Жамбылдың 175 жылдық мерейтойына орай кітап көрмесі өтті
2021 ж. 02 наурыз
2856
0
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ халқының ұлы ақыны, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Ғасырлар жырлаған ғажап ақын» атты кітап көрмесі өтті. Көрмеде абыз жыраудың рухани бай мұрасы, өмірбаяны мен шығармашылығы жайындағы мәліметтер ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатында жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан: «Біз тарихымызды қайдан білеміз? Жырауларымыздың шығармашылығынан білеміз. Академик Ақселеу ағамыз «қазақтың ауызша тарихы – ең қажетті ұлттық сананы оятқан жыр» деп айтқан. Жамбыл – революцияға дейін-ақ Жамбыл болған. Айтыс өнерінің төріне шыққан. Жетісу ғана емес, Алтайдан Арқаға дейін - бәрі мойындаған тұлға. Өйткені, Жамбыл Жабаев басынан қазақтың барша қиындығын басынан өткерген. Сол себепті, біз Жамбылдың шығармашылығына ұлттық код ретінде қарауымыз керек. Жамбылдың шығармашылығын түсіну үшін жаңа көзқарас, жаңа таным керек. Жамбыл – ұлтымен бірге мәңгі жасайтын тұлға. Жамбыл бабамыздың көрмесінің ашылуы - жас ұрпаққа үлгі боларлық дүние. Жастарымыз Жамбылдың шығармашылығымен танысып, сусындайды. Бұл көрме тарихи танымды қалыптастыру үшін қажет. Себебі, Жамбылды мойындамаған адам жоқ.» деді.
Көрмеге ақынның жыр жинақтары, сирек кездесетін кітаптары мен дастандары, ертегілері және әр жылдары жарық көрген шығармалары көрермендерге ұсынылды. Жамбыл өлеңдері әлемнің 50-ге жуық тілдеріне аударылған. Атап айтатын болсақ, ақын мұрасын зерттеуші Мырзатай Жолдасбековтың «Ұлы дала ақыны» атты еңбегі Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне (ағылшын, француз, испан, орыс, араб және қытай) аударылып, жарық көрді.
«Жамбыл атамыздың рухани өмірін кітап көрмесі арқылы көрсету – бұл да бір мәдени, сауатты іс-шара деп ойлаймын. Жамбыл атамыздың мұралары аса мол екенін, мына көрмедеге қойылған кітаптардың санынан-ақ байқасақ болады. Негізінде, Жамбыл атамыздың шығармашылығын әр түрлі кезеңдерге бөліп қарастыруға болады екен.Шын мәнінде, кешегі Кеңес Одағы кезеңіне дейінгі, әсіресе, 1936 жылға дейінгі Жамбыл атамыздың өмірін бір кезең деп қарайтын болсақ, қаншама мол қазынамызға қайтадан қауышар едік. Мысалы, Жамбылдың әзілдері, Жамбылдың қалжыңдары, Жамбылдың қазақ зиялыларымен қауышқандағы сұхбаттары, қай-қайсысы болмасын, зерттеуге сұранып тұр»,- деді филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек.
Сондай-ақ, көрмеде Жамбыл Жабаетың Ұлы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, күйші Дина Нұрпейісова, опера әншісі Күләш Бәйсейтова, қазақтың әйгілі жазушылары
Сәбит Мұқанов, Мұхамеджан Қаратаев және т.б. белгілі қоғам қайраткерлерімен бейнеленген фотосуреттері көрсетіледі.
«Жамбылға арналған көрмені көріп, көңілім толғанып тұр. Ұлылардың ұлылығы сонда, Жамбыл атамыз Абайдың ұлылығын мойындаған ақын. Ұлылықты мойындай білудің өзі де – ұлылық! Жамбыл атамыз кез келген өлеңінде «Пірім менің Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай» деп бастайтын. Ол да сол кісінің атын ғасырдан ғасырға жалғастырып келе жатқандығының белгісі. Жамбыл атамыздың өлеңдері Ұлы Отан соғысы жылдары, қазіргі тілмен айтқанда, «хит» болған. Мысалы, «Ленинградтық өрендерім» немесе соғысқа кеткен ұлы Алғадайға жазған хаттары тылда еңбек етіп жатқан қандастарымызға, сондай-ақ блокадада қалып қалған Ленинградтықтардың да рухын көтеруге қызмет еткен өлеңдер деп айтатын едім. Мен осы өлеңді көп Ленинградтықтардың жатқа айтқанының куәсі болдым» деді ақын, журналист, «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш әдеби сыйлығының» иегері, Ханбибі Есенқарақызы.