Елімізде Кітап күні ауқымды түрде аталып өтуі керек - Азамат Тасқараұлы

Елімізде Кітап күні ауқымды түрде аталып өтуі керек - Азамат Тасқараұлы

Соңғы жылдары отандық жазушылар мен зиялы қауым өкілдері тарапынан оқырманның күрт азайып, кітап тарату мен шығару ісінің дұрыс жолға қойылмай жатқаны туралы түрлі пікірлер айтылуда.

Мәселен, қазақ ақын-жазушыларының кітаптары мемлекеттік тапсырыспен шыққан күннің өзінде тиражы 2 мың данадан әрі аспайды. Ал, еліміздегі кітапханалар саны 4 мыңды құрайды, оған мектеп пен жоғары оқу орындарды, колледжердердің негізіндегі кітапханаларды тағы қосыңыз.

Демек, мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың өзі ел аумағы бойынша толық таратылып, өз оқырманына дейін жетпейді деген сөз.

Осыған орай мемлекет тарапынан Қазақстанда атаулы Кітап күні енгізіліп, ол ұлттық маңызы бар мереке ретінде аталып өтсе дейміз. Бұл өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген құштарлығын арттыратын игі іс болар еді деп санаймыз.

1996 жылдың ЮНЕСКО-ның 26-шы сессиясында 23-ші сәуір - Бүкіләлемдік Кітап күні деп жариялаған болатын. Бұл дата да тегін алынбаса керек. Тарихқа үңілсек, 1616 жылы сәуірдің жиырма үшінші жұлдызында М.Сервантес, У.Шекспир және Инка Гарсиласо де ла Вега сынды тұлғалар қайтыс болған. Сондай-ақ, Морис Дрюон, Хальдоур Лакснесс, Дж.Пла және Мануэль Мехиа Вальехо атты авторлардың туған немесе дүние салған күндері саналады.

Біздің елде Кітап күні деген кейбір кітапханалардың деңгейіндегі дөңгелек үстел ретінде ғана аталып өтетін жай ғана дата.

"Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына" деген Науаидің әйгілі сөзі бар ғой. Жастардың осы алтын қазынаға кенеліп өсуін қаласақ, біздің елде де кітап оқу мәселесіне дендеп көңіл аудару қажет.

Украиналық миллиардер Геннадий Буткевич өзінің бір сұхбатында "Кітап оқығандар теледидар көргендерді басқарады"  деп айтқан тамаша сөзі де есіме түсіп отыр.

Қазақ озық ұлтқа айналуы үшін мұнай мен қазба байлық емес, білім керек. Себебі, табиғи ресурстар түптің түбінде таусылады. Ал, біздің елді өрге сүйрейтін бір күш болса, ол - білім. Білімнің қайнар көзі - кітапта.

Сондықтан, Қазақстанда да Кітап күні ауқымды түрде атап өту қажет деген бастаманы сіздер де қолдайсыздар деп сенемін.

Азамат Тасқараұлы, Қазақ үні