НӘЗІК СЫРЛЫ, СҰРАПЫЛ ЖЫРЛЫ НАҒЫЗ ЕҢБЕК ЕРІ
2021 ж. 11 тамыз
6128
0
Ақын Күләш Ахметова - 75 жаста!
(Эссе)
ӘДЕМІ басталған әңгіме әуелде қалжың мен қағытпаға толы анекдоттармен тұздықталып отырған. Дастархан басындағылар алдына жайылған дәмнен алып отыруды да ұмытпайды. Ортаға тасталған орамды әзілге де құлақ түріп, емен-жарқын күліп алады.
-"Жаңа планета ашылыпты дейд. Планетаға бірінші боп жеткен бір өзбектен "Неғып жүрсіз?" деп сұраса, "Қай жерден базар салуға болатынын көрейін деп ем" депті. Келесі кездескен орыстан "Сіз неғып жүрсіз?" деп сұраса, "Қай жерден қала соғуға болатынын ойластырып жүрмін" депті. Үшінші адам қазақ екен. "Неғып жүрсіз?" деген сауалға "Әшейін жүрмін" деп жауап беріпті".
Қыран-топан күлкі. Езу жиылып үлгермей жатып, келесі әзілдің де орайы келіп қалады:
-Базарда үш түрлі бас сатылып жатыр екен дейді.
-Мынау қанша тұрад?-десе, "Мың доллар" депті сатушы. "Неге мың доллар?" десе - "Орыстың басы" депті.
-Мынаның бағасы қанша?-десе, "Екі мың доллар" депті сатушы. "Неге екі мың?" десе - Бұл "еврейдің басы" екен.
-Ал мына бас қанша тұрады?-деп сұрағандарға, "Бұл үш мың доллар" депті сатушы.
-Ойпырмай, тіпті қымбат қой?-дегендерге:
-Өйткені бұл "Қазақтың басы". "Сіп-сівежий". Ештеңеге басын қатырмаған, ештеңеге мыйын ашытпаған, ойсыз, қамсыз, тап-таза бас."В масле", - деген екен.
Бірі қарқылдай, бірі шиқылдай шыққан күлкілер алғашында екі көзден жас ағызады. Соңына қарай, "Рас қой, біздің қазақ сол ғой", "Қазақ десең өзімізге тиеді. Демейін десең, тірлігі дәл осы ғой" десіп, бірін-бірі мақұлдасқан салмақты пікірге ұласып кетеді.
Осы тақілеттес мойындаулар арқылы кәдімгідей мұңға шомдыратын ол салмақты пікірлер салихалы ойға жетіп үлгермей, орта жолдан әлгі жоғарыдағы "әшейін жүрген" "ойсыз, қамсыз" адамды жерден алып, жерге салуға кетіп қалады. Бейне бір өзіміз қазақ еместей, немесе қазақ деген ұлттың өкілі екенімізді біле тұра, сол "әшейін жүрген" "ойсыз, қамсыз" өзіміздің "қазаққа" өзімізді жатқызғымыз келмей, әлдебіреулерді мысал етіп, әлдекімдерді кінәлі қыламыз. Сөйтіп, өзіміз сүттен ақ, судан тазасынып, айдаладағы әлдебір "қазаққа" сырттай кіжініп, іштегі қыжылды сыртқа шығарамыз.
"ӨЗГЕГЕ орын берген, төрін берген, бәрін берген", өзі босағада қалған өз қазағын жамандаудан "ләззат алу", "рахат табудың" бой бермес үрдіске айналғанының белгісі еді бұл. Және бұл қалыптасқан дағдыға ет үйренгені сонша, қосыла кетпесе, "қой, жаман болса да өз қазағымыз ғой" деп, арасына арашаға түсіп, ақтап алып жататындары некен-саяқ. Жоқ, қатты айтпайын. "Жаман" жұртымды, аңғал, алаңғасар ұлтымды, қаймана халқымды осы бір жағымсыз сипаттардан ақтап, аршып алғым келіп, менің өзім де талаптанып көргенім бар. "Біріңді қазақ, бірің - дос, көрмесең істің бәрі бос!" деген ұлы хакім Абайдың ұлы сөзі неге тұрады. Немесе, "Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді ("Өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дейді"...) деген халық нақылы да бұл талапқа олқы емес-тін. Бірақ, ел басылымдарының беттеріне жарияланған мына бір өлең жарқ ете қалды да, бүгінгі күнінің кемістігін бір-бірінен көрген алтыбақан алауыз ағайынды біртұстас бауыр қалпына, қарға тамырлы қандас күйіне лезде, қайтадан құндақтап, оралдырды да тастады! Дүйім қазақты алақанға салып, аялады да жіберді:
-"Қазақты жамандама қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік ай астында, жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана!"
Бұл өлең - Күләш Ахметованікі болатын. Кәдімгі Күләш Ахметова.
"Қамалдай беріктікті күш санайтын", "тағдыры ешкімге ұқсамайтын" болмысы бөлек қазақтың табиғаты сөзбен салынған сұлу суретпен, өлеңмен өрілген ғажайып өрнекпен керемет ашылғаны соншалықты, "Тарихын зерделесең, зерікпес ең, Танырсың тағлымына еліктесең, Қазақтың атын қорға, қазақ бала, Ешқашан өз еліңді кемітпе сен!" деген келесі шумақтардың жолдарынан-ақ, аңдаусыз сөйлеп қояр албырт бала түгілі, ақсақал жасты алқымдап қалғандардың өзі абайламай айтса, ауырмай өлетінін дереу ұғып, өз ұлтының ұстынына күйе жағып жала жаппақ тұрмақ, былапытпен былғап, кірлетудің кешірілмес күнәмен, ақталмас қылмыспен тең екенін түсінер еді.
Аспаннан құйған алапат нөсердей жыр. Бұндай жойқын жырдан соң өз мініңді көрмей, өз халқыңа өзің өкпелеп, есеңгіреп жүрген есіңді жимай көр!
Аяулы ақынның әлпештеген аманат сыры. Мұндай ғаламат сырдан соң "бір-бірін құқай көріп, дұшпанға ұпай беріп жем болуы" да мүмкін аңғал-саңғал жұртты жақсы көрмей көр!
Оқыған сайын қайталап оқи бергің келеді. Қайталап оқи берген сайын әлденеге елегізіген көңілің орнына түседі. Әлденеден езілген еңсең көтеріле бастайды. Әрі-беріден соң, кеудеңді ұлтыңа деген ұлы сезім кернейді. Бұған дейін ауызға келгенді орақпен орып жүрген өзіңнің қасиетсіздігіңе қарның ашады. Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп оңды-солды шашып, жайып жүрген сөзіңнің жүгенсіздігіне ұяласың. Сосын... Осындай текті халықтың перзенті екенің есіңе түседі. Есіңе түскен соң, еліңді мақтан етіп шығасың. Мақтан тұтар мықты халқыңның бар екеніне, бар ғана емес, нар екеніне қуанасың. Енді... Енді, сол халқыңды сен де жан-жағыңа, тіпті жаһанға жар сала жария еткің, паш еткің келеді, жырлағың келеді. Халқыңды жырлауың үшін ақын болып кеткің келеді. Осы өлеңнің авторы құсап. Күләш ақын құсап.
Кімнің қаншалықты және қандай ақын болып кететіні - әрине, ол бір басқа әңгіме.
Бірақ, Күләш Ахметованың біз мысал еткен өлеңін ғана емес, кез-келген шығармасын оқыған кез-келген оқырманға ғайыптан бір күш бітіп, дарын дарып кететіні шындық.
Ең болмағанда екі шумағын жаттап алады. Екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын шала қазақ болсаңыз - Күләш ақын өлеңдері арқылы ұлтын сүйер нағыз патриотқа айналып, таза қазақ боп шығасыз.
Сөзімізге дәлел керек етпейтіндіктеріңізді білем, құрметті оқырман.
ӨЙТКЕНІ, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, "Парасат" және "Құрмет" ордендерінің иегері, қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметованы танымайтын қазақ жоқ. Шығармаларын әдебиет сүйер, өлеңсүйер қалың қауым сүйіп оқиды. Жатқа біледі.
"Ақ гүлім менің", "Сен менің бақытымсың", "Жапырақ - жаздың жүрегі", "Бұлақтағы жұлдыздар", "Жасыл жағалау", "Наурыз нұры", "Күн шыққанда күліп оян", "Арғымақтар даласы", "Махаббат жылы", "Ләйлектер қайтып келгенде", "Өкініш әні", "Бақ", "Құт", "Махаббат" сықылды кітаптары бар ақын әкпеміздің биыл баспадан шыққан бес томдық шығармалар жинағы да сүйікті оқырмандарына жол тартқаны көпшілікке мәлім.
Құдіреті күшті Хақ тағаланың дәргейіне:
Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің,
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің.
Раббым, сенен бөлек осыншалық
Нығметтерді мен үшін әзірлер кім?! -деп алғаусыз пейілімен құрақ ұшқан айшуақ ақын жарты ғасырдан астам уақыттан бері халқын поэзияның кіршіксіз шұғыласына шомылдырып келе жатыр.
"Шаттықпенен қарсы алам Күн шығуын, Махаббатыңмен нұрланды тіршілігім. О, Жаратқан! Өзіңе - шүкірлігім, Жарылқауыңа - мәңгілік құлшылығым" деп, өтетін де кететін бес күн тірліктің бес мүйнеті түгілі, бес секундын да босқа өткізіп алмаудың қадірін, өтірік болмаса да, өтпелілігі, жалғандығы шындық, айнымас ақиқат мына фәни дүниенің адамзат баласына ылғи сынақ үшін берілгенін бағалай білудің аса қажеттілігін оқырман санасына себездеп сіңдіруге тырысады. "Әрбір жан Алланың рұқсатымен ғана иманға келеді. Алла азапты - ақылдарын істетпейтіндерге береді". ("Юнус" сүресі, 100-аят). Сондықтан Күләш ақын бұ жалғаннан азап көрмей, бақыттың кәусар бұлағын сіміргісі ғана келетіндерге ең алдымен, өздеріне Жаратушы берген ақылдарының шексіз құнын ұғудың, сол шексіз құндылықты
пайдаға дұрыс асыра білудің бағытын сілтейді. Ақын сілтеген бағыт - нағыз тағлымды, тәлімді, тәрбиелі бағыт. Тура жол. Осындай өнегелі өлеңдерімен оқырман кеудесіне руханияттың сәулесін құятын Күләш Ахметова нағыз сауапты істердің иесі. Тозаңның түйіріндей болса да жасаған қандай да бір сауапты амалымызды бір Алланың көретіні рас деседі. Ал Күләш ақынның әрбір өлеңіндегі әрбір шумақ, тіпті әрбір тармақтары бүгінгі үлкен-кіші замандастарымызға ғана емес, кейінгі ұрпақтарға да мәні жойылмайтын, қайта уақыт өткен сайын мағынасы мен маңызы арта түсетін, бағасы көтеріліп, бәсі биіктей беретін нағыз сауапты амалдар, нақыл сөз, үлгілі афоризмдер.
ЖОҒАРЫДАҒЫ сөзіміздің бір жерінде Күләш Ахметованың қайнар бұлақтай тұнықтық тұнып тұрған тұма жырларынан сусындаған кез-келген жанның сөз өнеріне ынтығып, ақын болғысы келіп кететіні жайлы көңіл-күйді бекер ауызға алған жоқпыз. Алысқа бармай-ақ, өзімнің басымнан кешкен жайтты айғағыма арқау етуіме болады.
Бірде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әулиеаталық журналист, ақын ағамыз Баймаханбет Ахметов менің шығармашылығым туралы жазған көлемді пікірін былай деп бастапты:
"Неге екенін білмеймін, "Үшарал" десе-ақ, әр қандай кезеңде дүниеге келсе де өзара рухтас, мінездес ошақтың үш тағанындай апалы-сіңлілі үш ақынның есім-сойлары жадыма үйіріле кетері бар. Үшеуінің арасында көзге көрінбес бір байланыс, ортақ арман - аңсар, әуезе-үн бар секілді. Айтыстың ақ періштесі Ұлбике, таңдайына бұлбұл құс ұя салған Күләш ақын... Енді оларға Үміт ілесті. О, қандай үйлесімді "үштік" десеңізші!"
Өзі жайлы айтылған жақсы пікір, жағымды лебіз, әлбетте, кім-кімді де болмасын қанаттандыруы тиіс. Ал мені әсіресе, Баймаханбет ағаның ошақтың үш тағанына теңеген үшаралдық үш ақын қыз туралы сөзі терең ойға қалдырды. Жеке басымды алып қарасам, өзімнің ешқашан ойыма келмеген, түсіме кірмеген бұл тұжырымға таң қалдым. Бұл салыстыру сәйкестік пе әлде кездейсоқтық па?!. Қалай болғанда да бұл тылсым байланысты осынша уақытқа дейін өзім қалай аңғармағам?!.
ҮШАРАЛ - төменгі Талас өзенінің бойында орналасқан елдімекен. ХІХ ғасырдың орта тұсында өмір сүрген қайым айтыстың хас шебері Ұлбикенің ауылы. Күләш Ахметованың еш жерге айырбастамайтын Флоренциясы. Мен де осы жерұйықтан түлеп ұштым.
Ұлбикенің мұраларымен есейген шағымда терең таныстым. Ауданымда, облыс көлемінде оның есімін ұлықтатып, өңірлік, аймақтық, республикалық ақындар айтысын ұйымдастыруға мұрындық болдым. Ол айтыстарға белсене қатысып, өзім де бірнеше рет "Ұлбике ақын атындағы айтыстардың" бас жүлдегері, жеңімпазы атанғам.
Ал Күләш әкпе туралы сәл ертерек құлақтандым. Оны менен гөрі алтыншы сыныпта жазылған күнделігімнің беттері тәптіштеп жақсы баяндай алады...
"Сабақтан бөлек тағы бір ермегіміз – кітап оқу. Мектебіміздің кітапханасы бар. Ондағы әдеби кітаптарды тауыссақ, совхоздың үлкен библеотекасына жүгіреміз. Бірінші орыс класынан бастап бастауыш сыныптарда жүрген кезімде көбінесе орысша кітаптарды жаздыртып алып, оқитынмын. Бірінші сыныпта ауыл дүкенінен ең алғаш рет «Восстание в тюрьме» деп аталатын шағын кітапшаны сатып алып оқыдым. Кітап Феликс Эдмундович Дзержинский деген революционердің жауынгерлік жолы туралы. Сергей Орджоникидзе деген кісінің де есімімен осындай орысша әңгімелерден таныспын. Ленин туралы болса да-болмаса да оқисыз.
Ал қазір соңғы уақыттарда қазақша әдеби кітаптарды көбірек оқуға зейін қоя бастадым. Мұныма қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елеш ағайдың ықпалы молырақ боп тұр. Елеш ағай сықылды мен де қазақ ақын-жазушыларының аттарын көбірек танығым келеді. Шығармаларымен кеңірек танысқым келеді. Кітапханалардан жаздыртып алған кітаптарымды әкелген-әкелгенімше оқып, көлемдеріне қарай, бір-ақ түнде, ары кетсе, екі-ақ күнде оқып тауысып қоям. Көркем шығармалардың тартымдылығы сондай, кей түндерді ұйқтамай өткізіп, таң атыруға баратын шақтарым да аз емес.
Әңгіме, повесть, ептеп романдар оқып жүрген маған бір күні анашым бір ақыл айтты.
Прозалық шығармалармен бірге поэзиялық шығармаларды да оқыған жөн дейді.
-Сен ақыры өлең жазып, тақпақ шығарумен әуестеніп жүрсің ғой. Ал ондай адам алдымен ақындардың да жазғандарын оқуы тиіс. Үйренеді. Тілі төселеді. Сөзі байиды.
Ойланып қалдым. Мұнысы дұрыс екен. Кітапханада ақындардың да кітаптары көп. Абай Құнанбаев, Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев. «Күз», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Қыс» деген өлеңдерін әдебиет сабақтарынан өтіп, баяғыда-ақ жаттап алғам, ендеше, Абай атамның кітабын жаздыртып алайын деп ойладым.
Бұл жерде де анам кішкене бағыт берді. Кішкене емес-ау, қиял көкжиегін кезіп кеткен санамды қырық бес, тоқсан градус қашықтықтың нүктесіне бұрып берді.
-Күләш Ахметова деген жас ақын бар. Осы біздің ауылдан шыққан қыз. Өлеңдері газет-журналға да жиі шығып жүр. Совхоздың дүкенінде кітабы бар болса мен саған сатып алып берейінші осы,-деді анам көңілденіп.
Дүкенде жоқ екен. Бірақ анам сұрастырып жүріп, маған ақыры әлгі Күләш Ахметованың бір кітабын тауып әкеліп бергенде қуанғаным-ай. «Ақ гүлім менің» деп аталатын жыр кітабы. Алғашқы бетінде ақынның өзінің суреті де бар екен. Күлімдеп түскен. Әдемі бикештің әсем бейнесіне қарай бердім. Қарай бердім.
«Біздің ауылдан шыққан». Осы біздің кіп-кішкентай ауылдан шыққан. Біздің алақандай ауылдан шығып, сонааау Алматыда жүр. Өзі сонша қашықтықтағы шалғай Алматыда жүрсе де, шығарған өлеңдері біздің жаққа дейін жетіп жатыр.
Жоқ. Мәскеудегі ақын-жазушылар мақұл. Оларды біз оқулықтарымыздан да оқып алып жатырмыз. Мұның бәрін өкіметтің өзі жайғап қойған. Оны түсінем. Менің түсінбейтінім – біздің құмда жатқан алыс ауылдың бір жапырақ қызының жүрегін жарып шыққан әйбат жырларымен асқақ Алматыны бағындыруы.
Мә-әәә. Өлеңдері қандай көп. Бірінен бірі өтеді. Күләш Ахметова. Қандай керемет ақын, ә! Аты қандай керемет. "Күләш Ахметова" деген атының өзі өзгеше сияқты. Демек, ақындардың есімі ерекшелеу болатын болғаны да. Күләш Ахметова. Абай Құнанбаев. Әбділдә Тәжібаев. Әбу Сәрсенбаев. Қасым Аманжолов..."
Қазақ сыныбына ауысып, қазақ әдебиетінің жауһарларымен ептеп таныса бастаған балдырған кезімде мен ақын Күләш есіміне осылай бауыр бастым. Ақын Күләш шығармаларымен осылай сусындай бастадым. "Ақ гүлім менің" - менің жастығымның астына қойып, жастанып жатып ұйқтайтын бойтұмарыма айналды. "Шығысым батыс боп кетті" деп ұлы Абайдың айтқанындай, ақын қыздың одан кейінгі шыққан кітаптары да менің шағын этажеркамның ең көрнекті сөресінен орын алатын құнды жәдігерге саналды. Ішіндегі өлеңдердің бірталайы қайталап оқыған сайын өзінен-өзі жадымда сақталып қалатын. Ал мына "Шілтер" атты балладасы құдды бір мен туралы жазылғандай әсер ететін. Жаттап алған осы өлеңді басынан бастап дауыстап оқи берген сәттен-ақ, әлі күнге дейін (!..), көзіме жас үйіріліп, өзегіме өксік тығылады:
Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән, Жүгіреді жылдар шашып шашқа шаң. Жырларымды көп адамдар тыңдаған, Ана, сен ғой естімедің ешқашан.
Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған, Ал мен болсам, тозбайтұғын сөз бағам. Here адамды сақтау қиын зат құрлы?! - Дейді менің бота көңлім боздаған.
Ой тоқып ем, шілтер емес, шықты өлең,
Тоқи берем, ұқпасам да түк те мен.
Уақыттан сызат түскен сандықта
Шілтер жатыр соңғы гүлі бітпеген... -деп келетін сегіз шумақ өлеңнің аяғына дейін жатқа
оқып шыққанымша еңірегенде етегім жасқа толып, жылап қалам. Жылап алудың пайдасы сол - өмірлік орны толмас құсаларымның кірі жуылып-шайылады. Толық жеңілдеп, тазарып қалам.
БІЗДІҢ буын келмеске кеткен кеңестік кезеңнің өнімі. Ол кезеңнің идеологиялық машинасының мықты жұмыс атқарғанын жоққа шығаруға болмас. Үлкенге ізет жасауды, кішіге құрмет көрсетуді жазылмаған заң деп білдік. Отанға адал болуды, отаныңды жан-тәніңмен
сүюді, оған ынта-шынтаңмен маңдай теріңді аямай төге қызмет етуді бұлжымас талап деп есептедік. Оқуда озат, еңбекте алда болуды мақсат еттік. Жыл сайын мерзімді басылымдарға жазылу қалыптасқан дағды, үйге поштамен келетін газет-журналдарды оқып отыру қалыпты жағдай. Ал кітаптан кітап қоймай, бір-бірімізбен жарыса оқып, біріміздегі жоқ кітапты келесі бірімізден кезек күтіп, сұрап алып оқып, бітіру - мерейіңді үстем етіп, сондай бір ғажап көңіл-күйге бөлейтін тамаша үрдіс еді.
Тағы бір астын сыза еске алатын жайт - алдыңдағы аға буын өкілдерінің ел аузындағы ірі тұлғаларына ұқсауға тырысу - тәрбиенің ең негізгі түрі болды. Мектепте ұйымдастырылатын іс-шараларда болсын, тіл-әдебиет сабақтарынан жазылатын шығарма, мазмұндама, диктанттарда болсын, қозғалатын басты тақырыптың дені осыған саятын. "Кімді идеал тұтасың?!!" - деген сауал біздердей жасөспірім жеткіншектерге жиі қойылатын таныс тіркес-етін. Бірақ таптаурын сұрақ емес, алға ұмтылдыратын, жақсылыққа жетелейтін, ізгілікке бейімдейтін тәрбие құралы ретіндегі аспаптың бірегейі еді. Және ол идеал ұғымы, қазіргі күні бәзбіреулер меңзеп жүргендей, Жаратушы жалғыз Йеге ширк (серік) қосу да емес-тін, жеке басқа табынушылықпен де үйлеспейтін. Құлдық психологиямен де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын.
Қазір ғой, "еліктеп-солықтау" дегенді зор қателік көріп жүргеніміз.
Бір жағынан, бүгінгі прагматик жас ұрпаққа осы позиция дұрыс та шығар. Бірақ, "болмаса да ұқсап бағуға", "ақырын жүріп, анық басуға" (Абай) үйренген аға толқын, өзінен кейінгі албырт, асау толқынның "өзі болған қыз төркінін танымас" деген мәтелдегіше, өздерін аспаннан дап-дайын салбырап түскендей сезінбеуін тілейді. Жалын жүрек жастарымыз атой сала алға адымдап бара жатқанда, сәл сәтке болса да, өткен күндерінен күл алмай, алау, ұшқын, от алып, керек емесін қалдырып, қажетін әжетіне жаратып, ертеңгі атар таңдардың жалқын жалына емін-еркін қол артса дейсің.
"Еліктеу" дегеннен шығып кетті ғой.
Жоғарыдағы, Күләш Ахметованы оқып, өлеңіне ғашық болғандар сол кісі құсап "ақын болғысы келіп кетеді" деген сөзіме қайта оралайын.
МЕНІҢ ауылымнан шыққаны ғана емес, мен секілді қиын тағдырды басынан кешкені де мына маған қатты әсер етіп, Күләш ақынға ұқсағым келіп, еліктеп өстім. Күләш шешесінен жастай жетім қалса, мені де тағдыр мектепке барып үлгермеген сәби шағымда әкем мен екі бірдей ағамнан айырып, қамкөңіл етті... Тағдырлы Күләш ақынды арамызды жиырма жылға жуық жас ерекшелігі бөліп тұрса да, өзімше, ойша өзіме ұқсатқанымның себебі осы болды. Дұрысырағында, өзімді оған ұқсатқым келді. Және болашақта соған ұқсауға тырысудың алғашқы жобалары балалық санамда сызыла бастады. Ол "нобай" балауса шағымда бұла бойжеткеннің тәтті аңсарына ауысып үлгергенін, кейі-і-іін, тұрмысқа шыққанда бірақ сездім. "Күйеуге тимеймін. Күйеуге тисем де күйеуім Күләш Ахметованың күйеуі сықылды, өзімнің жанымды ұғатын, жандүниесімен жақын адам болуы тиіс" деген аяулы арманымды ерекше рақымды, аса мейірімді Тәңірімнің оп-оңай орындап беріп, бұйырта салғанына бүгінгі күндері үнемі тәубе қылам. "Армандар орындалады, мақсаттар айқын болса" делінетін қазіргі таңдағы заманауи қолданыста жүрген асқақ ұстанымның бұрыс емес екеніне менің көзімнің жететіндігі сондықтан.
Міне, өнері нұрлы, өнегесі сырлы ақын Күләш Ахметованың тұрған тұла-бойы бүкіл ғұмырымен кез-келген адамға дап-дайын мотивация дегенім осы.
АБЫЗ Әбіш Кекілбаев "жыры күннің - нұрындай, гүлдің - әріндей, нанның - дәміндей, сүттің - өңіндей" деп аса көркем бағалаған Күләш Ахметовамен соңғы жылдары жиірек жолығысып, етене араласуымызға үлкен мүмкіндік туды. Ол кісі отбасымен бұрын құзар шыңдары көк тіреп мұнартқан Алатаудай алыс көрінетін Алматыдан бізге жақынырақ өлкеге көшіп келді. Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың тұрғыны болғанына мен ғана емес, бүкіл жамбылдықтар қуанды деп ойлаймын.
Кездескен сайын жылы рәуішпен қауышатын Күләш әкпемізбен біздің әулетімізді арамызда орнаған туыстық қарым-қатынас одан сайын жақындастырып жіберді. Менің әкпем Лорахан ол кісінің інісі Бақыт-Бердиярдың құдай қосқан қосағы. Осы жерде бір қызықты әңгімені айта кетудің орайы келіп тұр.
Үшаралдағы бауырлары Бақыт пен Лораның үйіне қыдырып келіп жатқан ерлі-зайыпты көрнекті ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметоваға аудан орталығы Қаратаудан арнайы шығып, айтыскер жұбайым Ербол Қамбатыров екеуіміз амандаса бардық.
Туған жердің төсінде кезігіп, төртеуіміздің басымыз бірге қосылған, арқа-жарқа бір демалыс болды.
Ауыл кеші. Күн болса жаз. Ыстық. Көлікпен көшеге шығып қыдырыстап келген Ербол мен Қайырбек аға қалың жапырақты тал түбіндегі тапша-сәкіде салқын самалды көлеңкеде шай ішіп отырған Күләш әкпем екеуіміздің қызу әңгіме-дүкеніміздің үстінен түскен.
-Мазам болмай тұр ма, қалай?-деп шаршаңқы кейіп танытқан Қайрекеңе «суға бір түсіп алса сергіп қалады ғой» деген оймен мына менің:
-Онда түсіп алмайсыз ба душқа?-деп тіл қатқаным сол-ақ екен, Ербол-Ерекең іліп ала жөнелді:
-Бір штук темекі берейін туысқа!
Екеуіміздің ұйқаса өріле кеткен сөзімізді лезде серпілген Қайырбек аға жалғастырып әкетті:
-Соларыңды санап тұрмын дұрысқа!
Салмақты күйде сабырмен сөздің соңын күтіп қалған Күләш әкпе:
-Темекі де, душ та сылтау бола алмас,
Түсесіңдер ғой бәрібір сендер уысқа!-
деп қайым айтысымызға леп белгімен нүкте қойды.
Төрт қонақтың жарасымды қалжыңына куә болған ауылдастар ертеңіне осы төрт жол өлеңді күліп отырып тағы еске түсірді. Сөзбе-сөз айтылған бір ауыз шумақ ешқайсысымыздың ойымызда жоқ болып шықты.
-Оған ол үшін кешегі бас керек!- деп Қайырбек аға елді тағы ду күлдірді. Бұл айтыс қайта жездем Бақыт-Бердиярдың жадында сақталып қалыпты.
"АЛТЫННЫҢ қолда барда қадірі жоқ". Осы мақалды беске білгенімізбен, "екі" мен "үшке" де орындамайтын салғырттығымыздың зардабын аз тартып жүрмегенімізді мойындап, қиналам кейде. Әйтпесе қазақ әдебиетінің алтын дәуірінің көзі тірі соңғы сарқыттарын көзіміздің қарашығындай сақтап, аялауға тырыссақ игі емес пе.
Сол самородоктың бірі, бірі емес-ау, ірісі, кесегі біздің Таразда тұрып жатыр.
Ол - Күләш Ахметова.
"Сен – қазақсың! Қазақ деген ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.
Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек" - деп жырлаған, шығармалары әр жылдары әлемнің әр тіліне аударылған, тараздық болғанымен иісі қазаққа мәшһүр, Алашқа ортақ ақын.
Ерлі-зайыпты ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың Алматыдан Таразға қоныс аударғанына бірнеше жылдардың жүзі болғанын дүйім жұрт біледі. Облыс басшылары, аймақ ағалары және әулиеаталық жұртшылық пен жамбылдық оқырмандар назарынан бұ кісілер ешқашан тыс қалған емес, шүкір.
Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін кез-келген өлеңін жатқа айтатын Күләштай ақын әкпемізді құдай қосқан қосағымен қол ұстаса сұлу өмір сүріп келе жатқан бірден-бір бақытты жан санауға болар.
Атақ пен сый-сияпаттан да кенде емес дерлік.
Алайда биыл мерейлі 75 жасқа толып отырған қазақ поэзиясының ақ гүліне қанша қошамет жасасақ та көптік етпес еді.
Қай шығармасын алып қарасаңыз да әр тал шумағына дейін ұлты үшін жанының жапырағын төсеп, жұрты үшін жүрегінің саусағын жайып, тебірене толқып, төгіле сөйлей жөнелетін ғажайып ақын қарусыз майданның нағыз батыры емес пе!
Көңіл жасын мөлтілдетіп отырып, көз майын тауысқан әрбір туындыларының әрқайсысының жарық дүниеге келіп, халық игілігі үшін қызмет етуіне қанша қажыр-қайрат жұмсалып, қанша тер төгілгені жалғыз Жаратушы Егемізге ғана аян.
Бір-ақ ауыз сөзбен айтқанда - ерлік!
Ал Күләш Ахметова - Ер!
Ендеше, Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Күләш Ахметованы "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына неге ұсынбасқа! Менің осы ұсынысымды бүкіл ел, бүтін республика, біртұтас Қазақстан халқы бірауыздан қолдайтынына шүбәм жоқ.
Өйткені ол кісі бұл атқа әлдеқашан лайық боп қойған адам!
Әлбетте, "игіліктің ерте-кеші жоқ", бүкіл еліміздің түкпір-түкпірінде мерейтойы дүбірлеп аталып өтіп жатқан сүйікті ақынымызға мемлекет тарапынан осы марапат бұйырып жатса, ол кісінің емес, ең алдымен, мемлекеттігіміздің рухани даңқы артар еді!
Азат еліміздің тәуелсіздігі мәңгі жасасын!
Биік рух жаршылары - Ақындар жасасын!
Жаратқан Йеміз артынан ауырлығы болмайтын жеңілдік берсін!
Артынан кедейлігі келмейтін байлық берсін!
Қауіп-қатерсіз тыныштық берсін!
Қайғы-мұңсыз шаттық берсін! Әумин!
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Жамбыл облысы Талас аудандық мәслихат депутаты
Қазақ үні