Найзағайлы қарабұлт
2021 ж. 19 қазан
2695
0
Өлеңі өртке тиген дауылдай Қасым Аманжолов туралы бүгінге дейін аз жазылған жоқ. Роман да бар, көлемді естеліктер, ақын шығармашылығы туралы ғылыми-зерттеу де мол. Тіпті, талайдан бері республикалық әдеби-қоғамдық «Қасым» аталатын қалың журнал шығады.
Осынау көп еңбектің арасынан шалқар шайыр Сырбай Мәуленовтің эссе циклі әрдайым сонадайдан жарқырап, биік көрінетін болар. Өр мінезді Қасым ақынның соңынан еріп, бірталай жыл іні-дос, қаттанаттас бауыр бола білген Сырбайдың шабыттана толғайтын естеліктер сериясы қалың оқырманға олжа екені анық. Бұл жолы көпшілік назарына сол дүниенің бір үзігі ұсынылып отыр.
Қасым ортамыздан кеткелі ондаған жылдың жүзі аударылыпты. Бірақ Қасым тарих болып архив тозаңында калған жоқ. Маяковский айтқандай, «тірілермен тірілерше сөйлесіп», халықпен бірге қадам басты.
Оның жалынды жырлары жыл сайын жаңа бір қырларынан көрініп, жаңарып, жаңғырығып отырды. Жаңа жас жырлардың өркенін жайып, желкілдеп өсуіне шапағатшылардың бірі болды. Өзі айтқандай, жыл сайын жанашыр жаңа достарды тапты. Бейтаныс ұрпақтармен от қанатты, уытты жырларының арқасында жүзі жарқын болып, күле амандасты. Жас ұрпақ Қасым жырымен толқыды. Ақын даңқы бұл жылдары биіктеп, жұртшылықтың жүрегіне терең дарып, ойында өшпестей орнығып алды.
Ол өз халқының, өз даласының мерейін үстем етіп, абыройын арттырған ардагер азамат, аяулы ақын еді. Мен бұдан үш-төрт жыл бұрын Бурабай көлінің кемерінде тұрдым. Күн ашық еді. Көл мөлдіреп тұнып жатты. Оқжетпеске қадалдым, бірақ ұшар басына көзім жетпеді. Енді бір сәт көлге қарасам, Оқжетпестің төбесі жапырақтай жалбырап көл түбінде жатыр екен. Алыс аспан да ойлы-қырлы бұлттарымен көл түбінен айқын көрінеді. Қырқалардағы қалың қарағайлар да су бетінде қалқиды. Енді маған алыс аспанға, Оқжетпеске, ну қарағайға көз жүгіртудің қажеті болмай қалды. Бәрі көл түбінде тұнып тұр. Қасымның жыр кітаптары да сол секілді, оның ішінен оқушы сыр шертіп, сұлу күйлер төгіп жатқан өзендерді, ой толқытатын жасыл қанат ормандарды табады. Ақын талантының жұмбақ жаһанды қас-қағымда қапсырып тұрғанына қайран қалады.
Қасым бала мінезді екенін айтқанбыз. Кейде ол ашық күн секілді, кейде ол көкірегінде бұлты бар секілді еді. Кейде ол жұмбақ аспанның тұңғиық әлеміне сүңгігендей, терезеге телміріп қалып, айнала қоршаған дүниені ұмытып кететін. Ақын ондай шақтарында ой толқынын қуып, жыр жолдарын барлап отырғандай болатын. Әлден уақытта талдырмаш денесіне құпия сырлар құйылғандай, өткір көздерінде от ұшқыны ойнайтын. Сол көздері ақын сырлы домбыраны қолға алып, сым пернелерді басатын. Бұл ақынның тебірене толқып, жыр пегасының жалынан тартып мінетін сәттері еді.
– Өмір деген – бір өзен ғой. Адам сол өмір теңізінде домалап бара жатқан тас секілді. Толқын қақпақылынан жағаға жеткенше, күндер өте береді. Жазатын жақсы жылдарымды сұрапыл соғыс алып кетті. Енді бір сілкініп алмаса болатын емес, – деп бір күрсініп қоятын.
Қасым достыққа сын көзімен қарайтын, тек қана риясыз достықты сүйетін. Қасымның көп сынынан өтіп, көңілінен шыққандардың бірі – Ғабдол Сланов еді.
Жапырағын дауыл шайқаған жаралы Брянск орманы. Қанды майданның қарақұс қанатындай қап-қараңғы түні. Со бір кезде қуаныштың құсындай почтальон жетіп келіп, орман ортасында ойдың отын жағып отырған албырт ақынға хат әкеліп ұсынады. Бұл Қасымның жан жолдастарының бірі – жазушы Ғабдол Слановтың хаты еді. Ақын ай жарығында отырып, жолдасына жауап қайтарады:
Ғабдолым, алдым хатыңды,
Жарқ етті кеште бір бақыт.
Сенің от махаббатыңды
Шырақ еттім бейуақыт! –деген найзағайдай ұшқынды, дауылдай буырқанған уытты жолдар ақын қаламынан осылай сорғалап жатты...
Қасым ақын соғысты аяқтап, туған елге оралды. Оның қаламы от ішінде суарылды.
Қасымды өмір онша көп еркелете қойған жоқ. Дауылға тиген өрттей өр мінезді Қасым қатал тағдырмен қарсыласа, қасарыса өсті.
Арпалыс ала құйын заманалар
Арбасып тұрып алды,
мен не етемін, –
деген өлең жолдарымен өз өмірінің көп жайларын аңғартып өткендей.
Қасымның ең үлкен қасиеті – ол жалған айтып жалтармайтын, өмірде де, өлеңде де шыншыл болатын.
Сол шыншылдығы оны жылдар сынынан жоғары алып шықты. Қасым шындықтың қараңғы аспанды найзағайдай қақ жарып, мерейі үстем болып, жарқылдап шығатынын көрсетті.
Қасым өмірдің өз жаршысы болды. Шындық сырларымен әркімнің көкейкесті ойларын дәл басатын дәрежеге жетті. Оған сол үшін де табиғат бұлбұл көмей, сұңқар дауыс, сергек сезім сыйлап еді. Оның қаршыға сияқты кияпаты алысқа, биікке ұшу үшін жаралған сияқты еді.
Мынау аспан, ай,
жұлдыздар тұрғанда,
Қасым оты еш
уақытта сөнбейді.
Жалынын ол бөліп
беріп жылдарға,
Тек Қасымша алға
құлаш сермейді.
Советтік елдің жалынды жаршысы, коммунист ақын Қасым Аманжоловтың асыл бейнесі қазақ өлеңінің аспанында айқын нұрымен жарқырай береді. Бұл нұрға келешек ұрпақтар қуана да, қызыға да қарайтын болады.
Қасыммен «Қызыл әскер» газетінде бірге істеген Сары Қазыбеков оның журналистік қабілетіне таң қалар еді:
– Қасым мақалаларды ә дегенше опыр-топырын шығарып қорытып тастаушы еді. Әрі шапшаң, әрі материалды ұйымдастырғыш. Шіркін, Қасымның жазуы қандай сұлу еді. Қасым жазған материалдарды баспахана сол күйінде-ақ тере беретін. Оның алдында редакцияға түскен хат жатып көрген емес, – дейді. Біз ойланып қаламыз...
Өзі бұрын ептеп өлең жазып, кейін қойып кеткен Сары Қазыбеков осы әңгімесін айтқанда иығын көтеріп, ерекше арқаланып, бір жерде орнығып отыра алмай, біресе тұрып кетіп, біресе отыра қалып, көздері қызыл ұшқын шашатын.
Қасымдай ақ көңіл адам болмас. Өзі емес, өзге үшін жанып тұрады. Болмасын демейді, болсын дейді. Шындық үшін шыңырауға түсуге даяр. Ол өзінің әділ екенін білсе, кімнің алдында болсын тайынбай сөйлейтін. Қасымның төңірегінде өзі сияқты жастар қаптап жүретін. Тіпті студент балалардың өзі Қасымға үйір еді.
Қасымның бірінші жинағы «Өмір сыры» деген атпенен соғыстан бұрын шықты. Сол ең алғашқы өлеңдер жинағынан бастап, соңғы өлең-дастандарына дейін, шынында да, өмірдің сыры еді. Ол тебіреніп тулаған жүректің, еңбек адамына деген шексіз-шетсіз құрмет сезімінің сыры еді. Ол ақын алдына заман қойған күрделі сауалдарға жауап іздеп, күнді күнге, түнді түнге ұрған асау жанның сыры еді.
Ақын елге, жерге, жарға, балаға деген сырын бар жанын ашып тастап, кеудесін барлық желге тосып, бар дауыспен жар сала айтты.
Қасым өз сырын жеріне жеткізе, шыңына шығара, тұңғиық түбін қопара айтты. Ол елге:
О, дариға, алтын бесік –
туған жер,
Қадіріңді келсем білмей,
кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда
тебіренбей,
Ақын болмай тасың болсам
мен егер, –
деп сыр шертті. Ақын үшін туған жердің топырағы да, жапырағы да, өзені де, көлі де, бұлты да сөйлей жөнелетін. Сондықтан да:
Жалт қарайды тас маған, –
деп тастың өзіне де сыр шертетін. Бұлттардан өрттің жалынын көретін, өзендерден сырнайдың үнін еститін, ормандардан ойдың ізін аңғаратын.
– Төгіліп иығыңа
қара шашың,
Ақ сәуле, аспанда
аймен таласасың, –
деп сүйген жарға сыр шертетін. Мұнда да өзінің жүрегінің лүпілін өршіл романтикамен жеткізуге тырысатын.
– Сүйген жар махаббат пен сұлулықтың тәңірісі Афродита секілді ғой. Ол теңіздің үлбіреген көбігінен, аспанның мөлдіреген сәулесінен, жасыл қанат жапырақтардың дірілінен жаралады ғой, – деп отыратын.
Қасым махаббат жөнінде көп өлең жазды. Соның бәрінде де біз Қасымның махаббатты періште санап, әр уақыт әулие тұтатынын көреміз. Міне, бұл да ақын жанының тазалығын, адалдығын айнытпай танытса керек.
Жалықтырмас жәрмеңкем,
Жайдары жаз ақ еркем.
Көп түсірген ой маған,
Алтын оттай ойнаған, – деп баласына сыр шертеді. Оны «қуаныштың арнасы, өмірімнің жалғасы» деп айрықша ардақтайды. Міне, ақынның осы лебізі де жүрегі аспандай ашық, сезімі судай тұнық әкелердің айтатын сыры. Бұлардың бәрі жалғыз ақынның емес, барша жұрттың сырын баяндайды.
Қасым мейлінше турашыл-ды. Сондықтан да кейбіреулерге ұнамай қалатын. Сондықтан да Қасымға дос болу қиын еді. Ол досты мыңдардың, жүздердің ішінен саралап алар еді. Қасым:
– Дүние жүзінде адам толып жатыр. Бірақ соның барлығымен дос бола кетуге болмайды ғой. Адаммен адам дос болу үшін жүрегінің сыры, барлық қыры бір туысқандай, бөлшектелмей, тұтасып жатуы керек. Бірін-бірі түсіне білуі керек. Ал бірін-бірі түсінбеген жерде қандай достық жарастық тауып жанаса қалады? – дейтін.
Қасымның бітпей қалған бір өлеңінен біз осы пікірінің өлеңге түскен жарық шұғыласын таптық:
Ұсынамын достықты,
Болған соң адам баласы.
Осы бір ойым бос шықты,
Жанымда қалды жарасы...
Жеңісім менің жарқ етсе,
Келеді дос боп ант беріп.
Бір жерімнен қалт кетсе,
Кетеді шіркін жалт беріп...
Қасым ақынның достық жөніндегі критерийі, міне, осындай. Басыңа бұлт төнгенде жалт берсе, оның несі достық? Жалған достық, жәдігөй сөз, өтірік күлкі, екі жүзді сұрқиялық – жауыздықтың нағыз озбыр ошағы. Сондықтан да ақын талай тар кезеңдерді басынан бірге кешірген адал адамдарды өзіне дос етіп алды.
Поэзия Аманжоловтың жанының, еркінің, ақылының стихиясы еді. Ол аз жасады. Бірақ аз жасағанмен, көп жасағандардың кейбірінің қолынан келмейтіндей мол мұра қалдырды. Ол үрдіс талант, жомарт жүрек, үздік шебер атанды. Өзінің дарынын, өзі айтқандай, «оңды-солды» мол шашты. Артына алуан жанрдағы аудармаларын қоса есептегенде жүз баспа табаққа жуық еңбек қалдырды. Мұның барлығының көркемдік құнының жоғары екенін ең әділ сыншы – уақыттың өзі әрдайым алға тосып келеді.
Осы кезде бізде кейбір ақындар, «саяси науқандарға өлең жазу қиын» деп, мерекелік өлеңдерден ат тондарын ала қашатын болып жүр. Ал Қасым Аманжоловтың саяси тақырыптарда жазған өлеңдерінің қай-қайсысын алып карасаңыз да, көңіл күйінің лирикаларынан олқы түсіп жатқан жоқ. Қайта оның саяси лирикаларының үні асқақ, сөзі мірдің оғындай дәл, айшығы айқын, қуаты құдіретті болып, оқушыны әрбір жолы жетектей жөнеледі.
Қазақстан коммунистерінің бір съезінің алдында Қасым Аманжолов «Коммунист» деген өлең жазды. Сол өлеңде ол коммунистің образын аз ғана жолдарменен сомдап соқты:
Жігіт ол жақсылыққа
жаны құштар,
Бойында бұрқыраған тасқын
күш бар.
Ойында бүкіл дүние сәулелері,
Көз нұрын алдай алмас
құбылыстар...
Міне, осы шумақтың өзінде коммунистің биік бейнесі жасалған емес пе?! Бұл образ интонацияның адалдығымен, шындықты тікелей тура тұжырымдап түюімен жанды желпіп тұр. Ақын бұл өлеңінде де уақыт алдында, замандас алдында, өзінің алдында адал сырын айқара ашып тастайды.
Қасым Лермонтовтың поэзиясының отынан жалын алса, Маяковскийдің революциялық марштарының ырғағынан арын алды. Ол Лермонтовтың ерлігін, долы жанының тулап жатқан толқынын сүйсе, Маяковскийдің күндей күркіреген даусын, жанартаудай жарылып жатқан өлең екпінін қасиет тұтты.
Қасым Аманжоловтың творчествосы – қазақ совет әдебиетінің даму сатысындағы үлкен бір белес. Бұл – биіктемесе, аласармайтын қасиетті белес. Бұл белес – өр қиялдың, жомарт жанның, жарыққа, күнге, махаббатқа құштарлықтың белесі.
Қасым лирикасы кейде қатал, кейде нәзік, кейде мұңлы, кейде шат өз мінезіндей. Оның өз мінезі өлеңінде жатады. Батыл, өткір сөздерді Қасым айтты десе, оқушы сенеді. Ал кейбір ақынның кемшілігі – өлеңінде мінез болмайды. Ірі мінез болмаса, сырдаң, сұрқай, ығыр ұйқас, сылдыр жолдар, жансыз сұлба.
Қасым өмірде де, өлеңде де шыншыл еді.
– Өрлеп өмір биігіне шығып барып, жан-жаққа қарап, алды-артты барлап, ойы-қырын көріп, дүниенің мәңгілік қозғалысын жүрекпен сезіп, ертеңгісін көзге елестетіп жазған өлең ғана өмірлік болады, – деуші еді.
Қасым өлеңдерінде нәзік лирикамен бірге, өткір сатира, сарказмдар да бар.
– Табаны терлейтін мысық сияқты, әркімнің қолын жарамсақсып алып, алақаны су-су болып жүретін сұғанақтар болады. Олар нағыз мысық тілеулі жымсықтар, – дейтін еді Қасым. Сондықтан да оның қаламынан:
Жолдастың жүзін қайта
алдым жинап,
Айрылсам ала көңіл
он досымнан, –
секілді мірдің оғындай
жолдар ұшты.
Қасым – шебер аудармашы да. Ол: «Аударма деген – екі адамды бір таудың қос шыңындай, бір көлдің екі жағасындай, бір еменнің егіз бұтағындай бір-бірімен туыстыратын алтын көпір», – деп отыратын.
Қасым аударма жасарда түпнұсқаның бүкіл жаратылысын жан-жақты барлап, бай образды, терең сезімді ойына тоқып, оның ауасын жұтып, қан тамырының лүпілімен бірге соғатын. Ол шығарманың қалай, қандай жағдайда туғанын, әрбір ой астарын, сөз құпияларын терең зерттейтін. Шүбәсі болған жерлерді басқалардан сұрап, әбден байыбына жеткенше байыз таппайтын. Ғабит Мүсірепов Лермонтовтың «Маскарадын» аудару үстінде Қасымның талай рет ақыл-кеңес сұрағанын, алған жұмысына атүсті қарамай, мол дайындықпен баратынын ризалық көңілмен айтады. Қасым аудармада туындымен тұтаса тірлік кешіп, түпнұсқаға нұқсан келтірмей, автордың ерекшелігін ережедей сақтауға ақындық дарынын жұмсайтын.
Пушкиннің «Қысқы кешін» аударып болғаннан кейін де оны жариялауға асыққан жоқ. «Қысқы кештің» әні мен сөзін домбырада, скрипкада, сырнайда қайта-қайта орындап, өлеңнің ұйқас-ырғағын, өлшемін, әуенділігін, дыбыс сазын барынша тексергенін мен жақсы білемін. Музыкалық аспаптардың бәрінде еркін ойнайтын Қасым аударып отырған өлеңінің ырғағына, музыкасына көп көңіл бөлуші еді.
Қасым аударманы өзінің төл туындысындай көретін. Сондықтан да ол өзі ұнатқан дүниелерді іріктеп, оған кәсіп деп қарамай, шабытты шақтарының үлесін бөлетін. Аудармадан ләззат алатын. Тарастан аударған «Өтеді күндер, өтеді түндер», Пушкиннен аударған «Қысқы кеш», Лермонтовтан аударған «Тамара», Низамиден аударған «Мәжнүн мен Ләйлінің хаттары» поэзия аудармасы саласындағы классикалық үлгі деп, баспасөз бетінде лайықты бағасын алғаны баршаға мәлім.
Кемеліне келген шебер ақын Қасым өлеңді еркін ойната білсе де, оның сынын бұзып, сырын кетіруге барған жоқ. Ол жолды әдейі сындырып, шашып-төгіп, не болмаса поэзияны прозаға жақындатамын деп ырғақ, ұйқастарды белден басып, жалаң мода қуған жоқ. Ол мода сөз болғанда:
– Баяғыда футиристер Пушкинді поэзия кораблінен лақтырмақшы болды, ақырында олар өздерінің қайда қалғанын білмеді. Пушкин уақытқа дес бермей, поэзия кораблін өзі жүргізіп, әдебиеттің айдынды мұхитында жүзді, – дейтін.
Қасым – ақындығымен бірге дарынды композитор. Оның әндері кейінгі кездері көпшілікке кеңінен тарап, сауық кештерінің, мерекелі тойлардың сәні болды. Қасымның «Дариға», «Туған жер», «Өзім туралы» әндерін қазір бүкіл Қазақ елі айтады. Ақын әндерінің романтикалық, лирикалық ағысы өзінің өрлігімен, өзінің лирикалық нәзік сазымен тыңдаушыларды жарқын жағалауларға жетектейді.
Қасым Аманжоловтың қайтыс болғанына талай жылдар өтсе де, оның өлеңдері көнермей, бар қуатымен, барлық болмысымен халыққа қызмет етіп келеді. Ақынның азаматтық даусы жарқын естіледі. Қасымның бейбітшілік туралы өлеңдері дәл бүгін жазылғандай. Дүние жауларына байсалды қалыппен, батырға біткен сабырлылықпен жауап береді:
Залында болғаным жоқ
«Ақсарайдың»,
Сондықтан құр даурығып,
қақсамаймын.
Аз сөйлеп, көп істейтін
адамдармыз,
Бойыма былшыл сөзді
дақ санаймын.
Болмаса:
Дүние сыймас бомбаға,
Атом деп айқай салғанмен.
Дұшпанның жолы болды ма,
Аяқтан талай шалғанмен?! – деген жолдар арам ниетті соғысқұмарларды әшкерелеп, оларға сілейте соққы береді.
Қасым туған елін, туған жерін жанындай сүйетін патриот ақын еді.
Туған ел, бұл дүниеде
сен болмасаң,
Өзімді отқа атар ем әлдеқашан.
Сен деген қасиетті
бір махаббат,
Жүр сақтап, көкірегіме
жуытпай шаң.
Жүрегін жалау, тілегін алау етіп жазған жолдар емес пе бұл! Қасым алтын бесігі – Қарағанды өлкесін көп аралады. Кемерінен кейін шегінген көлді, су сұраған шөлді көргенде, жүзі сұр даладай қуқыл тартып, жаны сортаңда өскен сораңдай желмен дірілдейді. «Бетпақ дала» деген өлеңінде:
Басқа жанға өзінен
Сыр ашып, тіл қатпаған.
Жылайын десе, көзінен
Бір тамшы жас ақпаған.
Болушы еді қаралы,
Талансыз сорлы бір ана.
Жүрегі шерлі, жаралы,
Арман болып бір бала...
Сол бір ана сықылды
Бедірейген бетпақ шөл
Бүгінгі күні ұл туды,
Бетпақ шөлді басты сел, –дейді. Соғыстан бұрын жазылған, бетпақ шөлді ана бейнесінде бедерлеген осы өлеңнің бойы бүгін де биік тұр. Бай, байтақ даланың келешегі жаңбырдан соң жас ауамен жаңғырып, жарыққа ұмтылған өсімдіктей өркен жаятынын ақын көзі алыстан көріп, көркін көкірегіне қондырады. Қасымның туған Қарағандысында Қазақстан магниткасы орнады, асыл болат айналаға жарық шашты, жасанды теңіз жарқырады. Қасым «Қарағанды» деген өлеңінде:
Ол жердің тоңы алтын,
түгі торқа,
Қанша алсаң, қазынасы
түспес орта, –
деп, қасиетті Қарағанды жерінің қазынасын өлең жолдарына қосады. Ал «Ақын мен шахтер» атты өлеңінде шахтердің аузына мынадай сөздерді салады:
Сырты жарқын,
Іші салқын,
Койсаңшы құр сызуды,
Тоңба өзің,
Болсын сөзің
Тас көмірдей қызулы.
Бұл жерде Аманжолов сөз кенін қазудың ауыр азабын, жылусыз, нәрсіз, салқын сөздердің жұрт жүрегіне дарымайтынын ашықтан-ашық айтып отыр.
Бұл күндері Қасым тірі болса, оның жасы жетпіске келер еді. Бірақ біздің көз алдымызда жетпістегі Қасым емес, жалындаған жас Қасым бейнесі тұр. Жазушы жасы жылдармен есептелмейді. Оның елге берген еңбегімен өлшенеді. Жас Қасым бүгінде ортаға шығып, өзінің оптимистік пафосқа толы, ерлікке шақырған өлеңін оқып тұр:
Өлуші ме еді ер шіркін!
Сілкінді ол бір дүркін.
Келе жатты аралап
Өзі туған ел-жұртын...
Иә, Қасым ел-жұртын аралап келе жатыр, оның Октябрьге, туған елге арнаған өлеңдері жылдар қанатымен бірге самғап, келешек күндердің кеңістігіне көтеріледі.
Сырбай МӘУЛЕНОВ,
1981 жыл.
qazaquni.kz