ЖЕТІСУДЫҢ ЖЕЛМАЯ АҚЫНДАРЫ

ЖЕТІСУДЫҢ ЖЕЛМАЯ АҚЫНДАРЫ

(ҮМБЕТӘЛІ МЕН НҰРИЛАНЫҢ АЙТЫСЫНА 100 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ)

Қазақ ауыз әдебиетінде айтыс өнерінің алатын орны ерекше. Кең байтақ қазақ даласын домбыраның қоңыр үнімен күмбірлетіп, нелер бір жыр-дастан, терме, толғауларды айтып, ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп табыстаған бабаларымыздың асыл сөздері әлі күнге дейін баға жетпес рухани байлығымыз болып келеді.

Айтыстың да түр-түрі бар. Дәстүрлі айтыс, мысал айтыс, қайым айтыс т.б. Солардың ішінде халық арасында көп тарағаны - «Қыз бен жігіт айтысы». Кешегі өткен Біржан мен Сараның айтысы, Жамбыл мен Айкүмістің айтысы сөз өнерінің асыл қазыналары болып саналады. Осы айтыстардың ішінде 1921 жылы болып өткен Үмбетәлі мен Нұриланың айтысы, Жетісу өңірінен жалпы қазақ поэзиясына қосылған ерекше, тарихи айтыстың бірі болып табылады.

Көнекөз қариялардың әңгімесінен, кейінгі көз көрген Халық ақыны, Үмбетәлінің шәкірті Әсімхан Қосбасаровтың айтуынша, аталған айтыс қазіргі Жамбыл ауданы бұрынғы «Станция Ұзынағаш», қазіргі Қазыбек би бекетінде өткен деп топшылауға болады. Өйткені көптен бала сүймеген Ысмайылдың Қасымы Шапырашты, Әжіке елінен шыққан Қанайдың інісі саналады. Ал Қазыбек би бекеті Әжікелердің бұрыннан ата қонысы екені белгілі. Халық ақыны Әсімхан Қосбасаровтың да айтуы соған сәйкес келеді. Сонымен Қасым ұлды болып той жасайды. Қайным ұлды болды деп Қанай сол кездегі қоғам қайраткері Жұбаныш Бәрібаевты ерте барады. Той болған соң ат шауып, ән-жыр айтылып, аузымен құс тістеген ақындар ортаға өз өнерлерін салады. Бір-бірімен сөз сайыстыра келе ақындардың ішінен Зинәділ тұрып Үмбетәліге «Ей, Үмбет біздің елде Нұрила атты ақын қатын бар»,ол келсе сен жеңілесің деген уәжін айтады. Сонымен тойға жиналған көпшілік ақылдаса келе бір күндік жерден Нүрилә ақынды алдыру керек деп шешеді. Сол кездің есебі бойынша қазіргі Қарасай ауданы, Іргелі ауылында тұратын Нүрилә атпен жүрсе, той өтіп жатқан қазіргі Қазыбек бекетіне бір күн жол жүреді деп топшылауға болады. Көпшіліктің сөзін құптай келе Жұбаныш Бәрібаев Табылтай мен Иманбай деген екі болысты Лауға ат мінгізіп, хат жазып Нұриланы алдырады.

Жұбаныш Нұрилаға қағаз жазды,

Білсін деп замандасым айтқан назды.

Ішінде екі сағат келсін деді,

Көруге құштар болып өнерпазды.

Сөйтіп қазіргі Қарасай ауданы, Іргелі елді мекенінен Нұриланы алдыртады. Қарасай ауданы Іргелі ауылынан, Жамбыл ауданы Ұзынағаш бекетіне атты адам шамамен бір күн жүреді. Нүрилә ә дегеннен айтысқа баруға келіспейді. Өйткені жаңа босанып отырған жас сәбилі келіншек. Десе де келушілер қиылып қоймағаннан соң әрі Жұбаныш Бәрібаевтың қызыметімен беделін

сыйлап, күйеуінен рұқсат алып айтысқа келеді. Күйеуі іштей реніш білдіріп тұрсада жіберуге мәжбүр болады.

Нұрила келе сала тойға жиналған зиялы қауым, ақын жыршылармен өлеңдетіп амандасады. Арасында арнайы шақыртқан соң амалсыз келіп тұрмын, әйтпесе босанғаныма үш күн болды, үйде құндақтаулы балам қалды дегенді де ескерте кетеді.

Аман ба, Бәрібаев, Қанай төре

Бұл тойда бас қосыпсың талай төре,– дей келе тойға жиналған Жамбыл, Әпежек, Бармақ, Арғынбай, Үмбетәлі, Мақыш, Кенен, Зинәділ, Шүкітай, Байбурыл, Оспан, Саяділ ақындармен жеке-жеке амандасып, менімен айтысуға қайсысың барсың дегендей сыңай танытады. Ақындардың дені Нұриламен айтысуға беттемей, сытылып шыға береді. Сөз кезегі Кененге келгенде Кенен «Бұл тойда әнші басқа, ақын басқа» – мен ақын емес әнші едім дегендей

Ал, Үмбет аламысың, келді кезек,

Домбырам жұлқынады сені кезеп.

Қиынға қия шапқан өзің едің,

Адырға алдырмайтын бойды тежеп – деп сөзді Үмбетәліге тастайды. Осы сәтті тұғырда отырған қырандай Үмбетәлі қағып алып

Үмбетке кім бермейді қолын жайса,

Ер жігіт қор болады серттен тайса.

Бұл сөзге мақтан желік қосқан бар ма?

Соғып-ап кетпеймін бе, Сүйінбайша – деп Сүйінбай піріне сүйеніп, айтыстың қызған отына түсіп кетеді.

Жалпы Үмбетәлінің көптеген айтыстарынан біз Сүйінбай, Жамбылды пір тұтып айтатынын байқаймыз. Осы орайда Үмбетәлі ақын атақты Сүйінбайды өзінің ұстазы санаса ал Жамбылды сол Сүйінбайдың жыр жалғасы, ұстаздардың ұстазы дегендей теңеулерді көп келтіреді. Бұл жерден біз қазақ ауыз әдебиетінің айтыс өнеріндегі ұрпақ жалғастығын, өзінен үлкен ақындарға деген құрметті көреміз. Нұрила да оңай олжа емес, Үмбетәлі де аузымен құс тістеген жүйріктің бірі. Екеуі сөзбен арыстанша алысып, жолбарысша жұлысып бір-біріне дес бермей, ұзақ айтысады. Айтысты оқыған адам нелер бір сөз маржанынан әсер алып, айызы қанады. Нағыз қыз бен жігіттің айтысының ерен үлгісі. Қыза-қыза келе екеуі бір біріне ауыр сөздер де айтады. Бірақ артынан әдемі теңеу, әзіл сөздермен жуып-шайып отырады. Елдің айызын қандырған айтысты Жамбыл тоқтау сөз айтып төрелігін береді.

Үмбетәліге шашасына шаң жұқтырмайтын жорға едің, аңдаусыз сөйлеп, қапы кеттің, Нұрила басымырақ болды дегенді айтады. Бұл жерде біз ауылдағы көне көз қариялардың айтуынан және Үмбетәлінің қыздары Зейнеп пен Дәмегүлдің өз әкелерінің ауызынан естіген осы айтыс жайлы сөздерін мысалға келтіре кеткенді жөн көрдік. Бұл жердегі Жамбылдың Үмбетәліге аңдаусыз сөйлеп, қапы кеттің дегені. Үмбетәлінің қарындасы Алтынайдың тағдыры жайлы әңгіме болса керек. Нұрила Үмбетәліге қарындасың күйеуден шығып үйіңде отыр дегенді бетіне басады. Ал Үмбетәлі болса,

қарындасын өз теңін тауып бақуатты тұрмыс сүріп жатыр деп дес бермейді. Негізінде Алтынайдың тұрмыстан ажырап кеткендігі рас еді. Бірақ екінші қайтара тұрмыс құрып, тату тәтті өмір сүріп жатқандығы да елге аян болатын дейді ақынның қыздары. Қанша дегенменен сол кездің тәртібі бойынша күйеуден ажырап келген әйел қашанда өз туыстарына жағымсыз болған. Нұрила Үмбетәлінің осы бір осал тұсын дөп басқандай. Ал енді осы сәтті пайдалана отырып Алтынай апамыздың кейінгі тұрмысы өте жақсы болып, артынан ұл болмаса да Күпән атты қыз қалғаны сол Үмбетәлінің ұрпақтары бізге аян. Күпән апамызбен және оның ұрпақтарымен әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Апамыз о дүниелік болған. Ал ол кісінің ұл-қыздары қазіргі Қарасай ауданы Еңбекші ауылында тұрады.

1921 жыл Кеңес өкіметінің жаңа орнап жатқан кезі, әйел теңдігі қолға алынған кез. Соған қарағанда осы айтысты айтушы болып саналатын Саяділ Керімбеков Үмбетәлі жеңілді дегенді өз ойынан құрастыруы мүмкін. Ал көнекөздердің аузынан біз естіген әңгімеде Үмбетәлі «Нұрила өте адуынды ақын екен, әрең тоқтаттым». Айтыс соңында маған ат мінгізіп, Нұрилаға көйлектік мата сыйлады деп айтады. Сол айтыстың соңынан Жамбыл Үмбетәліге де Нұрилағада ризашылығын білдіріп, бірақ Нұриланың басым түскенін айтып батасын береді. Бірақ жеңілген Үмбетәліге ат мінгізіп, жеңген Нұрилаға мата сыйлау логикаға да келіңкіремейді. Ал Саяділ Керімбековтың айтуынша Жұбаныш Бәрібаев Нұрилаға мың теңге ақша беріп шығарып салды дейді. Осы айтыстың біздің музейдің қорында сақталған үш нұсқасын талдай келе біз көпшілікке Саяділ Керімбековтың айтқан нұсқасын ұсынуды жөн көрдік. Өйткені айтыстың осы нұсқасы

айтушының сөзімен өте түсінікті, құлаққа жағымды етіп жазылған. Ал енді Саяділ Керімбековтың сол айтысты өз көзімен көріп, құлағымен естігені ептеп күмән тудырады. Нұриланың айтысқа келіп барлық ақындарға аттарын атап сәлем бергендігі белгілі. Бірақ сол ақындардың ішінен Саяділге қаратып айтылған бір ауыз сөз жоқ. Бірақ Саяділ Керімбековтың нұсқасында. Саяділ өзін оқиғаны баяндаушы етіп көрсеткен. Тағыда кезінде көзі тірі Үмбетәлінің қызы Зейнеп ападан естігенімізді айтсақ. Әкем Үмбетәліге Каскеленнен Саяділ ақын жиі келіп тұратын. Ол кісіге өз қолыммен талай шай беріп, құрмет көрсеткенмін. Саяділ ақын өте тез қимылдайтын, шалт мінезді, әсіресе өлең айтқанда бір орнында отыра алмайтын адам еді дейді. Үмбетәлінің талай айтыстарын, өлеңдерін жазып алып отырғанын өз көзіммен көргенмін дейді. Осыған қарағанда Саяділ ақын Үмбетәлі мен Нұриланың айтысын өзінше көркейтіп өз ойынан сөз қосуы мүмкін. Десе де айтыстың негізгі желісі, нұсқасы ондағы адам аттары аса өзгермеген. Өзін тек қана айтушы ретінде көрсеткен. Сонымен айтыс бітіп, той тарқайды. Соңынан Нұрила үйіне жетіп қатты науқастанып, көп ұзамай қайтыс болып кетеді. Өлер алдында:

Бәрінен Үмбетәлі басым екен,

Таласып ат құлағы жарысқандай.

Ішіме түйнектей боп түйілгені,

Сол жерде содан кесел жабысқандай – деп, өкінішін айтып, о,дүниелік болады.

Жалпы Үмбетәлі мен Нұриланың айтысының музей қорында Райыс Кереев, Саяділ Керімбеков және аты-жөні белгісіз адамның жазып қалдырған үш түрлі нұсқасы сақталған. Райыс Кереев пен аты-жөні белгісіз адамның нұсқасында ешбір айтушысыз, баяндаушысыз айтыс бірден басталып кетеді де, соңынан Жамбыл айтысты тоқтатып, төрелігін айтады. Ал Саяділ Керімбековтің нұсқасында айтыстың тарихы ондағы адамдар аттары айтушының сөзімен баяндалып отырып, соңынан Үмбетәлі мен Нұриланың жеке айтысына ұласады. Соған қарағанда Саяділ Керімбеков осы айтысты жоғарыда біздің анамыз Зейнеп айтқандай тәптіштеп Үмбетәлінің өз аузынан жазып алған болуы керек. Бірақ Нұрила сол жердегі ақындардың бәрінің аттарын атап, Саяділді атамайды. Бұл да бір жұмбақ. Десе де осы айтыстың үш нұсқасының ішіндегі ең көрнекті, әрі халыққа түсінікті етіп баяндалатыны Саяділ Керімбековтың нұсқасы. Тағы бір айта кетерлігі осыдан біраз жыл бұрын Нұрила мен он бір ақынның айтысы деген күй табақ шыққан, және Күлімхан Жәйшібекованың «Нұрила Әбенқызы» деген шағын ктапшасы жарық көрген. Онда да Нұрила мен он бір ақынның айтысы дегендей айтылады. Бірақ сол тойға қатысқан ақындардың барлығы Үмбетәліден басқасы Нұриламен айтыспай, сырғып кетіп отырады. Сол себептен бұдан былай тарихта ойып тұрып орын алған бұл айтысқа Үмбетәлі мен Нұриланың айтысы деген өз атауын берген дұрыс шығар. Аталған айтыс өте ұзақ болғандықтан біз мақаламызда айтыстың толық нұсқасын бере алмағанымызды ескертеміз.

Әуелбек ИСКАКОВ,

Қ.Р. «Үздік өлкетанушысы»

Айтыс ақындарының Халықаралық

одағының мүшесі. Ү.Кәрібаев

әдеби-мемориалды музейінің

меңгерушісі