Кеңес өкіметінің қазаққа жасаған қылмысын ашу жолындағы күресті тоқтатқан жоқпыз - Смағұл Елубай
2021 ж. 30 маусым
9212
1
Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай "Қазақ үні" ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, студенттік жылдары, шығармашылығы, кино саласына қатысты өзекті ойларымен бөлісті.
– Смағұл аға, ҚазҰУ-да өткен студент шақтағы жарқын естеліктеріңізбен бөліссеңіз.
– Біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1971 жылы бітірген түлектеріміз. Университетке 1966 жылы оқуға түстік. Ол кезде оқу ордасының ғимараты ескі алаңдағы қазіргі Т.Жүргенов академиясы орналасқан ғимаратта болатын. Ұстаздарымнан әлі күнге дейін есімнен еш кетпейтіні, ең бірінші – академик Зейнолла Қабдолов, содан кейін ғалым Мырзатай Жолдасбеков. Әсіресе оқуға түскен кезде осы үлкен ұстаздардың алдынан өттік. Тағы басқа да ұстаздар біздің тұлға болып қалыптасуымызға үлкен әсер етті. Мінеки, әлі күнге дейін ескі болғанына қарамастан, осы ғимарат біз үшін өте ыстық болып көрінеді.
Бүгінде мен Т.Жүргенов академиясының профессорымын, сол ғимаратта сабақ беремін. Біз ҚазҰУ-да бес жыл оқып, сол аралықта мынаны байқадық: адам мектептен білімнің негізін алса, ал енді университетке оқуға түскенде тұлғалық негізі қалыптаса бастайды екен. Осылайша университет «Боламын деген баланың» тұлғалық іргетасын қалыптастырады. Адам өміріндегі университеттің ерекшелігі осында жатса керек. Бүгінде осы ойға тоқтап жүрген жайымыз бар.
Сонау біз оқыған журналистика факультетінен түлеп ұшқан талантты журналистер, қаламгерлер бүгінгі таңда халыққа танылып, еңбегі сіңген, ел арасында жоғары беделге ие. Мәселен, атап айтар болсақ, белгілі жазушы Жақау Дәуренбеков, ақын Шөмішбай Сариев, жазушы, драматургтер – Сұлтанәлі Балғабай мен Баққожа Мұқай, журналистер – Жоламан Бошалақов, Гүлжауһар Сейітжанова, Дәулет Сейсеновтер курстастарымыз болды. Бұлар журналистика, қаламгерлік саласында үлкен жетістіктерге жетті. Университет қабырғасында жастардың тұлғалық іргетасы қаланады деп отырғаным да содан. Өйткені жас тұлғалардың болашақта кім болып қалыптасатыны сол университет қабырғасында-ақ белгілі болады.
Биыл оқу бітіргенімізге 50 жыл толып отыр. Осы орайда, ЖОО-лардың қарашаңырағы – ҚазҰУ-ға қашанда қарыздармыз әрі айтар алғысымыз мол. Себебі адам өміріндегі университет кезеңдері көңілден кетпес, қаперден өшпес жарқын естеліктерге толы, қызықты жылдар. Ол кездер еш уақытта ұмытылмақ емес. «Университет» деген кезде біздің көз алдымызға алдымен асыл ұстаздарымыз әрі олардың берген тәлім-тәрбиелері һәм курстастарымыз елестейтіні де содан. Ал енді ұстаздарымызға айтар алғысымыз айрықша.
– Ұлағатты ұстаздарыңыздан қандай өмірлік азық, өнеге алдыңыз?
– Журналистика факультетіне көбіне сол студенттік кезге дейін қалам тартқан балалар түскенбіз. Бірақ олардың кім болып қалыптасатыны, қалай дамитыны белгісіз еді. Мінеки, осы балалардың дұрыс жолға түсуіне, қаламгерлікті таңдауына және қандай үлкен принциптерді ұстануына әсер еткен тұлғалардың бірі һәм бірегейі ұстазымыз Зейнолла Қабдолов еді. Мен сол кісінің жұбайы Сәуле апайдың мектептегі шәкірті болатынмын. Мектептің соңғы жылдары апайым қолымнан жетектеп апарып: «Мына кісі сенің ағаң болады», – деп, Зейнолла ағамызбен таныстырған-ды. Сол кезден бастап мен жазған-сызғанымды ағамызға оқытып, ақыл-кеңестерін естіп тұратын болдым. Мінеки, осыдан шығатын қорытынды: шәкірттің тұлғалық дамуына, кемелденуіне, өмірлік жолының қалыптасуына жақсы ұстаздың сөзсіз әсері мен ықпалы көп. Басқа да ұстаздарымыз біздің аяққа тұруымызға, адаспай, шалыс қадам баспауымызға балаң күннен үлкен әсер етті.
– Смағұл аға, журналистика факультетінде оқып жүрген кезіңізде қабырға газетіне «Бұралқы» деген әңгімеңіз жарияланып, көп ұзамай факультетте әлгі әңгімені талқылау жиналысы өтіпті. «Бұл әң¬гі¬ме Кеңес өкі¬ме¬ті¬не қарсы жа¬зыл¬ған. Сма¬ғұл¬дың «қаң¬ғы¬бас ит» деп мең¬зеге¬ні кім? Кеңес ада¬мын бұ¬рал¬қы ит¬ке те¬ңеп отыр», – деп біраз әурелеп, тіпті өзіңізге сөгіс берген екен. Осы оқиғаны таратып айтып беріңізші.
– Бұл оқиға белгілі сатирик Темірбек Қожакеевтің декан кезінде болды. Жастар жарысып әңгіме жазатынбыз. Қабырға газетіне шығармақ болып, әңгіме сұратқан. Мен әлгі «Бұралқы» деген әңгімемді ұсындым. Ол қабырға газетіне жарияланды. Содан соң бір күні мені жиналысқа шақырды. «Не боп қалды екен?» деп барсам, әңгімемді «Кеңес өкіметіне қарсы жазылған» деп талқыға салып жатыр. Әңгіме Бұралқы деген қаншық ит жайында болатын. «Бұл бала кеңес адамын бұралқы итке теңеп отыр», – деп, партия ұйымы мені жиналысқа салды. Осы оқиғадан кейін журналистика факультетінің, комсомол ұйымының хатшылығынан түсіріп тастады. Қайта-қайта жиналыс жасады. Солардың бәріне КГБ-ның адамдары қатысып отырыпты.
Әрине, олар менің өзіме тікелей шыққан жоқ. Бірақ олардың келіп, тыңдап отырғандарын кейін естіп-білдім. Партия ұйымы осыған байланысты тағы да бір жиналыс болады деп хабарлағанда: «Енді сол әңгімені талқылауды қоймасаңыздар, ұстазым Зейнолла Қабдоловты шақырамын. Сол кісі осы талқыға төрелік етсін. Ал сіздердің айыптауларыңыз бен талқыларыңызға иланбаймын», – дедім. Ағамыздың абыройының арқасында содан соң жиналыс болған жоқ. Осы оқиғадан кейін қабырға газетін жыртып алып тастапты-мыс. Бұл мәселенің мән-жайы осындай.
– Әңгімеңізге неге сонша шүйлікті екен?
– Жалпы, адамдардың санасындағы 1937 жылдардағы дауыл, үрей әлі тына қоймаған заман болатын. Секемшілдік, бір-бірін ұстап беру, сатып кету, итжеккенге айдап жіберу іспетті сипаттар сол кезеңнен қалған базбір адамдардың бойынан табылатын. Мінеки, солардың бір әңгімеге бола ұйымдастырып жүргені.
– Студент кездің өзінде халқымыздың басынан кешкен зұлмат жылдар туралы ой түйіп, қасіретті жылдар жайлы қалам тербеуді мақсат еткен секілдісіз. Баршаға мәлім «Ақ боз үй» романын жазуды қай кезден бастап қолға алдыңыз?
– Менің әңгімелерім мектеп қабырғасында жүргенде-ақ республикалық газеттерде жарияланатын. Біз Голощекиннің кезінде тарыдай шашылып кеткен қазақтардың қатардағы ауылында өстік. Жұртымыз үстірт асып, әр жерге көшіп, ашаршылыққа ұрынды. Қайтерін білмей, ары қарай Ауғанстанға немесе Иранға өтейін деп тұрған жерінде шекара жабылып, Түрікменстанда тұрақтап қалды. Міне, шырағым, біз сол елдің ұрпағымыз. Сол жақта өмірге келіп, өсіп-өндік. Сөйтсем, өз ауылымның тағдыр-талайы бүкіл халықтың тарихы, күллі қазақтың бастан кешкен зұлматы екен. Өкінішке қарай, тарихты оқытып отырған оқулықтарымызда ол оқиғалар туралы жазылмай, мектептерде, университеттерде ол жайлы айтылмады. Бұған біз қайран қалып, бұл өтірікті сол кездегі өкіметтің саясаты жасап отырғанын білген соң, жалғандықтың бетпердесін сыпырайын деген оймен роман жазуды ойластырдым.
Романның схемасын, кейіпкерлерін, концепциясын, тілін қағазға түсіре бастадым. Жоспарын солайша құрып шықтым. Бірақ көп ұзамай, университетті бітіретін кезде бір нәрсені түсіндім. Сол бір күрделі заманды қағазға көркемдеп жеткізу оңай емес екен. Бұл студенттің қолынан келмейтінін, оның қанжығасына қыстыра алмайтын ауыр шоқпар екенін ұқтым. Сондықтан оны кейінге қалдырдым. Мінеки, бүгінде біз сол жоспарды, яғни Кеңес өкіметінің қазақ халқына жасаған қылмысын ашу жолындағы күресті әлі тоқтатқан жоқпыз. Кейін ойға алған ісім орындалып, 1985 жылы «Ақ боз үй» романын жазып шықтым. Онда ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғы, 30-жылдардың бас кезіндегі халық басынан кешкен ауыр ахуал, жаппай аштыққа ұшыраған кезең қамтылды. Ол заманда жазылмайтын, жазуға болмайтын тақырыпты біз жаздық. Әрине, ол кезде жарияланбады, басылмады. Тек Кеңес өкіметі құлағаннан кейін ғана жарық көрді. Міне, содан бері сол тақырыпты әлі көтеріп келеміз.
– Осы тақырыпты тағы басқа қандай қырынан ашып жатырсыздар?
– Қазіргі таңда мен Маңғыстауда жүрмін. «Ақ боз үй» романының желісі бойынша кино түсірілімін қолға алғанбыз. Мемлекет басшысы осы жобаға қолдау көрсетіп, фильмді түсірудеміз. Құдай қаласа, таяуда Алматыға қайтамыз. Ол жақта да түсірілім жалғасын табады. Айтпағым, сол кезең қазақ халқына жасалған тарихтағы ең ауыр қылмыс. Сол қылмыстың бетпердесін ашу жолында кітап шығарып, кино түсіріп жатырмыз. Осының бәрі тәуелсіздігіміздің арқасында мүмкін болды. Кеңес Одағы құламаса, енді біздің орнымыз Теміртаудың ар жағында қалып, кітап та шықпай, кино да түсірілмей қалатын ба еді... Сондықтан тәуелсіздікке басымызды иіп, тәу етеміз. Мінеки, биыл 30 жылдықтың аясында 1921 жылғы ашаршылыққа – 100, 1931 жылғы ашаршылыққа 90 жыл толып отыр. Соның құрметіне осы киножобаға сценарист ретінде қатысып жатырмын. Оны түсіріп жатқан – ұлым Бекарыс Елубаев.
– Көзіқарақты көрермен осы бір жаңалықты естіп, сүйікті романы көгілдір экраннан қашан көрсетіледі деп тағатсыздана күтіп жүргені анық. Кино жобасын қолға алу идеясы қашан келді?
– Шынтуайтына келгенде, бізді осы сұрақ көптен бері толғандырып келіп еді. Кино өнерінің өзіндік бір заңдылықтары болғанындай, әдебиеттің де өзіне тән заңдылықтары бар. Егер кілтін таппаса, кез келген әдеби шығарма экранда өзінің болмысын сақтап шыға алмайды. Сол себепті «Ақ боз үйді» экрандауға дайындығым отыз жылға созылды деуге болады. Отыз жыл бойы көрерменге қалай жеткізсем екен деп толғанумен жүрдім. Тіптен кейбір режиссер бауыр-ағаларым: «Театрға осы романның желісі бойынша спектакль жазып берші», – деген кезде амалсыз бас тартқанмын. Өйткені кілтін таппастан, сырын білместен, әйтеуір, тек шықса болды екен деп жаза салсам, ертеңгі күні көрермен көңілінен шықпай, бір-екі жылда сахнадан түсіп қалатын дүние болады. Сол себепті әр нәрсенің бір кілті, бабы табылуы керек. Сол кілтті мен осыдан екі жыл бұрын таптым, ол – романның түгел материалы емес, тек қана соңғы бөлімі, ашаршылыққа ұрындыратын «Ғарасат майданы» деген тарауы ғана.
Сол тарауды экрандауды құба-құп көрдім. Неге десеңіз, соңғы тарауы арқылы 1932 жылдары өткен сұмдық алапат, зұлматтың бет-бейнесін аша аламыз деген тұжырымға келдік. Сол бағытта сценарий де жазылды. Құдай қаласа, түсірілім санаулы күнде аяқталып қалады. Халықтың назарына жаңа жылдан кейін ұсынылады деген ойдамын. Ал енді одан бөлек, өзге де жоба-жоспарларымыз толып жатыр.
– Қазіргі таңда білім алып жатқан студенттерге, университет ұжымына айтар тілегіңіз болса...
– Оқу бітіруші жастарға айтар жалғыз кеңесім – қарашаңырағымызды қадірлеп, ең болмағанда мерейтойларда бас қосып тұрса екен деймін. Бүгінде ақсақал, кейуана болып қалған түлектерді, мына дүниеде жоқ ұстаздарымызды ұмытпаса, еңбегі сіңген сол жандардың аттарын атап, әрдайым еске алып отырса екен. Университетіміз ардагер түлектерге көңіл бөліп, назар аударып жатыр. Оқу бітіргенімізге 50 жыл толуына байланысты конференция ұйымдастырған азаматтарға және университеттің ректорынан бастап, барлық ұжымға алғысым зор.
Сұхбаттасқан Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ,
Қазақ үні