ТАРЛАНБОЗ ШЫҚҚАН КЕЗІҢ КӨП...

Белгілі ғалым, фольклорист, халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері Тоқтар Әлібектің өмірден озғаны туралы қаралы хабарды "Қазақ үні" ұжымы зор күйзеліспен қабыл алды.

Ұлттық брэндке айналған «Бабалар сөзі» жүз томдық топтамасын құрастырып,  Құлмамбет ақынның мұраларын іздеп тауып, елге табыстаған, көне қолжазбаның мәтінін жазбай таныған нағыз ғалым еді.

Ғалымның қазасына жазылған ақын Нұрлан Әбдібектің өлеңін оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

Марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, иманы жолдас, топырағы торқа болсын.

Тоқтар бауырыма
Тарланбоз шыққан кезің көп,
Көрмедің сонда тасып тым.
Бабадан қалған сөз іздеп,
Бабаңа неге асықтың?
Маңдайды күнге күйдіріп,
Табанды мұзға тоңдырдың.
Ақпанның демін идіріп,
Асығыс неге жол жүрдің?
Тап-таза күйде аттандың,
Жұмаққа қарай жол кеткен.
Алдыңда елің жоқтар күн,
Артыңда аздап қалды өкпең.
Жаның бір жұмсақ, сабырлы ең,
Қадірлі ең, жүрсең қайда да.
Араз да болмай арыңмен,
Көзі салмай арзан пайдаға.
Мен бүгін түндей түнердім,
Айқайым шықты аспанға.
Артыңнан дауыс жібердім,
Тыңдауға, Тоқа, хош бар ма?..
Жеткіздің бізге жыр көшін,
Құлмамбет ақын сілкінді.
Хабарыңды естіп білгесін,
Алатау ауыр күрсінді...
Сипатпас қамшы сауырын,
Сен едің белді қазанат.
Бақыл бол менің бауырым,
Өзіңдей өтсін азамат!
Нұрлан Әбдібек