БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВТЫҢ «МАНАС. СЕМЕТЕЙ. СЕЙТІК» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ
2021 ж. 09 маусым
4915
0
Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, драматург, жазушы, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы, кинорежиссер, сценарийші, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі,мәдениет қайраткері, сыншы, сатирик, кинодокументалист, тележүргізуші Баянғали Әлімжановтың «Манас. Семетей. Сейтік» кітабының таныстырылымы болып өтті.
Барша адамзатқа бағалы мәдени мұра, көршілес қырғыз халқының «Манас» эпосын қазақ оқырмандарына түсінікті етіп айтып беру – заман қажеттілігі. Өйткені, миллиондаған жол жырды бүгінгі һәм келешек жастардың игеріп, оқып шығуы аса қиын.
Эпосты қазақшалаған Баянғали Әлімжанов қырғыз жырының ырғақ, бояуын дәл жеткізіп, негізгі оқиға желісін, қуатты рухын, көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, арасында қара сөзбен баяндап, төрт есе ықшамдап, бір деммен оқылатын тартымды дүние жасаған.
«Манас», «Семетей», «Сейтік» деп аталатын аталы-балалы батырлар туралы ұланғайыр жыр бір кітаптың ішінде тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл туынды екі ел арасындағы ынтымақтастық пен бауырластықты, әдеби-мәдени байланысты одан әрі нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Баянғали Әлімжановтың айтуынша, аталмыш жинақ Қазақстан және Қырғызстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына тарту.
Жуырда Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қырғыздың «Манас» эпосын Қазақстанда танытып, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, айтыскер ақын, манасшы Баянғали Әлімжановты «Достық» орденімен марапаттаған еді.
Аталмыш іс-шараға Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаев, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев, филология ғылым докторы, профессор Серік Негимов, белгілі ақын, ҚР Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы және тағы да басқа мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.