МҰҚАҒАЛИҒА

Бүгін ұлы ақынымыз, мұзбалақ Мұқағалидың туғанына 90 жыл толды. 1979 жылы Мұқағали Мақатаевтың "Өмір-өзен" атты қос томдық таңдамалы жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, "авторы өмірден өтіп кеткен" деген сылтаумен құлап қалды. Мұқағали содан 20 жыл өткесін ғана 1999 жылы халық талабымен Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Мұқағали кітабы бәйгеден не үшін құлағанын естігенде, 1981-ші жылы ақынның 50 жылдығында жазылған жыр еді. Турасыздық қалмай қойып бір елі, Тұралады тұлғалы ақын жүрегі. Талай рет тасқа тиді маңдайы, Тағдыры ғой ─ Өйткені ол тірі еді... Жасырғанда ғана ақынды құба бел, Бағалады артындағы мұраны ел. Тарлан ашқан шабысын шын танытты, Ер-тұрманы бүтінделген Құлагер. Мұраны асыл қадір тұту мұрат-ты, Иесі жоқ, киесі бар пырақты. Қолдап халық қосып еді жарысқа, Қосты бедел бәйгеге бұл жыр атты. Қайралатын көре алмаса көр кеуде, Қайран ақын! Хақысы жоқ өлмеуге. Ал пенденің хақысы бар мәреден, Ағып өткен арғымақты көрмеуге... Қиянаттан қақпайлайтын қайраңға, Құтылды деп келіп еді ел байламға. Құдіретті жыр үшін ол құрбан ғып, Жібергенде өзін өлең-майданда. Ел еңсесін не екенін білші езген?.. Құрбандарды құрметтедік құр сөзбен. Батыраштар жоқ деп жүрген заманың, Құлагерді құлатарын кім сезген?.. Көңіліне түйді халық мынаны: Тіршілігін тірі істеп тұрады. Тірілігі үшін түрткі көрген жан, Өлгендігі үшін енді кінәлі... Мұны елемей, жұлдыздайын ағып бір, Танытты ақын жүйріктігін анық кім. Аялдамай аядай топ алдына, Жүрегіне сіңіп кетті халықтың! Қазыбек Иса 1981 жыл