Сәуле Досжанның жаңа кітабының тұсаукесері өтті

24 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қолдауымен жарық көрген жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» атты жасөспірімдерге арналған кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға «Ауыл» партиясының төрағасы Ә.Ә.Бектаев, шығарма авторы С.Досжан, Елордамыздың ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері және жас  оқырмандар қатысты. Тұсаукесерде кіріспе сөз сөйлеген партия төрағасы Ә.Бектаев «Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы балалар әдебиетін жаңғыртуға  қатысты бастамасын қоғам болып қолдауға тиістіміз» деді. Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында қазақ қаламгерлерінің балаларға арналған үздік шығармаларын көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алу керек екендігін атап өткен болатын. «Ауыл» партиясы осы игі бастамаға алғашқылардың бірі болып үн қосып,  Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» кітабын басып шығарып, туындының тұсаукесерін ұйымдастырды. Тұсаукесерде сөз сөйлеген белгілі публицист, қаламгер, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі жай– күйіне тоқталып, қазіргі жас оқырмандардың ішкі сұранысына жауап беретін  «Ауылдан шыққан миллионер» сияқты шығармалардың аса қажет екендігін атап өтті. Кітаптың таныстырылымымен етене айналысып жүрген жас әдебиеттанушы Анар Кабдуллина, «Қазіргі әдебиетімізде жақсы туындылар жоқ емес бар, бірақ олардың көпшілігі оқырман қауымға жетпей қалып жатады. Өзге саладағы сияқты әдеби өнімге де маркетингтік әдіс-тәсілдер қажет-ақ. Мемлекет барлығын өз мойнына ала алмайды. Сондықтан шетелдердегідей жекелеген әдеби агенттіктерді қалыптастыру үшін жағдай туғызу керек», деген пікірін білдірді. Іс-шараға қатысқан жас оқырмандардың атынан Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Жакенова Мәдина «Ауылдан шыққан миллионер» хиқаятынан алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, шығарманың жазылу стилі жасөспірімдердің қабылдауына өте жеңіл, оқиғалар желісі оқырманға мотивация беретін қызықты сюжеттерге құрылған. «Бізге интернеттегі басқа тілде жазылған туындылар емес, дәл осы сияқты ана тіліміздегі шығармалар өте қажет», деді жас оқырман. Жиында сөз алған қаламгерлер мен әдебиет саласының мамандары шығарманың көркемдік сипаты мен идеялық мазмұнына баға беріп, мұндай туындылардың қазіргі жас жеткіншектер үшін тәрбиелік тұрғыдан маңыздылығын атап өтті. «Ауыл» партиясының төрағасы Ә.Бектаевтың айтуынша партияның балалар әдебиетін қолдау шаралары бүдан әрі де жалғасын табады. Дәстүрлі  «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына биылғы жылы балалар әдебиетін қолдау мақсатында «балаларға арналған ең үздік әдеби шығарма» арнайы номинация қосылып отыр. «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына  шығармаларды қабылдау 1 наурыздан басталады. Іс -шараның соңында сөз алған «Ауылдан шыққан миллионер»хиқаятының авторы Сәуле Досжан кеш ұйымдастырушыларына, қатысушыларға, оқырмандар қауымына және шығарманың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен «Ауыл» партиясының басшылығына алғысын білдірді.