Ізтайдың өшпес іздері
2021 ж. 05 қараша
4564
0
Төменде ұсынылып отырған естеліктің авторы ¬– көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев та, жазба кейіпкері ¬– қазақтың айтулы лирик шайырларының бірі Ізтай Мәмбетов те бүгінде о дүниеде.
Мұндай ардақтылардың есімін ұрпақ санасында дүркін-дүркін жаңғыртып отыру – ең қастерлі міндеттердің бірі болса керек. Яғни, тірілерді «өлтіргеннен» гөрі, өліні «тірілту» әлдеқайда сауапты іс екені даусыз. Оның үстіне өз дәуірінде ұлт руханиятына қисапсыз олжа салған Мұзағаңдай қалам шеберлерінің жазу үлгісінің өзі кейінгі жас буынға таптырмайтын сабақ деп ойлаймыз.
Дүниеге ез келіп те ер келіп,
Жатыр бірдей ақ бесікте тербеліп.
Аңғарылар айырмасы ақырғы –
Кетерінде қасиетті жерге еніп.
(I.МӘМБЕТОВ).
Студент Ізтай Мәмбетовпен 1950 жылдар басында таныстым білем. Кертпеш танау, келте мұрынды, өткір көзді, шапаты денелі, шалт қимылды бірақ, биязы мінезді сыпайы жігіт өлеңін алғаш «Пионер» журналына әкелді. Қысылып, терлеп-тепшіген де жоқ, омыраулап өлермендік көрсеткен де жоқ. Көргенділік, табиғи жарасымды қылықпен, орынды сөздермен бұйымтайын білдірді. Әкелген өлеңін маған ұсынды. «Пәленше ағай, түгенше профессор сізге барып жолық деп еді», – сияқты мият іздеп митыңдап жүретін мырқымбайлардан тіпті бөлектігін аңғартып, өзіне сенімді әлпет танытқандай еді. Өлеңі ұнап кетті, себебі, оқиғалы, әрі ықшам, әрі бала ұғымына орайлас өрнекті де жеңіл екен. Ізтай өлеңі «Пионер» журналында жарық көрді.
Бауырласымның, әсіресе, бастапқы қадамдарында шығармашылық лабораториясын өз көзіммен көрген куәгерлердің бірі болғандықтан осы жайында да айтқан жөн.
Ізтайды ара тәрізді еқбекқор ақын дегеннен гөрі, алғыр ақын деу лайық сияқты. Оның сағаттап тапжылмай омалып отырып, сарылып-сарғайып жыр жазғанын көргем жоқ.
Бірде мен:
– Өлеңді қалай жазасың? – деп сұрадым.
Ол айтты:
– Мен ойымда ешқандай идея жоқта да үстел басына отырамын да, бірден өлең жазуға кірісемін. Идея да, оны кестеге түсіретін суреттеме құралдар да сол жазу үстінде табылады. Кез келген тақырыпқа солай жазамын және жаза аламын...
Меніңше, іштей ізденіс деген болады. Ізтай да күнібұрын қилы-қилы құбылыс жайында іштей ізденген, сан толғанған. Қаламды қолға алған сәттерінде көкейдегі көркем ойлар қопарыла келе, қаламға оралатын болғаны ғой.
Содан да сырт көзге Ізтай қиналмай-ақ өлеңді құя салатындай көрінетін. Шынында, ол шиыршық атып, шыбынын шырқыратып, асылды қинала жүріп әзер табатын.
1950 жылдардың бас кезінде алғашқы жинағын дайындар алдында ол бүгін жазған өлеңдерін ертеңінде таңертең маған әкелетін. «Тұңғыш» деп аталатын жинақ осылай туған.
М.Исаковский, Ш.Петефиден аудармалары осылай дүниеге келген...
«Тапқыр ақынды тақырыптың өзі іздеп табады» деген сөз бар. Мәмбетов мәнін ашып, мәйекті қырлаған тақырыптар жайында да осыны айтуымыз әбден әділ. Махаббат жырлары, табиғат сырлары, интернационалдық бауырластық – осы үш салада Ізтай өте-мөте шоқтықты ақын!
Ізтай анасынан ерте айрылып, өгей шеше қолына қарап өскен. «Адам баласына әу деп құлаққағыс сөз қатпайтын момын кісі» – дейтін. Өгей шеше деген аты болмаса екінші анасындай еміріне білгенге ұқсайды. Ізтайдың ең асыл жырларынық бірі сол тумаған шешеге арналған. Сай-сүйегіңді сырқыратардай шыншыл жыр.
Жетім өскен деуге еш келмейтіндей Ізтай жетелі, көргенді, тәлімді, адамгершілігі мен азаматтығы асқақ жігіт еді. Ұсақтықтан, күйкіліктен, қараулықтан, арамзалықтан, опасыздықтан, қызғаныш-күншілдіктен, өсек-аяңнан, жала-жәбірден атымен ада азамат еді.
Ширек ғасыр бойында бір шәй дескен пенде емеспіз. Ол іні боп еркелей білетін. Осыншама жылдық ішінде менің аузымнан шыққан сөздің, өзіне сеніп айтқан сырларымның Ізтай тарапынан шашау шыққанын білсем бұйымасын. Сол сияқты, өзгелердің мен жөнінде қиястықпен айтылған қисық сөзін маған айтып келгенін де естіген емен.
Жалпы, ол шабаншардақтарша шағым айтуды білмейтін.
– Пәленнің түгендей томы шығып жатыр, пәленше мендей-ақ қой, дәрежеге ілігіпті, түгенше соншама мың сом қаламақы қайырыпты, – деген сияқты іштарлық, күншілдік, бір сөзбен айтқанда, пендешілік мінез көрсеткенін атымен көрген емен, естіген емен.
Бірде бір бастық қатты ренжіткен екен, қызмет бабында... Соған жаман жәбірленсе керек. Жалғыз-ақ сол жөнінде шүйіле сөйлегенінің куәсі болдым:
– Қатынын жасқай алмай жүріп, қауымды басқармақ, миғұла мыртық неме! Өтірік ыржияды өзі оңаза, ішмерез!..
Бар айтқаны – осы. Алайда сол бастықтың атын Ізтай маған атаған да жоқ. Сол бір сөйлеммен ішін босатқандай болды да, әңгімені басқа арнаға салып жіберді, сонымен тынды!
Ізтай мектепте де, университетте де үздік оқыған, үздіге тоқыған. Мен оның әр алуан әдебиеттерден жазған конспектілерін шолып көрдім: мазмұнды, толық, ұқыпты, таза. Тек соған қарап-ақ болашақ ақынның мол білім алуға жасынан құштарлығын аңдауға болатындай.
Қолжазбасына да ұқыпты еді. Жаңа өлеңдерін жаңғырта көшіруге де жалықпайтын. Жасынан жақсы ортада ¬¬– ақын-жыраулар өлкесінде өскен Ізтай халық жырларын, аңыз-әңгімелерін көп білетін. Және соларды орынды жерінде өз сөзіне кіріктіріп, ойын көріктеңдіріп жіберуге де оңтайлы болатын.
– Менің атым Матай сал,
Өз атыңды атай сал... –
Қандай қарапайым! Қандай өр! – деп тамсанатын еліккіш ақын...
1952 жылы ғой деймін, Ізтай студент жолдастарына еріп, Талдықорған жаққа барып келді. Бір мұғалімнің қолынан «Құлагер» дастанын оқыпты. Ілиястың жауһар дүниесінен талай шумақтарды жаттап алыпты. Маған ауызша оқып берді.
Алып ақынның атын естігені болмаса, затын білмейтін Ізтай елтігендей хал кешіп жүргені есімде. Асылды бағалауға да асылдық керек қой, Ізтайдың тамсанысы тегін емес-ті.
Мәмбетов Ізтай мансап, лауазым, атақ-даңқ дегендерге ден қойған жан емес, ондайға елең еткен жан емес, одақтық республикаларға сайланып барып қайтып жататын делегациялар құрамына Ізтай бір-ақ рет қосылды. Ұмытпасам, 1956 жыл. Күз. Ғабит Мүсірепов бастаған қазақ қаламгерлері Қырғызстанда әдеби апталық өткізді. Кейін 1959 жылы мен қырғыз жазушылары аузынан естідім, Ізтай оларға өрнекті, ықшам өлеңдерімен, табан астында тауып айтқан әзіл-қалжыңымен, кішпейілділігімен қатты ұнапты. Ізтай да Қырғызстаннан жаңа достар тауып қайтты.
Бір цикл өлеңмен оралды:
Куәсіндей ниеттің,
Күні шуақ бұл күздің.
Жылуындай жүректің,
Құшағындай қырғыздың...
Өзі даңғайыр ақын, даңқты аудармашы бола тұра, Ізтай көзі тірісінде сыншылар тарапынан «Е, бәрекелдіні!» көп естіп, құшақ-құшақ қошеметке де ие болған жоқ. Ол жөнінде етектей-етектей мақала да жазылған емес. Әбділда Тәжібаевтың 1960 жылы жарық көрген «Өмір және поэзия» атты кітабында I.Мәмбетовтың бірер өлең-жыры арнаулы сөз болғаны есімізде.
Тамаша талант творчествосын біршама қомақтылау қарастырған жалғыз еңбек Ғафу Қайырбековтің Ізтай Мәмбетов таңдамалысына жазған алғысөзі (1967). Жасы құрдас, жаны жалғас досы Ғафу бірталай пайымдауларын ортаға салғанымен, Ізтай творчествосының барша жақсылығын түгел қамти алмайды.
Қазақ әдебиеті тарихында үлкен ақынның өзіне лайықты орны анықталуға тиісті.
***
Ізтай әзілге де дөйдір, жүйрік еді. Ақынның ауызекі шығарған күлдіргі өлеңі де көп. Жастық желік жылдарында сері атанған пері жылдарында ақын ауызша айтып, тарап кеткен шумақ өлең қай түкпірге жетпеді дейсің:
Көкбазар арақ-сыра дариясы,
Секілді бір өзінде жан ұясы...
Ортаңнан алшаң басып мен бір
өтсем,
Басталар милиция ариясы...
Тағы бір естелік бар.
1953, әлде 1954 жылы көктемде бір топ ақын Қаскелең еңбекшілерімен кездесуге барады. Түнде бір үйге қонады. Азанда сусап оянған Ізтай шөлмектен арасан суын құйып алып, шөлін баспаққа ауызға ала берген екен, Сырбай шыны-аяқ шылдырынан оянып кетіп көзін ашса, әлгі көріністің үстінен шықпай ма! Ағасы інісіне қапелімде өлеңмен тіл қатады:
– Қарағым, айналайын ақтөбелік,
Қолыңдағы сусынды қақ бөлелік...
Сонда Ізтай стақандағыны бөліп құйып жатып:
– Біреуге көп, біреуге аз құйылса,
Өкініп, соған бола, «Қап!» демелік, –
депті. Сырағаң інісін беттен сүйіп алыпты.
Тағы бір эпизод. Ізтай ресторандағы түскілік үстінде бір жүз грамнан арақ алдырған екен, қасындағысы сыпайысынып сызыла қалып, қолындағысын орталап ішіп қана столға қайта қойыпты. Ізтай:
– Мынауың не?! – десе, анау тұрып:
– «Ат аунаған жерде түк қалар» – депті.
Сонда Ізтай:
– А-а, ендеше, айғыр аунаған жерде түк те қалмайды! – деп, рюмкасын төңкере салыпты.
Мен үйленгенде Ізтай күйеу жолдас боп барды. Қалыңдықты алып, Есіктен Алматыға құйғытып келе жатқанбыз, Онда Құлжа жолының жаңа кеңейтіліп, асфальттанып жатқан кезі еді. Бір көпір үстінен өте бергенде аударылып, аунап түсе жаздап әзер қалдық. Шайқалақтап барып оқыс тоқтаған машинадан шофер жақтан түсіп жатқан Ізтай:
– Ойпырмай, қатын алмай жатып қыршынымнан қиыла жаздадым-ай! –дегені. Осыны ұзақ жылдар Ізтайдың өзіне айтып күлуші едік.
Ізекеңнің эпиграммалары да удай болатын. «Тоқаш Бокин» трагедиясы жазылғанда Зейін Шашкинге зорлықпен қосалқы автор болып алған бір режиссер жөнінде шығарғаны қандай дөп, қандай уытты еді...
Бірде Ізтай:
– Біздің Кәмшат суретті қатырып салады. Маған «Балдырғанға» суретімді апарып берейікші! – деп қиылды. Мұзаға, бір-екі суретін әкелейін бе? ¬– деген.
– Әкел.
Арада бірер ай емес, жарты жылдай уақыт өтіп кетсе керек. Мен:
– Қызымыздың салған суреті қайда? Неге әкелмейсің? – деп ем:
– Біздің Кәмшат суретті жазда салмайды, қыста ғана салады! – деді Ізтай.
***
Қалың топ, алқа-қотан әлеумет алдында ащы айқайға басар әнші атанбаса да Ізтай жеке отырыстарда, үй-ішілік бас қосыстарда, дастархан басында әжептәуір домбыра тартып, ән де шырқайтын. Оның ең сүйікті әні Сарының әні еді. Әнші, сері, батыр Сары өмірін баяндап кетсе, біртүрлі елігіп, толқып, өзін-өзі ұмытқандай болатын. Ол бертінірек «Сал Сары» атты тартымды дастан да жазғаны содан... Қайта-қайта қолқалап, Ізтайға айтқызатын әннің аты «Есегім айдай» еді. Өзі Сыр бойының күлдіргі әні. Ініміз әлгі әнді өзі де қуақылана, құбылта, құлпырта орындайтын.
Жәбір-жапашылдарға, қиянатшылдарға, омыраусоқ өктемсінгендерге, өтірікшілерге Ізтайдың жұлдызы қарсы еді. Сүмірейіп, мүсәпірсіп жүріп, сыбаға тартқыштарды да суқаны сүймейтін.
Ізтайдың әу деспеген тату достары аз емес еді: Қалижан Бекқожин, Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Сағи Жиенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Қалжан Нұрмаханов, Ғафу Қайырбеков...
Ойын-жиындарда, той-томалақтарда жігі ажырамай жымдаса жүретін біздерге өзгелер қызыға қараушы еді.
Табиғатынан аңқылдаған ақкөңіл, ақкөйлек Ізтай Мәмбетов жастайынан жоқтықтың тауқыметін көп тартқан.
– Университетте оқып жүргенімде жалаңаш етіме сыртымнан күпәйке киіп, мойнымды қыса жауып тұратындай тамақ түймесін салып сабаққа тартқан күндер үш-төрт жылға созылды, – дейтін Ізтай. – Стипендия жетіспейді. Үйінен қаражат келетін жолдас-жоралар қарайласпағанда оқуды тастап кетуім ғажап емес еді... Төртінші курсқа іліккен соң көзім ашыла бастады, қаламақыға қолым жете бастады. Жағалы көйлек, жақсы галстук, педжак пен шалбарға да ие болғанымның өзіңіз куәсі болдыңыз ғой...
Міне, содан да Ізтайдың қолы ашық еді.
Басқаға қылдай қиянаты жоқ Мәмбетов біреуге әсте ұрынуды білмейтін, ол қорғаныстың жауынгері ғана болатын. Осыған орай, бірнеше эпизод ойға оралып отыр.
Бір күні Айқын, Қалжан, Баламер, Ізтай төртеуі «Алматы» ресторанына тамақ ішкелі барады. Қабырғаны қапталдай қойылған орта тұстағы столдың біріне жайғасып, дәм ішіп отырады. Көрші үстелдегі шүңейт көз, қоңқақ мұрын біреу біздің жігіттердің қаламға қатысты адамдар екенін аңдап қалса керек, қарадан-қарап отырып сөзбен ұрынады, далалықтың намысына тиер сөздер айтады, тілімізді жамандайды...
Олар да төрт жігіт екен. Сойдауылдай-сойдауылдай төртеу. Әлгі сөзді құлағы шалып қалған Ізтай орнынан ұшып түрегеліп барып, әлгі қисық сөзді кырсықтың галстугінен сол қолымен шап береді де, оң қолымен астыңғы тілін тарта қояды. Сөйтіп, жігітті қылғындыра тік көтеріп алады да, сол бойымен апарып, қарақұстан қабырғаға сарт еткізіпті. Сөйлеуге шамасы әзер келген әлгі бейшара:
– Мен әзілдеп едім, – депті.
Сонда Ізтай:
– Бұл да менің әзілдегенім, – депті де, орнына қайта кеп отырыпты. Сазайын тартып, сазарып орнында қалған жігіт ешкімге шағым айтып мәу демепті.
– Осының бәрі қас пен көздің арасында болды, Ізтай да бізге ләм-мим демей, ештеңе болмағандай, жайраң қағып, алдындағы құйылған рюмканы біздің қолымыздағылармен соғыстырды да, өзі көтеріп қойды, – дейтін Айқын марқұм сүйсіне сөйлеп.
Ізтайдың намысшылдығы жоян еді!
Бірде Баламер мен Ізтай Жазушылар одағынан шығып, КазПИ-ге бір жиналысқа барады. Шығар ауызда гардеробтан плащтарын алып киініп жатқанда, Баламердің бір танысы жолығып амандасып, Ізтай жақты иегімен нұсқап:
– Мынауың кім? – дейді.
– Қатын болмасаң, қайта айтшы әлгі сөзіңді! Немене менің әкем сен бе едің, «мынауың» деп неге айтасың, кеңірдегіңді суырып қолыңа ұстатайын ба?! – деп таяй бергенде, анау жігіт тайқып шығыпты:
– Мен, мен... байқамай, байқамай!.. – депті.
– Е, бәсе! – депті Ізекең...
Ізтай орта мектепте де, университетте де бокспен шұғылданған екен. Шапаты дене бітімі түп-түгел шойыннан құйылғандай шып-шымыр еді. Қимылы қашанда шалт, көңіл-күйі қашан да шат. Менің көз алдымда әманда осындай өр, өжет, оңтайлы кейпінде тұрады.
Оның өлең жазғаны қызық еді. Ондай ұшқыр ақынды мен кездестірген емен... Кез келген тақырыпқа кез келген орында өлең тудыра алатын. «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында қызмет істеп жүріп осыған талай көзім жетті. Бір ғажабы ол кез келген газет-журналдың заказын орындай бермейтін...
Ізтай балаларға арнап талай дүние тудырды. Әрі солардың дені нағыз баланың дүниесі. «Пионерде» мен қызмет істеп жүргендегі өлеңдері өзіне басқа. «Балдырған» журнал болып ашылған жылдан бастап, Ізтай біздің бұйымтайымызды бір рет те тәрк етіп көрген емес-ті. Өзгелердің қолынан келмес-ау деген тақырыпты Мәмбетов өз оңтайына көндіргіш-ақ болатын. Мәселен, оның Отан соғысының даңқты батыры Бауыржан Момышұлы туралы октябряттарға арнап біздің бұйымтайымызбен жазған өлеңі қандай көркем, қандай тартымды! Мектеп шәкірттері жаттап, тақпақ қып сахнадан оқығанының талай рет куәсі да болдық; сол өлеңді әдейі келтірейін деп отырмын:
Менің көршім
Мен тұратын зәулім үй
Таңдандырды талайды.
Өткендердің бәрі ылғи,
Мақтанышпен қарайды.
Мұнда жұрқа әйгілі
Менің батыр көршім бар.
Жолықса да қай күні,
Жақсы көріп жөн сұрар.
Көршім аты – Бауыржан,
Қорғаны – ел бағы.
Қорықпайтын дауылдан,
Батыр болам мен-дағы.
Немесе «Тау-суы» деген сегіз-ақ жолдың бір шумағындағы суретке көз салайықшы:
Көктемді іліп алып,
Түседі тау басынан.
Күледі шығып алып,
Әр үйдің ауласынан.
Профессионал қазақ ақындарының ішінен алғашқы әрі әдемі санамақ жазғандардың бірі де – өзіміздің Ізтай.
Ізтай татарша жап-жатық сөйлейтін, татар көрсе үйіріле қалатын, татар кітабын оқығысы келіп құлшынып тұратын. Ол әсіресе, һади Тақташты ерекше ұнататын, өлеңдерін жатқа айтатын. «Нәни разбойник», «Сукин сын» атты өлеңдерін айтатын еді. Тақташтың бір томдығын Алматыдағы кітап дүкенінен ұшыратқанымызда қандай қуанып еді. Рухы ұқсастар оңай ұғысады демекші, Ізтай өлеңдерінде һади өрлігі мен асқақтығын аңдау қиынға соқпаса керек.
Елуінші жылдар басында еркелеп жүріп, мені «Мұзаға» деп кеткен Ізтай кейінірек татарша «Аби» (аға) дейтін болды.
Біздер үлкеніміз де, кішіміз де Мәмбетовті арқадан қаға «Ізаға» дейтінбіз.
Біз ғұмыр бойы ұқсасып-жарасып өттік. Мен бүгін арттағы алыс жылдарға ойша оралғанда тағдыр табыстырған Ізтайымның аруағына алғысымды бағыштаймын...
Мен оған талай өлең де жаздырдым. Орыс тілінен талай туындыны тәржімалатып та көрдім. Көзінше аударма жасап көзегенім де есімде. Алғыр жігіт аузыңнан шыққан пайдалы кеңесті қағып-ақ алатын. Біреуге үйретсең өзің де бірдеңе үйренесің демекші, мен інімді баулу мақсатымен бірнеше поэманы бірге аударысуға әдейі шақырып, тізе түйсітіре отырып, тәржімалап көрдік. Шота Руставелидің Николай Заболоцкий аударған «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасынан үзінділер. Зинаида Александрованың «Көйлек» дастанын Белоянниске арналған бір татар ақынының ұзақ балладасын, Ю.Яковлевтің Грузин гүлі жанындағы дастанын аударып бастырғанымыз ұмытылмайды. Рас, бұларды кейін екеуміз де әдеби активімізге қосқан жоқпыз. Бірақ солардың шығармашылық ілгерілеуімізге баспалдақ болғаны сөзсіз.
...Баспа студенттерге сеніп, классиктерді бере қоя ма?! Ол тұста тұңғыш кітабым («Қарағанды жырлары» – 1952) жарық көріп, әрі коллективтік жинақтарды аударуға белсене араласып жүрген маған зәуде бір дербес сыбаға тиіп қалатын. Осындай жолмен баспа маған Михаил Исаковскийдің өлеңдерін аударуды тапсырды. Мен ініммен бөлістім.
Ізтайдың жеке аударғандары да бірталай. Бір-екі өлеңді екеуміз қосылып та қазақшаладық. Мысалы, «Емен» деген өлең. 1980 жылы орыс поэзиясының антологиясы басылғанда, Мәмбетов тәржімалағандарының өзгеріссіз дерлік кіргізілуі көркемдіктің айғағы. Алайда, меніңше, Ізтайдың өз жинағы «Тұңғыш» кітап боп, қалың оқырман қауымға жетудің алдында оның ақындық қуатын әлеуметке танытқан бір топ еңбегі – Шандор Петефиден қазақшалағандары. Баспа венгр классигін аударуға менімен шарт жасасты. Ізтайға шүбәсіз сенгендіктен тең жартысын тізімдеп тұрып, аудар деп бердім. Ол шұғыл да өжет кірісті аудармаға. Менің пәтеріме аударғандарын күнде кешкіде алып келеді, маған оқиды, мен оған оқимын, түпнұсқамен салыстыра оқимыз, түзетеміз, түзетісеміз. Бірді-екілі өлеңді жарысып аударып көрдік. Олар Ш.Петефидің таңдамаларына да енді. Мәселен, «Қара бұлт».
Пушкиннін, мәселен, «Тілекті түгел тауыстым» дейтін өлеңін алғаш Ізтай қазақшалады, одан кейін талай ақын аударып та көрді. «Жұлдыз» журналы сол өлеңнін, қазақша аудармасына конкурс та жариялады. Мәмбетов аудармасының ала-бөтен озықтығына, өрнектілігіне көз жеткізу үшін автордың түпнұсқасымен Ізтай тәржімасын салыстырып оқыған ләзім:
Тілекті түгел тауыстым,
Арманнан бездім, түңілдім.
Азаппен үнсіз табыстым –
Сыйымен қуыс көңілдің...
Мінсіз өлең!
Мәмбетовтің Пушкин ғана емес, Лермонтовтың, Некрасов, Маяковский, Байрон, Гейне, Мицкевич, Брюсов, Блок, Бернстен, оның сыртында туысқан халықтардың үлкенді-кішілі ақындары шығармаларынан мәнерлеп аударғаны қаншама? Ендеше, Қазақ кеңес аудармашылары қатарында Ізтай Мәмбетовтің үлкен өрелі орны бар. Болашақ аудармашылар, байсалды еңбек етуге белсене кіріскен жас талапкерлер Ізтайдың өнегелі, өрнекті тәжірибесін аттап өте алмасы аян. Бұл салада да ол нағыз зергердің өзі еді!
Әрбір шынайы ақын артынан ілескен ұрпаққа – жас қаламгерге жақсы ұстаз, тәлімгер. Талантты ақын Ізтай Мәмбетовтен тәжірибе ауысып, тағлым алғандар шындап санасақ, біраз сап құрары да қалтқысыз шындық. Құрбылары «Қара ұста» деп те атаған Ізтайды сонау алпысыншы жылдар қапталдап жүретін қара балалардың бірсыпырасы, қазақ қаламгерлері қатарына қосылып, өздері аға атанып та үлгерді... Тың толқындар алмасып өрге ұмтылды. Соған шүкір ана!
***
Шапаты бойлы шынайы ақын екі көзінен ұшқын атып, енді ғана мінбеге көтеріліп, өзінің жалынды өлеңдерін оқи жөнелетіндей. Өйткені, Ізтай ақын өз ортамызда!
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ.
1992 жыл.
qazaquni.kz