КӨҢІЛ ТӨРІНДЕГІ КЕНАҒАҢ

КӨҢІЛ ТӨРІНДЕГІ КЕНАҒАҢ

Қайда сапар шегіп бара жатсаң да көз алдыңнан туған ауыл көріністерінің кетпейтіні қызық. Мысалы кейде, дөңгелектері тарсылдап, екпіндей жүйткіген пойыз терезесінен сыртқа көз тіккеніңде алыстағы ел суреттері қоса заулап келе жатқандай әсер билейді. Тіпті ұшақ иллюминаторы сыртындағы түйдек-түйдек ақ ұлпа бұлттар арасынан жерлестеріңнің елесі қылаңытып, елегзіп отыратын сәттер бар.

Әйтеуір, кеудемде ғұмыр бойы ауылдастар кескінінің тұтас «галареясы» жөңкіле көшіп жүреді екен. Ес білгеннен көрген қарттар тағдыры туралы толғанасың. Қиялың бір сәт заманалар тезіне сүңгіп, солардың өмірі арқылы мұңы басым халқың бастан кешірген тауқымет сырына бойлағың келеді. Әсілі, аса алысқа да бармай-ақ кейінгі жүз жыл шамасындағы кезеңді шолсаң, санаңда нешеқилы сипаттағы алапат сапырылыспай ма. Әр кезеңдерде өткен екі бірдей дүниежүзілік соғыс... Патшалық Ресейдің 1916-1917 жылдары он тоғыз бен отыз бір жас аралығындағы қазақ жастарын адам төзгісіз ауыр жұмысқа жегіп, сорлатуы... «Ақ» пен «қызыл» алма-кезек орын ауыстырғанда көрген қияпаттар... Ұлы төңкеріс... Аштық нәубеті... Репрессия кезеңінің сұмдықтары еске түседі. Бертінде сондай жағдайда қырылған жұрт пен хабарсыз кеткендердің есебі архив құжаттары арқылы біршама нақтыланғандай. Айтуға ғана оңай шығар. Пайымдап көрсең, осынау кезең ішінде ел тұрғындарының үштен екі бөлігі жойылғанын жобалайсың. Ал кең-байтақ қазақ даласының дәл кіндік тұсына орналасқан осы ел адамдары үнемі сонау оқиғалардың қақ ортасында жүрді десек, жаңылыспаспыз. Иә, біздің «Оныншы» ауылда әлгі аласапыранның иіріміне ілікпеген отбасы жоқ. Екі соғыстың да өрті мұндағы әрбір үйді шарпыған... 

Бірақ сол қан-қасапты өткерген қарттарымыздың қайсар мінезі таңырқатпай қоймас-ты. Қашанда өзара әзіл-қалжыңы жарасқан кемпір-шалдың жарқын жүзін көрер едің. Күліп отырып-ақ тіліп түсетін өткір тілділігін аңдар едің. Қатыгез дүниенің шындығына тік қарап, әрбір жағдайды сонша дәл безбендейтініне қыбың қанар еді. 


Осы үлкендеріміздің арасынан ерекше кескін-келбетімен есте қалған қариялардың бірі – Нұрбала деген шешеміз. Аймаққа кең танымал Кенбай ағамыздың анасы.  

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жарықтық, талай жасқа келгенше ажары таймаған сұңғақ бойлы, сұлу адам-ды. Қонымды жасыл пүліш бешпеті мен шатырдай аппақ орамалы жарасып, сартылдап сөйлеп отырған сәтінде күмбірлеген дауыс тембрінен-ақ беттілігін, шыншылдығын байқайсың. Әділдігін сезінесің. 

Бір өкініштісі, кезінде осындай бекзат болмысты жанның өмір қалтарыстарына үңіле бермеппіз. 

О кісіні ойлағанда, Кенбай аға мен оның бала күнгі досы, өз ұстазымыз Сәбит Адамияұлы екеуінің бозбала шақтағы фотосуреттері есіме түседі. Сол бейнелердің көз алдымда қалып қойғанына қарағанда, балалық шағы сұрапыл соғыс тұсына тап келген осынау ағаларым туралы бірталай толғанған сияқтымын. Әйткенмен, Кенағағаңнан да, Сәбеңнен де өткен шақ әңгімелерін суыртпақтай қоймаппыз. Сөйлесудің сәті әне-міне бір келер деп жүргенде ауылдан ірге көтеріп, біртіндеп ұзап, алшақтап кеткенімізді кешірек түйсіндік...   

Небір ауыртпалықтарды өткеріп, тас шайнап өскен ұрпақ буыны ғой. Солардың қараша үйлер мен жатаған тамдарда сексеуілдің шоғына жылынып, білте шамның жарығымен сабақ қарап отыратын сәттері елестейді. Бір ғажабы, бұлардың да сырт кескіндерінен ешбір қиындық, кемдік көрмегендей, тік жүріп, тік тұрған биік рухтың адамдары екенін аңдар едің. Ылғи мейірім нұры төгіліп, үйіріп, баурап алатын жүздерінен ызғар табын былай қойып, зәредей мұң көлеңкесі байқалмас-ты. Әсіресе, Кенбай ағам айналаны шуаққа бөлеп, үнемі ақсия күліп тұрған кейіпте ғана көрінеді... 

Елден ертерек кеткендіктен бе, Кенағаңның ауылда нақты нендей жұмыс атқарғанынан да хабарсыздау екенмін. Әйтеуір, сексенінші жылдар тұсында совхоздың бас инженері болғанын білемін. Сол қызмет бұ кісінің нағыз орны ма деп ойлаушы ем. Өйткені туабітті инженер ретінде қабылдаппыз. Қаусап жататын түрлі бөлшектен тез арада сыптай қылып машина құрастыра салу Кенағаңа түкке тұрмайтындай еді. Кейбір ауылдас жолдастарым да: 

– Кенағаң көңілі қаласа советтің ескі-құсқы жеңіл көліктерінен де су жаңа «Мерседес» жасап шығарар-ау! – деп таңданатын. 

Расында да, қазаққа сирек бітетін дарын. 

Өзі үнемі сондай жасампаздық шаруаларына асығып жүретін болуы керек, Нұрбала анамыз секілді сымбатты, бойшаң ағамыздың ақ туфлиі қылаңытып, әлдебір жақтарға қарай жүйткіп бара жататынын байқайтынмын. 

Кейінірек ауыл әкімі қызметін атқарды-ау деймін. Әлбетте, дүрбелең дүниенің небір аптабы мен аязына жастайынан шыңдалып, елдің мұң-мұқтажымен етене таныс, тәжірибелі, халық арасында беделді маманның одан жоғары қызметтерді де ұршықша иіретіні анық еді, алайда өз ісінің хас шебері билік пен мансапқа аса құмарта қоймағандай.  

Нұрбала апамыздың үйімен қатарлас жайда Орал әкеміз бен Тоқаш тәтеміздің отбасы отыратын. Сөйтсек, Орекең – Нұрбаланың інісі көрінеді, мұны кейінірек біліңкіреп жүрміз. 

Бір ғажабы, шетінен бәденді, көрікті келетін бұл әулеттің ұл-қызы да кілең өнерлі-тін. Мысалы, Құрман ағамның жас кезде слюдадан (органикалық әйнек) жасаған көз жауын алатындай бір тал қызғалдақ гүл макеті біздің үйде бертінге дейін тұрды. Биіктігі жиырма сантиметр шамасындағы сабағы мен жапырақтары қою жасылға боялған мұндай алқызыл гүлді бүгінгі шеберлердің айнытпай жасай қоюы екіталай. 

Сол секілді Нәсіп ағамыздың, кластас досымыз Әбілсейіттің, ініміз Мейрамның да қолының керемет ісмер екенін бала кезден-ақ аңдайтынбыз... 

Кенағаңның адамгершілігі туралы сөз бөлек, әрине. Бұл ретте ылғи ойымнан кетпейтін бір ғана көрініске тоқталғым келеді. 

Ертеректе пойызбен елдің шалғай облысынан іссапардан оралып келе жатып, өзімнен оншақты жастай үлкендігі бар азаматпен Алматыға қатар қайттық. Ұзақ сапарда жолаушының серігі әңгіме емес пе, жеткенше өзара жөн сұрасып, едәуір сұхбаттасып үлгергенбіз. 

Қызық болғанда, кездейсоқ ұшырасқан жолдас біздің «Ақшатау» совхозына күйеубала болып шыққан. Өкініштісі, апамызбен азырақ тұрған соң дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен екен. 

– Сол уақыт аралығында сендердің ауылдарыңа екі-үш рет жолым түсті-ау. Соңғы мәрте маған айтпай, жалғыз ұлымызды алып, төркініне «қашып» кеткен әпкелеріңді іздеп барыппын. О кезде жасырақ кезіміз... Айтпақшы, сонда тұратын Кенбай ағаны білесің бе? – деді. 

– Иә, білгенде қандай! О кісінің не қатысы бар бұл жағдайға? Әлде әлгі апамызбен туыс па? 

– Жо-о... Ешбір туыс емес. Тек жерлес. Со жолы жапан далада Кенеғаң кездесіп қол ұшын бермегенде не жағдайға тап боларым белгісіз еді. Тілеуіңді бергір ағам күздің қара суығында түн жамылып дірдектеп келе жатқанымда үйіне апарып жанымды сақтап қалды ғой! Ондай жақсылықты ғұмыры ұмыта аласың ба?!. 

Сөйтсек, кетіп қалған әйелін іздеп барған жездемізді әлгі апамыздың зіңгіттей екі інісі ұрмаса да, мінез көрсетіп, желкелеп, біраз мытыңқырап, үйден қуып шыққан секілді. Содан не істерін білмеген бұл бүрсиіп, Үлкен Қарабас шоқысының тұсынан асып бара жатқан кезде алдынан Кенбай ағамыз қарсы кездеседі. 

– Совхоз бен Ақшатау поселкесінің аралығы он сегіз шақырым екенін естігенмін. Ә дегенде таяқ тастам жер шығар, қазір-ақ жетіп барамын ғой деген ойым бекер болды. Тау қойнауындағы жүріс өнбеді. Құмдауыттау грейдер жолдың бойында шашылған тас кесегі де сүріндіріп, бөгей берді. Оның үстіне Алматыдан бір қабат қана жеңіл киіммен шыққан едім; ауылдарыңның теріскей тұстан үздіксіз тынбай соғатын өкпек желі сүйектен өтіп, денені қарып түсті. Әлден мезгілде маңдай беттен алысқа ұратын шамы жарқырап шыға келген бір жеңіл автомашинаның тура қасыма келіп тоқтай қалғаны. Кенбай ағаларың екен. Бейуақытта қалбалақтап жаяу кетіп бара жатқан жолаушы күдіктендірген тәрізді. Өзімнің де бойымды үрей билеп, біртүрлі қорқасоқтай бастап едім. Шатқал арасында ит-құс кезігуі ғажап емес қой... 

Қысқасы, Кенағаң суыт жүргіншінің мән-жайын сұрап біледі де, жездемізді отырғызып алып, заулап отырып қайтадан «қашқын» қыздың үйіне келеді. Әлгі безбүйрек жігіттердің екі аяғын бір етікке тыққандай болып:  

– Оу, айналайын, мыналарың не сұмдық! Жарайды, апаларыңды шығарып бермей-ақ қойыңдар. Мейлі, татулыққа шақырмаңдар. Ашу бар шығар... Бірақ мына байғұстың кінәсі не?! Қайдан келіп, қайдан тұрғанын білмейтін сырт адамды жеті қараңғы түнде далаға жаяу айдап жіберу қандай кісілікке жатады! Адам құсап бір-екі кесе шай-суын беріп, қондырып, таңертең шығарып салмайсыңдар ма?! – деп қатты ренжіпті. 

Осылайша күйеу жігітті өз үйіне алып кетіп, ертеңіне Ақшатауға апарып, Алматының автобусына отырғызып жіберген көрінеді. 

Мен таңырқап: 

– Сізді қуып шыққан қай адамдар, ағасы? Аты-жөнін айтсаңызшы, – деп едім, күлді: 

– Өй, қайтесің, бауырым. Менің-ақ құпиям болып қала тұрсын. Ол қыз сенің де жақын апаң болып шығып, сабап жүрерсің мені!..

Солайша бұл әңгіменің төркіні мен үшін «ғасыр жұмбағы» күйінде қалған. 

Әпкеміз жоғары білімді маман секілді, аңдауымша әлі күнге дейін Алматыда тұратындай... 

 Кенағаңның біз білмейтін мұндай жақсылығына қисап жетпейтін шығар деп қиялдайсың. Біртоға, кішіпейіл, адам өз-өзін жарнамалауға құлшынбаса керек. 

***

 Жеткіншектік жасқа өткендегі ашқан бір «жаңалығым» – Кенағаң сонау Орал әкеміз бен Тоқаш шешеміздің тұңғыш ұлы көрінеді. Нұрбала анамыздың жалғыз баласы Амандық әскер қатарына алынады да, одан соғыс басталып, кейін майдан даласында хабарсыз кетеді. Міне осылайша, Орекең мен Тоқаш тәте дүниеге енді келген алғашқы перзенттерін қамкөңіл апаның бауырына салып берген. Түсінген адамға ғаламат ерлік үлгісі емес пе! Қаншалықты етене туыс болса да, бауыр еті баласын оңайшылықпен кім кімге қия қойғандай!    

Нұрбала анамыздың да нәресте Кенбайды жолдасы Жексенбектің атына бірден жазғызып, соның руына телуі ер азаматы мен өзі келін болып түскен ел-жұртқа деген шексіз адалдықтың, биік құрметтің белгісі екені анық! 

Иә, үлкен елдіктің айғағындай мұндай қатынасқа толқымау қиын. 

Тағдырдың сұрапыл толқындарында мың өліп, мың тірілген «қарға тамырлы қазақ» деген де осы шығар. Мұндай таңғажайып кісілік тәрбиесімен өскен Кенағаңның да осал болуға қақы жоқ сияқтанады. Және оның Нұрбаладай анасына деген адалдығы бөлек бір тақырып. Өзіне деген ықылас-пейілі кіршіксіз перзентке өсіріп-жеткізген анасының да риза болып өткені шүбәсіз. Сол секілді, Кенбай аға балаларының да ошақ отын өшірмей, күні бүгінге дейін түгелдей Жексенбек тегімен келе жатқаны көп жайды аңғартар. 

Үрім-бұтағына осынша биік мұраттарды аманат қылған Кенағаңның өмірден өмірден ертерек озуы, әрине, көңіл қамықтырады. Алайда тұрлаусыз дүниенің өкініші біткен бе. Адам ұрпағымен мың жасайды дегендей, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеген ағамыз армансыз ба деп те ойлайсың. Осыларға ғұмыр сыйлаған Тоқтасын тәтеміз ұзақ жасасын, балалары мен немере-шөбересі аман болсын!

P.S.

Таяуда Кенбай ағаның үлкен ұлы Бейбіт бауырымнан естіп қалдым, бұлар бертінде Нұрбала ананың сонау дерексіз кеткен баласы Амандық Махинның зиратын іздеп тауыпты. Ресейдің Псков қаласы маңында мерт болған оның есімі сондағы ескерткіш тақтаға қашалып жазылған екен. 

...Жоқ, нағыз елдік үрдісін жалғастырып, адалдықтың, ізгіліктің туын түсірмеген мұндай зерделі ұрпағы бар Кенағаң рухы ешқашан өлмейді.  

Құлтөлеу МҰҚАШ,

Қазақ үні