ҚАЛАМЫ УЫТТЫ ҚАЛАМГЕР

ҚАЛАМЫ УЫТТЫ ҚАЛАМГЕР

Берісі қазақ жұртына жақсы танымал, әрісі шығармалары аударма арқылы өзге ұлттар мен шетелдерге де таралған, жарты ғасырдан аса сатира садағын қолынан тастамай, өміріміздегі кездесетін кемшіліктерді аяусыз сынап, жағымсыз, заңсыз әрекеттерімен қоғамды кейін тартқандарға өткір жебесін қадап келген қарымды қаламгер Қазыхан Ахатұлы Әше «жігіт жасы» жетпіске толып отыр.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдени қайраткері Қазыхан Әше 1951 жылы 10-қыркүйекте дүниеге келген. 1980 жылы ҚазМУ-нің журналистика факультетін, 1998 жылы Қазақстан мемлекеттік Басқару академиясының экономика факультетін қызыл дипломмен бітірген. 1967-1989 жж. аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда, «Мектеп», «Жазушы» баспасында істеді. «Сөзстан» баспасының директоры, «Қазақ энциклопедиясында» бас редактордың өндіріс жөніндегі орынбасары, «Бухгалтерлік есеп және аудит»журналында бас редактордың орынбасары, республикалық «Ара – Шмель» журналының бас редакторы болып басшы қызметтерді де атқарды.

«Айшуақ әлем» атты мысал, аңыз, әңгімелер кітабы, «Материктердің физикалық географиясы» атты аударма, «Енді қайттім?» сықақ әңгімелер, «Аяулы алақан», «Өзімнен де бар» атты сықақ әңгімелер мен повестер жинағы, «Аспан мен ханзада және басқалар туралы» аудармасы, «Сөз сүйектен өтеді» сатиралық мақал-мәтелдері, «Тәтті қауын», «Мұқаңның мысқылы», «Сүйген жан кешірімді», «Күлкі көңіл көркі», «Сам виноват» орыс тілінде және басқа да кітаптары жарық көрді. 1998 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталды.

Өмірдің бір де бір баспалдағын босатпай, өз ретімен асықпай-аптықпай аттаса да Қазыхан Ахатұлы түпкі арманына қол жеткізген бақытты жандардың бірі. Жердің шеті, сонау Қиыр Шығыста жұрт қатарлы әскери міндетін атқарып келген арманы асқақ жігіт бірден биікке шаппай, туған жерінде шұбартаулықтардың бастамасы кең етек алған жылдары қой шаруашылығында еңбек етті. Аягөз қаласында мектепте оқып жүріп-ақ алғашқы өлеңдері мен мақалалары аудандық және облыстық «Семей таңы» газеттерінде жарық көрген жас жігіт әдебиетке деген құштарлығын бір сәт жоғалтпай, қаламын қолынан тастаған емес. Оны әсіресе сатира саласы көбірек қызықтырып, осы бағытта табысты еңбек етті. Студенттік кезінен және журналистік жолдың басында сатира сарбаздарының қатарына орнығатынын анық көрсетіп, аты жер жарған республикалық «Ара» журналының фельетондарға жарияланған бәйгесін бес рет жеңіп алған-ды.

Қазыхан Әше өзінің тынымсыз еңбегі мен талантының арқасында еліміздегі басылымдардың көбінде публицистикалық, сыни мақалалары жиі жарық көріп, автор сатирик ретінде оқырмандар жүрегінен тез орын тапты. Сол кездегі еліміздің басты мерзімді басылымы «Социалистік Қазақстан» ( бүгінгі Егемен Қазақстан) газетінде жарық көрген «Қылбұрау», «Өзі кінәлі деп табылды», «О дүниеден оралған адам» сияқты өткір фельетондары сынға қырын қарайтын кеңестік кезеңде үлкен ерлік болатын.

Қазақи орта ауылда өсіп, тілді мейлінше меңгерген Қазыхан Ахатұлы қал-жыңға да бесаспап, қолма-қол сөз саптауға келгенде ешкімге есе жібермейді. Қаламгер сөз құдіретін, сөз қуатын жақсы меңгерумен қатар оны ұтымды қолдана біледі. «Тура биде, туған жоқ, Ондай пенде туған жоқ. (Олар дүние жиған жоқ), Кейінгі туған билерде, Ұят та жоқ, иман жоқ», – деп турасын ай-тады. Тоқсаныншы жылдарғы өтпелі және Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерінде «Қорғаныс министрлігі бар, ататыны жоқ, Сауда министрлігі бар, сататыны жоқ. Дін басқармасы бар, намазы жоқ, Ақпарат министрлігі бар, қағазы жоқ. Жер министрлігі бар, еккені жоқ. Қысқарып ешқайсысының кеткені жоқ. Жүз министр, жүз ағам, Еңсеңді көтер, сұранам.... Бәрің үшін істей ме, Президент болған бір адам», – деп жазғаны көпшіліктің әлі есінде. Қара сөзді өлеңдей өріп, оқырманға ой салып, ақиқатты ашық айтып қысқа да нұсқа жеткізуге де шеберлік керек. Мұндай тапқырлық барлық қаламгерлердің қолына келе бермесі белгілі.

Қаламгер мыңдаған оқырмандарын ғана өзіне баурап қойған жоқ, оның шығармашылық шеберлігіне белгілі ақын-жазушылар да жоғары баға беріп келеді. «Қазақ: «Көңілде жатқан кіріңді, оттай ыстық сөз шаяр» деп тегін айтпаған. Ендеше, Қазыхан сықақ әңгіме, өлең жазғанда оқиғасы да шындық, әр сөзі сатираға құрылып маңызын арттырады. Қайсыбіреулердей анда-санда бір езу тартқызатын зілсіз нәрсені жазудан аулақ. Қазыханның сатиралық этюдтары да әралуан тақырыпты қамтып, қысқа әрі нұсқалықпен шебер жазылған. Онда табиғат, жан-жануар, түрлі экологиялық құбылыстар нақтылықпен баяндалады. Қазыхан Әшен мақал-мәтел жазуға да әбден шеберленіп алған. Автор өмірдегі күн сайынғы кездесіп жататын шынайы шындықты мәнін майыстырып қолданады. «Жақсы қыз байға шығады, жаман қыз байдан шығады», «Бай ақшасын қапқа салады, мансапқор ақшасын таққа салады, диқан ақшасын баққа салады», деп, бір ауыз сөзбен көп сырды аңғартып тастайды. Қазыхан қалың көптің арасында орамды ойын мәндей, сатирасын сәндей жүріп, қазақ сатирасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, одан әрі асуға қалам сілтей бермекші» - деп жазды әріптесі туралы жылы лебізін білдірген белгілі сатирик-жазушы Табыл Құлыяс.

Осы тұста оның тағы бір қырын айтпай кетуге болмас. Ақын ретінде қазақстандық қатарында сазгер Владимир Питерцевпен бірлесе жарыққа шығарған - «Алтын ұя», «Ел әні», «Асқар ән - Астана» атты және басқа да әндерді атауға болады. Қазыхан Ахатұлы журналист ретінде түрлі саладағы еңбек адамдары, әдебиет пен өнердегі мйталмандар туралы көптеген мақалалар жазды. Әсіресе сталиндік қуғын-сүргін жылдарда түрмелерде азап шеккен Алаш азаматтарының тағдырын баяндайтын шығармаларының өзі бір төбе.

Ақындық, жазушылық, аудармашылық шығармашылығынан бөлек баспа ісіне ден қойған қаламгер өзге ақын-жазушылардың шығармаларын жарыққа шығаруға да үлкен үлес қосты. Бұған Қазыхан Әшенің өзі мұрындық болған үш ғасырды қамтитын, 103 автордың шығармаларын топтастырған «Қазақ

сатирасының антологиясы» нақты дәлел. Ұзақ жылғы ізденістің, терең зерттеулердің нәтижесінде қазақ сатирасына қалам тербегендердің ешбірі ұмыт қалмай осы жинаққа енгізілді.

Кеңес заманының күйреу алдында ол Ыстамбұлға барып, Халифа Алтаймен кеңесіп, Құранды кириллица әрпіне Абдұррахим Алтайға аудартты. Миллион дана «Құран – Шариф», «Иман шарт» кітабын өз елімізде және әлемде тарыдай шашылып жүрген мұсылмандарға таратты. Оның бұл тың қадамы туралы тележурналист Сағындық Нұрекеев телефильм түсірген болатын.

Сатириктерше айтқанда бүгінде жетпістің желкесіне мініп алған Қазыхан Әше қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосты деп сеніммен айта аламыз. Жаңа сатиралық мақал-мәтелдері, аңыз әңгімелері 6 том жинақ болып шығып жатыр. Ұзын ырғасы 70 кітабі, 70 ән-термесі ақпарат желісіне тіркелген. «Қазақ үні» қалың оқырмандарының «Сатираңыздың сиясы сарқылмасын, қолыңыздан қаламыңыз түспей халқыңызға әлі де ұзақ жылдар қызмет ете беріңіз!» деген ізгі тілегін жеткізгіміз келеді.

Зейнолла АБАЖАН

***

Қазыхан ӘШЕ,

Ақын, жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

***

Құлақ ассаң айтайын

Тумасымын Алтайдың,

Жалғасымын Нартайдың.

Талай нәрсе үйрендім,

Соңынан еріп Қалтайдың.

Темірбектен білім ап,

Алматыда марқайдым.

Балғабек пен Нүридин,

Шона, Жүсіп, Сақтаптай,

Ағаларға тартайын.

Өлсем қайта келмеспін,

Қайтқандардан байқаймын.

Бойымда қуат бар кезде,

Талайларың жалпайдың.

Бәйгеге қоссаң үкілеп,

Су жорғадай жортайын.

Сазайында бергенмін,

Шалтай менен Балтайдың.

«Арық аттың күйі жоқ»,

Екі шауып жатпаймын.

«Базардан қайтқан кезім ғой»,

Айтқанымнан қайтпаймын.

Сөзді тыңдар болсаңдар,

Дәмді сөзбен жартайын.

Ішімдегі шерімді,

Ақтарыла айтайын.

Өліп кәзір кетсемде,

Ағат сөзді айтпаймын.

Алған тура бетімнен,

Алдасаңда қайтпаймын.

Айран, қатық , майымды,

Өзім жинап шайқаймын.

«Көшке берген байталды»

КПСС-ке қайтардым.

Қазақтан қазақ қорқып,

Есеп жасайды ай сайын.

Қолында барлар жінігіп,

Бөліп алды тау-сайын.

Жеті жаста келіп ем,

Жетпіске жетіп қартайдым.

Жүзге бөліп көмсеңдер,

Сүйегімді қайда артайын.

Жерің жетет, елің бай,

Тонау менен ортайдың.

«Бөлінгенді бөрі жер»,-

Ұрпағыма айтарым.

Жетпіске келген жасымда,

Жамандыққа бармадым.

Бақыты үшін қазақтың,

Еңбектен бір сәт қалмадым.

Бірлігі болсын елімнің,

Меің тілер арманым.

Ағайын, туыс, бауырға,


ШЫҢҒЫРҒАН ШЫНДЫҚ


Қазақ қой бақпайтын болды,

Дүкенде ет сатпайтын болды.

Тауық ұя баспайтын болды,

Әтеш оны қостайтын болды.

Бала әкені боқтайтын болды,

Ит ұрыны қаппайтын болды.

Қанішерді сот атпайтын болды,

Шетелден саудагер қаптайтын болды.

Қашып кеткен байларды,

Сыртынан соттайтын болды.

Шал мал таппайтын болды,

Кемпір қасына жатпайтын болды.

Келін от жақпайтын болды,

Бала туу тоқтайтын болды.

Әйел басына жаулық тақпайтын болды,

Қыздар етегін жаппайтын болды.

Тергеуші қылмысты ашпайтын болды,

Күдіктіні қорғаушы жақтайтын болды.

Айғыр үйірін тастайтын болды,

Иесі малын таппайтын болды.

Үй кезегі келмейтін болды,

Жастарға жатақ бермейтін болды.

Байлар өлмейтін болды,

Кедей түк көрмейтін болды.

Жасанды сүт қаптайтын болды,

Сиыр сүтін таппайтын болды.

Бір үйде зейнеткер екеу болса ғана,

Бірігіп жан сақтайтын болды.

Қолда бардың қадірін білмейтін болды,

Зиялыны көзге ілмейтін болды.

Шет елде атың шықпаса,

Өз Eрін өзі сүймейтін болды.

Байлығы тасып жатсада,

Жағдайыңды ешкім білмейтін болды.

Жағымпаз бен парақорлар,

Отты аузымен үрлейтін болды.

Қыздар кәпірге тийіп,

Өз ұлтын сүймейтін болды.

Тыр жалаңаш билейтін болды,

Ішіп алып күйлейтін болды.

Жиеннің көбі шата болып,

Жеті атасын білмейтін болды.

Әкесінен үлкен еркекке,

Пұлың болса, жүр дейтін болды.

Жұғып кетсең оларға,

Әуелі машине, сосон үй дейтін болды.

«Қолынан келген қоншынан басып»,

Алғанын «рахмет» сый дейтін болды.

Ақыретте сұрау бары,

Бұл жұрттың санасын,

Ақша ғана билейтін болды.

Майлы жілік көрсе,

Итте үрмейтін болды.

Үлкенді кіші тоспайтын болды,

Жоқ-жоқ, - деп қақсайтын болды.

Көрші есігін ашпайтын болды,

Туыстар аяқ баспайтын болды.

Сонда айтшы, сорлы қазақ,

Қайда барып жан сақтайтын болды.


Ат тұяғын тай басар


Қанша заңғар болса да,

Таудың басын кір шалар.

Қанша шешен болсаң да,

Бас бәйгені жыршы алар.

Қанша үлкен болса да,

Жердің бетін күн шалар.

Ішіңдегі сырыңды,

Домбыра мен күйші алар.

Қандай тұлпар болса да,

Шабандоздар қамшы алар.

Мәреге жетіп қалған да,

Сауырына бір салар.

Қона келген қонаққа,

Құнан еркек қой сояр.

Хан келгенде ауылға,

Қысыр емген тай сояр.

Біз білмейтін өмірде,

Нелер мықты бар шығар.

Көк аспаннан қарасаң,

Жердің беті тар шығар.

Дүниеде кіршіксіз,

Қыздай алған жар шығар.

Періште деп жүргенің,

Бұл дүниеде сол шығар.

Өзгеріске көп түскіш,

Мұз боп жатқан қар шығар.

«Мың өліп, мың тірілген»,

Атам қазақ нар шығар.

Асауды да үйреткен,

Кәсіп еткен малшылар.

Тіршіліктің байлығы,

Қазағым баққан мал шығар.

Кезіп жүрген киіктің,

Баспаған жері тау шығар.

Батыр қылған адамды,

Намыс пенен ар шығар.

Ең мықтысы тамырдың,

Тасты жарған тал шығар.

Махаббаттың биігі,

Құшақта жатқан жар шығар.

Біз білмейтін періште,

Көк аспанда бар шығар.

Тасты бөліп тастайды,

Тама берген тамшылар.

Шыбын жан деп жүргенің,

Бірақ тамшы қан шығар.

Армансыз пенде болған ба,

Қаперінде жан шығар.

Табиғатқа түк емес,

Түн батқан мен таң шығар.

Ат тұяғын тай басар,

Ұрпақтарың бар шығар


О, бүкір заман-ай!


О, сорлы адам-ай,

Қарамайтын шамаң-ай.

Шатысыпта жатасың,

Ақылы жоқ баладай.

Ойын –сауық құрады,

Теңіне ешкім қарамай,

Некесіз туған қыз жесір

Соғыста қалған анадай.

Қоразсыз туған тауықтай,

Індет өршіп барады-ай,

Анаша жаулап алды ғой,

Жер бетінде санаңды-ай.

Тастап та кетіп жатырсың,

Туа сала далаға-ай.

Өлтіріп те жатырсың,

Ата мене анаңды-ай.

Жалақыңда жетпейді,

Жаныңды жүрсің бағалмай,

Қарыз алсаң банктен,

Қашасың тағы жаба алмай.

Отырасың кей кезде,

Шақырғанға баралмай.

Қарыз берсең танысқа,

Қор боласың алалмай.

Қоймайтын болды бастықтар,

Көзін салып жағалай.

Қарайып алған көздері,

Маса құсап қан алмай.

Алааяқтар жүрсіңдер,

Елді алдап қамалмай.

Мың жасайтын адам жоқ,

Уақытты жүрсің санамай.

Арулар жүр әр елде,

Өзіне сыңар табалмай.

Алданып қалған қыздар жүр,

Кегін қайтып алалмай..

Биік тауда сулар бар,

Арманда қалған ағалмай.

Көздеріңді май басты,

Жабылып мүлде қалардай.

Өз ұлтын ұмытқан,

Өңшең ғана сараң бай.

Алланың берген байлығы,-

Қымбаттап барат жанармай.

Кезінде тәуір адам ем-

Қалдым ғой түкке жәрәмай.

Құны кетті адамның ,

Қырық жылғы малайдай.

Рахым, тәубә болмаса,

Өмірің өтет оңалмай.

Байы өлген қатынды,

Еркектер итше талайды-ай.

Күні үшін байлардың,

Табанын біреу жалайды-ай.

Тозаққа түбі түсесің,

Күнәңді кері ала алмай.

Түзелмейді көп адам,

Кеудесінен жан алмай.

Тектілердің талайы

Тізімнен қалды саналмай.

Қайда бастап барасың

Ақыр заман болардай.

Табанымның бүрі жоқ,

Тозып кеткен тағадай.

Өтіп бара жатырсың,

Алды-артыңа қарамай.

Не ұтамын, білмеймін,

Айтқан менен жамандай.

Демейтұғын адам жоқ,

Қатарымнан қаламбай.

Өз басыңа көрінсін

Тозып тұрған қоғам-ай.

Ойланыңдар, қалайық,

Тығырыққа қамалмай.

Өзгеріп кетті бар адам,

О, бүкір заман-ай!