Алаш Туын асқақтатқан Алмас ақын!
2021 ж. 06 маусым
4894
0
Алаштың көк Туын асқақтата жырлап, күллі Қазақ баласының тұлабойын шымырлатып, рух берген Алмас ақын Алтайына келді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына сәйкес келген асқаралы 60 жылдық мерейтойында туған ел-жұртымен жүздесіп, сырласып, қуанышымен бөлісіп қайтуды жөн көрген Ақынды Өскемен өңірі де қуана, құшақ жая қарсы алды. Ағайынның көптен күткен керемет кездесуінің бірі Оралхан Бөкейдің кітап ордасында да сән-салтанатымен өтті.
Кездесуге қала әкімі Жақсылық Омар да келді. «Болар елдің ақынын әкімі іздейді» дегендей Алтайдың ақын ұлына ақтарыла ақ тілегін айтып, иығына шапан жапты.
Оралхан Бөкейдің кітап ордасындағы жүздесуін Алмас ақын «Оралхан Бөкейге» деген өлеңімен бастап, жазушымен қалай кездескені туралы естелігін бөлісті. Осыдан кейін, жақында өмірден өткен Қабдеш Жұмәділді еске алып, сағыныш пен қимастық сезімге толы ой толғады.
Осылайша, аға ұрпаққа тағзым еткеннен кейін барып өз шығармашылығына ойысты. Көпшіліктің қолқалауымен өлеңдерін шабыттана оқығанда, қошемет толастамады.
4 маусым – Қазақ елінің Рәміздері күніне орай Өскеменге келген ақын «Көк Тудың желбірегені» өлеңінің жазылу тарихын баяндай отырып: «Көш басын қазақ шекарасына тірегенде Көк Ту бізге әлдене айтып тұрғандай «лапылдай» желбіреп тұрғанын көргенде жанарыма жас келіп, ерекше толқыныстан туған өлең еді. Ол бақыт Туы еді...», - деп көпшіліктің көңілін тағы бір толқытты. Ақын өлеңнің әнін жазған дарынды сазгер, әнші Ермұрат Зейіпханды да ерекше атап, рухына құрмет көрсетті. Осыдан кейін «Көк Тудың желбірегені» әнін Өскеменнің дарынды жасы Қуаныш Оралбеков әуелете шырқап, ағайынның көңілін бір рухтандырып тастады.
Емен-жарқын әңгіме-дүкен ары қарай өрбіп, ақын көпшіліктің сан сауалдарына жауап берді.
Осылайша Алтайдың Ақын ұлы Алмас Ахметбекұлы Өскеменде әнімен Алаштың Көк Байрағын желбіретіп, ел-жұртқа ерекше рух сыйлады!
Қалқаман Сарин,
Қазақ үні