«Бөрте» Еуропаны бетке алып барады
2021 ж. 20 тамыз
4689
1
Кейінгі жылдары әлемді кино және театр туындылары арқылы танудың кең көкжиегі ашыла бастаған тұста, прозасынан гөрі пьесалары алдыға шығып, кешегі оқырманын бүгінгі көрерменге айналдырып, онымен тиімді байланыс жасаудың тамаша тәсілін тапқан белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтің шығармашылығында жаңалық жиі алмасып тұрады.
Өнімді жазатын қаламгердің драматургияға жай әншейін ара-тұра айналып соғып, ат шалдырып кететін әуес жанр ретінде қарамай, қазық қағып, басыбайлы айналысуының арқасында сахна өнері тың туындылармен толықты.
Драматургия саласын түрлі тақырыптағы тағылымды туындыларымен байытып келе жатқан суреткердің Еуропа жұртының рухани әлеміне бойлауды діттеген қадамы сәтті жалғасын тауып келеді. Дәл Дулат Исабековтей шетел театрларында көп сахналанып, халықаралық деңгейді бағындырған қазақ қаламгері кемде-кем. Республика театрларының репертуарынан түспейтін қойылымдарды айтпағанда, Санкт-Петербург, Омбы, Душанбе, Башқұртстан, Болгария, Түркия театрлары сахналаған шығармалар шеруі – ұлттық драматургиямыздың олжасы һәм қазынасы.
Ұлыбритания төрінде ұлттық әдебиетіміздің мәртебесін көтерген қаламгер туындыларының тұсаукесерінің бәріне қатысып, рәсімдерді көзімен көріп қайтқан Корей ұлттық академиялық музыкалық театрының директоры Любовь Нидің бір сұхбатында сыр қылып айтқан әңгімесі жадымызда қалып қойған еді. «Біз елде жүріп Исабеков шығармашылығының әлеуетін сезінбейді екенбіз. Англияға бірге сапарлап, кітаптың да, спектакльдің де тұсаукесеріне қатысып қайтқаннан кейін өзім бұрыннан білетін, кездескенде жылы рәуішпен қауышатын жазушыны биік өлшеммен бағалауға көштім. Лондон актерлері сахнада драматургтің «Өкпек жолаушысын» ойнап жатып, қазақ кейіпкерлерінің мұңын құдды бір ағылшын адамының қайғысындай түсініп, ішкі иіріміне түсіп кейіптегені ризалығымызды тудырса, сол психологиялық тереңдікті сезінген көрермендерінің көз жанарын сулап, эмоциямен отырып көргені тіпті таңырқатып тастады. Спектакль аяқталғанда, көпке дейін жүрек толқуын баса алмай, бір-бірімен пікірлескісі келіп, тарай қоймаған көрерменге қарап олардың толық катарсиске түсіп, жан-жүрегі тазаланып кеткеніне сенімдімін. Салқынқанды ағылшындардың таңырқағанына қарап біз таңырқадық, ал оларды жылату дегеніңіз адам сенбейтін жағдай, табиғатына ұстамдылық тән халықтың мұншама ыстық ықыласы мен биік бағалауына қарап тұрып, классик жазушының мықтылығын, ұлылығын мойындамай жүргеніміз үшін мен сонда шын ұялдым. Ал Лордтар палатасының қабылдауына барғанда, керісінше, біздің есіміз шығып кетті. Шын қуанғанын жасыра алмай, бар ықыласымен қабылдаған Лордтың қазақ қаламгеріне көрсеткен құрметі күллі әдебиетімізге жасалған құрмет екенін түсіндік», деп еске алған еді жазушының «Актрисасын» ағылшын көрерменіне ұсынған Корей театрының директоры.
Қаламгер үшін дүние жүзіне танымал болудың төте жолы – шығармаларының ағылшын тіліне тәржімалануы болар. Шетел классиктерінің бір ғана шығармасының, айталық, Шекспирдің бір ғана «Гамлетінің» орыс тілінде қырықтан астам аудармасы бар. Яғни бір пьесаны қырық автор аударған. Бальзак пен Кафка, Гете мен Дюма шығармаларын аударғандардың арасындағы шынайы бәсекелестік олардың кітабының көркемдік сапасын түпнұсқадан да артық етіп, әлемдік классиктерге айналдырып жіберді. Ал қазақ әдебиеті классиктерінің басына мұндай бақтың қашан келіп қонатынын ең мықты сәуегейдің өзі болжай алмайтыны анық. Шығармалары әр жылдары әлемнің әр тіліне аударылған мықты қаламгерлеріміздің қатары көп болғанымен, өз қаламдастары арасында әңгімелері мен повестерін ағылшын тіліне аударып, кітабын сол елдің баспасынан жарыққа шығарған Д.Исабеков әзірге дара тұр. Енді міне, Gün Publishing House атты швед баспасы жазушының «Гауһар тас», «Сүйекші», «Дермене», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген бес белгілі повесі мен «Қабылан», «Социализм зәулімі», «Сақтық күзетшісі» секілді үш әңгімесін топтастырған Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp атты кезекті кітабын шығарып, оны тек Швецияда ғана емес, Лондонда және басқа да Еуразия елдеріне таратуды көздеп отыр. Кітапты швед тіліне Нобель сыйлығының лауреаты, Швед Корольдігі академиясы мен Америка ғылым және өнер академиясының мүшесі, көптеген кітап пен ғылыми еңбектің авторы Бенгт Самуэльсон аударған. Ал швед тілінің аудармашысын табу оңай шаруа емес. Дулат ағамыз аударманы сапалы жасауымен аты шыққан, кез келген қаламгердің уысына түсе бермейтін Б.Самуэльсонды ұзақ күтуге тура келгенін жасырмайды. Өзіне дейін Достовскийдің, Толстойдың, Солженицынның шығармаларын тәржімалаған атақты аудармашының өз тілінде өзге автордың көркемдік әлемін қалыптастыру дейтін жауапкершілігі мол міндетті мүлтіксіз орындап шыққанын айтып, қазірдің өзінде жоғары бағалап жатқандар бар. Себебі португал жазушысы Жозе Сарамого айтқандай, «жазушылар ұлттық әдебиетті, ал аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды». Әзірге Стокгольмде онлайн-форматта ұйымдастырылған кітап таныстырылымының баспасөз релизінде шведтер Исабековті «ұлы жазушы» деп атапты. Бұған қазақы қалыптағы ағамыздың өзі аздап қысылыңқырап қалғанымен, шығармашылыққа шеберлік дейтін биік өлшеммен қарайтын шет жұрттың кітапсүйер ортасы солай шешсе, мұндай жоғары бағалауға осындағы отандастары тек қуаныш білдіруі тиіс.
Рухани бағыттағы ауқымды шаруаның бәрін рет-ретімен атқарып отырған Еуразия шығармашылық Гильдиясы-
мен бірлескен келісімдердің нәтижесінде алдағы 2022 жылы Аустралия елінің театрымен және Еуропаның үш театрымен Исабековтің пьесасын қою туралы шарт жасалды. Швейцарияның Zurich English-Speaking Teatre, Люксембургтің New World Teatre Club және Аустрияның Volkstheater қазақ драматургінің сиясы кеппеген жаңа шығармасына әлден қызығушылық танытып отыр. Аустралиямен қосқанда Еуропаның төрт бірдей театрындағы режиссерлердің екі алақанын ысқылатып, спектакль қоюға құлшынысын оятуға, әлбетте, тек «Бөрте» секілді тарихи тың тұлғаның тегеуріні ғана түрткі бола алады.
Бөрте деген кім? Шыңғысханның 500-ге жуық әйелі болғанын алға тартатын тарихи деректер қағанның сүйікті бәйбішесі болған Бөртенің ғана есімінің тарихта қалу сырын тарқатып айтып бере ала ма? Жаһанның жартысын жаулаған ұлы әміршінің 600-ден артық ұл-қызы бола тұра, тек Бөртеден туған балаларға ғана ұлы әмірші мәртебесі берілгенін қалай түсіндіреді? Дүниенің әміршісі атанып, жаулап алған жерінің шегарасын үздіксіз кеңейтіп, қағанат құрған ерімен бірге елді тең билеуіне түркінің қоңырат ұлысынан шыққан ару қалай қол жеткізді? Бар дүниені қалтыратып, қылышының жүзімен жасқаған Шыңғысхан туралы әңгіме түгесілмейді, ал ауызекі әңгімеде айтылғаны болмаса, кілең әміршінің артында тұрған алтынқұрсақ ақылман Бөрте туралы білетініміз жоққа тән. Ұзақ жылдар бойы осы сұрақтар төңірегінде толғанып келе жатқан Д.Исабеков «Моңғолдың құпия шежіресі» мен «Алтын топшы» тарихи қолжазбаларының дерегіне сүйене отырып, ұлы әміршілерді өмірге әкелген кемеңгер әйелдің ұлылығы туралы жазуға бел буады.
Пьеса Тимуджин мен Бөртенің әкелерінің достығынан басталады. Есукей батыр мен Дай шешен қағанаттағы ұлыстардың одақтастығын сақтап қалу үшін балаларын атастыруды жөн көреді. Ол кезде Тимуджин – 9 жаста, ал Бөрте одан бір жас үлкен. Екеуі бала күнінен бірге ойнап өседі. «Араның гүлден нәр жинағанындай бұл екеуі туралы мағлұмат жинау маған оңай болған жоқ. Шыңғысхан дәуіріндегі ұлы әйелдің образын сомдау үшін ол кездің адамдары қалай сөйледі, тілі, сөзі қандай ерекшелікке ие еді, ханымдарының жүріс-тұрысы, өзін ұстағаны қалай болуы мүмкін – осының бәрін зерттедім. Шыңғысхан туралы ортақ мәмілеге келе алмайтын тарихшылардың өз қарама-қайшылығы тұрғанда, «Бөрте олай емес еді, былай еді» деген пікірлердің туындайтынын қазірден сеземін. Бірақ «Бөрте» – тарихи деректі еңбек емес, көркем шығарма. 25 парақ дерек жинадым. Осы деректер негізінде ұлы ер мен әйел туралы пьеса жазып шықтым» дейді драматургтің өзі. Драматургтің айтуына қарағанда, ақылына көркі сай Бөрте қағанның төңірегіндегі тәуелсіз, еркін, өткір адамдардың бірі болған. Жер бетінде бірде-бір адам қағанға қарсы келмек түгілі, батылы жетіп жүзіне тура қарай алмай жанарымен жер сүзгенде, Бөрте ғана «көзіңді ашып қара» деп ерінің кемшілігін тура айтып, бетіне басқан. Алайда әйелінің адуынды мінезі үшін талай рет қаһарын төгіп, басын алуға бұйырып, талай мәрте парша-паршасын шығаруға пәрмен бергісі келгенде, ер мінезді әйелінің еркелігі мен парасаты даңқты қолбасшыны бәрібір жеңіп кететін еді.
Бытырап жатқан ұлыстардың басын біріктіріп ұлы мемлекет құрған Шыңғысхан туралы азды-көпті дерегі бар, ал Бөрте туралы мүлде түсінігі жоқ еуропалық театр режиссерлері пьесаны қалай сахналауды жоспарлап отыр? Олар Бөрте образын сомдауда нені ескеріп, спектакльді дайындау барысында неге баса мән беру керегін Мұхтар Құл-Мұхамед мына бір ауыз пікірі арқылы болашақ пьесаның сұлбасын тұтас сызып берген сияқты. Автордың «Бөрте ханым» деп атаған пьесасын «Бөрте» деген бір ауыз қысқа атауға ауыстыруға кеңес берген де әдебиет пен өнерге жанашыр осы бауыры. Өркендеген, өрісті, өнерлі елдің театрлары тарихи бейнені сахналағалы жатыр деген жаңалықты ести сала: «Бұл ешқандай әсірелеусіз отандық театр өнеріндегі ұлы оқиға. Еуропа мен Аустралияның белгілі төрт театрының спектакль қою туралы шешімі сіз секілді заманауи драматургияның төлтума шеберінің талантын мойындауы екенін айтқызбай аңғартып тұр. Сіз тарих пен өнерді ғажап үйлестіргенсіз. Сонымен бірге Бөртенің образы тек тарихи тұлға ретінде ғана емес, бүгінгі біз өмір сүріп отырған заманның әйелі сияқты қабылданады. Өте күшті, өктем және бәрін ақылға салып шешетін дана. Ол бүгінгі Елизавета, Маргарет Тэтчер, Ангела Меркельдің бәрін қоса алғандағы осы заманның ханшайымы сияқты. Әлем театрлары Олимпін бағындыруда жетістік пен сәттілік тіледім» деп пікір білдірген екен Мұхтар Құл-Мұхамед.
Драматургия талабына сәйкес, пьеса шиеленісті оқиғаларға толы. Екеуі үйленген соң бірнеше айдан кейін әкелерінің кегін алуға келген меркіттер Тимуджиннің үйіне баса көктеп кіріп, Бөртені күшпен алып кетеді. Өйткені болашақ ұлы әміршінің анасын да әкесі дәл осылай меркіттерден тартып алған болатын. Меркіттің қолында тұтқында болып келуі алдағы өміріне басылған қара таңба болғанына қарамастан Бөрте іштегі қайғысының өзін хан үшін де, әулет, ел намысы үшін де қайырлы істерге айналдыра алды. «Уа, хан ием! Бүкіл моңғол елі мен аспан астының билеушісі! Сенің алдыңда қауіп-қатер төніп тұр. Қыпшақ даласы мен Хорезм патшалығы сенің жойқын күшіңе төтеп бере алмас. Әйтсе де, соғыстың аты – соғыс. Сол соғыстардың бірінде саған бірдеңе бола қалса ... Мына ұлан-ғайыр еліңе кім иелік етеді? Оны кім басқармақ? Көзіңнің тірісінде, күш-қуатың бар кезде төрт ұлыңның біріне атап кет. Сен ғайып бола қалсаң, Амбағай ханның ұлдары секілді төртеуі билікке таласып жатқанда аңдыған жауларына жем болып жүрмесін» дейді алыстағыны аңдайтын Бөрте. Әкесі үлкен ұлы Жошыны атағанда, «Ол ұлдың үлкені болғанымен, қаны басқа! Сонда біз меркіттің қаңсығына бағынбақпыз ба?» деп аналарының баяғыда тұтқында болып, құрсағында келген баланы хан тағына лайық көрмейтінін айтып үш ұлы бірдей өре түрегеледі. Меркіттер тұтқындап әкеткенде, Жошының құрсағында болғанын, Шыңғыстың үш күн аң аулап, жолбарыстың бүйрегін әкеліп қақтап беріп, әйелінің жерігін басқанын, Жошының туған бауыры екенін айтып, Бөрте балаларын бірлікке шақырады. Шым-шытырық шырғалаң оқиғаларға толы осындай сахна көріністері драманың соңына дейін жалғасады.
Автор пьесасын аяқтап, соңғы нүктесін қойған соң әдебиетіміздің мэтрі Әбдіжәміл Нұрпейісовке оқып шығуын өтінген екен, белгі соғып оқуға дағдыланған классиктің қаламы тимеген бірде-бір бүтін парақ қалмапты. Ең соңғы параққа «Жылаттың ғой» деп жазған екен. Енді «Бөртені» сахнадан көргенше тағат таппай асыға күтіп отырғанын айтыпты. Қазақстан театрларының арасында Түркістан облыстық сазды драма театры пьеса дайындығын бастап та кетті. Болмыс-мінезі, тарихта атқарған рөлі тұрғысынан өзіне дейінгі әдеби персонаждардың бәрінен бөлек тұрған Бөрте образы әдебиетіміз бен өнеріміздегі сұлу жар, ақылды аналар галереясын байыта түсетіні талассыз шындық.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
Дереккөз: egemen.kz