Ұлттық академиялық кітапханада Мұқағали залы ашылды

Ұлттық академиялық кітапханада Мұқағали залы ашылды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Алаш жұрты үшін мәртебесі биік ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атындағы Мәжіліс залының ашылу салтанаты өтті.

Биыл Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Бұл – әдебиетіміз үшін ғана емес, тұтас руханиятымыз үшін атаулы дата. 

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков; ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әділ Ахметов; жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқар; ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса; ҚР Парламент сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп; академик Кәрімбек Құрманәлі, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Исламбек Салжанов сынды қоғам қайраткерлері мен Мұқағалидың келіні Бақытгүл, Ұлттық Академиялық Кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева және шығармашыл жастар қатысты. 

Ғасыр ақыны, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев атындағы Мәжіліс залының ашылуындағы негізгі мақсат – қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі М.Мақатаевтың мол мұрасын насихаттау, оқырмандарды әдебиетті сүюге және өлең құдіретін бағалай білуге баулу, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттау, жастардың өз бойындағы талантын ашуға, ғылыми ізденіске бейімделуге, тұлға болып қалыптасуына жол ашар тағылымды-танымдық орта қалыптастыру.