Елін сүйген ер еді
2021 ж. 26 сәуір
2728
0
Нұргүл Қалиева, Білім беру ісінің үздігі:
ЕЛІН СҮЙГЕН ЕР ЕДІ
Өмірсерік Жұман – 1950 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы Көлбай ауылында туған. Елге кеңінен танымал тележурналист. 1980 жылдан бастап, ақтық демі біткенше Қазақ телевизиясында редактор, аға редактор, «Орда» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, «Шарайна» ақпарат бағдарламасының бас редакторы, Ұлттық телеарнаның «Алтын қор» бірлестігінің жетекшісі қызметтерін абыройлы атқарды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдерге жасаған ресми сапарлары туралы репортаждар мен оның ғибратты ғұмырын баяндайтын «Нұрсұлтан», «Арманшыл жастық шағым – Украина!» «Тарихи белес – алғашқы белес», «Қазақ шаңырағы аясындағы қауышу», «Президенттер көтерген ғимарат пен еккен шынар жайлы хикаят», «Жас дәурен – жайсаң жылдарым!» сияқты деректі-публицистикалық телерадиофильмдердің авторы. Қазақстан Журналистер одағы Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Жақында Нұргүл жеңгемізбен әңгіме-дүкен құрған едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. – Әңгімеміздің әлқиссасын айдарымыздың дәстүрлі сұрағымен бастағым келіп отыр. Өмірсерік ағамен қалай танысып, қалай қауышқандарыңыз есіңізде ме? – Әлбетте, есімде. Ол шақты мен ешқашан ұмытпайтын шығармын. Ол үшін сәл шегініс жасауым қажет. 1967 жыл болатын. Мен ол кезде он жаста едім. Үшінші сыныпта оқимын. Балдәурен балалық шағым. Анам шиеттей жеті-сегіз балаларына түскі астарын беріп, тамақтандырып болған соң, шашымды тастай қылып өріп, арқама екі жасар бауырым Қанатты арқалатып: «Балаға қара, ойнат!» деп маған үлкен жауапкершілік жүктеп, үйден шығарып салатын. Қалай десек те, ойын баласымыз ғой, әбден шаршаған кезде, бауырымды көгалға отырғызып, қолына ойыншықтарын беріп,құрбыларым Рауза,Кама,Рысалды– бәріміз скакалкамен секіріп, доппен «Выбивало»,«Классики» ойнаймыз.Кешкі сағат жетіден он бес минут өткенде Қанатты арқалай үйге қарай жүгіретінмін. – Неге? – Өйткені дәл сол уақытта аудандық радиодан Өмірсерік Жұманов сөйлейтін. – Ол қандай бағдарлама еді? – Күнде осы уақытта аудан жаңалықтарын айтушы еді.Сонда мені аудан жаңалықтары қызықтырмайтын. Тек өзіме соншалықты қымбат дауысты есту үшін ғана хабарды басынан-аяғына дейін тыңдайтынмын. Өйткені Өмірсерікті сыртынан жақсы танитынмын. Ол – көрші үйде тұратын Рысқали ағаның досы. Сол үйге жиі келетін.Ал мен болсам, інімді арқалап алып, одан көз алмай қарап тұратынмын. Негізі, Өмірсерік бойы ұзын, жіп-жіңішке, қап-қара бұйра шаштары иығына түскен әдемі жігіт болатын.Өзі радиодан сөйлейді! Мен секілді аңқау да аңғал қызға ұнау үшін бұдан басқа не керек?! – Сіз Өмекеңе сол кезде-ақ ғашық болған сияқтысыз ғой. – Дұрыс айтасыз. Менің оған деген бала махаббатым сол кезде оянған секілді. – Әрі қарай айтыңыз. Содан кейін не болды? – Келесі жылы Өмірсерік те, Рысқали аға да көрінбей кетті. Сөйтсем, олар Алматыға оқуға түсіп кетіпті. Рысқали аға – Қазақ политехникалық институтына, ал Өмірсерік – КАЗПИ-дің филология факультетіне. Содан бәрі ұмытыла бастады.Арада 7-8 жыл өтті.Мен №2Андреев орта мектебін тамамдадым.Сол жылы оқуға түсе алмай қалдым. Сөйтіп, салым суға кетіп жүргенде, өзім өбектеп жүріп өсірген бауырым қайтыс болды.Содан анамның басына түскен ауыртпалықты жеңілдетейін деп,Алматыда істеп жүрген жұмысымды тастап,елге келдім. Бір күні Рысқали ағаның нағашысы Досымхан ағам: «Нұргүл,сен орысша оқыдың, мектепті үздік бітірдің,аудандық радиоға орысша жазатын редактор әрі диктор керек. Сол қызметке сені шақырып отырмын»дейді. «Аға, мен ондай жауапты қызметті атқара алмаймын ғой?»деп қобалжыдым.«Неге атқара алмайсың? Ең бастысы, ниет болсын, қалғанын өзім үйретемін»деді. Қатты қуандым. Ертесіне құжаттарымды алып, аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Татьяна Ганзяның қабылдауында болдым.Ол: «Біздің ауданда «Армандастар» деген ансамбль бар. Жетекшісі – орыс жігіті. Сіз сол жігіттен сұхбат алып келіңіз.Егер сұхбатыңыз маған ұнаса, жұмысқа алам»деді.Бар ынтамды салып,ансамбль туралы сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап алып, Игорьдың қазақ қызына ғашық екенін,оған жуырда үйленетініне дейін жазып,Татьяна Гурьевнаның алдына қойдым. Ол кісі қолжазбамды бастан-аяқ оқып шығып,соңғы жолдарына келгенде ғой деймін, жымиып күлді де: «Бірінші сұхбатыңыз жаман емес, жұмысты алып кетеді деген үміттемін, ертеңнен бастап жұмысқа кірісе беріңіз»деді.Ертеңінде күні бойы хабар дайындап,сағат кешкі жеті он бесте:«Говорит Андреевка!Добрый вечер!Cлушайте новости района»деп дауысым сыңғырлап, кіші редактор әрі диктор болып жұмысқа кірісіп кеттім.Мұның бәрін Өмекеңмен қалай танысқаным туралы жадымда жаңғыртып айтып отырғаным ғой. – Сонымен, Өмекеңмен қалай таныстыңыз? – Мен күндегідей келесі эфирге хабар дайындап отырғанмын. «Саламатсыз ба?» деп кабинетке Өмірсерік кіріп келді. Мен оны бірден таныдым. Жүрегім тулап кетті. Амандық-саулықтан соң, орындықты нұсқадым. Ол жайғасып алған соң: «Мен бұл жерде 67-68 жылдары істегенмін.Тура сіз отырған үстөлде отырғанмын. Ол кезде небары 17 жаста едім.Қазір білім басқармасында инспектор болып істеймін» деп ағынан жарылды. Зырылдатып басып отырған машинкамды бір сәтке тоқтатып: «Мен сізді жақсы білем. Сіз – Өмірсерік Жұмановсыз.Ол кезде мен 10 жаста болатынмын.Сіздің хабарларыңызды үзбей тыңдайтынмын» деп жымидым да, машинкамды әрі қарай баса бердім. Несін жасырайын, сол сәттен бастап жүрегім «Өмірсерік!» деп соқты.Көп ұзамай, үйлендік.Ата-анасы ауылындағы мектеп асханасында дүркіретіп той жасады.Оған бүкіл ауыл,аудандық Білім басқармасының ұжымы – бәрі келді. – Қай жылы отау құрдыңыздар? – 1977 жылы шаңырақ көтердік. Содан кейін тұнғышымыз Мақсат дүниеге келді.Өмірінің сол кезін Өмен өз жазбасында былай сипаттайды:«Өмірім өзгеріп,жүрегімде үкілеген үміттерімнің оттары қайта маздады.Түсімде Көктөбедегі телемұнараны көретін болып,жас даурен,жайсаң жылдарымның бесігі –Алматымды аңсайтынды шығардым». – Сол Өмекең аңсаған Алматыға қашан қоныс аудардыңыздар? – Алматыға 1983 жылы көшіп келдік.Өмен келе сала,Қазақ телевизиясына жұмысқа тұрды.Ал мен балабақшаға тәрбиеші боп орналастым. Алматыда тағы екі ұлымыз – Асхат пен Ербол дүниеге келді.Мен жұмыс істей жүріп,бала тәрбиеледім. Балаларым – бауырымда, сүйген жарым – құшағымда. Өменнің ата-анасына,туған-туыстарына, әріптестері мен дос-жарандарына,қысқасы бәрін құшақ жая қарсы алып, құрметтедім. Айналама үнемі мейір-шапағатымды төгіп жүрдім.Сол кезде мен шын мәнінде бақытты едім. – Өмекеңнің туған жері, ата-анасы, өскен ортасы туралы да айта кетіңізші? – Өмірсерік Алматы облысы, Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылында туған.Ол өзінің туған жерін өте жақсы көретін. Әсіресе, Әлемді тауы туралы жиі айтатын. Тіпті, оны шығармаларына да арқау етті. Әкесі Кәрібай ілгеріде бригадир болған екен. Кейін пошташылық қызмет атқарған. Әсіресе осы қызметі Өмен мен қазір есімі елге белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Қанипаш Мәдібайға игі ықпалы тиген сияқты. Өйткені, олар газет-журналдарды осы үйден бірінші боп оқып, сауаттарын жетілдіріпті. Мұны Өмен өзінің әңгімелерінде де жазады. Ал Қанапия анасы өте қарапайым адам еді. Өмірсерік десе, жаны қалмайтын. Жалпы, ата-анасы Өмірсерікті «Өмен» деп атай тын. Сосын мен де солай атап кеттім. – Ол кісі неше ағайынды еді? – Өменнің Күлжиян деген әпкесі болатын. Ол кісі қайтыс болып кетті. Қазір Нұржан, Бижан деген екі қарындасы және Серік деген інісі бар. Екі қарындасы да Оңтүстік өңірге тұрмысқа шыққан. Серік осы Алматыда тұрады. Олардың бәрі –дін-аман. Өсіп-өнген әулет. – Ол қандай адам еді? – Өмен– өте қарапайым адам еді. Өзін ешқашан өзгелерден биік қойған емес.Әлдебіреулер сияқты көрініп қалуға тырыспайтын.Жұмысына өте тиянақты болатын.Әрбір хабарын көрерменге мәнді де мазмұнды етіп ұсынатын. Әрбір адамға жақсылық жасағысы кеп тұратын. Ешкімді ренжітпейтін. Елін сүйген ер еді. – Нақты бір оқиғалар есіңізде ме? – Әрине, есімде. Өмірсерік ол кезде Әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясында аға редактор боп істейтін.Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы бойынша хабар түсірмек болып, іссапармен Көкшетау өңіріне аттанатын болды. «Нұргүл, маған қол орамал кестелеп берші,хабарыма пайдаланамын» деді.Тұтқын қалмақ қызының орамалын тұспалдап тұрғанын сезе қойдым.Бір түнде бар шеберлігімді салып кестелеп, шілдерімен көмкеріп,үтіктеп сөмкесіне салып бердім. Театрдан батырлар киетін киімдері мен сауыт-сайман, қалқан, қылыш, садақ сынды ер қаруларын түгендеп алыпты.Қасында екі-үш актерлері тағы бар. Алматы – Көкшетау пойызымен шықты бәрі. Хабардың режиссері – Көкшетаулық талантты ақын Ерік Асқаров.Оқжетпес шыңының биіктігін Сәкен Сейфуллин: Тілдесіп тау мен аспан сүйіседі, Сәлем қып бұлттар басын иіседі. Қиырдан келген қаңғып түрлі бұлттар Бас косып тау төсінде түйіседі, – деп керемет суреттейді ғой...«Аллам-ау, Адақ батыр атып түсіретін орамал Оқжетпестің шыңында ілініп тұру керек.Оны көрермен көруі керек. Бұл эпизодтарды Өмен қалай түсіреді екен?» деп ойлаймын.Бір аптадай уақыт ішінде хабарларын түсіріп,Өмірсерік Ерік екеуі үйге келді.Ол кезде біз 1-Алматы теміржол вокзалына жақын тұратынбыз. Сонда Ерік: «Әпкетай,күйеуіңізді басы аман қолыңызға тапсыруға келдім.Енді мен бұнымен Көкшетау тұрмақ, Алматының шетіне де шықпаймын!» деп зар-зар етеді.Өмірсерік оның сөзін құлағына да ілген жоқ. Балаларын құшақтап, беттерінен сүйіп, мәре-сәре. «О неге, Ерікжан-ау?» деймін мен. «Мынау Оқжетпеске өрмелеп шығып, құлап өле жаздады. Көл жағасынан шалқалап қарап, тыныс алуды да ұмытып біз тұрдық. Үрейіміз ұшып! Өмірсерік, қолында орамалы бар, шыңнан шыңға өрмелеп жоғарылап барады.Бір өте қауіпті жерге көтерілгенде мен шыдамай, көздерімді тас жұмып:«Қош,Бұйрабас!» деп отыра қалдым.Үстімде батырдың киімі бар.Бір мезетте көзімді ашсам, Бұйрабас қауіпті жерден өтіп кетіпті.Сол сәтте мен сізді ойладым,әпке, бұл олай-бұлай болып кетсе, мен не бетімді айтамын? Енді өзіңіз ие болыңыз мына байыңызға!» деп әншейінде калжыңдап жүретін Ерік,шын ашуланды.Хабар әсерлі шықты. Көрермен жағада садақ тартып тұрған батырды,биіктен қылаулап барып суға түскен орамалды көрді. Жалған ешнәрсе жоқ.Сөйтіп,Өмірсерік «атып түсірген» менің орамалым да Оқжетпестің аялы айдынында жатыр. – Өмірдің өзі сынақтан тұрады. Сондай бір ауыртпалық басыңызға түскен кезінде Өмекең жаны қалмай, сізді бүкіл мықты маман дәрігерлерге қаратқан екен... – Ол рас. Отыз жеті жасымда қатты ауырдым.Бұл мүшел жас екен ғой. Ол кезде Өмен АҚШ-та жүрген. Жалпы, Өмірсерік сапарға шыққан сайын маған сыйлық, балаларына базарлық алып келетін. Сол жолы Нью-Йорктен қара көйлек, әдемі сөмке әкеліпті.Әлгі көйлекті киіп көруге де дәрменім жоқ. Өмен оны тұсымдағы кілемге іліп қойды. Анда-санда қабағымды әрең көтеріп,көйлегіме қарап қоямын. Жүрегім қуанышқа толып, бір сәтке басымның ауырғаныда басылатын сияқты. Кешке көршіміз, Казақ телевизиясының дикторы Тамара Өтегенова келеді. Қызық әңгімелер айтып, күлдіріп отыратын. Күлсем де басым ауырады.Тамара тұсымда ілулі тұрған көйлекті көріп: «Нұргүл,мына көйлекті маған сатшы, 100 доллар берем» деп жалынады.Мен «өзім киемін» деп көнбей қойдым. Сөйтіп сол көйлекті өзім біраз кидім. – «Өзі жаңа киім алғанда әйелін де киіндірсін» деген екен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз. Сол қағиданы ұстанған екен ғой. – Солай боп тұр ғой. Жаңа өзің айтқандай, мен ауырсам, Өменнің жаны байыз таппай кететін. Жақсы дәрігер іздейді. «Ауруын жасырған – өледі» деген сөзді санасына сіңірген болар,әріптестерінің бәріне менің сырқаттанып қалғанымды айтып, мазасы қашатын көрінеді. Бірі болмаса, бірі дұрыс жол сілтейтін шығар деген ойы болар. Мейрам Жанәділ бір врач-иглотерапевтің телефонын беріпті. «Өмен,мені жындыханаға жібермеші» деймін, оның тізесіне сүйеніп, екі көзімнен жас төгіп отырып. «Басы ауырғанның бәрі жындыханаға түспейді, Нұргүл» дейді Өмен, жып-жылы алақанымен маңдайымнан сипап, киіз боп ұйысып қалған шашымды жаймен тарап. Жаңағы дәрігер Қуанышбай Рахымжанов деген өте білімді де білгір дәрігер екен. Бірер сеансынан кейін-ақ бас ауруынан айыға бастадым.Бір айдай емделдім.Алла дертке шипа берді.Кейін мен әбден жазылғанымда: «Сенен айырылып қалам ба?» деп қатты корықтым.Маған ол кезде ең қиыны – дүкеннен азық-түлік сатып алу еді. Сен бір сәт ойымнан шықпайсың.Сатушыға не аларымды, мылқау адамша, қолыммен көрсетем. Олар түк түсінбейді, аң-таң. Бір сөз айтсам, еңіреп жылап жіберетін сияқтымын.Өксік қысып, түк ала алмай, дүкеннен шығып кеткен кездерімде болды. Дәріханада оңайлау, рецепті қолдарына ұстата саламын да, бергенін алып, тез шығып кетем» деп еді Өмен.Осының бәрін мен неге айтып отырмын? Өмірсерігімнің маған қандай қамқоршы болғанын, оның жанашырлығын, жүрегінің нәзіктігін,сондай мейірбан жарымнан қапыда көз жазып қалу – мен үшін сондай ауыр екенін, орны толмас қаза екенін елге түсіндіру үшін айтып отырмын. – «Өзіңнен жолдасың мықты болсын» деген жақсы сөз бар. Сол айтпақшы, Өмекең кімдермен өте жақын араласушы еді? – Өмен өмірінің жартысын жұмыста өткізген адам ғой. Сондықтан біз қызметтес достары – Жүрсін Ерман,Нұртілеу Иманғалиұлы,Бейбіт Құсанбек,Саниязбек Нұғыман, Серік Байхонов, Абдолла-АлтыйСүлеймен, Мейрам Жанәділ, Майра Әбдірахманова,Ұлбосын Айтөлен сынды саңлақ журналистермен қоян-қолтық араластық. Сырымыз бен жырымыз бір, қызық-қуанышымыз ортақ достар едік. – Өмірсерік Жұман – Елбасымен бірге талай елдерді аралап, небір тарихи оқиғаларға куә болған журналистердің бірі. Бұл – кез келген тілшінің басына қона бермейтін бақ. Ол туралы сізге айтушы ме еді? – Әрине, ол Елбасымен болған әрбір сапарын мақтана әрі марқая отырып айтатын. Оған қалай айтса да жарасатын. Өйткені ол соған лайық еді. 1992 жылғы сәуір айында біздің елге ресми сапармен Түрік Президенті Тұрғыт Озал келді.Аса құрметті қонақты әуежайдан Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қарсы алады. Сол жолы қос президент келешекте Алматыда салынатын бес жұлдызды «Анкара» қонақүйінің ескерткіш-белгітасын қояды. Орталық мешітке барып, намаз оқиды. Сонан соң, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидың кесенесіне барып, оның рухына Құран бағыштайды. Қысқасы, Түрік басшысын Нұр-ағаң үш күн бойы қошеметтеп, қайтарында қимай қоштасады. Арада апта өтпей, Тұрғыт Озал дүниеден озады. Бұл қаза Елбасы мен барша қазақты, әсіресе Өменді қатты тебірентеді. Сөйтіп ол өз қолында бар және редакция журналистері түсірген материалдарды пайдаланып, «Қазақ шаңырағы аясындағы қауышу» атты бейнефильм жасап, эфирден береді. Ол телетуынды Елбасыдан бастап, бүкіл көрерменнің көңілінен шығады.Содан бастап, Өменнің бағы жанды. 1993жылы Елбасының Қытай мен Моңғолияға жасаған ресми сапарлары туралы әріптесі Майра Абдрахманова екеуі қазақ және орыс тілдерінде «Шын еліне сапар», «Улан-Баторда өткен екі күн» атты телерепортаж жасайды. Ол екі туынды да Елбасының көңілінен шығады. Сондықтан да Елбасы оны АҚШ, Англия, Испания, Жапония, Украина сапарларына да ала кетеді. Осы күнге дейін ел есінен шықпай жүрген «Ассалаумағалейкум, айбынды Америка!», «Армысың тұманды Альбион, тәкаппар Мадрид», «Сакура гүлдеген шақ», «Ұлы Кобзарь елінде» атты репортаждары – сол сапардың дәлелі. Сондай-ақ АҚШ президенті Билл Клинтон, Англия Премьер-министрі Джон Мейджер, Испанияның Премьер-министрі Филиппе Гонсалеспен жасаған сұхбаттары – қазақ журналистикасы үшін зор табыс.Мұнан кейін Ел Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Нұрсұлтан», «Арманшыл жастық шағым – Украина!», «Юность моя – Украина!» атты бейнефильмдер түсірді. Бұл еңбектері Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Камал Смайыловтің назарына ілініп, оған Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлық берілді. –Биыл Қазақ радиосына 100 жыл толды. Осы орданың өсіп-өркендеуіне Өмекең де сүбелі үлес қосты. Осы мерейлі мерекеге орай жарық көріп жатқан шежіреге оның да есімі кірген болар? – Әрине, кірді. Сосын олар мені арнайы студияға шақырып, сұхбат алды. Негізі, Өмен өмірінің соңғы жылдары Қазақ радиосында қызмет етті. Ол «Елім менің!», «Ардагерлер», «Бақ қараған» атты бағдарламаларды тұрақты түрде жүргізді.Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір өткелдерін суреттейтін «Жас дәурен – жайсаң жылдарым!» атты радиофильм жасады. Бұл туындылар да Қазақ радиосының тарихында қалады деп ойлаймын. – «Құдай әйелді қорғағысы келсе, ұл сыйлайды» дейді атам қазақ. Құдайға мың да бір шүкір, Өмекеңнің артында алтынның сынығындай үш ұлы қалды. Олардан неше немере сүйіп отырсыз? – Өмен екеуміз Мақсат, Асхат, Ербол сынды үш ұлды мәпелеп өсірдік. Оларға жоғары білім әпердік. Ел қатарлы өсіп, өніп келеді. Бір әттең-айы, Өмен Санжар деген немересін ғана көріп кетті. Оны өте жақсы көруші еді. Одан кейін Айбике, Нұрай, Айсара, Әсет, Дария атты бес немересі дүниеге келді. Менің бір өкінішім, Өмен осы немерелерінің қызығын көре алмай кетті-ау! Ол өте балажан еді. – «Жақсы келін құрдасыңдай болар, жақсы ұлың сырласыңдай болар» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, келіндеріңізбен бірге тұрасыз ба? Әлде, еншілерін беріп жібердіңіз бе? – Үлкен ұлым Мақсат пен Аида келінім бөлек тұрады.Олардың еншілерін бердім. Ал Асхат пен Ербол – менің қолымда, яғни қара шаңырақта. Тіл тиіп, көз өтпесін. Тату-тәтті тұрып жатырмыз. Екі келінді бірдей жұмсап отырмын. Мақсат–«КаzTechInnovation» компаниясының радиоэлектроника бөлімінің жетекші инженері. Ал Аида MEGA silkway сауда үйінің менеджері; ортаншы ұлым Асхат–RAMS Qazaqstan құрылыс компаниясында программист, келінім Ұлжан– «Айнаш» сұлулық салонында модельер-стилист; кіші ұлым Ербол–«Алматықалабезендіру» ЖШС мемлекеттік рәміздері бөлімінің жетекшісі, келінім Гүлбану №175 «Жаңа ғасыр» гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі. – Өмірсерік ағамыз Астанада қызмет ете жүріп, бірдеңені сезгендей, жұмысынан сұранып, Алматыға келген екен. Сол күні қайтыс болыпты. Бақұлдасып үлгердіңіздер ме? – Жоқ, менің негізгі өкінішім де – сол! Оның соңғы аманатын ести алмай қалдым. Өменді сол күні Асхат қарсы алды. Таңғы тоғызда хабарласқанымда: «Үйге келдім. Бірақ мазам болмай тұр. Ештеңе етпейді, не беспокойся» деді сөзінің соңын орысшалап. Түскі сағат бірден он бес минут өткенде тағы да қоңырау соқтым, онда да сап-сау еді.Сол екі ортада, яғни мен үйге жеткенше, 10-15 минут уақыт өтті. Осы уақыт аралығында мәңгі сапарға аттанып кетіпті. Біраз уақытқа дейін «Неге сол кезде «Жедел жәрдем» шақырмадым?» деп өз-өзімді кінәлап келдім. Бірақ адамның емес, Алланың дегені болады! Оған көнбеске шараң жоқ. Қазір зиратына бала-шағамызбен бірге барып, Құран бағыштап тұрамыз. Сол кезде Өменмен сырласқандай біраз сергіп қаламын. Оның жаны жаннаттан болсын! – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Ермахан Шайхыұлы qazaquni.kz