ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚАСҚАЛДАҒЫ

(Еңселі ақын Есенғали Раушанов қазасына)

Өлеңінен өлмес күй,от төгілген, Есенғали көкеміз өтті өмірден. Есенғали көкеміз өтті өмірден, ...Көкбөрісі көз жазып Көк Тәңірден... Көкбөрідей көкке ұлып, жыр ақтарды... (Айтар дейсің енді кім тың ақпарды?!) Көктің ұлы шеккенде соңғы сапар: Көктің өзі еңкілдеп жылап қалды!.. Мақамы тым бөлек-тін, Мәнері де, Өңгертті кеп өрнекті өреліге. ...Есенғали Раушанов деген сөзді Ойып кетті поэзия әлеміне. Қыран бүркіт қияда түлемей ме, Шүйіле түсетін-ді шүрегейге. Қайнатып қақ-соқта да жыр-қазанын, Айналып кетті өзі бірегейге. Алтын жырға ұласып асқақ әні, Аспантауға тоғысты-ау баспалдағы. Көз алдымнан пыр-пырлап ұшып өтті, Қара өлеңнің,қастерлі Қасқалдағы. Өжет оғлан көзінен отты көр де, Өбектесең өбекте, тек түнерме. ... Ашкөз-Ажал,араның неге сенің Ашыла түседі екен тектілерге?! ...Қамығып, ел көңілі босаған да, Айналып мен де тұрмын есалаңға... Ессіз дүние,есірмей ,есіңді жый, Қай өшің кетіп еді Ес-ағамда?! Буыршын-жыр боздап бір бөктерімнен, Біздің мына кеудеден от төгілген. ...Есеңгіреп мен тұрмын ессіз күйде, Есенғали көкеміз өтті өмірден!.. ...Қалған тұяқ сол еді Көкбөріден... Наурызбай Жарбосынұлы, Ақын, І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері