бұл кезде қазақ журналистикасы теориясының негізін салған ғалым, ұстаз, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Амандосов басында тұрған кафедра редакциялау үдерісіне жаңаша көзқарас қалыптастыру мақсатында редакторлық қызметті басты нысанға айналдыра алды. Қазірде филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазанова осы игілікті істі одан әрі дамытып отыр.
Тауман Амандосов журналистік шеберлік пен редакциялау үдерістерін бір-бірімен тығыз байланыстыра қарады. Ұлағатты ғалым: «Журналистің шеберлігі оның жарияланған материалдарынан байқалады. Бірақ ол жарияланбастан бұрын редактордың алдына түскенше талай процестерден өтеді. Яғни тақырыптың табылуы, объектіні табу, оны жазу процестері, өнделуі, теруге жіберілуі, тағы басқа толып жатқан жағдайлар – әншейін нәрсе емес, көп ойланып-толғануды талап ететін күрделі процесс. Мұның барлығы журналистің жеке басының қасиетіне, қолтаңбасына, журналистік еңбектің жалпы мақсатына және оның өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты. Ал мұның барлығы журналист еңбегін ғылыми ұйымдастыра білуді талап етеді. Журналист еңбегін ғылыми ұйымдастыру ісіне фактіні іріктеп, шебер жазудан бастап, қойын дәптерді қолдана білу, күнделік жүргізу, картотека, тағы басқа да толып жатқан жайлар енеді. Ұйымдастыру техникасын (жазу машинасы, диктафон, магнитофон, фоно машбюро) меңгеру де журналист еңбегін жемісті ете түседі» дейді.
Редактор – мерзімді, мерзімді емес БАҚ-тың идеялық-мазмұндылық сапасына жауап беретін тұлға ғана емес, қазіргі трендке сәйкес айтсақ, менеджер, яғни ұйымдастырушы, жетекші, үйлестіруші, басқарушы. Демек, өзі редакциялаған дүниелерінің қоғамдық пікір туғызуын қамтамасыз етуші. Қазірде редактор – кітап редакторы, газет-журнал редакторы, электронды БАҚ редакторы, мультимедиалық редактор, сценарист-редактор деп одан әрі жіктеле береді. Жаңа медиа саласында да оның маңызы тіпті арта түсті.
Тауман Амандосов редакторлық қызметтің қыр-сырын қазақ тілінде ғылыми айналымға алғашқы енгізуші екені белгілі. Баспа және БАҚ салаларындағы түрлі редакторлардың қызмет құрылымын жіпке тізгендей рет-ретімен жіктеп беруі – осы ойымызға бұлтартпас дәлел. Ғалым публицистиканы әдебиеттен бөлек өнер ретінде дәлелдеп, журналистиканың жанрларын да алғашқы болып саралады, атау, терминдеріне қазақша балама берді. Осы орайда Қазақстан баспа ісін де алғашқы болып ғылыми дәйектеген Тауман Салықбайұлы екенін ұмытпағанымыз абзал. Яғни, Тауман Амандосов ақпараттық кеңістіктің атасы болып саналатын кітап ісінен бастап, журналистиканың теориясы мен тәжірибесінің алғашқы әліппесін ғылыми айналымға енгізген теоретик деуімізге толық негіз бар. «Баспалардың бағыты және сипаты мемлекеттік құрылысқа да байланысты болады. Ал баспа техникасының дамуы қоғамдық өндіргіш күштермен байланысты болып отырады» деген тұжырымынан анық аңғара аламыз.
Кітап – ақпарат таратудың ең көне түрі екеніне ешкім таласа алмас. Тас кітап, қолжазба кітап, баспа кітап, электронды кітап секілді эволюциялық даму жолынан өткен ақпараттандыру – бұқаралық ақпарат құралдарының бастауы екені айдан анық. Озық ойлы адам санасынан туындаған еңбек нәтижесін келесі бір санаға трансформациялауда кітаптан басталып, газет, журнал, радио, телевизия, компьютер, интернет, цифрлануға ұласқан ақпарат тарату – адамзат игілігіне жұмыс істеп, оның ішінде қазақ ұлттық ақпараттық қоғамын да инновацияға жетелеуде үздіксіз қарыштап келеді. Бұл қастерлі жолда ештеңені ұмыт қалдыруға болмайды. Ол – баспа ісі мен ұлттық журналистика білім беру және ғылыми зерттеу бағытына алғаш түрен салған Амандосов секілді ұлт зиялыларының кейінгілерге қалдырған аманаты деуге тұрарлық. Ал аманатқа адалдық таныту – арлының ғана ісі екенін айтудың өзі әбестік болар.
Мұндай аманат алыстаған сайын биіктей беретін тау сияқты Тауман Амандосовтың тұлғасын биіктете беретіні даусыз.
Дәрмен СМАЙЫЛ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы
Ғалым, аудармашы, ұстаз
Біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен жылы оқу орнының тау тұлғасына айналған Тауман Амандосовтың дүниеден қайтқаны туралы қаралы хабарды естідік. Сол жылдан бастап, журфакқа оқуға түскен қыздар қауымы: «Қыздар қалайша журналист болады? Жиі-жиі іссапарға қыздар қалай шығады? Күйеуге шыққан журналист келіншекті отағасы іссапарға қалай жібереді? Қысқасы, журналистика қыздарға қолайлы мамандық емес. Өздеріңе лайық мамандыққа баруларыңа әлі де кеш емес. Ойланыңдар!» деген Тауман ағаның ескертпесін естімейтін болды.
Енді бүгін «Тауман аға Амандосов осы ойларын неге журфакқа келген қыз балаларға айтудан жалықпады екен?» деген сауал сананы шиырлайтыны бар. Былай қарасаңыз, профессордың студенттерге айтатын жаттанды, қарапайым қағидасы секілді. Дегенмен, «Бақсақ, бақа екен» демекші, астарында сыр бары анық. Сол сырды суыртпақтап көрелік.
Тауман Салықбайұлы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түспей тұрып, Атырау об¬лыстық «Социалистік құрылыс» газетінде корректор, әдеби шолушы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Журналистиканың қыр-сырына қанығып, қара қазанында жастайынан-ақ қайнаған. Шыңдалған, қайралған, жетілген. Өндірістің өзінен университетке келген. Сол кездегі қазақ журналистикасының аурасын сезінген, айбарын бағамдаған. Бір сөзбен айтқанда, бұл мамандықты тәжірибелік тұрғыдан да, теориялық тұрғыдан да бес саусақтай зерделеген. Зердесіне тоқыған, білім-білігі толысқан. Ендеше, таным-түйсігіне түйгендерін сол қоғамның қажеті үшін неге айтпасқа?!
Тауман ағаның журналистік мамандықты ерекше назарға алып, салмақ салуында басы ашық, қадап айтар, басты мәселе бар-ау дейміз. Оның бірі – журналистикаға жалпы мінездің, мінез болғанда да ер мінездің қажеттігін аңғартқаны. Екіншісі – қарапайым, бұл мамандыққа ұлттық болмыс-бітіміміз тұрғысынан қарағаны.
Тауман аға өмір сүрген кеңестік жүйе кезінде қазақ журналистикасы «жуас түйе жүндеуге жақсының» күйін кешті. Ұлттық мүдде, ана тілі, қазақ халқының әлеуметтік мәселелері қағажу қалды. Себебі, түсінікті. Қаһарынан қан тамған кеңестік билік, цензура т.б. Бұған қарсы қайрат көрсететін, еңсемізді тіктеп, есемізді қайтаратын азу тіс шыққанымен, ол айбар журналистикадан көріне қоймады. Амандосов арманының түпкі мәні осы ма еді дейміз. Ұлт ұпайын түгелдейтін қазақ журналистикасына ер мінез бен адуынды айбын әкелетін жігіттер ауадай қажет-ақ. Журфакқа тек ұлдар түссе, түбі сан-сапаға әсер етіп, қазақтың қамын жейтін қаламгерлер армиясы өсіп шықса деген, көкейдің түкпірінде жатқан арман емес пе?!
Тауман аға журналистік мамандыққа ұлттық болмыс-бітіміміз тұрғысынан қарағаны – қыздарымызды ерекше бағалағаны деп білеміз. «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» демекші, қаракөздеріміздің күнді-күн, түнді-түн қатып әрі қаупі де жетіп артылатын мамандықтан гөрі, қазақтың ертеңгі ұрпақ қамын көбірек ойлағаны абзал болатындығын аңғартқаны анық.
Қазақ публицистикасы теориясы¬ның негізін қалаушылардың бірі, университеттегі журналистика фа¬культетінің, тіпті еліміздегі журналистік білім беру жүйесінің нық қалыптасуына үлкен үлес қосқан дара тұлға – профессор Тауман Амандосовтың журфакқа жылда ұлдарға қарағанда қыздар көп түсетіндігіне қарап қынжылыс білдіретіндігінің сыры осы ма екен дейміз.
Өзін білетін адамдарға қадыр-қасиетін өтінбей өткізе алатын жандар болады. Олар қашанда ел алдында елеулі, ал еңбекте енжар емес. Сондай ұлағатты ұлан міндетін кезінде ұға білген жандардың бірі – Тауман аға – өмірдің асау ағынымен бағытсыз ыға бермей, өрге ұмтылған дарын иесі, талмай іздену арқылы өзіне тән өмір арнасын тапқан жан.
Ғалым, аудармашы, ұстаз Тауман Салықбайұлына тағдыр балалық шағына тиесілі бақытын мол бұйыртпағанымен, замананың рақымы мен етінің тірілігі екі жақтап оны жедел есейтіпті.
Мұнайлы өңірдің тумасы Тауман аға 1921 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысының Балықшы ауданы Кеңөзек ауылында дүниеге келген. Ауыл оқуын алғыр, қапысыз қабылдап, журналистика соқпағына түскен ол, өзінің еңбек жолын қазіргі Атырау қаласындағы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінен бастайды. Жас дарын көп ұзамай, білімін жетілдіріп, білігін арттыру мақсатымен Алматыға аттанады.
Сұрапыл соғыс аяқталған қиын жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Оқуын үздік бағамен тамамдаған зерек, жас маманды үстаздары бірден университетке аға оқытушылыққа қалдырады. Іскер, ұйымдастырушылық қабілетімен де көзге түскен Тауман Салықбайұлы 1952-1958 жылдары сырттай оқыту саласында проректор, 1959-1966 жылдары филология факультетінің деканы қызметін атқарды. 1966 жылдан өзінің ұйытқы болуымен құрылған журналистика факультетінің деканы болып сайланып, 1971 жылға дейін осы қызметті атқарды. Факультеттегі теле-радио кафедрасының ашылуы да Т.Амандосов есімімен байланысты.1966 жылдан өмірінің соңына дейін өзі ашқан журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасына меңгерушілік етті.
Тауман Салықбайұлы – еліміздегі журналистика ғылымы саласындағы алғашқы ірі ғалымдардың бірі. Атап айтқанда, 1955 жылы «Қазақ кеңес әдебиетіндегі халықтар достығы идеясы» атты кандидаттық диссертациясын, 1982 жылы Мәскеуде «Қазіргі қазақ публицистикасындағы лениндік дәстүр» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Қазақстанда журналистика теориясы бойынша тұңғыш профессор атағын алды. Он бір монографиялық еңбектің, сондай-ақ жұртшылыққа кеңінен мәлім «Публицистика – дәуір үні», «Достық лебізі», «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» атты оқу құралдарының авторы.
Кандидаттық қорғаған жылдар оны бір емес, бірнеше саладан танытты. Ғылым ортасында – ғұлама, студент аудиториясында – ұстаз, әдебиет саласында – қайырымы мен қайраты мол тәржімеші. Себебі, ол орыс тіліндегі көркем және ғылыми-танымдық бірқатар шығармаларды қазақ тілінде сөйлетіп, білікті аудармашы ретінде де танылды. Тәжірибелі тәржімәші ретінде де орыс, қазақ, батыс әдебиетін терең зерделей білген жан.
Тауман Салықбайұлының өзінен бұрын өзгені ойлауға өжеттігі жететін нағыз тұлға екендігін, шамадан тыс ерлігі де жоқ еместігін бүгінде шәкірттері аңыз етіп айтып жүр. Бұл меғдарға келгенде о баста уытты, отты жаратылған жанның биік мұратын көресің. Ендеше үлкен дарын иесінің ақ-адал еңбегі мен сүбелі ізі ауыздан ауызға ауысып, қағаздан қағазға көшірілу керек-ақ.
Өзінің бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Тауман Амандосовтың дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Еліміз тәуелсіздігін алғанына 30 жылдығы Тауман Салықбайұлының ғасырлық мерейтойына тұспа-тұс келуі – өзіндік символдық мәні бар деп білеміз. Жоғарыда Тауман ағаның арманы туралы айттық. Қазақ журналистикасына қажетті ер мінез бен ұлттық айбарды аңсап кеткен ағамыздың арманы бүгінде орындалды ғой дейміз. Еліміз егемендігін алды. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қазақ журналистикасы да «сары бала, қара қазан қамы үшін» айтарын именбей айтып, айбарланған шағы.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
«Шалқар» радиосының директоры,философия ғылымдарының кандидаты.
Мәдениет қайраткері.ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты
Мәслихат
ПРОФЕССОР МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛДЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ журналистикасы теориясының негізін салған ғалым, ұстаз, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Амандосовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Журналистика, баспа ісі, медиадизайн: бүгінгі тренд және даму тенденциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн және офлайн форматта өтті.
Конференция бағыттары:
● Бүгінгі баспа ісінің өзекті проблемалары
● Дәстүрлі медиадағы трансформация және жаңа технологиялар
● Заманауи медиадизайнның ерекшеліктері
● Виртуалды коммуникация және мультимедиа
● Ғалым Амандосов шығармашылығы, ғылыми зерттеулері және мұралары
«Журналистика, баспа ісі, медиадизайн: бүгінгі тренд және даму тенденциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына Тауман Амандосовтың отбасы, туыстары, шәкірттері, журналистика факультетінің оқытушы-профессорлары, баспа саласының басшылары, БАҚ өкілдері, дизайнерлер, студенттер мен магистранттар, докторанттар қатысты.
Өмірдерек:
Саналы ғұмырында өшпес із қалдырған, журналистикадағы дара тұлға, ұлағатты ұстаз, ғалым Тауман Салықбайұлы Амандосовтың қазақ халқына, қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі зор.
Тауман Амандосов 1921 жылы 5 қарашада Атырау облысының Балықшы ауданы Кеңөзек ауылында дүниеге келген. Дарынды журналист өзінің еңбек жолын қазіргі Атырау қаласындағы облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған еді.
1946 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, 1950 жылы оқуын үздік бағамен тәмамдаған жас маман университетке аға оқытушылыққа қалады. 1952-1958 жылдары – сырттай оқыту саласында проректор, 1959-1966 жылдары филология факультетінің деканы қызметін атқарды. 1966 жылдан өзінің ұйытқы болуымен құрылған журналистика факультетінің деканы болып сайланып, 1971 жылға дейін осы қызметте болды. Факультеттегі теле-радио кафедрасының ашылуы да Т.Амандосов есімімен байланысты.
Тауман Салықбайұлы 11 монографиялық еңбектің, сондай-ақ жұртшылыққа кеңінен мәлім «Публицистика – дәуір үні», «Достық лебізі», «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» атты оқу құралдарының авторы.
qazaquni.kz