“Олжас ара түспегенде Баукеңнен таяқ жер едім”
2021 ж. 19 маусым
7124
0
– Бүгін кешке Олжас Омарұлы ауызашар бермек, – деді Оралжан Масатбаев телефон соғып.
Мен ол айтқан адрес бойынша бір сағат ерте бардым. Ерте барғанымның пайдасы – Олжас Омарұлымен дидарласып, біраз тілдесіп қалдым.
Олжекең мінезінің бір ерекшелігі – ешкімді жатырқамайды екен. Өте ұстамды, қарапайым. Залдың бір шетінде әңгімелесіп тұрған бізге таныстары бірінен кейін бірі келіп, сөзін бөле берді. Бірақ ол қабақ шытып, ешқайсысына ескерту жасаған жоқ. Мұндайда Баукең... Бауыржан Момышұлы бірден ашуланып: «Кругом, шагом марш!» деп қуып жіберер еді. Бір-біріне қарама-қарсы екі мінез. Қайран қалдым.
Олжас Омарұлы сұрақтарыма сабыр сақтай, жайдары көңіл күйде жауап берді.
– Куба сапарынан оралғаннан кейін Қазақстан Жазушылар одағында Бауыржан Момышұлымен кездесу кешін өткізіпсіздер ғой?
– Иә, Баукеңмен кездесу кешін өткіздік. Ол кісі бір сағаттай сөйледі. Сөзін: «Кубалықтар мені әуежайда Кубаның мемлекеттік әнұранын орындап қарсы алды. «Совет Одағының даңқты батыры Бауыржан Момышұлына жалынды сәлем!» деген жазуы бар қызыл матаны көзге түсер көрнекті жерге іліп қойыпты, – дей келіп, әскери бөлімдерде түрлі кездесулерде болғанын, Куба офицерлеріне дәріс оқығанын, олардың сұрақтарына жауап бергенін әңгімеледі.
– Оңаша сөйлесіп отырғанымызда Куба Қорғаныс министрі Раул Кастроның: «Қымбатты Бауыржан, өзіңізді үйіңіздегідей сезініңіз», – деген лебізін естісімен мен галстугімді шешіп, талтаң-талтаң басып, бір креслоға ілдім. Костюмімді шешіп, талтаң-талтаң басып, екінші креслоға ілдім. Раул Кастро қабағын шытып, жақтырмай қалды.
– Сіз маған үйіңіздегідей сезін дедіңіз. Мен өзімді үйімдегідей сезініп едім, жақтырмай қалдыңыз. Жоқ, мен өзімді қонақ ретінде сезінем, – деп галстугімді қайта мойныма тағып, костюмімді қайта үстіме кигенімде, Раул Кастро аха-ха-халап, ақтарыла күлді.
– Сіз аудиторияны бірден баурап алады екенсіз. Мұныңыздың қандай құпия сыры бар? – деді.
– Мені сынамақ ойдасыз ғой? Сынасаңыз, сынаңыз. Сөйлеуші кісі көкейкесті мәселеден ауа жайылып, маңызсыз, ұсақ, бұрыннан жұртқа белгілі жайларды сөз етіп, тыңдаушысын жалықтырып алмауы керек. Мен өз тәжірибемде адамдар сезіміне ұмытылмас әсер етіп, ойына ой қосатын ең маңызды детальдарға, эпизодтарға ерекше көңіл бөлемін. Меніңше, тыңдаушы жүрегін жаулап алудағы ескерер ең басты мәселе – шабыттана, рухтана білу. Ақын шабыттанбай, рухтанбай ел жүрегін елжіретер жыр жаза алмайды, шешен шабыттанбай, рухтанбай тапқыр, шешен сөйлей алмайды, деп жауап бердім. Ол жауабыма риза болды-ау деймін, қолымды құшырлана қысты, – деді.
Куба газеттерінде, журналдарында суреттерінің, сөйлеген сөздерінің жарияланғанын, өзінің Кубаға турист ретінде он күнге барғанын, Раул Кастро Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Никита Сергеевич Хрущевке телефон соғып, менің Куба әскерилеріне дәріс оқуым үшін бір айға қалдыруын өтініп, рұқсат алғанын, «бір ай – көп, мен дәрісімді жиырма күнде оқып үлгерем» деп, жиырма күнге қалуға келісім бергенін әңгімеледі.
– Куба сапарында жаныма батқан екі тосын жағдай кездесті. Бірі – атақты революционерлер Фидель Кастромен, Эрнесто Че Геварамен кездесе алмадым. Мен Кубаға барғанымда Кубаның батысында көтеріліс болып, ол кісілер сонда жүрді. Екінші – мына Олжасқа «адьютантым болып менімен бірге Кубаға жүр» дегенімде, бұл делегация құрамында шет елге сапар шегетін болып, адьютант шенінен құр қалды, – дегенде зал ду күлді.
Сөзінің соңында: «Бұл мүштекті маған Раул Кастро тарту етті. Мұны енді, Олжас, саған сыйлаймын», – деді маған ұсынып. Мен рақмет айтып алдым.
Баукең төралқада отырған Жазушылар одағының төрағасы Әнуар Әлімжановқа сынай қарап:
– Сен кімсің? – деді. Әнуар сасқалақтап, жалтара жауап берді.
– Бауке, өзім туралы ештеңе айта алмаймын. Кім екенімді білесіз ғой.
– Өзіңді-өзің білмей жүргенде мен қайдан білем. – Біз ду күлдік. Әнуардың қасында отырған Морис Симашкоға даусын қатайтып, қабағын түйе сөйледі:
– Сен кімсің?! – Мұндай сұрақты күтпеген ол да абыржып, қысылыңқырай:
– Жазушымын, – деп еді:
– Сен қысылма. Карл Маркс те еврей болған, – дегенде, бәріміз күлкіге қайта қарық болдық.
Бұдан кейін кезек Шәкен Аймановқа келді. Ол тосылмай, бірден:
– Мен, Бауке, Совет Одағының халық артисімін, – деді.
– Мен кіммін?!
– Оны өзіңіз айтыңыз.
– Мен – Халықаралық полковникпін. – Көпшілік арасынан ақын Шона Смаханұлы:
– Сіз біздің Халықаралық маршалымызсыз! – деді қатты дауыстап. Зал ұзақ қол шапалақтады. – Кездесу аяқталғанша Баукең бізді әлсін-әлі күлдіріп, көңілдендіріп отырды. Он особая личность. Ол кісіге біз әрдайым құрметпен бас иетінбіз.
Жанымызға бір келіншек келіп:
– Олжас Омарұлы, ауыз ашатын мезгіл жақындап қалды, – деді. Мен «қап!» деп іштей өкініп:
– Тағы бір сұрақ қоюыма рұқсат па? – деп едім, Олжекең:
– Қойыңыз, – деді сабырлы қалпын сақтай.
– «Казахфильм» киностудиясының директоры Камал Смаиловты Баукеңнің сабамақ болғаны рас па?
– Рас. СССР Министрлер Советі жанындағы мемлекеттік Кинематография комитетінің төрағасы Алексей Романовтың кабинетіне енсек, Бауыржан аға сөйлеп отыр екен. Баукең Камал Сейітжанұлын көріп, орнынан тұрды. Қолындағы таяғын жоғары көтеріп, Камалды ұрмақ болды.
– Бауке, бұлай болмайды ғой, – деп мен тоқтаттым. – Майданда сіз дивизияны басқардыңыз. Батальон командирі сізге бағынбай, қарсы шықса не істер едіңіз?
– Атып тастар едім.
– Қазір дивизия командирі Камал Сейітжанұлы ғой. Сіз оның дивизиясындағы батальон командирісіз. Шынымен, командиріңізді сабамақсыз ба?
– Сенің ескертпең дұрыс, – деді Баукең таяғын төмен түсіріп, орнына жайғасып. Кейін оңаша қалғанымызда, Камал:
– Ойпырма-ай, Олжас, сен ара түспегенде, мен масқара болып таяқ жер едім. Баукеңе не жазғанымды білмеймін, – деді күліп.
– Байқамай қателесіп, ашуына тиіп алғансың ғой. Ол кісі ешкімге бекер соқтықпайды, – дедім мен де күліп.
...Ауыз ашар аяқталып, молда құран оқыды. Ақ шапан, айыр қалпақ киіп, аса таяғын ұстаған Амантай қажы ортаға шығып: «Олжас Омарұлын Нобельдік сыйлыққа ұсынамын. Олжас жасасын, жасай берсін!» – деп айқайлады.
Мен үйіме көңілді қайттым.
Мамытбек Қалдыбайұлы,
Жазушы, бауыржантанушы
«Қазақ үні»