Ең жақын досың - ауыр еңбек

Ең жақын досың - ауыр еңбек

Қазақ әдебиеті тарихында есімі Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов атымен қатар аталатын көрнекті жазушы Ғабдол Слановтың туғанына 110 жыл толды.

Кезінде осынау болашақ жазушының тұңғыш фельетонына Ілияс Жансүгіров тамсанған екен. Ал оның тырнақалды очерктеріне Бейімбет Майлин қолдау көрсетеді. Сондай-ақ дарынды қаламгердің алғашқы «Арман ағысы», «Жанартау», «Махамбет» сынды шығармаларын жоғарыда аталған алыптар тобы лайықты бағалайды. Кейіннен оның кітаптарының қатарын «Кең өріс», «Дөң асқан», «Асау арна», «Қызбел» сияқты туындылары толықтырды.

Дегенмен, Ғабдол (Ғабдолхамит) Сланов еңбектері туралы талдау мақалалар аса көп те емес. Бір жақсысы, шебер жазушы кезінде ағынан жарылып, өзінің лабораториялық құпиясын біршама ашқан екен. Оқырман назарына Ғабдол Слановтың талай буын ұрпаққа үлгі боларлықтай мақалаларының бірі ұсынылып отыр.

Мен, асылы, сапарда көп болам. Тұтас жарты жыл үйде отырып қалсам, ішкенім ас болмайтындай көрінеді. Әрине, қай жаққа барсам да, оқырмандарыммен әр жерде-ақ бас қоса жүрем. Сонда олардың ең ілкі қоятын сұрағы:

– Қалай жазушы болдыңыз?

– Жазушы болу үшін не істеу керек?

Ал осыған бір ауыз сөзбен жауап беріп көріңіз!

Кейде тіпті:

– Өзіңіз кітаптарыңызды қалай жазасыз? – деген де сұрақ болады.

Маған ең қиыны «жазушы болу үшін не істеу керек» деген сұраққа жауап тауып айту. Ал анау екі сұраққа өз тәжірибемді айтып қана құтылуға тура келеді.

Ең әуелгі өлең шатпақтарымды (1930 жылдары) осы күні қарастырып көрсем, ауызға татырлық дәнеңе де жоқ екен. Сол тұстарда жазылған фельетондарым мен ұсақ әңгіме, очерктерімнің де заман дабылына ғана үн қосқандығы болмаса, әдеби-көркемдік құны шамалы-ақ болыпты.

Өзімше елеулі саналған әдеби тұңғыш еңбегім – «Арман ағысы» 1940 жылы жарық көрді. Менің жазушылық жолымды тап осы туындымнан бастаған жөн-ау деймін. Рас, оның алдында тұңғыш романым «Дөң асқанның» жеке тараулары журналда 1938 жылы басылып жүрді. Бірақ ол бас-аяғы тұйықталған шығарма емес-ті. «Дөң асқан» жеке кітап болып 1941 жылы ғана шықты.

Бірі повесть, бірі роман бастапқы осы екі перзентім бірінен соң бірі дүниеге келген соң ғана өзімді жас та болсам, әйтеуір «жазушы» деген қатарға қосты деп білем.

1931 жылдың басынан 1940 жылдың күзіне дейін тұтас он жылға жуық, әуелі «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалистік Қазақстан» аталған үлкен үйімізде қызмет еттім. Бұл қазақтың ақын-жазушыларына да, беделді журналистеріне де шын мағынасындағы ұстаз болған нағыз қара шаңырақ еді. Менің тұңғыш фельетон, очерк, әңгімелерім Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов сияқты ағалардың сындарынан өтіп жарық көрді. Мақала, жол көріністерім де сол жылдары көп басылды. Алғашқы әңгімелерім және де сол «Социалистік Қазақстан» беттерінен оқушыларға таныс болды.

«Қара шаңырағымыздың» маған бергені көп еді, сол газетте қызметте жүріп көргенім әсіресе көп болды. Оқыдым да үйрендім. Газет коллективі ұстаздық еткен анық мектеп еді. Бәрінен бұрын халық өмірімен тығыз байланысты болдым, сол кездегі үлкен журналист, жазушылардан тікелей үйреніп, сабақ ала бердім.

Жазушылыққа, әр нәрсеге сын көзімен қарап, көрген-білгенімнен түйін түюге баулыған үлкен газет коллективі деп мақтанышпен айта алам.

Иә... Газет қызметінде жүріп өз басым өте-мөте өнеркәсіп орындарын, республикамыздағы алып құрылыстарды түгел араладым. Өндірістердегі екпінді, стахановшылардың істері мен өмірлерін молынан зерттедім. Әдеби тұңғыш екі еңбегім тікелей солардың өмірлерін зерттеу материалдарынан туған-ды.

Айталық, «Арман ағысына» тиек болар бір оқиғаны 1935 жылы Риддерге барғанда естігем. Бір жұмысшының үйінде болғанымда жүдеу ақ кемпір кездесті. Сөйлесе келе ол кісінің Қара Ертістің Қытайға шектесетін жерінен, арғы беттен қашып өткен бір шерлі адам екені білінді. Шерлі болатын себебі: азамат соғысының аяғын ала жас сұлу келіншек кезінде оны ақтар Қытайға зорлап алып кетіпті, ал үш жасар баласы елде қалып қойыпты. Өмір бойы зар шеккен сол әйел қанша заман өтсе де қалып қойған баласын ұмытпай іздеп, Совет жеріне жасырын қашып өтеді. Біз көргенде сол әйел Риддерде, баяғыда үш жасар қалған баласын тауып алған кезі екен. Әрине, баласы жігіт болған, қорғасын-мырыш кенінде жұмыста екен.

Бірақ та мен естіген оқиғамның жетегінде кеткенім жоқ. Арғы-бергі жайларды, айрықша Алтай алтын кендерін зерттеуге тура келді. Онан соң, 1937-38 жылдары қырағылық мәселесі ерекше өткір қойылған дәуір болатын. Әсіресе, шекараларда қилы-қилы оқиғалар болып жататындығы баспасөзде жиі жазылатын. Сондықтан оқиғаны қызықты болу үшіп шекараға құрмақшы болдым. Қара Ертістің бойында болмасам да география картасына сүйендім. Ол өзеннің атын «Сеңгір» деп, Зайсан көліп «Жайсаң» деп өзгертіп алуға тура келді. Себебі, тап «Арман ағысындағыдай» оқиға ол төңіректе мүлде болмаған да шығар. Повестің негізгі идеясы – Совет халқының бостандық, еркіндік өміріне басқа елдердің құмарлығын бейнелеу еді. Бақыт көлі Жайсаңға асыға тартқан өзенге өзі бөтен елден шығып, біздің жерге құятын болғандықтан «Арман ағысы» деген мағына бердім.

1939 жылы СССР комсомолының XX жылдығы тойланатын болғанда республикалық бәйгеге ойланған тақырыбым осындай еді. Бәйге қорытындысы шықпастан бұрын «Арман ағысы» ең әуелі «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Ондағы менің жасырын атым «Кержайнақ» болатын.

Ал «Кержайнақтың» шын аты Ғабдол Сланов боп айқындалғаннан кейін «Әдебиет және искусство» журналында (қазіргі «Жұлдыз») түзетіліп және басылды. Жеке кітап болып басыларда «бейуақта» деген пролог қосылды. Сонда «Арман ағысы» кітап болып шыққанша екі рет қайта қаралып, қосымшалар қосылып, қырнап-мінелуден өтті. Енді жиырма төрт жыл еткеннен кейін сол повесіме қайта бір үңілер болсам тағы да елеулі өзгертулер жасаған болар едім деймін.

Асылы, мінсіз, төрт аяғын тең басқан майталман шығарма өмірде болмайды-ау деймін. Осы күнге дейін халық арасында кең тараған «Дөң асқаныма» да осылайша қараймын.

Расында, «Дөң асқан» оқушыларынан көп-көп хат алдым. Алтай қазақтарынан да, Түркіменстан, Қарақалпақ, Өзбекстандағы қазақтардан да, өз республикамыздың түкпір-түкпірінен де алғыс айтқан сүйініш хаттары өте мол түсті. Жазушы еңбегін халыққа бола жазады ғой. «Дөң асқанға» көлемді сын-еңбектері жазылмаса да оқушыларымның ризашылығына өзім мәзбін. Алайда енді қайта қарар болсам, сол еңбегіме тағы да талай өзгерістер кіргізер едім.

Ал енді сол «Дөң асқан» қалай жазылып еді? Өте ауыр еңбегім тап осы шығармама жұмсалды. «Дөң асқандағы» жерлер, кейбір адамдар басында ұшырайтын оқиғалар бала кезімнен өзім көрген, білетін жайлар. Сондықтан жер сипаттары таныс, шикі материал жақтары мол бола тұрса-дағы, қауызы мен дәні аралас ұлысқан үлкен «қырманды» әбден сапырып, ұшығын желге ұшырып жіберіп, ең керекті, пайдалы қорын іріктеп ала білуім керек болды.

Бала шағымда есітіп, білгендерім өз алдына, 1932 жылдан 1940 жылға дейін жыл сайын дерлік Гурьев, Ақтөбе, Жем өндірістеріне бара жүріп, сол жақтың революция алдындағы тарихына, елеулі оқиғаларына көп үңілдім. Әсіресе Гурьев – Атырау жақты, Тайсойған, Ойыл, Темір аймағын қоймай-ақ араладым; өзім туған топырақтың тарих салған көп іздеріне көз салып, талай шиырларға да сүңгідім, жаяу жүріп те, түйе арбамен жол шегіп те, ол сапарларда ащы мен тұщыны бірдей таттым. Әсіресе, кәрі құлақты қарттармен, тарихи деректермен көп сөйлестім.

Бұлардың бәріне ел ішіндегі аңыз әңгімелер, ақын жырлары, ескі хикаялар, халықтың күлдіргі әңгіме, өлеңдері бұрыннан-ақ құлағыма көп сіңгендігі және де қосылып жатты.

Мен Кермеқастағы ауыл интернатынан 1925 жылдың басында Гурьевке аттандым. Соған дейін-ақ Тайсойған елінің өткен-кеткен жайларын, әдет-ғұрын, ойын-той дәстүрлерін, ақын, әншілер салтын, шежірелерді де есітіп, біліп кеттім. Әкем ел тарихынан хабары мол Махамбет, Мұрат, Қашаған, Абыл сөздерін, хисса жырларын көп білетін, өзінің де екі-үш ауыз өлеңді іркілмей айта алатын, ән салып, домбыра тарта білетін, ескіше сауаты бар адам еді. Менің он жасымда, 1921 жылы қайтыс болса да сол кісі маған үзілмес қор тастап кеткен екен, оны кейіннен білдім.

«Дөң асқанның» негізгі қоры осынша мол еді. Расын айтсам, тұңғыш романымның материалы бала кезімнен құлаққа сіңген жайлардан жинала бастаған екен. Оларға бертін келе жақсы-жаманды айыратын саналы өмірімде жинақталған деректер қосылыпты. Солардың бәрін қалай игеру керек? Романды қалай жазу керек? Романға барар жолда талай әңгіме, «Арман ағысындай» повесть жазылды. Сонымен тәуекелге бел байлап роман жазуға отырдым.

Романдай өрелі шығарманың тартыс желісін жүйелеп бір жөнге салу оңайға түскен жоқ. Бірден жазып тастау қайда! Әр кезде жеке-жеке оқиғаларын бөлек-бөлек әңгіме етіп жазып тастай бергем-ді. Енді тұтастырып іс етуге келгенде мүлде қиналдым да, әуелі бірінші кішілеу түрін ғана журналға бастырдым. Сонан екі жыл өткеннен кейін, 1940 жылы ғана, «Арман ағысынан» соң «Дөң асқанды» көп қосымша қосып қайта қарадым. Тұңғыш романым, сөйтіп, сәтімен қабылданды да, баспаға берілді. Іс үстінде оқу, жазу тәсілдерін үйрену, классикалық үлгілерден тәлім алу сияқты жазушыға ең қажетті жайлар және де ұмытылған жоқ-ты. Ол тұста әсіресе көп оқығаным Н.Гоголь, М.Горький, Л.Толстой, О.Бальзак, В.Гюго, В.Шекспир, Шиллер, Пушкин, Лермонтовтар болды.

Ілкі повесім мен тұңғыш романымда кімнің әсері болды? Қазақ жазушыларынан Бейімбет пен Мұхтар, Сәбит пен Ғабит және басқаларының... Қайсысының ықпалы көбірек болды? Бұл сұрақтарға ашық жауап айту қиын. Солардың бәрін де сүйіп оқи жүріп, қазақ топырағына тән өз бетіммен жазуды басынан-ақ ойлансам керек. «Анаған еліктегем жоқ, мынаған еліктедім» деп сондықтан да айта алмаймын.

Өз творчествома тән жалпы бір кемшілікті байқаймын. Ол – менің өлеңқұмарлығым. Бұл әсіресе «Дөң асқан» мен «Жанартауда» айқын көрінеді. Екеуінде де өлең едәуір бар екен. Жә, осы кемшілік неден туды?

Ең алдымен, бала кезден әнқұмар, өлеңші болып өстім. Ойын-сауыққа ерекше құмар, кез келген үйінде домбыра күйлі тұратын ауылда туыппын. Бір ауыз өлең айтып, ән салмайтын адам мен өскен ауылдарда мүлде сирек ұшырайтын. Шетінен қуақы, сайқымазақ, әжуашыл-әзілкеш орта мені де бала жастан баурап өсіріпті. Туған ағам Орынғали, шөберелес ағамыз Таңғыш Самарбаев (Байұлыда өз заманында белгілі айтқыш болған Мұса – Бәленей ақынның немересі) кез келгеп оғаш мінездерді мысқылдап айта салатын тақпақшыл болды. Әжем Кішкентай да мысқылшыл, күлдіргі сөзді көп айтатын адам еді. Ол кісі тіпті тақпақ, мақалсыз сөз айтпайтын. Мен солардың қойнында өстім.

Сондықтан ба екен, әйтеуір, әуелгі жазған фельетондарымның өзі көбінесе-ақ тақпақтатып, өлеңдетіп жазылды. Очерк, кішкене әңгімелерім де бір ауыз өлең қоспасам іс болмайтындай көрініп жүрді.

Ал «Дөң асқанда» да, «Жанартауда» да ақын бейнесін жасағым келген-ді. Менің жазғандарымның қай-қайсысында да не ақын, не әнші, не серісі жоқ бірде-бір туынды болмаса керек-ау, сірә... Солардың бейнесін бергенде өлеңсіз болмайтын шығар деген пікірде болып, өлеңді жөнсіз келтіре беретін дағдыға бой ұрып кетіппін. Бұл, әрине, прозада үлкен олақтық екенін әсіресе «Абай» романын оқығаннан кейін ұқтым. Абай атаның ақындығын Мұхаң қалай сипаттайды екен деп зерттеп көрсем, ақын бейнесін жасаудың өзіне үлкен шеберлік керек екен.

Жазушы өмір бойы үйренеді де, өле-өлгенше оқумен болады. Тұңғыш үлкен шығармаларымда олақтыққа жататын осындай жақтарыма соңғы жылдары ерекше назар аударған жайым бар. Бұған «Шалқар» мен «Асау арна» дәлел болса керек.

Екінші бір үлкен кемшілігім: кейіпкерлерімнің қимылдан гөрі сөзі, «үгітшілдігі» басымдау жататын. Мұны да едәуір мін деп білем. Көп сөзділігім әлі жойылып болмаса да, «үгітті» көп айту жақтарым бірте-бірте азайып келе жатса керек.

Жә, кемшілік маған қайдан келді? Өзімше, бұл газетте көп жыл қызмет еткендігімнен болды-ау деймін. Асылы, газетте үгіт жағы басым материалдар құндырақ келеді ғой. Бейнемен, штрих, детальдармен адам тұлғасын сипаттаудан гөрі, газетте ашық үгіт керегірек. Сондықтан да болар деймін, ілкі жазғандарым газеттің осы тілегіне жазылған соң, көркемдік құны шамалы болып шығыпты. Осы кемшілік және де байырғы бояудай бара-бара сіңісіп, көпке дейін арылмай, ілесе жүретін болды.

Әзірше творчествомның өн-бойына үңілгенде өзім байқаған міндерім осылар сияқты.

Енді өз жазғандарымда образ жасау тәсілімнен бірер сөз айтсам деймін. Себебі, адам тұлғасын жасамайынша шығарма жоқ, шығармасы болмаса жазушы да болмайды.

Меніңше, қиялы ұшқыр болмаса, қандай білімді адам да қанша дерекке сүйенгенімен жазушы бола алмайды. Ал, ілік табылар бірде-бір дерегі жоқ, өмірді білмейтін адам да құр қол дәнеңе бітіре алмайды. Демек, әрі табиғат берген дарының болсын, әрі халқыңның өмірін жақсы біл. Бұл екеуіне қоса білімің мен көркем тілің қатар келсін.

Осындай шарттың бәріне сай жазушы бізде кем де кем-ақ. Кейбірімізде білім мен дарын қатар жатса да халық өмірін жетік білмейміз. Бағзы біріміз ел ішінде отырсақ та дарынның кемдігінен, я тіліміз жетілмегендіктен құнарлы нәрсе бере алмай жүрміз. Бірқатарымызда білім жетіспейді. Осының салдарынан түрі мен мазмұны үйлескен ірі туынды бере алмай келеміз. Расында, бізде бар жағынан мінсіз бірде-бір ірі шығарма бар ма? Меніңше, жоқ.

Өзіміз де солай, әлі де болса жұрт тілегін толық қанағаттандыратын құнды шығарма бере алмай келеміз. «Тындырған нем бар?» – деп он екі қабат ой ойлайтын жасқа да келіп қалыппыз. Осындай ауыр да ізгі мақсатты алдыма көлденең тартып тастап, әзірше барымның қалай туғанын ойланып отырмын.

«Дөң асқандағы» Сахиды мысалға алайықшы. Сахи аттас адам Гурьев жаңқа баршылық. Әсіресе, Қожастың Сахиы деген бір ағайынымыз біздің үйге 1918-1919 жылдар бір-екі рет келіп кеткені есімде, сері жігіт екен. Домбыраны солақай тартса да, ғажап шебер тартады екен. Қасында отырып күйлерін ұйып тыңдаппын. Өз әкем әрі жыршы, әрі домбырашы, әрі әнші болған. Төлеген, Төлеш деген тумаластарым жүйрік ұстаған, бала кезден батыр атаныпты. Балуан да, айтқыш та, әнші де, батыр да біздің тұқымда едәуір болыпты. Ақын дегенде бізге аталас Қасен деген ерекше айтқыш, әрі әнші жігіт болды. Оның жүйрік кер аты мертігіп өлгенде шығарған ұзақ дастаны бар еді. Жоғарыда аталған ағам – Таңғыш та ақын, домбырашы еді.

Осылардың ортасынан бір бейне шығаруға әбден жарайтын сияқтанды. Бірақ романдағы Сахидың тұлғасы айтылғандардың бір басында жоқ болатын. Әдеби бейне жасау үшін әркімнің басындағы қасиетті бір Сахидың бойына жинақтау қажет болды.

Айтпақшы, тағы бір жігітті ұмытып барады екем. 1916 жылы Ойыл бойында көтеріліс бастамақшы болып жігіт жинаған және бір туысымыз болыпты. Аты Найза екен. Батырлығының үстіне өзі айтқыш, жырау болыпты. Оның:

«Таусылып тұр-ау амалым,

Тар етіктей заманым.

Заманым солай болған соң,

Тайғақ та болды табаным», –

деген сөзі сол 1916 жылы айтылса керек. Найзаның арғы бабасы Саңал батыр менің батыр бабам Сансызбаймен бірге Көкжар-Ойыл қорғанын салдырмай патша әскерлерімен көп алысыпты.

Сахи бейнесін жасауда өте-мөте осы Найза себепкер болды. Әрине, бұлардың ешқайсы да Сахидай жетім өспеген. Әке-шешем ерте өліп жетімдік өз басымнан өткен соң басты қаһарманымды жетім етіп алғым келді. Бұл бейненің бөлесімен көңілдес болып, көтеріліс кезінде екіқабат Сәлиманың өз тұсынан Сахиды тауып алуы, бұл екеуінің тартыста айтысқа тақырып болуы, Сахидың қаракері жоғалуы, болыс ауылынан теңдегі мылтықты тартып әкетуі – бәр-бәрі де ойымнан пішілген оқиғалар.

Қыздың оң жақта отырып екіқабат болуы деген біздің ауылдарда әсіресе болмаған оқиға. Ондай оқиға шыған-тоғайда бір бола қалса, айтқыштар мысқылдап өлең шығарып, елге жайын жіберетін. «Буаз қыз» деген желісі бар ұзақ бір өлеңді бала кезде жатқа айтушы едік.

«Буаз қыз жеңгесімен тойға барған,

Ақырда не боларын ойламаған.

Ду-думан енді қызып жатқан шақта

Бір шаншу қадалыпты қуығынан», – деп басталатын.

Сондықтан қаһарман қызыма мін болса да оқиғаны шиеленістіру мақсатымен Сәлиманы солайша алдым. Қысқаша түйгенде, Сахи бейнесінде өз қиялым мол еді. «Дөң асқанды» жазу дәуірінде ең бастапқы тарауын Сәбит ағайға оңығаным бар. Сонда ол кісі: «осы Сахиыңнан айрылма, оған айналып соқ та отыр» дегені есімде. Тәжірибелі ағаның сол ақылы қарауыл болып бақты да отырды. Асылы, Сәбит ағайдың сюжет құруға шеберлігі бар. Сахи бейнесін жасауда, оқиға желісін тартуда ағаның осындай ақылы маған кәдімгідей пайда берді. Сол себепті тәжірибелі жазушылардың жастарға ақыл-кеңес айтуы оттегіндей қажет нәрсе.

«Жанартаудағы» бейнелерімнің қалай жасалғанын бұ жолы айтпай-ақ қояйын. Соңғы жиырма шақты жыл ішінде Жетісу тақырыбына бой ұрғандығым бар. Себебі, өмірімнің тұтас отыз сегіз жылын Алматы тұрғыны болып өткізген екем. Жетісу тақырыбы өте қомақты, он романшы қатар отырып, қалам тартса да сарқылмайтын тақырып. Бір жағы Талас, екінші шеті Аягөз, Лепсіге шектесетін осынау шалқар аймақтың бір бүйірі Қытай, Қашқарға созылып жатыр ғой.

«Шалқар» романында қазақпен қатар ұйғыр, қырғыз, корей халықтарының өкілдерін алған себебім де осы.

Осылардың ішінде Баршагүл бейнесі қалай пайда болды? Прототипі бар ма?

1930 жылы, Алматыға келген жылы, қырғыздың оқыған бір азаматымен бір үйде көрші тұрдым. Қырғыз халқы туралы көп жайды ең алғаш сол кісіден естігем-ді. Әлгінің бүлдіршіндей әдемі кішкентай қыз баласы бар еді. Аты қырғызда көп кездесетін Халбүбі ме, Жанбүбі ме, әйтеуір, бір бүбі еді. Әйелі де әрі әдемі, әрі әдепті, сыпайы, таза адам көрінді. Өзі зоотехник, Қазақстанның жер-су комиссариатында қызмет ететін. Қызын еркелетіп, ерекше жақсы көретін. Сол қыздың зоотехник болғанын естігем-ді. Соғыс кезінде өзім операциядан жүдеп шыққан бір шақта әлгі қыздың бойжеткен қалпын бір-ақ рет көріп қалдым. Мені өзі танып амандасып еді. Толық жайын сұрастыра алғам жоқ. Бірақ та сол «Бүбінің» бейнесі көз алдымда қалып қойды.

1943 жылдың жазынан 1945 жылдың аяғына дейін Талдықорған өлкесінде қызмет еттім. Жайлау, қыстауын түгелге жуық араладым. Кейіннен де жылма-жыл дерлік ол аймақтағы көрмеген жерлерімді көрумен болдым. 1946 жылы марқұм Вс.Ивановпеп бірге жүріп Жоңғар қақпасына дейін барып қайтқанымда, Қоңтәжі шыңының астындағы Қора жайлауынан Талдықорған өлкесіне тау жолы тартылып жатқанын көрдім. Қораның қалың орманынан құрылыс ағашын алу мақсаты көзделген екен. Шығарманың желісіне осы құрылыс арқау болды. Бірақ біздің мақсат адамдардың бейнесін жасау ғой. Ең алдымен сипаттамаң адамдарыңды әр қиынға бір салып, белгілі жағдай, белгілі уақытқа үйлестіріп бере білмесең туындың да тұл болмақ.

Асылы, көркем әдебиетті М.Горький «человековедение» дейтін болса, әр жағдайда адам жанының құбылысы да әрқилы келмек. Орысша айтқанда «движение души» дейміз бе, не дейміз. Осы жан құбылысын бақылап, тоқып отырсаң, қаһарманыңның басына түскен жағдайына байланысты қандай халде болатынын өзің де шамалауға тиіссің.

«Шалқардағы» жер сипатына Алакөлдегі Ебі сұрапылы соғатын «Қарадала» да, Ғали ағамыздың елі жайлайтын Қора көркі де, Талдықорған аймағы да сыйып кетті. Тек жер, су аттары өзгертіліп алынды, Қайырбек, Бексұлтан, Сатқын, Сәтбалалар сол жақта өзім шет-шепірлеп көрген адамдарымнан құралды. Мұхит, Тұрдыхондар да ауылдық жерлерде кездесе беретін салдарлы жігіттердің құрамды белгілері. Михаил Буров, Қалует пен Жақсылық «Арман ағысындағы» қаһармандарым. «Шалқарда» бұлардың есейіп, белді азамат болған шақтары жаңа жағдайға лайықтап алынды. Ал Баршагүлде қиял толқынына тоғытылған жайлар да көбірек. Көз алдымда тұрып қалған қырғыздың әдемі қызы романда бейнелі тұлға болып, әрі Жетісу аймағына тән жаратылыс болып көрінген сияқты.

«Шалқар» – менің көңілімді де шалқытып бір тастаған перзентім. Іштен шыққан баласының жақсы болмағын кім тілемейді. 1949 жылы Москвада өткен онкүндігімізде «Совет жазушысы» баспасының жоспарына кірген «Кең өріс» қалпын көп өзгертіп, екі есеге жуық ұлғайған бұл туындым Москвада орысша басылды. Шыңжан жұртына да таратылды. Осы соңғы қалпында абыройсыз болған жоқ.

Бұны ерінбей еткен ауыр еңбектің жемісі деп білем. Расында, «Шалқардың» ілкі түрін жазу дәуірі мен кейінгі баспаға берілген шағы арасында алты-жеті жыл өткен екен. Сонша уақыт ішінде ол тақырыпты ұмытқан бір күнім болмаған шығар. Ауыр ойлар шегесің, кірпік ілмей талай таңдарың атады. Оқумен боласың, бүгінгі замандастарымыздың үлгісін көрсеткен туындыларға үңілесің. Тағы да, тағы да сапарға шығып ел аралайсың. Көпті көресің, көп жайды сұрастырасың. Осының бәрі де мендей денсаулығы нашар адамға оңай шаруа емес екен. «Шалқар» толғағы да маған оңайға түскен жоқ.

1956 жылдың көктемінен бермен қарай Қарғалы шұға комбинатының пайда болу тарихын зерттей бастадым. Әуелі нақты деректерге сүйеніп «Шұғалы шұғыла» деген көлемді очерк жаздым. Онан соң қайта-қайта Қарғалы барып, сол төңіректің жайлауларын да атпен араладым. Талай очерктер жаздым. Ең соңғы романымды жазудың ара-арасында «Замандастар» мен «Домбыра күйі – ақ иық» жинақтарын бердім. Мұның екеуі де түгелдей Жетісу тақырыбы болатын. Осылайша, Жетісудың таусылмайтын сұлу сипатына қаныңқырап, адамдарының, бүкіл елінің болмысын біліңкіреп алған соң, «Асау арна» романына кірістім.

«Замандастарда» басылған «Шұғалы шұғыладан» екі тарауда ғана шамалы жұрнақтар алынғаны болмаса, «Асау арна» бүкілдей тыңнан жазылды.

Мұндағы бір кейіпкерім Алтынай да – қырғыз қызы. «Шалқарда» да басты қаһарманның біреуі қырғыз қызы.

– Баршагүл, «Асау арнада» тағы да, міне, Алтынай, бұ қалай, мұның заңды себебі бар ма? – деген сұрау болуы ықтимал.

Жетісудың ең көп, ең негізгі халқы қазақ пен қырғыз, сондықтан Жетісу жайында кітап жазғанда туыстасып кеткен, әрі тұрмыс, салты да тамырлас бұл екі халықтың өкілін қатар алған жөн-ау деген өз сенімім бар. Асылы, іргелес халықтар қашан да тату болған. Оларды айдап салып араздастырушы тек озбыр қанаушы, билеп, төстеушілер ғана болған.

Менің бұ жолғы алған тақырыбым – Жетісуда жұмысшы табының қалыптасуы болған соң, онымен қоса оқиғаға желі тартқан жерім белгілі Қарғалы болған соң, тарихи бір шындықтан аттап өте алмаған жайым бар. Мәселен, Қарғалы комбинатының тарландары арасында қырғыз қызына үйленгендер едәуір бар екен. Шахворостовтың шұға өндірісінде басынан бастап қызмет еткен Іргебай Қаскелеңов, Бұршақбай Асапов қырғыз қыздарын сүйіп табысып, қартайғанша бірге жасасып отыр. Бұршақбай марқұм да, Іргебай ақсақал да, ол екеуінің жұбайлары мен жігіт болған азамат ұлдары да менің көптен бергі достарым.

«Қырғыз қызының бейнесін бұрын бір жасап едім ғой, енді не керегі бар» деуге елдің татулығына ұйтқы болған жұмысшылар ортасын сипаттай отырып тарихи шындықтан аулақ кетуге ұжданым барған жоқ. Онан соң, Баршагүлдің апа, тәтелері бұрынғы заманда қандай өмір кешіп, нендей өткелдерден өтіп еді? Бұл да мені толғантқан үлкен сұрау болатын. «Асау арнада» Алтынай – Жанбүбі арқылы осы сұрауға жауап бергендей болсам керек.

Ал, Шахворостов, Пестов, Лебенков, Батыршиндардың нақты есімдерін алсам да, олардың келбетін сипаттауда өз тұсымнан қосқандарым және де баршылық. Тек Шағабұтдинов бейнесін бұл бірінші кітабымда жөндеп көрсете алғаным жоқ. Күмісбек, Василий, Аппақ, Сабдық, Маша, Толқынай, т.б. бейнелері Қарғалының бұрынғы көп жұмысшыларының ортасынан ойып алынды да, жалған атпен берілді. Бұлар сияқты Күдері, Жанмырза, Ақболат, Бекмұрат, Тұраптардың да прототиптері өмірде болған.

Төтесінен қайырсам, «Асау арнаға» да ойланып-толғанып, оқып-тоқыған, сарыла еңбек еткен соңғы жеті жылымның ондаған айлары кетті.

qazaquni.kz