АТАМЕКЕНІН АРДАҚТАҒАН АҚЫН
2021 ж. 06 қараша
4186
1
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, ойлы образға, шынайы сезімге толы сыршыл өлеңдерімен кеңінен танылған, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше жыр кітаптарының авторы, ақын Алмас Ахметбекұлы биыл мерейлі 60 жасқа толып отыр. «Қазақ үні» газетінің мыңдаған оқырмандары мен редакция ұжымы атынан ақынға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз!
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында поэзия әлеміне қанат қаққан дарынды жас ақын өз қатарластарынан озық шығып, жыр сүйер қауымның жүрегін жаулап, бірден көзге түскен-ді. «Туған жерім – балалығым», «Сәуірдің бұлты», «Бозінген», «Аптап» секілді алғашқы тырнақалды өлеңдерімен-ақ өзінің жыр атты алып додаға белін бекем буып түскенін анық аңғартты. Тіл, образ, көркемдік пен айтар ойдың өзара үйлесім табуы ақын Алмас Ахметбекұлының шығармашылығына тән ерекшелік. Туған жерге, отанына, ұлтына деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім ақын жырларының – алтын арқауы. Әсіресе атамекеніне арналған өлеңдері шынайы сезім мен сағынышқа толы жүректен шыққан жырлар. Оның да негізі мен өзіндік себептері бар еді...
Мекені деп бабамның,
Мекені деп батырдың.
Бір шетінен далаңның,
Боздап келе жатырмын.
Болар бәлкім ол дағы,
Ырыздықтың шектеуі –
Кіндік қаным тамғаны
Саған емес, шеткері... деп жырлаған ақынның атамекеніне деген сағынышын жеткізген өлеңнің осы бір-екі шумағынан-ақ бірден байқауға болады.
Алмас Ахметбекұлы – 1961 жылы Қытай халық республикасы, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1982 жылы Іле педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. 1982-1992 жылдар аралығында Шәуешек қаласында шығарылатын «Тарбағатай» әдеби журналының редакторы болып қызмет атқарып, 1993 жылы тарихи Отанына, Атажұртына оралды. 1993-1995 жылдары «Жас Алаш» газетінде тілші, 1996-2006 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде аға-оқытушы болып қызмет атқарды. 1997 жылы ҚР Парламент Мәжілісінде баспасөз қызметкері болып жұмыс істеген. Шетелден қандастарымыздың оралуына, олардың қазақ азаматтығын алуына көп күш жұмсады. Қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Осы бір қысқа ғана келтірілген өмірбаянға тереңірек үңілсеңіз көп нәрсені аңғарасыз. Ақынның басынан өткерген алпыс жылы сағыныш пен табысуға, күрес пен жеңістерге толы екенін байқайсыз.
«ТУҒАН ЖЕРІМ – БАЛАЛЫҒЫМ»
Кімге де болса кіндік қаны тамған туған жері ыстық көрінері белгілі. Балалық шағыңды өткізген туған жерді, тай-құлындай тебісіп бірге өскен достарыңды ұмыту мүмкін емес. Ол қашанда жүрегіңнің түбінде, санаңда сақталып, қайда ьбарсаң да өмір бойы жадыңда жүреді. Алмас ақынның «Туған жерім – балалығым» деп туған жеріне, балалық бал дәурен кезеңіне өлең арнауы да содан болар.
Алмас Ахметбекұлы Алтайдың арғы бетіндегі Сауыр тауы етегінде дүниеге келген. Сауыр тауының басым бөлігі Қазақстанға қарайды. Мыңдаған мұзарттар мен жоталарды қақ жарып шекара бөлінген. Ақын өзінің өмірін де осы баурайында туып-өскен Сауыр тауына ұқсататыны бар. Оның арғы бетін – балалық, бергі бетін – даналық, арғы бетін – бодандық, бергі бетін – бостандыққа балайды.
Сауыр деген бір тау бар арасында екі елдің,
Атын айтсаң қиялмен құстай ұшып жетермін.
Беткейі бар гүл өскен, самалы бар есетін,
Сыны бөлек ақынға туып өскен мекеннің.
Шыңдары бар мұз құрсау аса алмайтын ат-көлік,
Темір тікен тартылған сол шыңдарды қақ бөліп.
Тартып кетсем дәл қазір танымай ма Сауыртау,
Алыс кеткен ақынды туған жерге жат болып...- деп жазады замана зұлматы мен сұм саясаттың кесірінен жат мемлекеттің еншісіне беріліп кеткен, арғы бетте қалып қойған қазақтың қасиетті жері, кіндік қаны тамған құт мекені жайында.
ӘКЕ АМАНАТЫ
Ақынның әкесі Ахметбек Сақбай 1928 жылы Тарбағатай тауының күнгей жағында, шекарадан небары он шақырымдай жерде өмірге келген. Арғы аталары би, болыс болған Шал деген ауқатты адамның немересі боп келеді. Мың өліп, мың тірілген қазақтың басынан не өтпеді. Ол жылдар кәмпескенің әлі де қызу жүріп жатқан кезі екен. Кеңес үкіметінің қысымына шыдамаған халық асу бермес тау шыңдарынан әзер өткен. Онда да жолай шығынға ұшырап, кеудесінде құр жандары қалған санаулылары аман-есен жеткен. Жергілікті қазақтар өз қандастарын қарсы алып, қолынан келген көмектерін көрсетеді. Сол бір жағдайды өз көзімен көрген адамдардың айтуынша апталап аштықтан әлсіреп, шаршап-шалдығып жеткендердің біразы бірден тойып тамақ ішемін деп өліп кеткен. Аш өзекке түскен тамақ умен бірдей, адам баласы ондайды көтере алмайды.
Ата жұртты тастап, шет ел асу онымен тоқталмаған. Одан кейінгі елдегі саяси репрессия кезеңінде Алаштың небір білімді азаматтары тар жол тайғақ кешіп, көрші елге барып бас сауғалағаны белгілі. Қазақтың зиялылары келуімен басым бөлігі қазақтар тұратын бұл елді мекендерде алғашқы жылдардың өзінде жиырма шақты қазақ мектептері ашылып, жаңаша оқыту басталады. Сол маңдағы ауылдарда тұратын қытай, ұйғыр, моңғол секілді өзге ұлттардың өкілдері де сол қазақ мектебінде оқыған екен. Бұрынғы ескіше оқуды ғана білетін қалың жұртқа жаңа оқудың мән-мағынасын түсіндіріп, ауқымды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Халықты білімге, тәуелсіздікке, бостандыққа шақырып олардың рухани оянуына үлкен ықпал етеді. Әкесі Ахметбек те сол мектептен бес сыныптық білім алып, Алаш идеяларын бойына сіңіреді. Кейін Шығыс Түркістан азаттық әскерінің офицері болады. Одан кейін де түрлі қызметтерде істеген. Ұлттық ұстанымдағы әкесі сауаттылығының арқасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді Алаш көсемдерінің еңбегімен танысып, жұрт арасында насихаттайды. Оған қоса қаламгерлігі бар Ахметбек өзі де соңына сол кездегі тарихи жағдайларға қатысты көптеген жазбалар қалдырады. Бұны Кеңестер одағы мен Қытай секілді алып мемлекеттердің ортасында пайда болған, ғұмыры тым қысқа болса да бостандыққа ұмтылған елдің шежіресі, тарихы деуге болады. Әкесінің қолжазбалары Алмас ақынның жеке мұрағатында сақтаулы.
Заманы бір болған соң сол кездегі адамдардың тағдыры да бір-біріне тым ұқсас болып келеді. Зайсан, Күршім жақты мекендеген Алмас ақынның нағашы жұрты да қиындықты көп көрген. Кәмпеске кезінде мал-мүлкі тәркіленіп, өздері қамауға алынады. Қалғандары бас сауғалап шекара асып кетеді. Зайсан маңында тұрған қазақтардың тіршілігі ол кезде кеме құрылысы, су арқылы тасымалдауға байланысты болған. Бұл салада көбінесе орыстар істегендіктен олармен аралас-құралас тұрады. Кеме капитаны деген үлкен қызмет саналған. Баланың атын ырымдап қоятын қазағымыздың ежелгі әдеті, нағашы атасы үлкен баласының атын Капитан деп қойған екен. Сол Капитан үлкен қызының, бүгінгі елге танымал Алмас ақынның анасының атын Гүлсағат деп атайды. Оның да өзіндік бір себебі бар. Ол кездерде сағат деген қат дүние. Капитанның қолында әркімге бұйыра бермейтін швейцариялық әдемі, қымбат қол сағат болған екен. Ат қоюға шебер қазағымның назарынан еш нәрсе тыс қалмайды, сөйтіп қызының атын Гүлсағат деп қояды.
Бала тәрбиесіне алдымен ата-ана жауапты. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деп қазақ атамыз бекер айтпаған. Алмастың әкесі балаларын еңбекпен тәрбиелеуге үлкен мән берген. Ағаш бұтап, шөп шабу сияқты жұмыстарға үйретіп, жастайынан баулыған. «Үйге келген құрметті қонақтардың атын суытып, бастауға апарып суарып, ерттеп беру біз үшін үлкен мәртебе іспетті болатын» деп еске алады Алмас Ахметбекұлы ол туралы. Әке тәрбиесі ақынның бүкіл өмір бойғы ұстанымын қалыптастырды десе де болады.
Адалдықты, шыншылдықты, халыққа қызмет етуді өзіне өмірлік ұстаным еткен әке балаларынан да соны талап етті. Олардың оқып, білімді болуларына үнемі көңіл бөліп отырған. Сол кездерде қазіргідей кітап көп болмаса да қолға түскенін әкеліп балаларына оқытатын. Бүгіндер өзі де ата деген жасқа жетсе де балалары мен немерелерінің бойына ұлттық ұстанымды дарытудан жалыққан емес. Қалада өтетін түрлі шараларға қатыстырып, Алаш ардақтыларының мұражайына апарып олардың өмірі мен еңбектерін таныстырып түсіндіреді. Олардың да бір кездегі өзі сияқты отансүйгіштік, ұлтжандылық секілді құнды қасиеттерді жастайынан қабылдағанын қалайды.
Әке өнегесін, әке аманатын әрқашан жадында ұстайды.Туған жерге, ұлтына, атамекеніне деген махаббат ұрығын болашақ ақын жүрегіне сепкен де ардақты әкесі болатын. Оны мына бір өлең үзінділерінен көруге болады.
... Әкем менің сонда бір қараушы еді ынтыға,
Қаратаудың қазбауыр қорғасындай бұлтына.
Маған қарап сонан соң, үнсіз тұрып бір ауық:
«Ұғасың ба, балам, сен» дейтін бәсең қуарып.
Тартып мені қасына қиялдан сәл айығып:
«Сонау бұлттың астында жатыр, - дейтін, - жайылып -
Жатыр қандай бір дала сонда жарық өріп ем»,
деп бастайтын мұңдана, нұсқай беріп қолымен...
...Әлде нені көргендей жаудыраған көзінен,
Көкірегін кергенде күрсінісін сезіп ем.
Ұққанмын бір арманын баяу күрсінуінен,
Сағыныштың бар зарын көкейіме сіңіргем...
Осы өлең жолдарынан әкенің басты арманы – ұрпақтарының атамекенімен қайткенде де қауышуы екенін аңғарасыз. Баласына соны аманат еткендей еді. Оны бала Алмас жазбай түсінген-ді. Ата қонысын тым болмаса бір көруді өмір бойы армандаған ата-ана аманатын орындап, ақырында атамекенін іздеп тапты...
«КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ»
Бүкіл жер бетіндегі алып империяның бірі саналатын Кеңестер одағының құлауы әлем жұртшылығын таңғалдырған оқиға болғаны белгілі. Бұл оқиға барлық мемлекеттердің ақпараттық кеңістігінде басты жаңалыққа айналды. Құрамығындағы он бес республиканың барлығы егемендік алып, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды. Атажұрты жайындағы жаңалықтарды қалт жібермейтін шетелдегі қандастарымыз да осыны күткендей еді. Өзі шетте жүрсе де көңілі үнемі атамекенінде болатын ақын Алмас Ахметбекұлы да бұл жаңалықты қуана қарсы алды. Қазақ үшін Тәуелсіздік таңының атқанын, Алаш жұрты бір тудың астына топталып өмір сүретін күннің келгенін түсінді. Бір адам болсақ та ондағы қазақтың санын толтырайық деген ниетпен, атамекенде қандай жұмыс болса да атқаруға, қандай қиындық болса да еңсеруге іштей дайын-ды. Сондықтан да болар алғашқылардың бірі болып атамекенге аттанды. Қытай шекарасынан өтіп, қазақтың қасиетті жеріне табан тигенде алдымен Қорғас кедені ғимаратындағы желбіреген көк байрақты байқады. Бұрындар суретін ғана немесе телеарнадан көрген көк тудың ақынға берген әсері ерекше еді. Жылдар бойы жүректің түбінде жатқан атамекенге деген сағыныш жыр шумақтарына айналып жүре берді. Қасында отырған Қалдыбай атты азамат Алмастан «Сіз ақынсыз ба?» деп сұраған-ды. «Оны қайдан білдіңіз?» дегенде «Туға қарап қатты толқып кеттіңіз» деп байқағышттық танытқан. Расында, ақынның ойында қазіргі көпшілікке танымал, еліміздің екінші әнұраны іспеттес болып кеткен «Көк тудың желбірегені» әнінің:
«Көк тудың желбірегені –
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Азат отанға жете алмай
Көзінің мөлдірегені» - деген соңғы шумағы тұрған болатын. Әрине, ол кезде Алмас енді ғана бір шумағы өмірге келген бұл өлеңнің алдағы уақытта жұрттың сүйікті әніне айналарын білген жоқ-ты. Көлемі шағын, небары төрт-бес шумақтан тұрғанмен шынайы отансүйгіштіктен туған, естіген жанның жүрегін шымырлатар жырға дарынды ақын-сазгер, опера әншісі Ермұрат Зейіпханұлы ән жазып, алғаш рет сахнада отандық опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы орындап шықты. Көрермендер жаңа әнді жылы қабылдап, түрлі әншілердің орындауында Қазақ радиосынан жиі беріле бастады. Дегенмен әннің бағын ашқан дарынды жас әнші – Ибрагим Ескендірдің орындауындағы нұсқасы өзгелеріне қарағанда тыңдармандар көңілінен шықты. Ермұрат Зейіпханұлы Алмас ақынның тағы бірнеше өлеңіне ән шығарды. Осындай шығармашылық одақ енді нәтижесін бере бастаған шақта Ермұрат Зейіпханұлы 2011 жылы дүниеден қайтты. Соңында өлмес әндері қалды.
КӨШ КЕРІ ҚАЙТПАСЫН
Егемендік алған елімізге қандастарымыздың оралуы Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға болды. Біріншіден, неміс, орыс және өзге ұлт өкілдері өз атамекеніне жаппай көшіп жатқан сол тұста ел экономикасын сақтап қалу үшін адам санын, оның ішінде мемлекет құраушы, жердің иесі қазақ ұлтының санын өсіруге мол септігін тигізді. Екіншіден, шетелде тұрғанмен салт-дәстүрлерін, тілін, дінін жоғалтып алмас үшін қатаң сақтаған қандастарымыз ұлтымызыдың төл мәдениетін, әдебиетін, өнерін толыққанды дамытуға өз үлестерін қосты. Жүздеген жылдар бойы орыс империясының илеуімен ұлттық құндылықтары әлсіреген қоғамымызға бұл дер кезінде келіп құйылған жаңа леп болды. Бірақ оның өзі оңайшылықпен келген жоқ. «Қазақ екенсің, кіре бер!» деп ешкім шекараны айқара ашып тастамасы белгілі. Ол үшін мемлекеттік деңгейдегі белгілі бір заңдық ережелер керек болды. Ал заң болса бір күнде қабылдана салмайды. Оның жолында түрлі кедергілер аз болған жоқ.
Атамекеніне оралған Алмас Ахметбекұлы қоғамдық жұмыстарға бірден белсене араласты. Осы кез көші-қон мәселесі қиын жағдайда болатын. Қандастардың жағдайын жақсы білетін Алмас ақын шеттегі қазақтардың атажұртына оралуына кедергілерді жоюға күш салды. 1997- жылдары еңбек және әлеуметтік саланы басқарған министр Н. Коржова «көші-қон комитетін» таратып, бұл республикалық мекемені басқарма деңгейіне түсіріп тастағаны туралы «Егемен Қазақстан» газетінен бастап бірқатар басылымдар осыған қарсы пікірлер білдірді. Оған қоса Парламентке көшті тоқтатын стандарттағы заң жобасын ұсынғаны белгілі болды. Бұл ешкім күтпеген сұмдық жағдай еді. Осыған дейін отанына оралып үлгерген Алмас Ахметбекұлы, Абай Мауқара, Қайрат Бодаухан, Бабақұмар Қинаят,Тұрсынхан Зәкен, Марат Уатхан секілді аз ғана зиялы қауым өкілдері Алматыдағы Дүние жүзі Қазақтарының қауымдастығы (ДЖҚҚ) ғимаратына жиналып министрдің жобасын талқылап, қауымдастық атынан оған балама жоба дайындау ұйғарылды. Басында Үкіметке ұсынған заңға қарсы балама жоба жолдауға Қалдарбек Найманбай тартынғанмен, Коржова заңын қабылдатсақ ұлт бірлігіне қауіп төнерін түсініп келісімін берді.Сол отырыста ДЖҚҚ қасынан «Көші-қон орталығы» құрылып оған Алмас Ахметбекұлы жетекшілік ететін болды. Күні-түні отырып, 41 баптан тұратын көші-қон заңының алғашқы нұсқасы дайындалды. Құрамында 7 адам бар жұмыс тобы одан кейін Парламент депутаты Әкім Ысқақтың қабылдауында болды. Әкім Ысқақ бойында ұлттық намысы бар азамат, Коржова министрлігі дайындаған заң жобасы оған да ұнамады. Қырсыққанда қоғамдық ұйымдар қолданыстағы заң бойынша жоба ұсына алмайтын болып шықты. Сонда да А. Ахметбекұлы мен Қ. Бодауханды тұрақты көмекші етіп, барлық талқылау мен жиындарға қатысатын, сөз сөйлей алатын рұқсатнама алып берді. Бұдан кейін балама жобаны жетілдіру мен ұлттық мүддеге сай етіп дайындау және халық талқылауына ұсынуды депутат ретінде Әкім Ысқақ өз мойнына алды. Оның қасында ондаған оралман зиялылары бір жыл бойы жалақысыз жұмыс істеді. Басты мақсат осы жобаны қайткен күнде заңдастыру болатын. Абырой болғанда Сенат спикері Ө. Байгелді, сенаторлар С. Қасымов,Е. Нұрпейісов, А. Самахова мен Мәжіліс депутаттары Ө. Жолдасбеков, З. Нұрқәділов, О. Сәбден сияқты тұлғалар қолдау көрсетіп жоба қабылданды. Сөйтіп тарихымызда алғаш рет қазақ тілінде депутат дайындаған, шынайы ұлттық стандарттағы бүкіл халық талқылаған, үкімет заңына қарсы балама заң қабылданды. Бұл үлкен жеңіс болатын!
Бірақ қандастар мәселесі мұнымен де толық шешілмеген-ді. Күнделікті тұрмыс барысында оның жаңа түрлері пайда болуы заңдылық та шығар. Бірақ соның оң шешімін табу қажет. 2002- жылы шетел қазақтарының Қазақстанға келіп, бір жыл дайындық оқуына 456 квота бөлінген-ді. Ал үміткерлер саны екі мыңнан асып кеткен. Емтихан біткенде 1500 балаға квота жетпей қалды. Олардың көбісі Қытайдан болатын. Олар Қытайға кетсе енді қайтып оралуы неғайбыл еді. Алмас Ахметбекұлы ол кезде Алматы облысы бойынша «Оралмандар кеңесі қоғамдық бірлестігінің» жетекшісі еді. Бұл ұйым 2000 жылы шілдеде Көші-қон агентігінің төрайымы Алтыншаш Жағанова қатысқан оралмандар құрылтайында сол уақыттағы облыс әкімі Заманбек Нұрқәділовтің ұсынысымен құрылған-ды. Облыстық әкімдік ғимаратынан кеңсе де бөліп берген болатын. Енді сол мүмкіндікті пайдаланып 1500 жасты Қазақстанда алып қалу мәселесін көтеруге тура келді. Ол үшін БАҚ-тың қолдауына жүгініп, Елбасының атына жолдаған 700 адам қол қойған хатты тікелей эфирде Президент әкімшілігіне тапсырды. Хат ел Президентіне жетіп сол уақыттағы Үкімет басшысы Иманғали Тасмағанбетовке тапсырма берілді. Сөйтіп мемлекет тарапынан қосымша 120 миллион теңге бөлініп, отанына келген бір мың үміткерлер оқуға түсті. Бұл да орайы келіп, сәтімен біткен іс болғанмен алда атқаратын жұмыстар әлі де көп болатын. Соның бірі отанына оралушы қазақ атаулыны визалық алымнан босату міндеті тұрды. Мыңдаған адамдардың тағдырына қатысты жауапты істі мойынға алған соң оны барынша адал атқару қажет.
2004-жылы сәуір айының басында Алмас Ахметбекұлы осы мәселемен сол кездегі сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды. Министр жылы қабылдап, мұқият тыңдады. Қытайдағы қазақтардың қазіргі жағдайы, отанына оралуына кедергі болатын жағдайлар мен оны шешудің мүмкіндіктері туралы хатты табыстады. Сол 18 талаптың бірі шетелден оралған қазақтарды визалық алымдардан босату еді. Министр бұл мәселені шешуге болатынына сендірді. Айтқанындай үш күн өткенде Отанына оралатын қазақтарға тегін виза берілетіні туралы қаулы шықты. Одан бергі 17 жылда атамекеніне оралушы қандастарымыз миллиондаған доллар шығыннан босатылды. Ия, көші-қонның көлігі көрікті, жолы тегіс болмағаны белгілі. «Кезінде кетіп едіңдер, енді неге қайтып келдіңдер?» дейтін кейбір жекелеген адамдардың, тіпті үкімет тарапынан да кедергілер көп болды. Оның бәріне түсіністікпен қарап, төзе білу керек. Мына бір өлеңді Алмас ақын сондай кездерде жазған секілді.
БІЗ КІМБІЗ?!
Ағайын, «кімсің »деме, оралманбыз.
Үйірінен адасқан тай секілді
бір ақмылтық боранда жоғалғанбыз.
Көкірегі тіреліп көк найзаға
мал мен жаннан мың мәрте тоналғанбыз.
Ағайын, «кімсің »десең,қызыл қанбыз.
Иілмеген бастарын қылыш кесіп,
руымен у ішіп қырылғанбыз.
Бір қайырылып соғатын күнді күтіп,
түйе құлап, жүк ауып, шұбырғанбыз.
Ағайын, «кімсің» деме,ақтабанбыз.
Ері мылтық, қатыны бесік алып,
Фамир, Алтай, Әлпіні таптағанбыз.
Туған жердің бір шымшым топырағын
алтын сандық түбінде сақтағанбыз...
Ақын өлеңінен алынған осы бір қысқа ғана үзіндінің өзінде толағай тарих пен миллиондаған қазақтардың тағдыры жатқан жоқ па?!.
ӨЛЕҢ – ӨМІР
Түрлі қызметтерді атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып көп уақытын кетірсе де Алмас Ахметбекұлы алдымен – ақын. Бүгіндер жеке кәсіппен айналысып жүргенмен қолынан қаламын тастаған емес. Өлең өлкесі оның өмірлік мекені іспетті.
Әдетте адам баласының күнделікті бас көтертпейтін тіршіліктен қолы бір сәт босай қалса айналысатын өз ермегі, өз сүйікті ісі болады. Біреулер қолөнерге көңілі ауып қамшы өрсе, енді біреулер дүниені аралап сирек кездесетін заттарды іздеп жинастырумен айналысады. Ақын Алмастың да ондай әуестігі жоқ емес. Уақыт мүмкіндік бере қалса шаңғысын алып Шымбұлаққа шығатыны бар. Таудың саф ауасын кеудесін кере жұтып, жоғарыдан төменге қарай шаңғымен құлдилаудың қызығына не жетсін! Жасыл желекке малынған әсем Алматының үстінен бір қараудың өзі ғанибет. Бұрындары шет жүргенде бір көруге арман болған Алматы ғана емес, бүкіл қазақ елі көз алдында келеді сол кезде. Алатаумен иық тірестірген Алтайды да, оның қойнауындағы атамекенін де дәп осы жерден көріп тұрғандай әсер алатыны бар. Сол әсер ақынға ерекше шабыт береді. Алатаудың басынан құлаған тау өзенінің суындай мөлдір жырлар еріксіз төгіледі. Ақын үшін өлең – өмір. Ал өмір жалғаса бермекші...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz