Фариза ақын неге жауап жазбады?
2021 ж. 19 сәуір
3812
0
– Бүгін мені қуантар қандай жаңалығың бар? – деді Баукең амандық-саулық сұрасқан соң ықылас танытып.
– Мұқағалидың Фариза ақынға арнап жазған өлеңін қайта-қайта оқып, ойым сан-саққа бөлінді, – дей бергенде:
– Тоқта, аптықпа. Әуелі мені Мұқағалидың ол өлеңімен таныстыр, – деді әдеттегісінше бұйыра сөйлеп.
– Жарайды, – дедім қойын дәптерімді алып, өлеңді мәнерлеп оқи бастадым.
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтұғын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
...Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң, өзіңе мұң шағамын.
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім?
Ақын болып несіне жаратылдым,
Арасында қап қоймай қара түннің.
Қасиетін сезем деп Ана тілдің,
Қауырсыны қалмады қанатымның.
Қу тірлікке күл болып, аяқ басып,
Құлашымды жая алмай баратырмын.
Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді міне қауқарсыз қу ашуды,
Жия бергім келеді, жия бергім.
Маңдайымнан сипаған бір жан болса,
Енді қалған өмірімді қияр едім.
Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба,
Кеп тұрады телігім мұңды мұңға.
Енді қалған өмірдің құрдымында,
Өлтірсе де көнбеймін жырды құмға.
Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,
Көбейтсең де қаншама мыңды мыңға.
Айналаға қарайық анық барлап,
(Түн кеткесін күн келіп, жарық болмақ).
Не туралы жырласақ, Фариза қыз,
Бағыштайық бәрін де халыққа арнап.
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз.
Өлеңді аяқтап Баукеңе қарадым. Жүзі түнеріңкі, тіксініп қалдым. Абайлап сөйлеспесем, іс насырға шауып, арандап қалуым оп-оңай. Әңгімені Баукең бастады.
– Сен Мұқағалидың «жігітінен қазақтың дос таба алмай, нәзік жанға мұң шаққанын қалай бағалайсың? – деді.
– Бұл өлең мені қатты толғандырды. Шыны керек, алдымен шамырқандым. Ер адамның нәзік жанға мұң шаққаны қалай? Намыс қайда? Бұл біздің жігіттеріміздің, тіпті бүкіл халқымыздың кемшілігі емес пе деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Содан соң ойлана келе сабама түстім. Қазақ әйелдері арасынан Фаризаға жететін өр рухты, күрескер ақын жоқ екеніне «мені түсінсе, сол ғана түсінеді» деген үмітпен Фаризаның сезімталдығын бағалап, оған мұң шағуын – тіршілік анасына мұң шағуы деп ұқтым. Енді Мұқағалиға кешіріммен қарадым. Өйткені тіршілік анасы – әйел ғой. «Жаралмаған жан екенмін күресуге, бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып, тастағысы келеді күресінге» немесе «ақын болып несіне жаратылдым, арасында қап қоймай қара түннің» деп өкінген Мұқағали күншілдердің өзіне өшігу құпиясын «жалын едім, жақсы едім, ұяң едім, аттап өттім олардың қия белін» деген жолдармен өте нәзік аңғартқан. Талант туралы ұғымымыздың өлшемдерінің шеңберін біршама кеңейте түсті. Ақынның күйзеліске ұшырауы – біріншіден, айналасы айтқан сөздерін, жазған өлеңдерін дұрыстап бағаламады. Әлдекімдер ақынның жолына көзге көрінбейтін кедергілер қойды. Екіншіден, олар оны Жазушылар одағынан шығармақ та болды.
Оны айналасындағылар неге елемеді? Себебі, ол – басында бағы, астында тағы жоқ. Қарапайым адам еді. О дүниелік болғаннан кейін ғана Мұқағалиды халық мойындады. Халық мойындаған соң, солардың қарасына қосылып мақтаушылар көбейді. Себебі, ол енді ешкімге кедергі келтірмейді. Сыртынан неше түрлі өсек таратып, жамандап жүргендер: «Мен досы едім, ол маған келіп ақылдасатын», – деген тәрізді естеліктер айтып, жұрттың ілтипатына іліксем дейді. Өлген адам қайта тірілмейді. «Мына сөздерің өтірік» дей алмайды. Аярлар осы халді пайдаланады.
– Пікірің өте дұрыс. Сенің басың кейде жақсы жұмыс істеп кетеді. – Баукең әзілдей күлді. – Мұқағали ақын, сөз жоқ, өз деңгейін білді. Оны ақын-жазушылардың, билік тізгінін ұстағандардың сезбегеніне жаны ауырды. Кең дүниесі тарылып, ширықты. Сондай сәтте нәзік жанға мұң шағуы орынды.
Әсіресе, оның қоғамымыздағы күншілдіктің, әділетсіздіктің, алауыздықтың кесір-кесапатынан бір-біріміздің жетістігімізге ішіміз күйіп, қуанбайтынымызды, яғни әлі толыққанды ұлт болып қалыптаспағанымызды батыл бейнелей алғаны маған ерекше ұнады. Бағалай білсек, Мұқағалидың мұңы баршамызды ойландыруға тиісті. Бұл дерттен құтылу үшін не істеуіміз керек деген күрделі сұраққа жауап іздеп, мұңға батқандаймыз. Сөзіңді жалға, – деді Баукең ойлы жанарын өңменіме қадай отырып.
– Меніңше, Мұқағалидың даналығы – өмір мен адам танудағы талғамының биіктігі мен тереңдігінде, ал Фаризаның білгірлігі – Мұқағалиға жауап жазбағаны. «Жігіттер-ау, біз кім болып бара жатырмыз? Қазақ халқындай ақылды, бауырмал, данышпан халық жоқ» деп бөскенде алдымызға жан салмаймыз. Мына тірлігіміз не?» деген деген тәрізді жадағай пікірде сөздің қауқары болмайтынын Фариза ақын жақсы түсінді.
– Мен үнемі айтып келем, – деп Баукең сөз тізгінін қайта қолына алды. – Бұрынғы қазақ шын мәнінде ұлы халық болған. Оған дәлел, жер көлемінің үлкендігі, өрісінің кеңдігі. Оны қорғап, ұстап тұру ешқашан оңайға соқпаған. Өзің ой жіберіп, таразылашы. Аш қасқырдай анталап жеткен жауды жерімізден желкелеп қуып шығу үшін қаншама көрегенділік, тектілік, төзімділік, қаншама қайрат-жігер, ақыл-айла керек. Мұқағалидың ортасындағы өмір сүрген адамдар қазақтың бұрынғы сол асыл қасиеттерін жоғалтып алғандар. Олар мұндай бейшара халге қалай душар болды деп сұрақ қой.
– Олар мұндай бейшара халге қалай душар болды?
– Себебі, соңғы дәуірлерде алауыздықтың кесірінен жат жұрттың тізесі батып, теріс ықпалы бойларына сіңіп, дүниеқоңыздық деген әзезілмен достасты, бірін-бірі сыйлаудан, бір-бірімен ымыраға келуден алыстады. Жаудың оғымен бір-бірін ата бастады. Мұқағалидың «қазақтың жігіттерінен мұңдас таппай, сені таптым» деп өлең арнауы сондықтан.
Түсінбеген адам даналық тіркестерін «көкмылжың» санаса, керісінше, түсінген адам көкмылжың сөздің ішінен өзіне керек дәнді тауып ала біледі. Сол сияқты Мұқағалидың Фаризаға жазған өлеңінен қазақтың мәдениеті, рухани дүниесі алыстан менмұндалайды.
Іргетассыз үй салынбайды. Егер салынса, ол желге, дауылға төтеп бере алмай құлайды. Жас буынға айтарым, әуелі қара тобырды халыққа айналдырып алыңдар. Сонда ешкім ешкімге мұң шақпайтын әділетті заман орнайды. Мылжыңдап кеттім бе... Жарайды, тізгінді тартайын, қорытынды сөзді өзің айт.
– Мұқағали келмеске сапар шеккенде Ғабит Мүсірепов: «Қазақтың Есенинінен айырылдық», – деді. Бұл сөзді Ғабең оның тірі кезінде неге айтпады, неге қорған болмады деген өкінішті сұрақтың кейде мазалайтыны да бар. Жеке пікірім, түсінген адамға Мұқағалидың қасіреті – біздің ғана емес, Америкадағы, Жапониядағы, Африкадағы, яғни жер шарының түкпір-түкпіріндегі күншілдерден қиянат, теперіш көрген күллі жандардың қасіреті.
– Дұрыс. Бұл дерттен қалай құтылу жолын бүкіл адамзат баласы болып бірлесе ойласып, шешкеніміз жөн.
– Нәтижеге жете аламыз ба?
– Қалауын тапсақ, жете аламыз. Соңғы кезде жанарым сыр беріп, газет-журнал, кітап оқи алмай қалдым. Мұқағали мен Фаризаның ақындығы туралы мүмкіндігінше маған мәлімет бере аласың ба?
– Бере аламын. Екеуі де үлкен ақын.
– Олай деуге дәлелің бар ма?
– Бар. Жақында «Ақ қайың» шипажайында демалдым. Кешкілік кішілеу дөң үстіндегі сандық тасқа газет төсеп жайғасып, қарсы беттегі жасыл шырша, ақ қайыңдардан көз алмай, ойға баттым. Табиғаттың үнемі мейірімділік танытып, еркелеткеніне өз басым бүгінге дейін онша мән бермеппін. Мойындаймын, мұным – пендешілік.
Есесіне біреудің бір рет жасаған жақсылығын ешқашан ұмытқан емеспін. Әсіресе, маған ақындар Мұқағали мен Фариза әлденеше рет, онда да қысылтаяң шақта жақсылық жасады. Жүрек талмасы әлегімен «Түріксіб» шипажайының маңындағы әскери госпитальда емделіп жатқанымда музыка да (мейлі, ең жақсысы, ең нәзігі болсын) түк керек еместей сезілді. Ой да керек емес, мақсат жоқ, арман жоқ, қуаныш жоқ, шерлену жоқ. Айналамды мұнар торлап алған. Сол мұнар тіршілік дүниесін ой-санамнан жасырып, бүркемелеп тұрды. Ұйқы арасында жатқандаймын. Сол жағдай бірталай күнге созылды. Кейін біртіндеп-біртіндеп ой-санам орнына келе бастады.
Осындай қысылтаяң шақта жақсы өлең бойыма күш-қуат берді. Өмірге деген сенім, құштарлық сыйлады. Мысалы Мұқағалидың «Өмір – өзен», Фаризаның «Шілде» жыр жинағы маған кәдімгідей демеу болды. Содан бері мен ол екі ақынның жыр жинақтарынан ажырап көргем жоқ. Қайда барсам да өзіммен бірге алып жүрдім.
Бөлмелес сырқат жанның:
– Радионы бәсеңдетші, немесе өшіріп тасташы, – деген өтінішін естідім. Оның тілегін, әрине, орындадым. Егер мен өз басымнан әлгіндей ауыр халді кешпесем:
– Мына жақсы музыканы неге жек көріп жатыр, – деп ойлар едім, бірақ себебін түсіне алмас едім. Өйткені әлгі музыканы қабылдауға сырқаттың рух күші, жан күші жетпейді екен. Адамның барлық денесі, жүрегі, сезім мүшелері:
– Бізді алаңдатпа, кедергі болма, біз бос емеспіз, – деп өмір үшін күресіп жатыр.
Өзінің шын суреткерлерін кешігіп тану әр елде бола беретін сияқты. Бұған үлкен әдебиеті бар халықтың бәрінен де мысал табылады. Шынында да кешігіп танылып жүрген үлкен суреткер аз ба? Оның бір дәлелі Мұқағали Мақатаев тағдыры.
Кезінде оны күншілдіктің кесірінен мазақтап, өмірдегі сәтсіздігін көзіне ұстағандар, ұстағысы келгендер қазір де галстугін түзеп, қоқиланып арамызда ақын атанып жүр. Ондайлар бәрі бір Мұқағали көтерілген асқар шыңның етегінде қалып қояды. Оларға енді Мұхаң жеткізбейді.
Менің бір ойым, әзірше өлеңге айналмай жүр, мысалы, біреулер қабірге денесін жарақаттамай түскенді армандайды. Өмірде сондай адамдарды кездестірдім. Барлық тапсырманы тап-тұйнақтай орындайды, жүрісінен жаңылмайды. Алайда ештеңі дамытпайды, өсірмейді. Жаралысың ба, жаралы емессің бе, қабір үшін бәрі бір емес пе? Ол – мылқау түнек. Кім болсаң да, мылқау түнек үндемейді.
Менің түсінігімше, жаралы Мұқағали қазіргі біздің заманымыздың әлемдік ұлы лирик ақындарының бірі. Мұқаңның өлеңдерінде қазақ тілі мен қазақ рухы толық үйлесімін тауып, жаңа сатыға көтерілді.
Мұқағалидың өлеңін оқысаңыз, сөзді оқып тұрғаныңызды ұмытасыз. Сөздер бір жағында қалып кетеді де, жұмсақ, толқынды сезім дариясы келіп, өн бойыңды тербетіп, әлдилейді. Адамның түбі жоқ терең ой-сезімін жеткізудегі қазақ тілінің қабілеттілігі, мүмкіндіктері Мұқағали өлеңдері арқылы өз сұлу бейнесін тауып тұр. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағы, Мұқағали жаралы жанының аянышты халін, тағдырын жасырмай, адал жырлайды.
Жалпы адамға шаттанып тұрғанда, қуанышты сәттерінде поэзияның онша қажеті шамалы, онсыз да ол өзі поэзия. Меніңше, поэзия адамның сергелдең, уайымшыл, шерленген сәттерінде мұңдасуға керек. Осы жағынан алып қарағанда Мұқағалидың жыр жинақтары таптырмайтын өте қасиетті, асылтекті айнымас досың болуға жарайды. Айталық, ауруымнан айығу кезеңдерінде Мұқаңның өлеңдері маған рух беріп тұрды. Қиын жағдайда өзімнің жалғыз емес екенімді ұқтырды. Сол үшін де жылағанды жұбату – поэзияның жақсы қасиеттерінің бірі деп білем.
Менің ойымша, соңғы кезде қазақ поэзиясы сөзуарлықтан, жалаң үгітшілдіктен, насихатшылдықтан іргесін біржола аулақ салып, үлкен ойшылдыққа, сұңғыла суреткерлікке бет бұрды, алған биігі де аз емес. Оны көптеген ақындарымыздың өлеңдерімен дәлелдеуге болады.
Дамудың осындай кезеңінде өлең ырғағының, өлең жүйесінің өзгермей тұруы мүмкін емес. Терең сезімді, үлкен ойды айту үшін кең тыныс керек. Ауыз әдебиетімізде белгілі бір ырғаққа толық бағынбайтын шешендік сөз бар. Сол шешендік сөз Фаризаның поэзиясында еркін өлеңмен бірлесіп, жаңа қырынан көрінді.
Ақынның «Асау толқын» деген өлеңін әуелі газеттен оқыдым. Алғаш жөнді түсінбедім. Қайта-қайта ой жіберіп оқып едім, кең дария екен. Астарында үлкен жігерлі, қайратты рух жатыр. Өз халқына сүйіспеншілігін, сенімін ол асау толқын – кейінгі ұрпаққа шебер жеткізіп, асау толқынды өзінің де асау толқынды сезімдерімен жырлай білген. Нәзік әйел адамында осындай күшті рухтың болғанына тамсана таңғалғаным бар.
Мұқағалидың өлеңдерімен бірге Фаризаның «Асау толқыны» да қиын шақта маған демеу болды, санама іштей сенім болып кірді. Меніңше, ой-сезімді еркін шумақтармен, Фаризаның ырғақтарымен жырлау қазақ поэзиясының дамуына жаңа көкжиек ашты. Мұның белгілі бір дәстүр болып қалыптасуына, талантты ізбасарлары болатынына мен күмәнданбаймын. Өйткені 7-8, 11 буынды өлең қаншама әмбап болғанымен, өте терең жан толқынын жеткізуге қаншама мүмкіндік бергенімен ұшы-қиыры жоқ адам ойының барлық түрлерін толық қамти алмайды. Сондықтан жаңа формалар, жаңа ізденістер табу – дамудың заңы.
Еркін өлең бізге батыстан келді. Америка, орыс әдебиетінде оның үлгілері бар. Назым Хикметтің поэзиясы да көбіне еркін өлең шартымен жасалған. Менің ойымша, әлемдік әдебиеттегі сол дәстүрдің Фаризаға сырттай әсері болған. Оның поэзиясына үңіліп, ой жіберіп зерделесек, қазақ сөз өнерінің сонау ықылым заманнан келген дәстүрін, шешендік сөздің негізінде өз өлеңдерінің формасын, ырғағын әлемдік поэзиядағы еркін өлеңнің ең тәуір үлгілерінің дәржесіне жеткізген.
Бұл – Фариза поэзиясының формасы туралы пікірім. Оның поэзиясы ішіне енгенде сезім, ой жағынан көп өлеңі шыншылдығымен жан жүрегіңе бірден жол тауып, өзіне баурап алады. Әсіресе, әйел адамның жан дүниесін, оның қуану, шерлену халдерін Фариза шебер суреттеп жеткізеді.
Әйел адамының, тіпті ең жақын жан жарыңның жан дүниесін түсіну өте қиын нәрсе. Көбіне түсіне бермейсің. Ол әрқашан саған жұмбақ боп тұра береді, жұмбақ боп қала береді. Фариза бізге сол жұмбақ дүниенің әжептеуір сырын ашып берді.
Фариза асқан сезімтал, өткір. Оның осы сезімталдығы, өткірлігі әйел затының сырын аша түсуге көп көмектесті. Мұның қиындығына жоғарыда тоқталдым. Тіпті жарыңның өзі өз жан дүниесін айтып бере алмайды. Жалпы әйел кім? Ол қандай адам? Бұған жауап беру тек қана үлкен суреткердің ғана қолынан келетін іс деп білем.
Фариза сияқты дарынды суреткер ұсақ-түйекке мән бермеуі керек. Өйткені біз поэзия туралы сөйлегенде оның өміршеңдігіне баса көңіл аударамыз. Басты сұрақ, өлең өмір сүре ме, сүрмей ме? Сіздің ақындарға: «Адам түгілі Құдайдың үгітшісі болма, өз көңіл күйіңді жырла», – деп кеңес бергеніңіз әлі есімде.
– Бөгелме, ойыңның желісін үзіп алма.
– Өмірдің қасіретсіз кезеңі болмайды ғой. Жеке адам қанша бақыттымын, дүниені тіреп тұрмын дегенімен айналып келіп жеңетін, жеңілетін, қуанатын, қайғыратын кездері бола береді. Меніңше, адамзатқа жылағанды жұбататын поэзия керек.
Жеке пікірім, Фариза да әлем әдебиетінің екі жүз томдығына енген әйел ақындардың ешқайсысынан кем емес. Қазіргі әдеби сыншылар, байқауымша, бұған жете мән бермей жүр. Қазіргі қазақ әдеби сынында Фариза Оңғарсынова поэзиясы өзіне лайықты бағасын әлі алған жоқ деген ойдамын.
– Екі ақынның да асқақ рухтың иелері екеніне анық көзім жетті. Мұқағалидың Фаризаға мұң шаққан, оған Фаризаның жауап қатпаған себебін енді түсіндім. Саған өтінішім, маған екеуінің жыр жинақтарын әкеліп бер. Оқып шығып, ой түйгеннен кейін өзіңе қайтарам. Аман-сау бол, қарағым.
– Сау болыңыз.
Мамытбек Қалдыбай, бауыржантанушы
qazaquni.kz