ҚАЛАМГЕР БАҚЫТЫ
2021 ж. 04 мамыр
5231
2
Үстіміздегі жылы қазақтың тұңғыш жастар басылымы «Жас Алаш» - «Лениншіл жас» газетінің жарық көргеніне бір ғасыр толып отыр. Бұл, расында да, бүкілхалықтық мереке. Басылым қабырғасынан бүгіндері ұлттық әдебиеттің, көсемсөз бен ғылымның тарландарына айналған тамаша таланттар қанат қағып, рухани өмірге жолдама алды. Солардың бірегейі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жазушылардың халықаралық «Дарабоз» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің М. Шолохов атындағы медалінің иегері, «Molia&DOS» баспа-баспахана кешенінің директоры, республикалық «Абитуриент», «Турист» газеттерінің Бас редакторы, жазушы Баян Болатханова.
– Баян ханым, кезінде «Ленжастың» әдебиет бөлімінде жұмыс істей жүріп, өнер және мәдениет қайраткерлері жөнінде қалам тербегеніңнен хабардармын. Бұдан оншақты жыл бұрын сол туындыларың туралы аз-кем пікір айтқан да болатынмын.
Оқырманды сол кездегі «Лениншіл жастағы» шығармашылық ахуал, журналистердің жаңа көркемдік өрістерді игеруге деген құлшынысы қызықтыратыны сөзсіз...
– Дұрыс айтасыз. Қазақ жастарының 300 000 тиражбен таралған ұлттық басылымы қалам ұстаған кез келген қазақ балаларының осы төл басылымда фамилиясы көрінсе, қуанатын арманы болғаны шындық қой. Өзіміз де мектеп қабырғасында оқып жүргенде алдымен, «Қазақстан пионерін», кейіннен «Лениншіл жасты» жаздырып оқып, мақала жолдап, келген жауап хаттың өзіне мәз болып жүретінбіз.
Сейдеағаң, қазақтың көрнекті жазушысы Сейдахмет Бердіқұлов басқаратын «Лениншіл жас» алты алаштың баласы қалам тербеген әдеби орта еді. Газет саяси әлеуметтік, қоғамдық газет болып, халық шаруашылығына қажет түрлі бөлімдері болғанымен аймақтардағы тілшілерінің есімінен ат үркетін. Дарынды жазушылар, ақындар Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова бәрі де осы газеттің тілшілік билетін ұстаған аға әріптестеріміз болатын.
Біз С.М.Киров атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, жұмысқа орналасқанда «Лениншіл жаста» Бас редактордың орынбасары Сағат Әшімбаев, жауапты хатшысы Серік Әбдірайымов ағай еді. Сәл кейін Ерғали Сағат ағамыз жауапты хатшы қызметін атқарды.
Менің алғашқы еңбек жолым әдебиет және өнер бөлімінен басталды.
Қазақтың белгілі ақыны, әдебиет және өнер зерттеушісі Аян Нысаналин ағай тұңғыш бөлім меңгерушім болды. Жас тілші ретінде әртүрлі тапсырмалар беріп, өнердің сан алуан мозаика тәрізді салаларымен оқырмандарымызды таныстырып отыруымыз керек екенін айтатын.
Әдебиет бөлімінен апта сайын шығып тұратын «Ақшам» өнер мүйісін аштық. Білте шамның жарығы жан жаққа сәулесін шашқан сол эмблема әлі
күнге көз алдымда. Суретші шеберханасынан репортаж, актриса өмірінен этюд, халық әншісінің шығармашылығы дейсіз бе, сол мүйісте бәрін қамтуға тырысатынбыз. Мақсат көлдей мақалалар жазу емес, өнер салаларын көбірек қамту болатын.
Университетте 5 жыл оқып жүріп, консерватория залынан концерт тыңдамаған екенмін, енді міне, кәсіби қызметіме сәйкес көптеген өнер орындарынан тірі мақалалар жаздым.
Вадим Абдірашитовтың концерті, «Жаушы» фильмінің түсіру алаңынан репортаж, суретші Сахи Романов шеберханасына саяхат сияқты түрлі қызықты тақырыпты құрайтын мақалалар өнер мүйісінің тартымды болуына көмегін тигізді.
Кейіннен осы айдарымызды лездемеде «Лениншіл жастың» сенбілік беті ретінде шығару туралы ұсыныс айтылып, хаттар бөліміне берілді. Тұңғыш қалалық газет ашылғанда біздің әдебиет бөлімінен бастау алған осы «Ақшам» бетін аттай қалап, қалалық газет «Алматы ақшамы» боп ашылғаны есімізде.
Аян Нысаналин ағамыз басқа қызметке ауысып кеткен соң әдебиет бөліміне Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Өтеген Оралбаев меңгеруші боп келді. Сейдеағаң газеттің айнасы іспетті белді бөлімде белгілі адамдардың портрет-сұхбаттары жиі жариялануына ұйытқы болып, кейде өзі бастап, сұхбатты ұйымдастыруға қатысатын. Сондай сұхбаттың бірі қазақтың көрнекті ақыны Әбділдә Тәжібаевқа үйіне амандаса барып, ақынның отбасында өткен сұхбат. Осы сұхбаттан түсірілген сурет кезінде газетте жарияланса, кейін тарихи жәдігер боп архивімізде қалды. Мынау сол сұхбаттан сақталған тарихи сурет.
«Лениншіл жас» газетінің бетінде «Сахна» айдарын ашып, он жылдан аса жүргіздім. Көптеген өнер адамдарының портретін жасап, сұхбат, эсселерді жүйелі түрде жариялап тұрдық. «Гауһартас» – деректі әңгімелер жинағымда бір бөлігі жарық көрді.
– Еліміз нарықтық қатынастарға қадам басқанда, әдебиет пен өнер қайраткерлері қайнаған қызу тірліктен шеткерілеп, абдырап қалғаны рас. Қоғамдық формациялардың ауысуы жалпы қаламгер қауымға, соның ішінде өз шығармашылығыңа қалай әсер етті?
– Еліміз Тәуелсіздік алған кезде мен ҚазҰУ-нің филология факультетінде күндізгі аспирантура бөлімінде оқитынмын. Академик Зейнолла Қабдолов ағамыз ғылыми жетекшім болды. Аспиранттың стипендиясы мен журналистің айлығы шамалас болды-ау деймін.
Бірақ, дүкен сөрелері жылан жалағандай, ең тұрмысқа қажет тауарлардың өзі мүлде жоқ. Бәрін дүкеншілер мен қоймашылардың өзі тасып кеткен бе, бір түсініксіз кезең басталды емес пе?!
Колхоз, совхоздың малы, қора-қопсысын, жерін кім, қалай таратып әкеткені туралы даулы әңгімені бастамай-ақ қояйық. Бәрібір ұштығын табу оңай болмас.
Қағаз, қалам, газет-журнал, кітап ұстағаннан басқаны білмейтін зиялы қауымға шынымен қиын еді. Елмен бірге редакцияда жұмыс істеп, әйтеуір бір
айлыққа аштылы-тоқтылы жүре берсем де кім біледі, жел өтіне шыққандай, өтпелі кезеңнің тар жол, тайғақ кешулерін мұнша сезбес пе едім.
Күндіз оқитын аспиранттар Европаға виза ашып, ұстаз апайларымызбен бірге Польша қалаларына бірнеше рет барып қайттық. Мұннан майда-шүйде заттар апарып, тобымызбен Польша базарларында дөңгеленіп тұра қалып, сұранысқа қарай сауда жасауды үйрендік. Керісінше, о жақтан джинси шалбар, футболка, кроссовка тәрізді заманауи бұйымдарды әкеліп, Өжет ауылының бер жағындағы жайма базарда тобымызбен тұрып өткізетінбіз.
– Сонымен, аспирант боп жүріп, халықаралық саудадан бірақ шықтық дегің келе ме?
– Әсемдеп, сәндеп айтсақ, солай шығар. Шынтуайтына келгенде сәл басқашалау, орысшасы: челноктар, қазақшасы: «Қап арқалап, Қап тауынан асқандар» десем бе екен. «Алақапшық арқалағандар» деген де келетін сияқты. Арқа тыныш болса, арқар ауып несі бар деуші ме еді...
Ештеңе де ұмытылмайды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының бастапқы кездері ешкімге оңай тимегені рас. Қалың халық білім-білігінің бәрін жиып қойып, қап арқалап, Еуропа аралап, Қытай асып, елге керек-жарақты қияннан тасыды емес пе. Бұл біздің елдің әлеуметтік-тарихи шындығы.
Аспирантураны бітірген соң ұстаздық қызметке қалуға болушы еді. Бірақ, «Кино әлемі» деген (бұрынғы «Жаңа фильм») журналдың қазақ редакциясына бөлім меңгерушілігіне шақырып, сонда жұмысқа тұрып кеттім. Алты айдан соң бұл журнал да жабылып қалды.
Негізінде «Мені жұмысқа шақырмай қойды» – деп ешкімге өкпе арта алмаймын. Мысалы, сол аспирантураны бітіріп жатқан шағымда «Қазақ әдебиеті» газетіне Бас редактор жазушы Оралхан Бокеев ағамыз жұмысқа шақырған болатын. Көп кешікпей, Индия сапары қазақтың аса талантты жазушысы Оралхан ағамыз үшін трагедиямен аяқталды да, ұсыныс ұсыныс күйінде қалды.
«Егемен Қазақстан» газетіне Бас редакторы Нұрлан Оразалин ағамыз жұмысқа шақырды. Жұмысқа шығуға дайындалып, Бас газетіміз редакциясына барғанмын. Нұрлан аға әлі жұмысқа келмеген екен. Бас редактор мен Бас редактор орынбасарының есігі қарама-қарсы орналасқаны көрініп тұр. Ашық есіктен сол кездегі редактордың орынбасары журналист ағамызды байқадым.
Сыпайылық танытып, сәлем бердім.
– Қандай мақсатпен келдің? – деп сұрақтың астына алды.
– Нұрлан ағаға жолығуға келдім. Жұмысқа тұрмақпын – дедім ойымда ешнәрсе жоқ.
– Сен немене, Алматы облысынан 13-ші адам болайын деп пе едің. Онсыз да Алматы облысынан 12 адам бар – деп қатты сөйлеп, көңілімді қалдырды.
Көзін сығырайтып алып, тиісерге қара таппай сөйлеген Бас редактор орынбасарының сөзі өңменімнен өткендай. Іштей ренжіп қалдым.
«Аузынан көбігі шашырап, не айтып, не қойғанын білмейтін осындай адаммен қалай бірге жұмыс істемекпін» – деп ойладым. Көңілім қалғаны соншалық, қызметке шақырған Нұрлан Оразалин ағаға қайтадан іздеп барып, жолықпадым. Жастық максимализм ғой. Жанымды жаралағым келмеді.
Содан кейін халықаралық «Азия» газетіне жұмысқа тұрғанмын. Бірақ, өз бағыт, мақсаты бар шын мәнінде халықаралық басылым болса да, сол кездегі баспасөз министрлігі ұстанған саясатқа байланысты бір-екі жылдан соң бұл газет те жабылып қалды.
Сол кездегі театр әкімшілігі А класты актрисаның айлығын тағайындап, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрдың билетін таратуға көмекші боп, 3-4 ай жұмыс істедім-ау деймін. Өнер адамдары туралы жазсам деген оймен барып жүрмін ғой.
Тұрмыс тауқыметін тартпау үшін не істеуге болады? Көк базарда алғашқы хот-дог дүңгіршектерін қойдым. Ең өтімді деген, қақпа алдындағы сауда орындарында хот-дог, гамбургер сатқыздым. Сатушыларым бар. 6-7 сауда дүңгіршіктеріне сататын дәмдерін жеткізіп беріп, жалпы ұйымдастыру жұмыстарымен айналыстым. Қолқанат боп қалған балам, достары көмектесетін.
Саудамыз дөңгеленіп жатса да, қаламгер болған соң, өз ортамнан шеттеп қалғандай сезімде болдым. 1997 жылы көкбазардағы сауда орындарымды түгел жауып, үш жыл еңбек еткен, мысығына дейін танитын алып нарық орталығымен өз таңдауыммен қоштасып, журналистикаға қайта атбасын бұрдым.
Бір жеке университеттің бір бөлмесін жалға алып, 50 адамдық буфет те аштық.
Міне, мұндай кәсіпкерлік жұмыстардың бәрі ысылдырып, өмірді кабинеттен емес, нағыз қым-қуыт, қарбалас тіршіліктен білетін қаламгер боп қалыптасуыма көмектесті.
«Заман Қазақстан» түрік-қазақ басылымына Бас редактордың орынбасары қызметіне тағайындалдым.
Шетелдік түрік ағайындар жетекшілік ететін басылымға белгілі адамдардың ұсынысымен кандидатурам өтіп кеткені, кәдімгідей моральдік күш-жігер берді. Бас редактор өз жерлес ағайым, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы ағамыздың қолдауы да кәдімгідей көмек болды. Солай қазақ баспасөзіне қайтып оралдым.
2 жылдан кейін қаржылық жағдайына байланысты бұл газетте жабылып қалды. Осы газетте жұмыс істеп жүріп, жарнама табуды үйренгенмін. Газет ішінен «Дерзай, абитуриент» деген қос жарнама парағын ашып, басылымның біраз санының қаржысын түсіруге атсалысқанмын. Газет жабылып, айлығымызды бір жылдай бөліп төлеп, ең соңғы 15 мың теңгемді алуға редакцияға келгенде қатты ойландым. Автобуста келе жатып, жеке «Абитуриент» деген газет ашып көрейін, мүмкін сәтін салса, ісіміз алға басар деген шешімге келдім. Ертесіне салық комитетіне барып, кеңес алып, заңды түрде жауапкершілігі шектеулі серіктестік аштым. Соңғы айлығым осы шараға жетті. «Абитуриент», «Турист» газеттерін шығаруға рұқсат рәсімдедім. Сөйтіп, ТМД елдерінде бұрын болмаған республикалық «Абитуриент» газеті дүниеге келді. Соңғы жұмыс орнымда Бас редактордың орынбасары боп қызмет атқарған тәжірибем, жеке басылымдар редакциясын құруға мүмкіндік берді.
– Жуырда Қазақ теледидары өзіңнің шығармашылығың туралы әзірлеген әдеби хабарға қатысып, пікір білдірген болатынмын. Онда әңгіме негізінен «Уақыт және Қаламгер» тақырыбы төңірегінде өрбіді. Айтқандай-ақ, қазіргі зымыран заман, толғағы жеткен түйткілдер ақын-жазушылар алдына қандай көркемдік-эстетикалық талаптар қойып отыр?
– Тәуелсіздігіміз орда бұзар 30 жасқа келді. Бұрын «елу жылда – ел жаңа» деуші едік, қазір 30 жылда – ел жаңа десек те болады. Өйткені, тәуелсіздік тегеурінін сезінген 30 жыл мүлде бөлек, тәуелсіздік рухымен тәрбиеленіп жатқан жаңа ұрпақты өмірге әкелді.
Білімді, зерек, техниканы меңгерген, технократтық білім салаларына бейім жастар өсіп келеді. Тек үкімет туған тіліміз – мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдап, Мемлекеттік Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі ретінде де қолданысқа енсе деймін. Ұлттық құндылықтар басты назарда болуға тиіс.
Қаламгердің азаматтық белсенділігі жоғары болуы керек. Үндемей қалып, аңысын аңдайтын уақыт емес.
Қоғамның қандай болмағы – әр мүшесінің азаматтық белсенділігіне тікелей байланысты!
«Мәңгілік ел» деген ертегімді осы қазақ тілінде сөйлей алмайтын қазақ жастарына үлгі ретінде жаздым.
– Шығармашылық зертханаңды көптен зерделеп жүрген оқырманың ретінде өзіңнің негізгі аудиторияң жастар мен жасөспірімдер екенін білемін. Алматыдағы белді балалар кітапханасында болған жүздесуде бүлдіршіндер туындыларыңды жатқа оқыды. Балауса оқырмандарыңа дайындап жатқан базарлығың бар ма?
– Рақмет! Биылғы 5 наурыздағы Алматы қаласы №33-ші кітапханада өткен кездесу шынында есте қаларлықтай болды. Жас оқырмандарымызға айрықша ризамын. Әрине, алдағы уақытта да оқырмандарымыз көбейе берсін!
Туындыларымызбен қуанта берейік.
«Тәтті алма» жинағы үшін деп, кейде балаларға арнап, өлең де шығарып қоямын. Балаларға арналған әңгімелер сериясын жазуды жалғастыра беремін. Ойда талай нәрсе бар. Өмір болса, жаза береміз ғой.
– Жоғарыда атап өткенімдей, сен - өз оқырмандарыңды тапқан қаламгерсің. Осы орайда «Қаламгер бақыты неде?» деген сауал тастағым кеп отыр…
– Қаламгер бақыты дегеніміз де, жалпы бақыт деген ең алдымен, еліміздің амандығы. Бейбітшілік, тыныштық! Ел болып дүрлікпей, індетке дейін қамсыз, мұңсыз, бейбіт өмір сүрдік емес пе?! Ешқандай тұмылдырықсыз, қоғамдық орындарда қимыл-қозғалыс шектеуінсіз. Театрға барып, көрмелерді тамашалап, немерелеріңді киноға апарғанның өзі неге тұрады. Тау қызығы өз алдына Туған табиғатымызда да аралайтын жерлер көп қой. Міне, мамыражай сол күндер қайтып келсе екен деп армандаймын.
Еліміз аман, жұрт тыныш болсын!
– Қалың оқырман алдағы шығармашылық жоспарыңды білгісі келетіні түсінікті...
– Мемлекеттік тапсырыспен кітаптарым шықса екен деп армандаймын. Өйткені, кеңес заманынан кейін мемлекеттен бірде-бір кітабым шықпады. Көркем прозам да, деректі-көркем шығармаларым да 2 том боп шығуға дайын. Мерзімді баспасөздегі журналистік жазбаларым, публицистикамды жеке жинақ ретінде шығарсам деймін. Жас журналистер қазақ баспасөзінің тарихын, ардагер қайраткерлерін білуге тиіс.
Ертегілерімнің әрқайсысы өзінше жеке кітапша боп шықса, түрлі-түсті суреттермен көркем безендірсе, құлпыра түсері сөзсіз. Жас оқырмандарыма керемет сыйлық болар еді.
Биыл жасөспірімдер мен балалар кітабының жылы деп жазушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр ғой. Үмітсіз емеспіз.
– Жаңа туындыларыңды тағатсыздана тосатын оқырмандарыңның атынан мағыналы да мәнді сұхбатың үшін алғысымды білдіремін.
– Көп рақмет, Жетпісбай Бекболатұлы!
Әдебиет зерттеушісі, болашақ журналистерге, қаламгерлерге қоғаммен байланыс өкілдеріне көп жылдан бері терең білім біріп келе жатқан білікті ұстаз, ғалым ретінде танымалсың. Шығармашылық жұмысыма қолдау көрсетіп, әділ пікіріңді бұдан бұрын да жаздың. Алғысым шексіз.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы бәрімізге табысты болсын!
Сұхбаттасқан Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
ҚҰУ-нің профессоры