ДОСЫМ ЕДІ ЖАСТАЙЫМНАН ЖАН СЫРЫМДЫ БӨЛІСКЕН

ДОСЫМ ЕДІ ЖАСТАЙЫМНАН ЖАН СЫРЫМДЫ БӨЛІСКЕН

ЖҰМА-НАЗАР СОМЖҮРЕКПЕН ҚОШТАСУ


Қаралы хабар денсаулығы мықты адамның өзін есінен тандыра жаздайды. Ауруханада жатқан маған Нұр-Сұлтаннан суыт жеткен: «Жұма-Назар Сомжүрек қайтыс болды» деген сақылдаған сары аяздай суық хабар ту сыртымнан қадалған найзадай болып, бір сәт есімді жия алмай есеңгіреп қалдым. «Короновирус» дейтін тойымы жоқ тәж тажал тағы бір аяулымызды Жұмаш досты арамыздан алып кетті.

Күні кеше – осыдан екі апта бұрын ғана Нұр-Сұлтаннан телефон шалған қаламдас-тағдырлас дос қайран Жұмекем: «Жаңа жыр жинаған жазып, қолжазбасын саған жібердім. Компьютеріңді қарап оқып пікіріңді айтарсың» деп еді. Арада апта өтпей ауруханаға түсті. Енді, міне, қаралы, қайғылы хабар.... 

Қаралы қалам қалтырап,

Жаралы жүрек жылап тұр....

Жұма-Назар Сомжүрек менің бала кезден тай-құлындай тебісіп, бірер күн көрмесек сағынып көріскен досым еді жастайымнан жаны сырымды бөліскен. Ол сан қырлы талант еді. Өзі де ұстаз болған оның педагогика тақырыбына жазған еңбектері бір төбе, ауылдың күрмеуі қатты күрделі проблемаларын көтерген еңбектері бір төбе. Негізгі еңбегі – шығармашылық. Ол өте талантты, аса еңбеккер еді. Өзі ақын ол поэзияны талдағанда Қаратаевтан да, Белинскийден де кем түспейтін. Осыдан бірер жыл бұрын жарық көрген екі томдық жыр жинағы бүгінде өлеңсүйер қауымның сүйсініп оқитын сүйікті кітабына айналды.

Тұратын дәйім жаңғырып,

Бұл өмір емес мәңгілік.

Биопа мына жалғанда,

Бақұл боп кетер адам да, –

деген әл-Фараби сөзін еске алып, өзіңді өзім қанша жұбатсам да қайғының уы қайтар емес. Қайтейін? Өзім жылап отырып, Жұмаш достың жанып сүйген жан жары Айзадаға, аяулы перзенті Баубекке қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.

Халық барда қаламгер өлмейді. Жұмаш достың өзі өмірден озғанмен оның екінші өмірі – шығармашылық өмірі жасай береді.

Қош, қоштасуға қимайтын қайран дос!

СӘБИТ ДОСАНОВ,

Қазақ үні