Ғажайыптар тұңғиығына үңілген
2021 ж. 09 ақпан
1911
0
Көрнекті қаламгер Мағира Қожахметова жетпіс бес жасқа толды. Осыған орай оқырман назарына жазушы туралы әріптесінің лебізі ұсынылып отыр.
Қашанғы ғадетінше есіктен сықылықтай, сыңғырлай сөйлей кірген Мағаш қолыма жалт-жұлт еткен, көгілдір мұқабалы кітапты ұстатқан:
– Орныңда отыр екенсің ғой. Жақау дос шығарып берген кітабым. Уақытың болса, оқып көрерсің. Өзіме ұнайды. Көп жұрт түсінбеуі де мүмкін...
– Құтты болсын! Сенің қай жазғаның да елең еткізеді емес пе. Шынын айту керек, қазіргі қысылтаяң таршылық кезде мұндай тамаша кітапты ешкім шығарып жатқан жоқ. Аты да тамаша екен – «Адам-құпия».
Риясыз жымыңдаған ол ұзақ бөгелмеді. Марапат сөзімді естігісі келмегені аян. Даңғаза мадақты, артық көпірмені әсте жаны қаламайтын ерке қызымыздың баспахана бояуы аңқыған жаңа жинағын қызыға аударып-төңкеріп, асығыс-үсігіс парақтай бастадым. Бұрын-соңды жиі жазылмаған, жұмбағы мен құпиясы мол таңсық тақырып. Қайсысына көз сүзсең де тылсым дүние сыры баурап, матап аларлықтай. «Бәрін шетінен асықпай оқып шыққан жөн». Шаш етектен асқан газет жұмысының арасында тартпамда жатқан Мағираның кітабын қалт еткен мезетте әлсін-әлсін ынтыға қарап қоямын. Жедел шола барлағанда байқағаным мұнда түс көру, адам бойындағы құпия қасиеттер, көріпкелдік сыры, сандардың магиялық билігі, құмалақ ашу құпиялары, парапсихологиялық тәжірибе көріністері – бір сөзбен айтқанда тылсым дүниенің құдіреті хақында егжей-тегжейлі әңгімелейді.
Көз алдыма жұлдыздары жамыраған алқара көк аспан әлемін елестеткен кітаптың ең соңғы абзацын тағы бір мәрте іштей күбірлей оқып шықтым. «Күн... Түн... Үн... боп алма-кезек ауысып, жанталаса жарысқан айһай, жасампаз жарқын дүние-ай, соның бәрін жоқтан бар қылған, құдіреті мен құпиясына зар қылған жаратқан ием, көкірек көзін ашып, жарылқай гөр!».
Әуелден-ақ жазу мәнер-машығы өзгеше әріптестің сөз сараптауы мен ой саралауы да оқшау екенін дабырайта айғақтап тұрар стилін жоғарыдағы түйіннен аңғару қиын емес. Кез-келген қаламнын ұшына іліне бермейтін желекті пікір. Алау жастығымыз, алаң жылдарымыз «Ленжастың» (қазіргі «Жас Алаш») қасиетті шаңырағы астында бірге өткен кешегі бозым қалам иесі, бүгінгі белгілі қарымды жазушы-журналист Мағира Қожахметованың әр жазғаны есте. Көк күмбезінде жүзген ақша бұлттай кіршіксіз көңіл, пәк пейіл бір-біріміздің жүрегімізден сүзіліп, саусағымыздан суылдай құйылған дүниелерімізді ынтыға, ықыластана оқушы ек. Тіпті, көбіне терімге жіберілмей жатып-ақ секретариаттағы сөренің жанында тұрып-ақ шолып шығатынбыз. Ертеңіне газет бетінен қайыра асықпай зерделей оқимыз-ау жапырлап.
Сағынышты жылдардың жақсы әдетін әдейі жаңғыртып отырмын. Өйткені, қалай де, олай де, жетпісінші-сексенінші жылдардың журналистикасы айрықша-тын. Әңгімеге бергісіз көркем очерктер мен суреттемелер, ішіндегі бір сөйлемімен, әйтпесе жұтынған тақырыбынын өзімен-ақ назар аудартар материалдардың дәуірлеген кезі еді.
«Ұйқым келмейді» (Оралхан Бөкеев), «Жұлдыздар бұлттарды жарып барады» (Ырым Кененбаев), «Он сегіз бен жиырма бестің арасы» (Орысбай Әбділдаев), «Билейді доптап» (Жақау Дәуренбеков), «Буырқанған бояулар» (Жарылқап Бейсенбаев), «Дөңгеле, күн, дөңгеле» (Әшірбек Көпішев), «Алтын күрек лебі» (Сейітқазы Досымов) деп тізіліп ұшына тірелген дәмі мен дәні тамсаңдырар қадау-қадау шашақты дүниелердің санатында Мағираның «Өмір деген тамаша екен ғой, бауырым!» очеркі бар.
Жадыда жатталған ғұмырлы туындылар ешқашан ұмытылмайды. Қаншама жылдар өтсе де санамыздың бір түкпірінде өшпестей сақтаулы. Өткен күндер қоңырауын дабылдатқан кезде мүдірмей ойға оралатынына әрдайым кәміл көңілдемін. Бүйтіп сенімді сөйлеп отырғаным әлгінде санамалап шыққан авторлардың біразымен сыр ақтарып көріңізші. Баршасының ойы мен пікірі ортақ арнада тоғысып жатқанына куә боласыз. Меніңше, бұдан артық айғақтың қажеті де шамалы-ау. Қазіргі журналистиканың да, журналистің де формуласы мен психологиясы мүлдем басқаша. Ақпараттық бағыт-бағдарға бет бұрған. Жеделділ, уақыт қанатына ілескен дүниелерден терең талдау, сапалы мазмұн мен биік көркемдікті талап ету де ағаттық шығар. «Болды», өтті... «Келді», «кетті»... осы сарындас электронды басылымдардың сүреңсіз стилі бүгінгі баспасөз бетінде тұтастай көшіп бара жатқанға ұқсайды. Бірінің жазғанын бірі оқымайтын жазармандар қатары көбейіп барады. Ең өкініштісі, тіл білмейтін, қазақтың бітім-болмысынан, ұлттық қадір-қасиетінен мүлдем бейхабар тамырсыз, асфальтта туған журналистер легі жыл өткен сайын артуда. Оның кейбірімен сіз де, біз де қатар жүрміз. Сондықтан да тәптіштеп мыжымай-ақ қояйын. Сөз орайына қарай іштегі түйткілдердің ұшығын сездіргенім да. Әйтпесе, біздің әңгіме – зерделі журналист, талғампаз эстет, сезімтал жазушы Мағира Қожахметованың өнернамасы төңірегінде еді ғой.
Бұған дейін республика баспаларынан Мағираның «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай» атты көп көңіліне ұялаған танымдық, эстетикалық кітаптары жарық көрген-ді. Қызыл цензураның кәріне ұшырап, ұзақ жылдар бойы жабулы жатқан «Жантәсілім» роман-дилогиясы өз оқырманының қолына жетті. Тағы да қадап айтарымыз – тұтқындалған бұл романды «Ана тілі» баспасы, Жақау Дәуренбек шығарған. Шығармашылық додада көп ретте жігіттерден мойны озық көрінетін Мағираның кітаптарына жітірек үңілген сайын жүрек қылын тербер алуан-алуан тартымды да, қызық оқиғаларға құрылған қилы-қилы тағдырлармен жүздесесің. Қазақ өнері мен киелі сахнасынан саңлақ дарабоздармен, аса дарынды жұлдыздармен кездесесің. Тұтас бір өнер иелерінің галереясын түзетін көркем очерк-портреттері автордың өнер кілтін, муза тілін шебер меңгерген сарабдал суреткер екенін айқын көрсетеді. Ал. «Жантәсілімде» тың көтеру кезеңіндегі келеңсіздіктер, әдеп-салттан жұрдай, өз тілін ұмытқан мәңгүрттердің мүшкіл халі еш бүкпесіз суреттеледі. Жазушы жанайқайы қоғамдағы дерт пен адамдар бойындағы жағымсыз іс-әрекеттерді әшкерелеу арқылы тым асқақ әрі дабылды естілгендей. Енді, міне, қағілез қаламгер бұған дейін тыйым салынған, ашық жазуға болмайтын шетін тақырыпқа батыл қадам жасаған.
Өзіндік дара қолтаңбасы қалыптасқан, айнала төңірегіне өзінше жанар жүгіртіп, көрген-білгенін көңіл сүзгісінен өткізіп барып ой саралайтын қаламгер Мағира Қожахметова қалың көпшілік оқырманға тың туындысын ұсынып отыр. «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Адам-құпия» аталатын танымдық кітабы ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Өйткені жазушы бұл жинағында соны сүрлеуге ұмтылады. Адам бойындағы таңғажайып қасиеттерді, көріп тұрып сенуің қиын қабілеттері хақында қалам тербейді.
Иә, дүниедегі ең құпия да күрделі құбылыс – адам. Өкінішке орай, біз бұған, яғни өз табиғатымызға пәлендей мән бермейміз. Небір ғылым салаларын түбегейлі зерттейміз, техниканың таңдай қақтырарлық жаңалықтарын жасаймыз, аспан әлеміне үңілеміз, жер қойнындағы пайдалы қазбаларды игілігімізге айналдырамыз. Ал, мұның аржағында жасырынған адам болмысының құдіретіне жете бойламаймыз. Біз тек адамның ет пен сүйектен жаратылғанын, жалпы сыртқы анатомиясын ғана еміс-еміс білеміз. Жан атты жұмбақтың, рух атты қасиеттің астарына, қатпарлы жықпылына тереңірек үңілмейміз.
Тіршіліктің ең бір пісіп-жетілген жемісі – адамның әлі де ашылмаған сыры көп. Мұның себебін әрбір жан иесінің қайталанбас тұлға екенінен іздеу қажет. Мейлі жағымды, мейлі жағымсыз болсын кез-келген пенде өзіне дейінгі бірде-бір пендені ап-анық қайталамайды. Бабаларының кейбір қасиетін сүйегіне сіңіргенімен, тұтастай келбеті, ішкі, сыртқы мазмұны, түрі бәрібір өзіндік қана сипатқа ие. Байқаңызшы, жер бетіндегі әрбір адам өзінше бөлек әлем. Кеңістікте әрлі-берлі үздіксіз тербелген толқындар, ағыстар адам табиғатына тән емес деп көріңізші. Әр адам ерекше әлем құраса, оның тұтастай табиғатына әлгі әлемге тән құбылыстар да жақын болса керек. Бірақ бәріміз тәңірдің құлымыз, жаратқан иеден асқан мықты жоқ. Сөйтсе де көбінесе астамшылық танытатынымыз рас. Кейінгі кезде көріпкелдік, әулиелік, бақсылық, емшілік қабілеттері бар адамдарға айрықша ықылас танытып, тіпті асыра мақтауға, марапаттауға бейімделіп алғанымыз да шын. Олардың бойындағы қадір-қасиетті зерттеп-талдаудың орнына жөн-жосықсыз тамсануға жол аштық. Неге? Әлде біле тұрып, сезе аңғарсақ та атүсті жеңіл-желпі қараймыз ба? Мүмкін, бұрын-соңды жиі айтылып жүрмегендіктен де шығар. Таңсық жайға таңырқау ежелден қанға сіңген қасиетіміз ғой. Автор, мінеки, осындай түйткүл сауалдарға жауап іздей отырып, мүмкіндігінше тылсым-дүниенің құпиясымен сырын түсінікті де, ұғынықты етіп әңгімелеуге зер салады. Ғылыми тәжірибелер мен ізденістердің нәтижелерін нақты мысалдар аясында баяндайды.
Табиғат пен тіршіліктің жұмбағы мол тылсым дүние екені баршаға мәлім. Ал он сегіз мың ғаламның бір бөлшегі саналар адам болмысының құпиясы өз сырын мүлде тұңғиыққа жасырған. Қанша зерттелді десек те, дәуір керуені ілгері жылжып, уақыт озған сайын жаратылыс пен өзекті жанның арасындағы қарым-қатынас алдымызға небір тосын оқиғалар мен ғажайыптарды көлденең тартып келеді емес пе? Көп ретте біз оған жете мән бермейміз. Кітаптағы зерттеме туындыларын оқығанда қилы-қилы әсерге бөленіп, ой мұхитына шомасың. Санаңды жаулаған сауалдар легі адам құдіретінен шексіздігіне байыппен көз жіберуге еріксіз жетелейді.
Жан, тән, рух дегеніміз не? Олар хақындағы түйсігіміз бен білігіміз қаншалықты? Адамның патшасы өз денесінде дегенді қалай түсініп, сезінеміз? Ұлттық ырым-жоралғылардың, салт-дәстүрдің төркінінде жасырынған ғылыми дәйектемелер қандай? Парапсихологиялық тәжірибелердің күнделікті өміріміздегі көріністері, әріптердің, сандардың магиялық билігі, алғыс пен қарғыстың материалдық көшірмелері, ниет пен пиғылдың тірліктегі үстемдігі жағдайында не білеміз? Әрине, мүдіріп қаламыз-ау... Себебі, заманнан-заманға ұласып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан бабалар мектебінің қайнарынан қанып ішпеген кейінгі буын өкілдері құдайын ұмытып, Алласын аузына алмағаны жасырын емес. Тіпті аруақтарға дұға оқып, бетімізді сипаудан имене жасқандық емес пе?! Әйтпесе зерделеген жанға үлкендер үрдісінен жеткен дәрістердің берері де, үйретері де мол еді.
Тыңнан түрен тартқандай көрінетін сорабы бұлдыр, жұлынды тақырыпқа құлшына кіріскен Мағира қазақ журналистикасына, оның ішінде танымдық жанрдың керегесін кеңейтуге үлес боп қосылар бұл туындысында былайғы жұрт біле бермейтін талай-талай қызықты деректер мен жағдаяттарға тоқталады. Құрғақ баяндаумен шектелмей өз ойлары мен пікірлерін ғылыми негіздемелерге сүйене отырып әсерлі әңгімелейді. Сондықтан да біз қаламгердің соны ізденісіне кеңірек тоқталғанды жөн көрдік. Өйткені, «Адам-құпия» әдеттегі очерктер мен мақалалар жинағы емес. Кескекті де, кесек дүние.
Өз ойын ұштай түскен автор былай дейді:
«Адам жанының байлығы, рухани пәрменділігінің күші шексіз. Көзге көрінбейтін қазбалардай оны аршып шығару оңай емес. Анатомиялық құрылысы соншалықты шағын, айқын болғанымен, адам рухының асқақтығы, қайраты, жігері қайран қалдырарлық жәйт. Жоғарыда айтқан – болжағыш, емдеу т. б. қасиеттерді әбден түсіндіруге келерліктей, талдай алатындай ұғым ретінде қарағанымыз жөн...
...Әңгімеміздің басында айттық – адам тек ет пен сүйектен, теріден жаратылмаған. Бұдан басқа да адамның «тәні» бар, ол бірақ көзге көрінбейді, асқан сезімтал жандар ғана оны көре алады, техникалық құралдың көмегімен де байқауға болады бұл «қуатты тәнді». Ғалымдар «астральді тән» (латынша: жұлдыздардан шыққан), «екінші тән – «аура» немесе «жанның тәні» деп те атайды. Мұндай энергетикалық тән тек жанды заттарға емес, жансыз заттарға да ортақ. Құпиялай қортынды жасасақ, адам: тән+жан+рух атты бірлестіктен тұрады. Тән (материалдық тән) мен рухты (энергетикалық тән) байланыстыратын жан».
Осылайша өзінше танымдық барлау жасай отырып жазушы адам бойындағы құдіретті, көпке беймәлім қасиетті, алапат күш-қуатты – ықылым заманның қатпар-қатпар құпия астарларынан іздестіріп әңгіме өзегі етеді. Осынау қиын бағытта ол «әр адам – бір-бір әлем» дегенді меңзей отырып, сол ғапыл дүниенің кеңістігін бүгінгі күнмен үндестіре, түрлі-түрлі дәйектерге жүгіне баяндаған кезде жалаң ділмәрсуге бармай ғылыми пайымдаулар жасайды. Естіген, оқыған, түйген, қорытқан, бақылаған әрқилы ұғымдар төңірегінде оқырманмен ой бөліседі.
Сондай-ақ бұл кітапта автор құмалақ ашудың, түс көрудің, көріпкелдіктің, емдеудің, дуалаудың көпшілік біле бермейтін қалтарыстары мен сырларына жеке-жеке зерттеме туындыларын арнаған. Сөйтіп, адамдардың көкірек көзін ашып, маңайына жіті көз салуды мақсат еткен қаламгер қай-қайсысымыздың да ішкі сарайымыздың кіршіксіз, ниет-пиғылымыздың мөлдір, ойымыздың таза, жан-жағымызға шашар шуағымыздың нұрлы болуын өрелі әңгіменің алтын арқауы етіп өреді.
Құпиясы тұңғиық ғажайып құбылыс саналатын адам құдіреті туралы бұл туындының айтары көп. Мә, өзімізді-өзіміз терең білеміз бе?
Жастық жылдарымыздың қол бұлғап өте шығарын қайдан зерделейік. Журналистік жол кейінірек басқа арнаны жағалатты. Мағира «Қазақстан әйелдері», «Денсаулық», «Ақ желкен» тәрізді республикалық журналдардың тізгінін ұстады. Сол баяғы алау көрікте шыңдалған қалам талай дүниелерді әкелді. Ең бастысы, өзін қадағалап оқитын сүйікті оқырмандарының ойынан табыла білді. Оқта-текте кездескенімізде ол ежелгі жайсаң мінезіне салып, емен-жарқын сыр бөлісер еді.
Журналистік тағдыр қаншама ұлы жандармен кездестірді. Ол жылдары Мәскеу, Ленинград мәдениет шеберлері Қазақстанға жиі келетін: В.Высоцкий, В.Золотухин, С.Юрский, Ю.Яковлев, В.Васильева; Е.Плятт және басқа да көптеген өнер қайраткерлері жастар басылымының қадірлі қонағы болатын. Бұлардың біз қастарында отырып талай ғибрат сөздерін естіп, өнерлерін тамашалағанбыз. Дүниежүзіне белгілі Фрида Браун, Майя Плисецкая, Юлия Борисова, Джуна Давиташвили сынды сирек тұлғалармен сұхбаттасып, ой-пікірлерін кезінде туған халқыма жеткізгенімді үлкен қуаныш санаймын. Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы ағаларымның көпшілікке белгісіз жүрекжарды сырларын жазып алғанымды сирек бақытқа балаймын. «Қазақ әйелінің ми құрылысындағы ерекшелікті дәлелдейтін антропологиялық құнды зерттеулер бар, соны саған беремін кейін» деген Ғабит аға мен «Доченька, пиши все, что я тебе говорю, это для твоего дневника. Кейін оны жариялайсың ба, жарияламайсың ба, бұл енді өз шаруаң...» деп, жеке тағдырында ірілі-ұсақты мән атқарған қыз-келіншектер туралы нақтылы тәптіштей әңгімелеген батырдың тұлғасы мені жиі мазалайды. Ешкімге білдірмеген құпияларын маған қалай айтты екен деп таңғаламын қазір. Кім біледі, келер кітаптарымның өзегіне айналар. Бәрін де уақыт көрсетеді. Байқасақ, уақыт-сынаптың да бажайлай бермейтін құпиясы мол екен...
Мағираның бұл ойы да маған тосындау естілді. Ештеңе дей алмадым әуелде.
Тұңғиық құбылыстар мен әсемдік әлеміне құштар қаламгерге тек сәттілік тілегенмін де.
Басқа не дерсің?!
Өмірдерек
Мағира Қожахметова 1946 жылы 5 ақпанда Көкшетау облысы Зеренді ауданы Қошқарбай ауылында дүниеге келді.
Көкшетау кітапхана техникумын бітірген. Мектепте, кітапханада жұмыс істейді. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдады. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде 1981 жылға дейін қызмет істеген. 1981-1992 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналында, 1992-1994 жылдары «Денсаулық» журналында, 1994-1996 жылдары «Ай», 1996 жылдан «Ақ желкен» журналында қызмет еткен. 2002 жылдан бастап балаларға арналған «Балбұлақ» журналын, 2005 жылдан бері көпшілікке арналған медициналық, танымдық «Дертке дауа» газетін шығарып келеді.
«Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай», «Адам құпия», « Жантәсілім», «Жападан жалғыз» сияқты көптеген кітаптардың, бірқатар танымдық материалдардың, шығармашылық портреттердің авторы. 2006 жылы шыққан Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мәриям Хакімжанованың ІІІ томдық шығармалар жинағын құрастырған.
1982 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен, 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2008).
Жанат Елшібек, жазушы
Лебіз МАҒИРАСЫ ҚАЗАҚТЫҢ – ҚАЛАМЫҢМЕН ҒАЖАПСЫҢ! Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметованың мінез-құлқы, табиғи болмысының қасаң ережеге бағынбайтынындай назарларыңызға ұсынылған материал да үйреншікті заңдылық аясына сыймайды. Әлеуметтік желідегі қаламгер туралы 2015-2020 жылдар аралығындағы көпшіліктің ойын маздатқан сан алуан ой, пікірлерден жетпіс беске аяқ басқан М.Қожахметованың кейде қабылдап, кейде қабылдамасақ та шынайы бейнесімен қауышамыз. Тақырыбы да оқырманының пікірінен алынды. Бақыт Жолдыбайқызы: Мағира апай! Домалап адамдарға қолыңыздан келген бар жақсылықтарыңызды аянбай қызмет етіп келесіз, сондай жаным жақсы көретін үлгілі жансыз! Сіздей адамдар өмірдің сәні, көбейе берсін! Қалампыр Кенжеғалиева: Журналистің бойындағы шексіз қабілеттіліктің бірі – сауатты сауалнама арқылы оқырман үшін толық мәлімет беру. Мағира журналист керекті деректерін қарпып та, тартып та алатын дарынды қалам иесі. Мағира апай! Сіз рухани дүниенің жоғын түгендеп, барын қастерлейтін ғажап жансыз! Талғат Мұсаев: Мағира апамның шығармаларын оқығанда сондай - шабыттанам...Ыстық ықылас Мәдениет министрлігінде Сізбен қызмет атқарғаннан бері келеді... балаларым Сіз жазған дүниелерді сүйсіне оқиды... Балалардың Сіз басқарған журналға шыққан алғашқы еңбектері оларды әдебиет әлеміне қанат қақтырып, жазуларына соны серпін берді... бүгінде жазу-сызуға машықтанды... Сізді үлгі тұтады, ара-тұра теледидардан Сізбен өткен сұқбаттарды көрсе, папалап менімен бірге тамашалауға асығады... Елдос Тоқтарбай: Мағира апай, сәлеметсіз бе! Қалыңыз қалай? Өткенде Астанадағы «Нұра-Астана» баспасының директоры, белгілі баспагер Қайырды Назырбаев ағамыз "Өрілген өмір өрнегі" атты Жолтай Жұмат ағамыз құрастырған, әр жылдары жүлде алған драмалық шығармалар жинағын берген еді. Арасында Сіздің «Көшім хан – Сүзге» атты пьесаңыз енген екен. Өте керемет жазылған. Шындығында, Ұлы даланың қасіретін шынайы жазыпсыз. Көп жылдар бойы ой-қазанында жатқан дүниені ақ қағазға түсірудің өзі – бақыт. Екінші бақыт – оны оқырман оқып, зердесінен өткізе алса. Әрине, осының бәрі қаламгердің жетістігі, шығармашылық ой азабының жемісі, нәтижесі. Изатима Сәмтікбаева: Менің өмірлік ұстазым, қамқоршым, ең мейірбан жан! Мақтан тұтамын! Өмірлік ұстазым! Жанашырым! Үлгі боларлық тұлға мен үшін! Көп-көп раxмет, Мағира апайым сізге! Мені үнемі жетелеп, қанаттандырып отырған сіздей мейірімді жанмен кездескеніме шын жүрегіммен қуаныштымын! Қарағандыдағы ата-апамнан бөлек, сіздер Ата екеуіңіз маған Алматыдағы жанұямдай болып кеттіңіздер, аман-сау болыңыздар! Жақсы көремін сіздерді! Он алты жасымда алғаш Алматыға барғанымда қанатына басып, қамқоршым болған Мағира апайым ғой! Күйбең тіршілікпен жүріп, бас сұғып сәлемдесуді сиретіп кеткенім рас...(Бірақ ол кісінің берген рухани азығы ғұмыр бойы ұмытылмасы анық). Қазір мұндай шынайы, жанашыр жандарды сирек кездестіресің... Жүкел Хамай: Тәңір жарылқасын, апай! Сіздің сәуеңіз бен сәуегөйлігініз "аштықта" қандай дәру болғаны сол әулетіміздің таңдайынан әлі кеткен жоқ. Кетпейді де. Ғалымұратымызды тоғыз жасында танып, ақ батаңызды беріп, "Ақ желкенмен" аттандырған едіңіз. Дұрыс ниет, дұрыс бата киесі қолдады. Сізге жалғаса Зейнеп апасы /Ахметова/ алақанына аялап, алғашқы кітапшасын шығарып, батасын берді. Сара апасының қатысуымен тұсаукесері өтті.... Ендігісін өзіңіз көріп, біліп жүрсіз. Осының барлығы сіздердің сәуегөй, ақ тілек, ақ баталарыңыздың арқасы!... Иә, мен мұнда өлең жинағын шығармадым. Түрлі себептерден. Аудармаларым жарық көрсін деп едім, тарих тақырыбындағы екі кітап жарық көрді... "Қой жылғы қоңыр көшті" аяқтағам жоқ, мен кеткенше жалғасқаны дұрыс сияқты. Ұланбатырда үш кітап жарық көрді, бірі антология, ол отыз тілге аударылыпты... Қызметтен қол үздім. Шығармам достардың айтысында жаман емес сияқты. Сәті келген күні кітап болып жарық көрер. Айтпақшы, Ғалымұратыңыз жуықта ғана тұзды болды. Атын Зейнеп қойды /апасы/. Сонымен оның шаңырағында да екі тұз. Осының барлығы мені өлең жазуға, қаламды тастамауға итермелейді, бес немере – бес атасының бастары бес жағымнан демеп, жебеп келеді. Сізге Алла разы болсын, апай! Сізді ұмытпаймыз. Ұдайы қиырдан көз салып, жазғандарыңызды аңдып жүремін. Қажытай ағам туралы жазған эссеме айтқан үлкен мадақтауыңызды қуана да, ұяла да қарсы алдым. Жақсы сөз жанға ырыс. Ырысымыз түгесілмесін, апай! Назым Сапарова: Қуанышты бөліссең, көбейе түседі. Бүгін ерекше қуанышты жаңалығыммен сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Аллаға шүкір! "Балбұлақ" республикалық балалар журналының «жас тілші» куәлігін редактордың өз қолынан алдым. Мағира Қожаxметова, маған артқан сеніміңізді ақтауға тырысамын. Сізге көптен-көп раxмет! Армандар орындалады, тек сену қажет. Алқажан Еділхан: Фариза апамыз туралы мұншалықты шынайы сезіммен жазылған дүниені кездестірмеппін. «Шілде» тұсында, шынында да көп қазақ қызының айтылмас, көрінбес, тіпті сезілмес сырларына үңілтіп еді. Қасымыздағы қызға бұл да осындай ма екен деп қарайтынбыз. Ал Мағираш апайдың шығармасынан тағдырлас екендігін, іштес екендігін, тілектес екендігін, ақындығы тең болмаса да (бар қызға ақын болудың керегі де жоқ шығар), сезім тереңдіктері тең екендігін көресің. Үш-төрт жыл бұрын сол ортадан кеткенмін, кімге ұнамағанын нобайлаймын. Ал несімен ұнамады десек, ол-кәсібилігі, талдау тереңдігі, бәрінен де автордың сезімінің биіктігі мен білігінің кеңдігі, қазақ поэзиясында тек қана талант иесі емес, жүрегі таза, ойы тұнық, иман иелері болуы керек деген талабы. Ол кезде де ақындар ақсүйектер мен қарасүйектерге бөлінетін (өзі ұлттық езгідегі әдебиеттің ішкі де бір езгілерінің болғаны сол дәуірдің қасіреті еді), әдеп пен ұяңдықтан аса алмайтын Мағираш апай болмыстылар кейінге ығыстырыла беретін. Тап сол жылдарда Қазақстанда идеологияға басшылық жасайтын тұлғаның зары өтті, соның қырсығынан шығармашылық одақтардағылар қарақан басына "бедел жинап қана" отырды. Бір құдайдың бергені-ана Мағираш апай болмыстылар сол ығыстыруларды парасатпен, ең бастысы кісілікпен көтерді. Сол тұстағы сол парасаттың, сол кісіліктің жемісін мен сияқтылар бүгін жеп отыр, Асылан секілді жапырақтардың өлеңдерін жорналдан оқып. Мағираш апай жастан жасқа шыға берсін. Біздің балапандарға жасаған жақсылығы алдынан шыға берсін, шыға берсін! Әдияш Абахан: Мағираны журналистік, жазушылық талантына қоса, жан сұлулығы, адамгершілігі ерекше нұрландырып тұрады! Боранбай Кұдияров: Журфакта сіздің сіңліңіз Сәлимамен бірге оқитын едік, бірде "Лениншіл жас" газеті редекциясында Әшірбек Көпіштің алдында отыр едім, сіз кіріп келдіңіз де бір әңгімеңіздің кейіпкерінің әрекетін талқылап кеттіңіздер. "Е-е, біздің курстың "Меңтайы" – Сәлима қыздың жазушы-журналист әпкесі Мағира осы сұлу екен ғой..." деп ойлап қойдым ішімнен. Содан бері сіздің кітаптарыңызды іздеп жүремін... Қостомар ауылыңыз жайлы, тағы басқа да ой толғауларыңызды оқып отырып курстасым Сәлима сіңліңіз туралы да ойлап отырмын: аман-есен жүр ме екен деп... Мұхтар Пірмаханбетов: Мағира апайдың шығармаларын «Ленжастан» оқып өстік. Шалқып жазушы еді, рахаттанып балқып оқушы едік, қайран заман-ай... Мира Шүйіншәлиева: Алланың нұры, қырдың гүлі жаусын Сізге Мағира тəте! Шетте жүрген Шүйіншəлиеваның шығармасына шын жүрегіңізден ақтарылып, апалық тілегіңізді, қаламгерлік көзқарасыңызды қосқан екенсіз. Тамаша адамнан тұщымды ой туады. Қызғанышты іште қыздырмай, оқырманға ақпейіл, күннің нұрындай жарқын лебіз қалдыра білген Азаматтық, қаламгерлік жарқын үніңізден айналдым Апатайым! «Болар елдің баласы бірін бірі батыр" дейді... Ақбас Алатау мен мерейлі Медеудің құшағына шомылып аман жүріңіз менің Мағира тəтем. Айгүл Сқақова: Мағирасы қазақтың, қаламыңмен ғажапсың!.. Адал жүрек апайымыз – Мағира, Жазушысыз – дархан ойлы, дария. Қарттық шақта еш жамандық көрмеңіз, Көңіліңіз кеңи түссін жазира! Халқымыздың қалаулы ханымдарының қатарындасыз. Гүлжәмила Нүсіпжанова: Мағира апай журналист, жазушы, психолог адам жан дүниесінің арашасы, түсінігі кең көріпкелдік қасиеттері де жетерлік. Көрген түстерін суретке салғызып, мазмұнын жазғызу арқылы бала жүрегінің кілтін тапқан асыл да ардақты тұлғадан үйренеріміз көп. Мағира апайдың айтайын деп тұрған ойыңды ұға қойғанын көргенде, сондай ризашылығымды білдіремін. Адамның жан дүниесін түсінуден артық не бар. Ризамын сіздей жанмен достығымызға! Заида Елғондинова: Алланың нұры жаусын сізге, қазақтың Мағирасы! Жасай бер! Бекзат болмысыңмен, біртуар талантыңмен замандас қаламдастардың ішінде орның бөлек! Бақыт Балғарина: Бүгінгі мың құбылған дүние өзің сияқты бекзат болмысты аңқылдаған ақ көңілді ащы болса да ақиқаттың ақ жолынан айнымайтын асыл жандармен ғана көрікті...Тектілік қанмен келеді, адалдыққа баулыған туған ұяға...өзіңе мың алғыс...qazaquni.kz