РУХТЫ ЖЫР ТУДЫРҒАН ТУЫНДЫ
2021 ж. 30 сәуір
3102
0
Осыдан үш апта бұрын 9 сәуірде Түркістанда Қазақстанның Еңбегі сіңірген суретшісі, журналист Сейсенхан Маханбеттің "Ұлы дала дастаны" атты жеке көрмесі өтті. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған көрменің тұсауын Астанадан Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай екеуміз барып кестік!
Көрмеге қойылған көп картиналардың ішінде елдің көбісі көкке ұлыған көкжалдардың көркем бейнесі бейнеленген "Көкжалдар ұлыған түн" атты суретке көп үймелеп тұрып қалып жатты. Түгел Түркі ордасындағы түрі бөтен туындының жазылуына түрткі болған - "Түркілерміз" атты рух жыры еді! Авторы - бүгін туған күнін атап жатқан көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет.
Төл мерекеңіз мол берекеге ұласа бергей Ұлаға! Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін!
Құрметпен, Қазыбек Иса.
БІЗ -ТҮРКІЛЕРМІЗ!
Біз - түркілерміз... Біз - түркілерміз! Көк аспандай жарқылдап, күркірерміз, Көк аспанның бұлтындай сілкінерміз, Көк бөріден туғанымыз рас болса, Көк тәңірден қуат ап, бір түлерміз. Кеудемізді билеген асқақ арман, Тарихымыз дастан боп таста қалған, Тірсегіміз тілінген кездерде де Жан жүректі жерім жоқ жасқа малған. Жұтып қойған ғасырлар өктем үнін, Айға қарап ұлыған көк бөрімін. Атқа мінсем кетемін аруақтанып, Арасында желік бар ет-терінің. Атқа мінсем кетемін айбаттанып, Қылыш көрсем кетемін қайраттанып. Ғасырлардың бетіне қалқып шыққан, Біздің халық - бұ да бір қаймақ халық! Намысымдай ешкімге таптатпаған, Түркістанның күмбезі асқақтаған. Бабаларым жатыр ғой бата беріп, Аруақтар аманатын ақтап бағам. Көк тәңірден көңілге нұр тілерміз, Көк аспандай әлі де күркірерміз. Көк бөрілі көк байрақ көкке шықса, Қай дұшпанның алдында іркілерміз? Біз - түркілерміз! Біз - түркілерміз!! Біз - түркілерміз!!! Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ