ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТРАГЕДИЯСЫ

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТРАГЕДИЯСЫ

Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Бумеранг» романы хақында

Адам баласының жаратылысы ұшы-қиырсыз үлкен әлемнің бір бөлшегі іспетті, ойлау жүйесі мен сана сезімнен қалыптасуы - адамзаттың ұлы жетістігі екені даусыз. Жарық дүние есігін ашқан әрбір пенде өсіп-өніп, өзінің орнықты орнын тапқанша тырбанады, тіпті одан кейін де ой-қиялымен, тәтті арманымен ғұмыр кешеді. Халқымызда «Армансыз адам –қанатсыз құспен тең» деп тегін айтылмаса керек. Шау тартып, қарттық меңдеген шағында да, бір қызығы, сол арман, тәтті ой жетегімен фәни дүниеден бақиға аттанып жататындар аз ба? Жұмыр басты пендеңіз аз ғұмырда өмірдің майлы пұшпағына ие болса да, орташа не кедейлік күйін кешсе де «адам» деген ұлы ұғымға кір келтірмеуі ләзім. Адам табиғаты өзгешелігінің түп негізі міне, осы қағидаға келіп тіреліп тұрғандай.     

         Бұл ойымыздың айна қатесіз шындығына белгілі жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Ащы да тәтті өмір» (2020 жыл) деп аталатын қазіргі қысқа романдар кітабына енгізілген «Бумеранг» (эпистолярлық роман) деген шығармасын оқығанымызда тағы да анық көз жеткізгендей болдық. 

          Қым-қуыт замананың әрбір тірі жанға тартып қойған сыйы, маңдайына жазылған өз таңбасы, қам-қаракеті бар. «Маңдайыңа не жазылса, соны көресің» деген терең мағыналы сөздерді әркімнің де естіп өскеніне шүбә келтіре алмаймыз. Ол бұлжымайтын серт, сондықтан солай болып қала береді де. Эпистолярлық романның әлқиссасы жастайынан жетім қалып, өмір тауқыметін тартып өскен, балалар үйінің бұрынғы түлегі, қазір қариялық жасқа келген Қонысбай ақсақалдың поездан түсіп, өзі өскен шағын қалашыққа табан тіреуінен басталады. 

           «Бұл қарапайым қазақ ақсақалына тіреліп тұрған қандай көмбе сыр болды екен» деп таңданыста қалатындар да табылар. Оны да теріс дей алмаймыз. Алайда, қазір көшелі сөз айтып, дұрыс жөн сілтер, тіпті осынау бүгінгі арпалысқа толы дүниеде өз елінің тағдыры мен оның болашағын болжай отырып, жас ұрпаққа арнау өсиет қалдыра алатын қарттар қазақ даласында азайып бара жатқандай әсер қалдырады. Белгілі жазушының осы эпистолярлық романына арқау болған басты кейіпкер Қонысбай жәй көп қарттардың бірі ғана емес, өмірдің ащы-тұщысын көп көрген, сөйтсе де мүжілмеген, көзі ашық, көкірегі ояу, ойлары заман ағымына сәйкес келетін білімді ақсақал. Еліміздің бір үлкен қаласында жоғары білім алып, министрлікте жауапты қызмет атқарған Қонысбай қарияның көзімен, ой-қиял болжамымен қазіргі өмір болмысы суреттеледі. Эпистолярлық романды оқи отырып, қандай дәрежеге жеттік, қайда кетіп барамыз деген сияқты шешімі күрделі өмір сұрақтарының жауабын іздегендей боламыз. Жазмыштан ешкім қашып құтылмасы анық. Қонысбайды қатал өмір басынан сипай қоймапты. Ата-анасынан ерте айырылып, тұлдырсыз тас жетім қалған ол осы өзі келген стансадағы балалар үйінде тәрбиеленіп, үлкен өмірге қанат қақты. «Қырсық жеті ағайынды» деген бұрыннан келе жатқан теріс қағиданың кейде осындай адамдардың аянышты тағдырына байланысты айтылған шығар?» деп те ауыр ойға шомасың. Өйткені, романның басты кейіпкері Қонысбай қария отыздан асып барып отбасын құрғанымен, жұрт қатарлы ұрпақ сүйе алмапты. Дәлірек айтқанда, қалап үйленген жары көтерген шарана-сәбиін отағасына білдірмей әдейі алдыртып тастаған болып шықты. Бұл «қылмысын» біраз уақыттан кейін сездірген жұбайымен ендігі өмірлерінің үйлеспейтінін сезген отағасы әйелін талақ етіп, екі жаққа айырылып жүре берген. Қатігездігі артып, мейірімі сарқылған мына фәниден үкілі үмітін үзгісі келмеген ақсақал өзін қоғамға қалай да пайдалы болуға бағыттауға бел буған. 

          Туған топырағын аңсамайтын жан бар ма? Алайда, мынау фәни жалғанда жалғыз қалған Қонысбайдың осы стансадағы өзі өскен «балалар үйіндегі ендігі өмірі қалай болар екен» дегендей, ішкі арпалысқа еріксіз бой алдырасыз. Барар жері, басар тауы жоқ жетім ақсақалдың өз интернатына қайта оралуы - өмірде аса көп кездесе бермейтін құбылыс. Жазушы осынау күрделі тақырыпты арқау етіп алып, тағдырдың жазуымен басқа түскен қиыншылыққа төтеп берудің, адами ерік-жігердің, қажыр-қайратының болаттай берік құдіретін көз алдыңызға әкеле қояды. Содан сабақ алуға шақырады. Өмірдің өзі таусылмас күрес дейтін болсақ, сол күреске қашан да дайын тұруға үндейді осынау шағын көлемді эпистолярлық роман кейіпкері... Осы тұрғыдан алғанда, шығарма желісінен жас ұрпақты кездескен қиыншылыққа қасқая қарсы тұра білуге шыңдаудың қажеттігінің бір үлгісін ұққандай күйге кіресің!     

         Поездан түскен Қонысбай ақсақалдың бір таңқалғаны – өзі өскен стансадағы құрт-май, ірімшік, жеміс-жидек, неше түрлі тағам сатып жүрген құжынаған саудегер әйелдердің шаң-шұң қарбалас тіршілігі. Құдды баяғы өзіне таныс көріністер. Алдымен байқағаны - сол стансадағы саудагерлердің бірінен құрт ұрласа, енді бірінен сары өрік ұрлаған балалардың қияс қылығы елең еткізген-ді. Саудагер әйелдердің бейәдеп қарғыс сөздерін жетім балаларға арнауы Қонысбай жүрегін суық темірдей қарып түседі. Балаларға шыр-пыр болып араша түсе отырып, бір қалта құрт сатып алуы нанымды суреттеліп, оқиға оқырманын ары қарай жетелеп отырады. Бір жағынан бір қалта құрт сатып алғандағы ойы – балалар үйіне келгенде тарту ретінде шашсам ба деген жақсы ырым-әдетті, реті келіп тұрғанда, қолданып қалу. Жетім бала үшін айналадағы нәрсенің бәрі таңсық. Көрсем, алып жесем дейді. Демек, жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы өзінің эпистолярлық романында «жетім көрсең жебей жүр» деген қағидаға адал болуға, жетім балаға, жалпы қорғансыз жандарға қамқорлық-көмек көрсету секілді адамгершілік иірімдерінен аттап өтпеудің аса қажеттілігін алға тартады. Қазіргі қоғамдық өмірімізде белең алып бара жатқан олқы тұстарымыздың бірі – басқаның қайғысына мән бермеу, қамқор болудың орнына мейірімсіздік таныту жағдайларын қалай ғана жасырарсыз? Эпистолярлық романның айтуға тұрарлық бір құндылығы – осындай жүрек сыздатарлық көріністерді барынша ашық, жеріне жеткізе баяндау болып табылады. 

          Балалар үйі деген атауы қолайсыз естілгенімен, осынау өзі өскен орта қартайған ақсақалды қалай кеудесінен итерсін. Шығармада махаббат тақырыбы да шет қалмаған. Қонысбай қария балалар үйі ауласының қақпасынан аттаған сәттен бастап-ақ, ойына өзінің бозбала кезінде осында бірге тәрбиеленген Гүлсұлу деген алғашқы махаббаты бірден есіне оралды. Бозбала жастар бірін-бірі ұнатқанымен, тағдыр олардың қосылуын жазбапты. Кәмелетке толысымен, қолдарына тиісті құжаттарын алған жастар жан-жаққа тарап кете барған. Гүлсұлудың сол өңірде бір азаматқа тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болғанын естігені бар-ды. «Қайран, Гүлсұлу, тек бақытты бол»,- деп күбірлегеннен басқа, көңілі босап ештеңе айта алмаған. 

          Балалар үйінің жаңа басшысы Айтотының жалғызілікті ақсақалды жатырқамай жылы шырайлы қарсы алуы, жатын орын дайындап, қолдан келген көмегін көрсетуі - оқырманға жылы әсер қалдырады. Алайда, нарық деген тажалдың қыспағы бұл интернатты да айналып өтпепті. Жадау - жұпыны күй кешіп жатқан балалар үйінің кейпі бұрынғы аста-төк өмірдің тым алыстап кеткенінен хабар бергендей. Жалпы алғанда, шығармада осындай көрген-түйген, уайым мен күйзеліс, бүгінгі заман ағымының ащы эпизодтары Қонысбайдың өзімен бірге осы балалар үйінде тәрбиеленген Сембек және Абылжан есімді достарымен хат жазысу тәртібімен өрбіп отырады. Балалық шағынан бірге өскен достарының қазір өз жолымен өз кәсібін дөңгелетіп жүріп жатқан жайы бар. Сембек жазу-сызу мәселесімен айналысатын журналист әрі мәдениет жағының маманы. Ал, Абылжан досы туған жерден онша қолдау таппай шетел асып, сол жақта өз бизнесін ашқан жағдаятынан хабардар-тын. Жалғыздық жанына батқан Қонысбайдың сол шетел асқан аяулы досымен хат жазысып, іштегі шерін тарқатып қана қоймай, елдегі қазіргі өмір ағынына көңілі толмайтыны талай хатына арқауланған. 

          Жазушы осылардың барлығын рет-ретімен жүйелеп, кейіпкерінің ойлары ғаламдық деңгейдегі мәселелерді қозғайтынын, солардың алдын алуға бағытталған қаракетті шұғыл іске асыруға үндейтінін алға тартады. Мәселен, қазіргі заманғы даму үдерісі жаһандық сипат алып бара жатқаны ешкімге де құпия емес. Бұның әсіресе өз жерінде саны аз қазақ халқы (қолдан қырғызғаны өз алдына өкініш) үшін тиімділігінен гөрі зардабы аз болмайтыны түсінікті. Жаһандану үдерісіне қоян-қолтық еніп кеткен халықтың өз салт-сана дәстүрінен, мәдениеті мен тілінен айырылып, бүртұтас ұлт болудан қош айтысатынын Қонысбай қария шетелдегі досы Абылжанға әлденеше рет жазған хаттарында баяндап, дабыл қағумен болған. Эпистолярлық романдағы Қонысбай қартты ең алдымен алаңдататын қасірет – бірыңғай ұлт емес, бір-бірімен мидай араласқан интерадамдардың, яғни ұлтсызданудың, солардың салдарынан тасбауыр ұрпақтың көбейіп бара жатқаны еді. Шын мәнінде ақсақал көтеріп отырған 



жаһандану үдерісінен сақтандыру мәселесін ендігі жерде кешеуілдетуге болмайтынын айқын сезіне түсесіз. Эпистолярлық романның Қонысбай қарияның көзімен, ой-түйсігімен осы аса күрделі проблеманың оң шешімінің табуына атсалысуға ешкімнің де қалыс қалмауына үндейтін жауапкершілігі мол батпан жүкті көтеруімен маңызы арта түскен.

          Бұрын-соңды мұндай күрделі проблеманы үлкен роман арқауына айналдыру - қазақ әдебиетінде көп байқалды ма? Тіпті баспасөзде де осы тақылеттес тақырыпқа жазылған, терең талданған мақалалардың да тым кемшін екенін жасыруға болмас. Неге олай қалыптасқанын ешкім тап басып айта алмайды. Әйтеуір елде бойкүйездік, немқұрайдылық басым сияқты әсер бар. Қоғамда «қой, ол тақырыпты қозғама, жазба да жолама» деп аяқтан шалып жүргендер де жоқтың қасы. Жазушыны алаңдататыны да осындай көзге бадырайып көрініп тұрған кемшін тұстар, адамдардың енжарлығы. Ең негізгісі сол – қадау-қадау заманауи өзекті проблемалардың барлығы Қонысбай ақсақалдың достарына жазған хаттарымен өріліп отырады. Оңтайлы әдіс пе? Әлбетте, солай. Бұл - жазушы шеберлігінің тайға таңба басқандай бір елеулі көрінісі екендігінде дау жоқ.  

          Бірақ шетелде жүрген досы Абылжан да, елдегі досы Сембек те Қонысбай ақсақалдың бұл қауіпті алаңдауына мардымды жауап бермей, жаһанданудың болмай қоймайтын үдеріс екенін ылажсыз мойындағандай. Одан бәлендей үлкен трагедия жасаудың қажеттілігі шамалы екенін астарлап сездірткендей. Шетелде жүрген досының айтуынша, ол жақта әркім өз шаруасымен еш кедергісіз, орынсыз тексерулерсіз жұмыс істей беруіне кең жол ашылған. Заң салтанат құрған елде өмір сүрудің өзі ғанибет әрі жеңіл дегенге саяды. Шетел өмірі қаншалықты артықшылық болғанымен, өз туған еліңе ештеңе жетпейтінін Абылжан досының өзі де жауап хаттарында айтумен болған.  

          Жазушы Жолтай Әлмашұлы Қонысбай ақсақалдың достарымен хат жазысып, пікір алмасуы барысында жастар мәселесін де қағыс қалдырмапты. Қарияның пайымдауынша, жастардың қоғамдық ортада, көшелерде ашық-шашық киінуі, орыс тілінде көптеп сөйлесу әдеті ұлттық тілімізден, қазақы болмысымыздан айырылу қауіпінің басым белгілері екенінен хабардар етеді. Ұлтқа барынша жанашыр болудың мезгілі пісіп-жетілгенін алға тартады. Әсіресе, елімізде немесе шетелге білім алуға кеткен жастардың арасында аралас некенің көбейгені де Қонысбай ақсақалдың жанын жегі құрттай кеміріп жатқан дерттердің бірі. Көптеген қазақ қыздарының шетелдіктердің етегінен ұстап, соларға жар болып кете баруы, өмірге келер ұрпақтың қазақ ұлтына жат дүбәрә болатынына қынжылыс білдіруі - ұлтын сүйетін патриот қарияның жан күйзелісімен шынайы көрініс тапқан. Шығарма бұл жағынан көп ұтқанын, келелі проблеманы халық алдына қаз-қалпында жайып салғанын атап өтуге тиіспіз. 

         Мұндай заман құбылысын досы Сембектің құптауы, зымыран уақыт ағымына ешкім де тосқауыл бола алмайды деуі қарияны одан сайын ауыр уайымдарға итермелейді. Ал, сонда уақыт өте келе ұлттық құндылықтарымыз – әдебиетіміздің, өнеріміздің, ана тіліміздің, салт-сана, дәстүріміздің халі не болмақ деп күйзелген Қонысбай қарияның ескі науқасы сыр беріп, ақыры сырқат төсегіне таңылды. Шешімі күрделеніп бара жатқан саналуан сұрақтардың құрсауында қалған Қонысбай қария шын мәнінде ұлтын шексіз сүйген патриоттығымен есте қалған аяулы тұлғаға айналды. 

         Бойын тіктеп, соңғы күшін жинақтаған асыл текті ақсақал өзін - өзі жігерлендірмек болады. Халқымыздың тарихында өзіндік орны бар данышпан дана билеріміз бен халық қамын ойлаған көреген хандарымыз өз заманының алып бәйтерегі емес пе? Бұрын-соңды ондай кемеңгер адамдар қай мемлекетте бар еді? Осылай өзін бір жұбатса, екінші жағынан ХХІ ғасырда ұлтымыздың тым майдаланып бара жатқаны, ал 1937 жылдары талай боздақтардың ұлт болашағы жолында жанын пида еткені есіне түсіп қамықты. Қарияның ел болашағы үшін бұл жұбанышы мен күйзелісі жазушының фантазиялық ой-шеңберінің кеңдігін әрі орнымен сенімді суреттеуімен ерекшеленіп тұр. Олай болса, эпистолярлық романда қарияның жазысқан хаттары арқылы баяндалған өмір шындығын ақыл-есі түзу пенде қинала қабылдамақ, теріс деуге дәті бара қоймас.

        Ендеше, қош делік, осы эпистолярлық романнан қандай қорытынды ой түюге болады деген орынды сұрақ туындайтыны тағы бар ма? Ең бастысы - ел мен жерді сүю, қазақи құндылықтарымызды, өз ұлттық болмысымызды кіршіксіз сақтап қалу, жастарымызды ұлттық рухта тәрбиелеу, ана тілімізді, діліміз бен дінімізді жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа өз биігінде жеткізіп отыру сияқты қадау-қадау өзекті сұрақтарға толық жауап алғандай жайымыз бар. Ал, бұл мәселелер ұлттық болмысымыздың, біртұтас ұлт болып, ұйысып өмір сүруіміздің қайнар көзі. Алға қойылатын бірінші кезектегі міндет осы баяндалғандарды ретімен дамытып отырсақ, ештеңеден ұтылмас едік. Жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының оқырманға ұсынылып отырған «Бумеранг» эпистолярлық романына арқау еткен түйткілдердің бір парасы осындай.

         Алайда, шығарманың түйінінде айтылғанындай, өмірде өзгермейтін, өз мекеніне оралмайтын мәңгілік ешнәрсе жоқ. Адамзат та сол сияқты, Жаратқанның белгілі бір уақытқа өлшеп берген ғұмырынан кейін мәңгілік мекеніне қайтады. Бұл - бұлжымас тіршілік заңы. Қонысбай қарияның да қартайған шағында үлкен қаладан бір кездері өзі тәрбиеленген балалар үйіне қайтып оралуы кездейсоқтық емес. Бұл Бумеранг, яғни оның өз мекеніне өз еркімен қайтып оралуы. Көңіл жұбатарлығы сол - басты кейіпкер Қонысбай ақсақал тағдырының күрделі болуына қарамастан өз елін, жерін, ұлтын қалтқысыз сүюдің, оның өткені мен бүгініне адалдығын сақтап қалудың, жақсысына сүйініп, жаманынан бойын аулақ салудың ізгі жолын ұстап, адами тұрғыдағы үлкен жүректі азаматтық ой-арманымен есте қалды. Осындай күрделі де күрмеулі заманауи мәселелерді озық ойлы қарияның достарымен жазба хаттары арқылы өрбіткен белгілі қаламгер Жолтай Жұмат-Әлмашұлының бұл эпистолярлық романы шын мәнінде қазақ әдебиетіне қосылған шоқтығы биік, берер тәлімі мол үздік шығарма деуге толық негіз бар.

Сағындық Нұрекеев, 

әдебиеттанушы,

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты