ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ

Берік Дүйсенбіге


Ел дегенде көңілің шіркін алаң,

Өзің аман бол, Берік, жұртың аман.

Тасырқаған тас қала-

Жалғыз қазақ -

Қазақ исі бойынан бұрқыраған!


Көңілінен жүрсің ғой шығып көптің…

Әр ісіңмен еліңді үмітті еттің.

Арғымақтан түстің де, алшаң басып

Астанаға Алтайдан кіріп кеттің?


Малшылықты мақтаныш, бағалы еттің.

Үйірдегі өзісің қаракөктің,

Жылқы жайлы жырлаған кездеріңде,

Атқа мініп келеді шаба кеткің…


Шақырады біздерді дала қандай,

Ұлтсыздыққа қалмаймыз жараланбай…

Бір қасықтан ас ішіп жүрміз кейде,

Бір үйде өскен қазақы балалардай…


Зұлматты айтып кешегі күрсінгенің,-

Жүрегіңнің естіді ел дүрсілдерін.

Жиын түгіл, парламент төрінде де,

Оқып беріп жырымды жүрсің менің!


Көргеннен-ақ өзіңді көріп тәуір,

Әңгіме айтсақ, біздерді елітті ауыл…

50 деген - екеуі 25-тің,

Екі есе енді мықты бол Берік бауыр!

Қазыбек Иса

23 маусым 2021 жыл