КӨКЖАЛ
2021 ж. 17 мамыр
8367
8
Ислам Әбішке хат
Мұз шайнап азуымен, шоқ жалаған,
Есен-сау жатырсың ба, көкжал ағам?!.
Қасқайып, именбеген есіл ерсің,
Тексіздер үйіп-төккен көп жаладан.
Елеңдеп ет-жүрегін жырымдаған,
Ел-жұртың тағдырыңа бүгінде алаң.
Дауысын естимісің бостандықтың,
Кеудеңде бозторғайдай шырылдаған.
Бақ пенен бақталастық жалғанда бар,
Жеріне жетпей, сірә, қалған ба нар?!.
Аяқтан шалған сені алаяққа,
Құлауың аттан оңай Арман болар.
Жаулары көбейеді тіктелсе адам,
Қаймана қазағыңа құт болшы, ағам.
Есімің асыл діннің атауы еді,
Содан ба, бір тазалық біткен саған.
Тәлімін көп көрсем де қаймақтардың,
Көкжалдай өр рухыңнан айбаттандым.
Жатқанда тар қапаста қайбір жанға,
Келе ме көпке айтпайтын жайды ақтарғың?!.
Жүрегің ұлый ма, жоқ, кісіней ме,
Адамның тау қопарған күші кейде.
Жалыңда қазанаттың иісі барда,
Жанында жауларыңның кішірейме.
Мойымай мұң жүктеген қас-қағымға әр,
Өлеңнен тізген маржан тастарымды ал.
Алдыңда атой салар жорықтар көп,
Артыңда Алатаудай асқарың бар.
Алтай мен Алатаудың тағдыры егіз,
Айтылар ұлағатты әңгімеміз.
Елдікті сезіне алған қандай жақсы,
Ер құнын түсінейік мәңгіге біз.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні