Жерге түскен жалғыз дән
2021 ж. 23 қаңтар
4641
1
Ақын Төлеген Айбергеновтің жары Үрнисаның жан сыры
«Аннұр сапа» баспасынан небәрі отыз жыл өмір сүріп, халқының жадынан мәңгі өшпейтін отты өлеңдер туғызып кеткен біртуар дарын иесі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, ақын Төлеген Айбергеновтің өмірі туралы мемуарлық дүние жарық көрді. «Тоғысқан тағдырлар» деп аталатын бұл кітаптың авторы – әйгілі шайырдың қызы Салтанат Айбергенова. Аталған еңбекте ақынның ата-тегі, тағдырлы ғұмырбаяны туралы тың деректер алға тартылады. Оқырман назарына жаңа кітаптан шағын үзінді ұсынылып отыр. Совет өкіметінің тұсында Ташкентте оқитын студенттерді екі апта оқыған соң, қыркүйек айының соңына таман мақта теруге жіберетін. Өзімізбен бірге алып жүретін заттарымыз: табақ, қасық, крушка, сүлгі және жататын төсек-орын. Институттарды,техникумдарды бір күнде алып кетеді. Вокзалда студенттер абыр-сабыр болып топырлап жүргенде, біздің группаның бір баласының сөмкссі жоғалды дегенді естідік. Жоғалған кімдікі екен десек, ол Төлегендікі болып шықты. Ішінде ыдыс-аяқ, жолға алған тамағы бар екен. Студенттердің әдеті ондайда «сенікі, менікі» жоқ, барды бөлісіп жейді. Мақта теруге барған соң, Төлегеннің қиналатын шағы тамақ ішетін кез болды. Бастапқыда кімнің табағы босаса, соған тамақ құйдырып әкеліп ішіп жүрді. Мен сол мақтаға жүрер кезде кішкенесін таппай, үлкендеу табақ алғанмын. Ішіне 2 сыбаға тамақ кетеді. Әрі тамақ тез суиды. Менің әдетім – тамаққа кештеу келемін. Себебі, мақтаны көп теремін де, соны өткізіп жуынып-шайынам дегенше, студенттердің біразы тамақтанып болады. Сонда табағын жоғалтып алған Төлеген, менің табағыма тамақ құйдырып алып, апыл-ғұпыл ішеді де, мен келе жатқанда ол табақты босатып, шайып жатады. Оның ақысына ол сол табақ салулы сөмкені тасиды. Біз заттарымызды таңертеңгі мақта теруге кірер жерге тастасақ, енді ол жақтан екінші жаққа ауысып ұзақтап кетеміз. Тамақты мұғалімдер соңғы теріп жүрген жерге дайындатады, сондықтан Төлеген сөмке қайда тұрса да алып келеді. Бұл – күнде кездесетін жағдай. Түскі тамақты үштен-төрттен бірігіп отырып, дастарқан жайып тамақтанамыз. Сол дастарқан жаятын орынды, яғни қолайлы жерді Төлеген қарастырады. Өзі күлдіргі, әзіл-оспаққа жақын. Әрбір сөзге қулық араластырып, күлдіртіп жүреді. Бірақ мақтаны өте нашар тереді. Кешке қарай «мақталарыңнан бір-бір фартук беріңдерші» деп жалынып сұрай бастайды. Кейбіреулер бір фартукты көп көріп, «әй, бері кел, фартугінді аш» деп қолдарымен мақта салады. Өзбекстанның қызымын ғой, мен үш фартукпен теремін. Жоспарды артығымен орындаймын да, «Мыналарды өткіз, екеумізге теңдей жаздыр» деймін. Ол оған мәз болып, зыр жүгіріп қызмет атқарады, сондықтан оны «Васелек» дейміз, өз атымен атамаймыз. Өйткені сол кезде «Девушка и джигит» киносы экранда жүріп жатқан болатын. «Васелек» деп жай созып айтсақ, ол салбырап қалады да, «Васелек» деп тез айтсақ, ол да барынша тез қозғалып күлдіртетін. Сөйтіп жүргенде, алдымыздан арық кездессе, ол енділеу жерінен қарғып өтеді де, соңынан бізді де сол ойынға шақырады. Бәріміз сөйтіп, ойымызда ештеме жоқ, ойнап-күліп жүруші едік. *** Мен 1959 жылы Қарақалпақстанға келін болып түстім. Өзімнің елім – Ташкент облысы, Бостандық ауданы. Бұрын бұл аудан – Қазақстан қарамағында болып, Совет өкіметі кезінде, 1954 жылы Өзбекстанға берілген үш ауданның бірі. Бар қазақ – сол бір қазақ, екеуі де оңтүстік болғанымен, салт-дәстүр, өмір тұрмыстарында көптеген өзгешеліктер бар. Тіпті, сөйлеу мәнерлері де басқа. Сол кезде мен бұл жақтың тандырын бірінші рет көрдім. Біз жақта нанды тұрып жабады. Ал бұл жақтағы тандыр тегіс жерге, аузын жоғары қаратып орналастырады екен. Сол дөңгелекті кірпішпен жоғары карай қалайды. Төменгі төрт жағынан от жаққанда желдетіп, отын жақсы жану үшін кішкене тесіктер калдырады. Тандыр қызған соң, тесіктерді жауып кояды. Нанды арнаулы нан салғышпен тандырдың ішіне жабады. Оны «Рапида» деп атайды. Нанды тандырға жапқанда, тандырдағы нан қызара бастағанда оған қолмен су бүркіп қояды. Сонда нан жалтырап, жақсы піседі. Әйтпесе, нанның беті қатпарланып, түрі әдемі болмайды. Піскен соң, қолғаппен нанды біртіндеп алып отырады. Мұның бәрін кейін білдім. Ал мен түскен кезде, маған ол түсініксіз дүние еді. Кіші қайны апам күнде жұмыстан түске келсе болды, ыстық кезде нан жабады. Әлі қыркүйек болған жоқ. Сондықтан жұмысқа тұрмағанмын. Бір күні енеме: «Таңертеңгі салқында нан жапсақ қайтеді?» дедім. Енем қуанып көне қойды. Екеулеп тандырға отты өртедік. Енді енем жайып, мен жапсырмақшы болып ептейленіп жатсам, біреу бізге қолын ербеңдетіп, айқайлап келе жатыр. Енем екеуміз қарап қалдық. Мен, әсіресе үрейлімін, өйткені ана кісінің үстіндегідей алба-жұлба көйлек көрген емеспін. Сөйтсем, ол «тандыр көйлек» екен. Әлгі енеміз менің енеме барынша кейіп: – Біреудің баласын өртеп алсақ не болады? Бұрын-соңды көрмеген жұмысын не бетіңмен істетпекшісің? Масқара, жап-жас келінді отқа тығып, нан жемей кетіңдер! – деп ұрсып, маған бұрылып: – Қарағым, мен жапсырамын, – деді. – Мен нанды жайып берейін, – деп едім: – Қой, әзір араласпай-ақ қой, мына енең жаяды. Сен үй шаруасына бара бер, – деп иегімен көрсетіп, мені үйге қайтарып жіберді. Өзі маған асқан мейіріммен күліп қояды. Енем: «Өзі ұмтылып, жабамын деп қоймады» деп ақталып жатыр. Үйге енем келген соң «жаңағы келген кемпір – Қарамолда деген молданың кемпірі» деп кім екенін түсіндіріп жатыр. Қарамолда өз есімі емес, лақап аты екен. Сөйтіп, енемнің арқасында бүкіл қайын жұртымды танып, біріне – келін, біріне – абысын, біріне жеңге болып үйренісіп кеттім. Қазір сол елдің үлкен анасындаймын. *** Төлеген жылан мен иттен қатты қорқатын. Салтанат төрт жасқа толардан екі күн бұрын, біз үйінде тұрып жатқан Әлібек аға үйін сататын болды да, біз пәтерге көшіп шықтық. Сол үйдің үлкен бір иті бар екен. Төлеген дүкеннен ет алып, үйге келе жатыр екен. Ол кезде ұстайтынымыз – тор қалта. Оның ішінде не бар, бәрі көрініп тұрады. Мен бір шаруамен шығып кеткенмін де, есік алдында Салтанат ойнап жүрген. Кілт болмағасын екеуі ауладағы орындықта отырғанда ит тор қалтадағы етке қатты ұмтылса керек, босанып кетіп Төлеген етке тигізбеймін деп тор қалтаны көтеріп қалғанында сирағынан қауып алады. Екі қатар тісі батып кеткен орны көгеріп, дақ болып қалды. Дәл сол жылы 20-25 тамыз арасында Өзбекстанда карантин болып жатқан кез. Біз ол кезде Сарыағашта тұрамыз. Төлеген іссапармен кеткен. Мен балалармен төркінімде, Өзбекстанда едім. Төлеген іссапардан орала салысымен, жасырын жолдармен ауыл аралап, таксилетіп үйімізге келдік. Төлеген бір шаруаларымен шығып кеткен. Жолдан шаршап келгенбіз, бәріміз ұйықтап қалыппыз. Төлеген үйге кеш оралады да, бізді оятқысы келмей, қақпадан кіруге баяғы иттен қорқады. Сырт айналып дуалдан асып түседі. Сол дуалдың басындағы шегеге шалбарының балағы ілініп қалып, төменге құлап түседі. Бұғанасы шыққан ба, сынған ба, әйтеуір, қозғалмайды. Мен сынықшы іздеп, таңертең көшеге шықтым, бір жинақ кассасының қарауылы сынықшы екен, сол кісіні ертіп әкеліп, кереуеттің бас жағындағы темірдің арасынан Төлегеннің қолын тартып орнына салып, таңып берді... Бұл иттен келген зардабы болса, жыланнан қорқатыны – басқа әңгіме. Ол қайтыс болардан алдын Қарақалпаққа барған болатынбыз. Бір күні кешке шамды өшіріп жүрген апам: «Ойбай, жылан!» дегені сол екен, ірге жақта жатқан Төлеген менің үстімнен аттап, кереуеттен түсіп қаша жөнелді, мен де оның соңынан жүгіріп сыртқа шықтым. Жездем айдың жарығымен күректі алып жыланды іздеп жүр. Таба алған-алмағаны есімде жоқ. *** Шілде айы, күн қапырық. Ертесіне шайдың үстінде Төлеген маған «Тамның ішінен салқын орын дайында, жазамын» деді. Мен іштегі үстелді сүртіп, газет төсеп, орындық қойып шығайын деп ішке кірсем, тамның ортасында төрге қарап жылан жатыр, көрдім де үнім шыққан жоқ, жайлап киіз үйдегі Төлегенге, апамдарға келіп: «Ана ішкі тамда жылан жатыр» дедім. Апам мен жездем күрек алып өлтірмекші болып еді, жыланды таппай қалды. Сонда Төлеген маған «Көрген соң, бізге айқайламайсың ба, жыланның қайда кеткенін көрер едік, міне, енді мыналар таппай жүр» дейді. – Е, мен айқайламақ түгіл, аяғымды тықыр еткізбей басып сендерге жеттім. Не, мені жыланнан қорықпайды дейсің бе, сенен де бетер қорқамын, – дедім. Сонымен, өлең жазатын Төлегеннің берекесі ұшты да, теріс айуандағы түндегі төсекке масахана құрып қойған, соған кіріп жатуға кірісті. Апам тары қайнатып қойған екен, біз соны ақтауға, келі түюге кірісіп кеттік. Бір кезде Төлегеннің «Үрниса!» деген жан дауысы шықты. Менен бұрын апам «О, не?» деп шауып барды. Сөйтсек, масахананың бір бұрышы қара жіппен жуандау байланған екен, оның көзіне сол жіп жылан болып көрінген екен. Апам жіпті ұстап «Құдай-ай, не болса, содан шошисың, қара шүберектен есілген жіп қой» деп шешіп алып жатыр. Төлеген қайта орнына жатты да, біз келімізге кірісіп кеттік. Бір кезде ол бізге «Қашыңдар» деп қалды. Не болды деп төбемізге қарасақ, бір ағаштың үстінде жиырылған айбатты бар жылан құстың ұясына тиіспекші болып тұр екен. Оны жездем күрекпен ұрып өлтіріп, көміп тастады. *** Түс ауа балаларды шомылуға алып кеткен Жеңістер (композитор Жеңіс Естілеуов) де келді. Мен тамның көлеңкесінде қамыр жайып отырғанмын. Арқа жағымнан суылдаған бір дыбыс шыққандай болды, бірден көзім түсті, қарасам, бір үлкен жылан зуылдап барып, отынның астына кіріп кетті. Мен орнымнан ұшып тұрып, Төлегенге жүгіріп бардым. Екеуміз келіп қарасақ, жыланның ізі жатыр, маған жақын бір метр жерден өткен екен. Мен де шошып қалдым. Түскі астан соң, «Болды, тез жинал, кетеміз мына жыланханадан» деді. Біз қалаға кетуге айналдық. *** Жолда Жеңіс Естілеуов бір қыздың некролог жазған хатын көрсеткен еді. Таңнан бері қабағы ашылмай жүрген Төлеген қарқылдап, рахаттанып күлді. Сөйтсек, Жеңіс бір қызға «Өлмесем, сенің туған күніңе келемін» деп уәде берген екен, бірақ бара алмаған. Бұл бармаған соң, әлгі қыз конвертке некролог салып жіберіпті. Айтайын дегенім, сол жолы жылан Төлегеннің жазуына мүмкіндік бермеді» дейді. *** Туған жер, өскен ел, келін боп түскен жер, қызмет істеген жер – бәрі-бәрі артта қалып, бетті Алматыға қарай бұрып, ұшаққа билет алдым. Бір сағат он минутта Алматыға келіп қонады екен, Қасымда Төлегеннің қарындасы Назира, Салтанат пен Дәурен бар. Қысқасы, бір елден екінші жерге көшердегі адамның ішкі қобалжу сезімі қатты билеп келе жатыр. 1965 жылы қыркүйектің 24 күні бұйымдарды арттырып жіберген кезде ештеме де әсер еткен жоқ. Төлегенге билет алып болған соң, айтқан адресіне хабар бергенмін. Ол хабардар болған соң, переговорға шақырып, пысықтап қойған. Дегенмен, іштей өте қобалжулымын. Өйткені жүкті Қаскелең деген жерге жібергенбіз. Ол Нұрағаңның (ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов) жеңгесінің үйі екен. Содан ұшақ әуежайға қонды, баланың кішісі мен үлкенін қайын сіңлім Ұлпаш ұшақтан түсіріп алып келе жатқан. Кішкене шеткерірек көрінетін жерде Төлеген мен Шәмші тұр. ІІІәкеңнің қолында гүлдестесі бар. Жақындағанда Төлегенді көрген соң, балалар жүгіре жөнелді. Төлеген бір айдай мұнда жүрген. Екеуін көрген кезде қуаныш сезімі билеп, арқа-жарқа болдық. Біраздан соң, Шәкең: «Жамила жеңгелерің босануға таяп отыр, мен соны күтіп жүрмін, жолдарың болсын!» деп әуежайда коштасып, бізді көлікке мінгізіп жіберіп, өзі қалып кетті. Баратын бағытты мен білмеймін. Төлеген бізді Фурманов пен Әл-Фарабидің қиылысында тұратын туыс (қыз алыспайтын ағайын) Батырхан қайнағаның үйіне алып келді. Олар екінші қабатта тұратын көрінеді. Ол үйдегі жеңгеміз бір байсалды, өте жоғары дәрежедегі бәйбіше екен. Қуанышты қабақпен туысы келгендей қарсы алды. Сол жерде түстенген соң, Төлеген бізді Покровка дейтін жерге, туыс апасының үйіне алып барды. Ол үй де бізді күтіп отыр екен. Апай қуана қарсы алды. Барлық үйге Төлеген хабарлап қойған. Ол үйде – інісі Жарас, жас босанған нәрестесі бар келіні Қарлыға. Қысқасы, от жаққан үй жылы, өте жақсы жағдайда болдық. Ертесінде Қаскелеңге тартып отырдық. Онда Нұрағаң, Төлеген төртеуміз бардық. Ұмытпасам, содан бізге пәтер іздеу басталды. Мен сол күні мектепке барсам, директор маған бірінші сыныпты берді. Мен бұрын кішкентай балаларды оқытпаған адаммын. Бүлдіршіндердің сауатын қалай ашамын деп қиналып, ойымды директорға айтқан едім, ол кісі: «Осында РСФСР, СССР-ге еңбек сіңірген орыстың екі мұғалімі бар, екі біріншіні солар оқытады, сол кісілермен таныстырайын» деді. Оларды шақырып алды да, мені таныстырды. «Түстен кейін сағат 4-те келіңіз» деді. СССР-ге еңбек сіңірген әйел жақсы кісі екен, маған ерінбей білгенін үйретті, жоспарын көрсетті. Бұрын мұғалім болған маған бұл жұмыс қиын болған жоқ. «Сіз ертең класыңызға шефтен бір баланы қойып, менің сабағыма кіріңіз. Ол класта он күннен бері мұғалім жоқ. Жоғары сыныптың балалары қарап жүр» деп түсіндірді. Бірінші сабақта сол кісінің оқу сабағына кірдім, екінші сабақта өз класыммен таныстым. Үшінші сабақта РСФСР-дің Еңбек Ері мұғалімінің математикасына кірдім. Қысқасы, екі әйел де сабақты жан-тәнімен өткізді, мен көп нәрсе үйрендім. Сөйтіп, келесі күні мен де тақтаны екі түрлі етіп сыздырып алдым да сабақты бастап жібердім. Әлі есімде, «Қ» әрпін үйрететін күні жазу сабағын өткізу үшін үзілісте директордың кабинетіне сия сұрап бардым. Ол кісі шаруашылық меңгерушісін таныстырып, содан сия алып бергізді. Кабинетке кіргенім сол, қоңырау шыр ете қалды. Келесі сабақ – оқу. Сабағыма директор кіріп келе жатыр. Соңғы партада отыр. Мен балалармен толық үйреніспегенмін. Оқу сабағын өткізіп жібердім, әлі есімнен шықпайды, «Қ» әрпін он екі әдіспен түсіндірдім. Сабақ біткен соң, кемшілігімді айтар деп директорға ере жүрдім. Ол кісі ештеңе деген жоқ. Сабақты талқылайық та деген жоқ. Мен оған іштей қуанып қалдым. Содан көп кешікпей, семинар болды ма, комиссия келіп қалды. Сабағына комиссия кіретіндердің қатарында жүрмін. Орта жастағы екі жігіт бір күнгі сабағыма түгел кірді. Ләм-мим деп ауыздарын ашпай қайтып кетті. Алматыда қазақ мектептері жоқтың қасы болғандықтан, комиссия келсе болды, бізге алып барады. Бір жылда жеті-сегіз рет сабағымызға комиссия кірді. Әзібаев деген өте мықты директорымыз бар еді, сол кісіге оқу бөлімі қатты сенсе керек. Практиканттар да ол кезде сол мектепке баратын. Бірінші сыныптың әліппемен қоштасу кешін өткізуге дайындалып жүргенмін. Төлегенге математикалық өлең жазып берші деп сұрандым. Ол табан астында он шумақ өлеңді жазды да берді. Біз үшінші сыныпты қонаққа шақырып, әліппемен қоштасу кешін өткізіп, балалардың өнерін көрсеткен соң, ол қонақ кәдемен ән салды. Бір қыз бала Күнсайын Қуатбековтың «Самал желпіп, тербеледі қарағай» деген әнін құйқылжыта орындады. Бұл әнді бұрын қанша естіп жүрсем де мұндай әсері болған емес еді. Сол кештен кейін күнде ыңылдап «Самал желпіп, тербеледі қарағайды» айтамын да жүремін. Оны өзім сезбейді екенмін. Бір күні «Балалар әлеміне» («Детский мир») бара жатқанбыз, қазіргі Бөгенбай көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысында бір жігітпен кездесіп қалдық. Төлеген, ынты-шынтысымен амандасып, «Мынау – біздің үйдегі бәйбіше, саған ғашық, аузынан бір тастамай, сенің әніңді айтып жүреді» дегені. Мен түсінбей қысылып қалдым, ол әннің авторының атын да білмейді екенмін. Сөйтсем, ол Күнсайын Қуатбеков екен. Маған рақметін айтып, танысып жатыр. Сол күннен бастап ыңылдауды тоқтаттым. Төлегеннің осындай әзілдері көп болатын. *** «Егіздеріме аяғымның ауыр кезі. Сонда Төкең: «Егер құрсағыңдағы нәресте ұл болса, мынау баспананы сатып, ұлан-асыр той жасаймын» деуші еді. Шағын ғана баспанамыз болды. Мен бұл сөзден кереметтей қорықтым. Өйткені Төкең міндетті түрде айтқанын істемей қоймайды. Сондықтан «Ішімдегі бала қыз болса екен» деп тіледім. *** Ол күнде таңертең жұмыс іздеу үшін кетеді де, кешке қасына тапқан адамын ертіп келеді. Бір күні бір жігітті ерте келді. Әлгі жігіт Адай руынан екен. Басына «Ей, Табын» деп ат қойып, әжуалап өлең жазуын қоймады. Бір кезде Төлеген жаңағы жігітке бір өлеңді Адайға қарсы жазды. Үйде Өсер деген жігіт бар еді. Мен оны ақырын «кел» деп шақырып алдым да, екінші бөлмеге қағаз-қалам алып барып, «жаз» дедім. Ол ақырын жазып отыр. Төлеген өлеңдерді шумақ-шумағымен төгіп жатыр. Бір кезде ана жігіттің жазуға шамасы келмей қалды. Қолы дір-дір етіп мәні кетті де, «болды» деп тоқтады. Сол замат екінші бөлмеде жазып отырған Өсерді қалай байқап қалғанын білмеймін. «Өсер!» – деді де, өзі тез барып, жазғанының бәрін қолына алып алды да, әлгі жігітке «Менің Адайда жақын достарым, асыл ағаларым, сыйлас інілерім, қимас адамдарым көп, сондықтан сен мына өлең керек болса, мен біраз Адай азаматтарын шақырамын, жаздырған сен, ат-шапан айыбынды төлеп сатып аласың!» деді. Сонда ана жігіт басын шайқап, «Мені сондай өлең жаздырды деп адайлар мылтықпен атады ғой» дегені. – Ондай болса, руға бөлінбей, тыныш жүр, сен халықтың ақынысың ба, екінші рет руды маған айтпа! – деді. *** Төлегенің өзіндік ерекшелігі, ол ойы мен әсерін ең алдымен басында пісіріп, толық жетілдіріп алып қағазға бір-ақ түсіретін. Бәрі миында өңделетін. Есте сақтау қабілеті өте күшті еді. Өзінің жырларын үтір, нүктесіне дейін жатқа оқитын. Ол тұрмақ, замандас ақындардың шығармаларын айтқанда жаңылып көрген емес. Бірде Атырау жақтан оңтүстіктегі Төлегенді іздеп, бір ақынның келгені бар. Арқасы қозған екеуі бірінен-бірі асып түсіп бәсекелесті. Сол кезде Төлегеннің Ілияс Жансүгіровтің «Дала» поэмасын соңғы шумағынан басына қарай жатқа оқығанын көрдім. Сөз жоқ, бұл қайран қалатын ерекшелік қой. *** Төлеген соңғы жылдарда үлкен поэма жазуға дайындалды. Жоғарыда айтқанымдай, әлгі шығарманың жартысынан астамы оның жадында сайрап тұрды. «Жазып қойсаңшы» дедім. Ол «Бастағы дүние қайда кетеді. Үстемеленіп дами береді. Осылай өрбіген күйде толық бітсін» деді. *** Төлеген өлең жазуға кірісерде өзінше күбірлеп, қабағын ептеп түйіңкіреп алатын да, «ешкім ойымды бөлмесін» дегендей отыратын. Ал, жақсы жыр дүниеге келсе, балаша қуанатын. *** Бірде екеуден-екеу қалғанымыз ойымда жоқ, барды қазанға толтыра салып қойыппын. Мұны естіген Төлеген: – Қазір оны жеудің амалын табамын, – деп жүгіріп кетті. Артынша, басына іс түсіп жүрген Құрал деген жігітті дастарқанға ертіп келді. Қонақ жігіт – аудандағы білікті математик, мұғалімдердің бірі еді. Бір болмашы нәрсеге оқытушылықтан шығарылған екен. Ол кеткеннен кейін: – Үрниса-ау, жақсы болды ғой, бұл нар азамат қой, тек соңғы кезде сәл күйзеліңкіреп жүр, түсінемін жанын, – деп ұнжырғасы түсіп кетті. Өзі де жалғызсырап жүргендей көрінді маған. «Астанаға көшу керек екен» деген ой келген. Қайтейін, бірақ Алматының рақаты оған баянды болмады ғой. *** Әлі есімде, ойда-жоқта түскі дастарқан жиналмай жатып, орнынан ұшып тұрып, әрлі-берлі жүре бастады. Мен дастарқанымды тез-тез жиып шығып кеттім. Бір сағат өтер-өтпесте шақырған даусын естіп бардым. Түрі өлең жазуға кіріскендей емес, бір шаруасы бітіп, көңілденген кейіпте екен. «Жан сырын жанар түбіне қымтап қалғанда ойладым» деп өзі айтқандай, жанарында бір ой жасырулы тұр. «Әріге кеткендермен әрмен басып, беріге келгендермен, бермен басып» деді де тоқтап қалды... Және жалғастырар деп күтіп тұрмын. Жаңағы екі тармақты қайта айтты. Сосын: «Түсіндің бе?» деді. Бетіне қарасам, менімен әзілдесіп тұрған сыңайы бар. «Иә, түсінікті» деп едім, ішек-сілесі қатып күлді. Ол күлгенге мен де күліп, шығып кеттім. Сәлден кейін қайта шақырды. «Иә, қойшы, мазақтамай» деп едім, ол «Жоқ, мазақ емес, жаңа сен не айтар екен деп, қалжыңдап тұрғаным ғой, тыңда» деді де, Ғарифолла Құрманғалиевке арнаған толғауын төгілте оқып қоя берді. Енді толық естігенімде, манағы екі тармақ өлең, мені ұшы-қиыры жоқ қиялға шомдырып, өмірдің кейбір мезеттерін ойыма оралтты. Оның толық шумағы былай екен: Әріге кеткендермен әрмен басып, Беріге келгендермен бермен басып. Мен сені қиырыңнан қуып келем, Алдымнан түйдек-түйдек арман қашып. Кейінен естісем, Ғарекең Төлеген туған жылдары үлкен сахнада ән шырқап жүреді екен. *** 1966 жыл. Қаскелеңнен Жұмабай ағаның үйіне көшіп келген кезіміз. Алматыға Сейілхан Құсайынов деген композитор жігіт келген екен. Оны маған Төлеген айта ма, «тез киін» деді. Киіндім. Содан драмтеатрдың шаруашылық есігінен кіріп («черный ход» дейді екен), сол жігітті тауып алды. Таныстырды. Тура директордың кабинетіне кірдік. Барлығы Сейілхан ағамен таныс апақ-шапақ. Театрдан шығып, бәріміз «ГАИ» деп жазылған кішкене автобусқа отырдық. ГАИ милиция көлігі емес, сонда да, мұндай жазуы болған соң, олар ұстамайды екен. Біздің «ГАИ» деп жазылған көлігіміз (Государственный Алматинский Институт) деген сөздің қысқарғаны көрінеді. Соны айтысып, күліп отырдық. Тура «Айнабұлақ» деген жердегі жазғы ресторанға барып, желеу – Сәкеңнің алып келген қара уылдырығын (черная икра) жеу. Сол жердегі жігіттердің бәрі музыканттар, өнер адамдары, мінездері ашық, жарқын. Бір кезде шашлыкқа да тапсырыс берген екен, үйіп-төгіп көп шашлык алып келді. Бәріміз рақаттанып ішіп-жеп болған соң, «Аққайың» деген жерге бардық. Барлық ер адамдар шомылуға кетті. Ішінде Төлеген, Сейілхан аға да бар. Күн ыстық, мен де шешініп, аналар сияқты суға түсейін десем, ойламаған жерден келген соң, купальнигім жоқ. Сондықтан сол машинаны қарауылдап қалған адамдай машинаның көлеңкесінде отырдым. Аралап жан-жаққа жүруге қорқамын. Барлық азаматтар шуылдап шомылып болған соң, келді де, дөңгеленіп тұра қалды. Сол кезде арғы жақтан Ермек Серкебаев аға мен ағайынды Абдуллиннің біреуі қосылып, біз жаққа келе жатыр екен. Қолдарында бір шоқ тау гүлі бар, сонша ер адамның ортасында жалғыз өзім болған соң, ол гүлді маған ұсынды. Төлеген сол кезде Ермек ағасына жалпақтап рақметін айтып жатыр. Содан біраздан соң, бағанағы тобымызбен машинаға отырдық та, біз Сейілхан аға, Төлеген үшеуміз Абай мен Достық даңғылының бұрышынан түсіп қалдық. Ол кезде дворец жоқ, ол жердің төменгі жағындағы арықта су ағып жатады. Сол жерде Нұрсұлтан Әлімқұлов, Шәмші Қалдаяқов, тағы бір СХИ-дың кандидат жігітін кездестірдік. Содан тағы да анау-мынау, жейтін заттар алып, судың жағасына төмен түстік. Мен газводадан стакан ала жүрдім. Сонымен, жайғасып отырған кезде, Төлеген қарап отырмай, Нұрсұлтан ағаның тақиясын суға лақтырып жіберді. Ішек-сілесі қатып күліп, жаңасын әперемін деген болды. Нұрсұлтан аға бірден «Бұл – ырымға жаман» деп өкпелеп қалды. Қысқасы, жақтырмай қалды. Содан отырыстың шырқы бұзылды. Көп отырмай, бәрі тұрды да, қырға өрмелеп жоғары шықтық. Төлеген, Шәмші, Сейілхан аға, мен – төртеуміз бір таксиге отырып, екінші темір жол вокзалының ресторанынан бір-ақ шықтық. Ол жерде ішіп-жеп болған соң, бір таксиді ұстаған едік, Шәмші «Мені СХИ-дің қасына апарыңдар» деді. Айтқанын екі етпей, апарып тастадық та, үшеуміз Әзидолла Есқалиевтың үйіне бардық. Ол үй өте жақсы күтіп алды. Әзекең бірнеше күйін шертті. Одан Сейілхан аға бірнеше күй шертті, қысқасы, өте әдемі отырдық. Түнгі сағат бірлер шамасында қайтуға айналдық. Үшеуміз таксимен Жұмабай Тәшенов ағаның үйіне келдік. Жеңешем Төлеген екеумізге ғана төсек қалдырған екен, үшеуміз жата кеттік. Төлеген: «Бірің қорықсаң, мына жағыма жат, бірің қорықсаң, мына жағыма жат» деген екен бір қорқақ» деп екеуміздің ортамызда сыбырлап күлдіріп жатыр. Сонымен, бір күні Сейілхан ағаға өлеңмен он жеті шумақ хат жазды. Қазір сол өлеңнен қысқартылған шумақтар жарияланып жүр. Екеуі екі жақта болған соң ба, тынбай хат жазысатын. Қазір Төлегеннің архивінде Сейілхан ағаның бірнеше хаты сақталған. «Покровка» деген жерде Төлегеннің апасы – Жамал апай мен сол кісіге күйеубала болған Жарас деген інісі тұратын. Сарыағаштан жаңа келген кезіміз. Сол апайдың үйіне жиі барамыз. Бір күні 42-ші автобусқа көп кісілермен кірдік те, қолымызда Дәурен, жетегімізде Салтанат болған соң, маған алдан тез орын берілді де, Төлеген дүрмекпен соңғы жаққа қарай жылжып кетті. Біраздан соң, адамдар сейіле бастаған кезде, Төлеген қайда екен деп артқа қарасам, автобустың соңғы жағында арабтың бес-алты жігіті отырған екен, соларға Төлеген қосылып кетіпті. Маған олар қызу әңгіме үстінде кұсап көрінді. Төлегеннің араб тілін білмейтінін білемін, бұлар қайтіп түсінісіп отыр екен деп, ішімнен таңқалып отырдым. Автобустан түсерде әлгі арабтар Төлегенмен шала орысшаларымен, қимастықпен сүйісіп қоштасып жатыр. Беттерінде Төлегенге деген ынтықтық, ризашылық та бар. Машинадан түскен соң, жолда: – Әй, ана жігіттерді неге сонша өзіңе қиылдырып қойдың? – дедім. Сөйтсем, Төлеген олардың арабтар екенін білгеннен соң, танысу үшін «Құлқуалладан» бастаған. Өзі шалдың баласы болғандықтан ба, кейде үйде ешкім болмаса, мен иіс шығарсам болды, мені таң қалдыру үшін молдаға құсап отырып, қырағаттап Құран оқи жөнелетін. Мен ол кезде Құранды онша біле қоймаймын, «Құлқуалланы» үш қайырып, «субханалламен» бітіретінмін. Осы Құран білетіні оған көмектескен екен. «Құранды жайлап қырағаттап оқи бастаған едім, олар да қосылып кетті, сөйтіп олармен тіл табысып кеттім де, оларға мұсылман екенімді осылай түсіндірдім, кейбір мен оқыған сүрелерді олар да оқып қызық болды» дейді. *** Бір күні Жұмабай Тәшенов ағаның үйіне барып отыр едік. Аға Төлегенге «Бір ақынның мерейтойын өткізіп, толық жинағын шығару үшін он төрт ақынның кітабы сызылды, сен де барсың-ау деймін», – деді. Ертесіне Жазушылар одағына барып білсе, Төлегеннің де кітабы сызылған екен. Бұл – 1966 жылдың октябрь айы. Жинақ жыл жоспарына ілінбепті. Бұл оған жалғыз шешесінің қайтыс болғандағы күйігінен кем түскен жоқ. Түкке зауқы соқпайды, әбден құлазып кетті. Күнде Жазушылар одағына жүгіреді. Онысынан ештеңе шықпайды. Біздің де әбден берекеміз қашып бітті. Ол жалғыз еді. Қарақалпақстандағы бірге туған апалары да сүйеніш болудың орнына: «Сен көз алдымызда жүрмей, Алматыға кетіп қалдың» деп кінәлайтын. Сол себептердің бәрі оған бір күні: төбесіне «Ғафу Қайырбековке» деп, «Жалғыздық» деген өлеңін жазды. Болғанмен бойда қандай күш, Не жетсін, бауырың болғанға?! Жападан жалғыз мен байғұс, Келе жатқандаймын орманда. Жаралып па ем деп жейдемен, Тас-талқан болам кейде мен. Мен – жерге түскен жалғыз дән, Жапырақтардан сөйлеген. Сыздауы менің арқамнан, Өтпеген, сірә, жон бар ма? Суындай таудың тарқалған, Адастым талай жолдарда. Кешетін сазды етікпен, Басында ердің аз ба күн? Осынша арманды ертіп мен Теңізде қирай жаздадым... Қайтейін, қайран, құрбым-ай, Күн кештім маңдай терменен. Жыласам қой дер бұл Құдай, Аға да маған бермеген. Шығам деп шырқап асқарға, Тайғанда табан тастарға. Сүйендім арлы достарға, Армандай қарындастарға. Сүйендім сенбей жалаға, Алыстан жеткен хаттарға. Баламнан кіші балаға, Әкемнен үлкен қарттарға. Жарған ем бүршік, жанардың, Жалынын балап арға мен. Арқасыменен солардың Аунаттым талай қарға өлең... Секілді менің тағдырым, Тағдыры корабльдердің. Сан кепті менің жаңбырым, Көзінде лала гүлдердің. Көктемдер жетті мені іздеп, Тұндырып сайға салқын қақ. Сөйледім Қара теңізден, Қара семсердей жарқылдап. Қуатыменен қос қолдың, Қала да болдым қамалсыз. Балға да болдым, төс болдым, Қайрақ та болдым, амалсыз. Теріс те борап ұштым мен, Көтеріп бәрін еңсеммен. Күндерде осынау үстімнен, Үкілі бақтар теңселген. Десем де жауған оқтарға, Жауынгер болсаң, жалғыз бар. Кейде амал таппай тоқтарға, Қаламын соқса жанға ызғар. *** Дүние саларынан екі-үш ай бұрын, түнде ұйықтап жатқан жерімнен оятып алып, өлең оқыды. Түріне қарасам, онда ұйқының нышаны да жоқ. Күні бойы бала-шағаның қамымен жүгіріп, қажып, шаршаған маған мұнысы әуелі ұнаған жоқ еді. Біртіндеп менің ұйқым да шайдай ашылды. Алдын бір тыңдағанмын, онда отыз-қырық шақты шумақ еді. Енді мұндағысы жүз жетпіс төрт шумақтан тұратын үлкен поэма екен. Үйлесімді ұйқастар мен тың теңеулер тұнып тұр, басынан аяғына дейін жатқа оқыды. Сонда: – Мұны ойыңда тұрғанша қағазға түсіріп қойсаңшы, әйтпесе, мен жазайын, – деп едім: «Сенің ойыңша, бұл қазір пайда болып, қазір жоқ болатындай көрініп тұр ғой. Мен оны толғатқалы қашан!» деп әзілге айналдырды. «Мына дүние жақсы ғой, жинақты шығарудың сарсаңына түскенше осылай жаза берсең болмай ма?» дегенде, маған мынадай уәж айтты: «Иә, сен анау етті асыпсың делік, неге сен сонымен қатарласа басқа да тамақ жасай бермедің? Пісірілген ет желінсе екен дейсің. Творчество да сол сияқты, әуелі ана жинақ шықсын, өлең оқушысының қолына жетсін, сонан соң жаның жай тауып жазуға ынтыланасың», – деді. Мен тыңдаған сол поэма өзінің ішінде кетті. Қазір қатты өкінемін. Бірақ «өкініштің орны толушы ма еді?» десе, Мұхтар аға: «Төлеген дүние салардан бірнеше ай бұрын жаңа поэма жазып жүрді. Бір кеште Үрниса (ақынның жары) екеумізге поэманың дайын болған алғашқы бөлімінің отыз-қырық шумағын жатқа айтқаны бар. Бұл шығарма сөз жоқ ақынның зор табысы болар еді. Бірақ қағазға түспеген күйі өзімен бірге кетті... *** Өмірінің соңғы жылдарындағы бар арманы – «Құмдағы мұнараларды» жарыққа шығару болды. Қайтыс болардан бір-екі жыл бұрын баспаға өз қолымен тапсырып кеткен «Құмдағы мұнаралар» деген жинағын, өзі өлген күні графикке қойып шығарып жіберді, соның аз да болса қаламақысы өз басына тас қоюға бұйырды. *** Әйелдер мерекесі келе жатыр. Төлеген де, мен де жұмыссызбыз. Өзімізбен салыстыратын адамдарымыз – үйі де жоқ, оқуды да бітірмеген, өздері пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жастар. Біздің оларға қарағанда үстінен қыста тамшы тамса да, нашар болса да, бізге «үйді босат» дейтін кісі жоқ, соған қатты қуанамыз. Жинаған дүниеміз де жоқ. Сол үйдің өзін қарызданып сатып алғанбыз. Ол қарыз алған адамдарымыз Төлегеннің болашағына сеніп, оның кітабы шыққан соң құтыласыңдар деп ұзақ мерзімге берген. Біз үшін ол ақша тегін сияқты. Екеуміз отыра қалып ойласамыз. «Бір үйді бір адам да асырайды. Біз болсақ екі адамбыз, бес баланы үйге қамап тастап, мен жұмысқа шықсам деп қоямын. Ал сенің тапқаныңды қарызға берсек, кітап неше жыл жоспардан өтпей қалса да, қарыз берген кісілерді ренжітпес едік» деймін. «Кедей күнде байиды» дегенді біріміз ұмытсақ, екіншіміз айтып күлеміз де, ештеңе ойламаймыз. Бір күні мен оған «осы қарыздан тез құтылар едік, мына балалар егіз болып шаршатып тұрғаны-ай. Егер жалқы болса, кім болса соған елу сомға бақтырып, жұмысқа шықсам, қара жұмыс болса да жүз елу сом тапсам, жүз сомымен күн көрсек. Сен жұмысқа орналаспасаң да, өлеңіңді жаза берсең болар еді» деп едім. Сонда ол маған мынадай тоқтау айтты: – Сен неге бостан босқа тарығып отырсың? Тек аман болсақ, болғаны, қазірше жейтін тамағың бар, қазірше киімді ойламай тұра тұр. Кітап шықса, бәрі де орнына келеді. Бізге жаратқан перзент беріп отыр. Мен жеті атадан жалғызбын, менің айналамда осылар өссе болды. Қазірше мыналарға ренжімей қара, әрқайсысын тілеп алғаным жоқ деп жекіме, мен тіледім» деп қамығыңқырап қалды да: «Ертең – менің туған күнім. Соған дайындалайық» дегені, бұл – жетінші наурыз болатын. «Егіз қыздың жаялығын жуып, кептіре алмай, жылт еткен күннің көзіне қайта-қайта алып шығамын деп жүріп, менің екі қолым ауырып қалды. Мен саған көмекке екі қыз алып келемін» деп ол тез арада өзіне керекті ақша және сөмкелерді қолына алып шығып кетті. Кешке қарай екі қыз бен бір жігітті ерте келді. Бәрінің қолында көтерген заттары бар. Сол қыздар ертеңгі туған күнге дайындыққа көмектесті. Ал, қасына ертіп келген жігіт Марат Отаралиев екен, оны дүкенге ала кетті. Және де туған күнге қонақтарды шақыра келетін болды. Сол жолы туған күнін ылғи өзінің жолдастарымен өткіздік. *** 1967 жыл. 1-мамыр мерекесі күні ешкімді де үйге шақырмадық. Өзіміз де еш жаққа баруды ойластырған жоқпыз. Күнде үйден қонақ үзілмейтін. Сол күні екі қыз бесікте, екі бала ойнап жүр. Таңертең Төлеген орнынан тұрды да, шайланып болған соң, өзінен өзі үйге сыймай, не істерін білмей, біртүрлі көңілсіздік күй кешті. Барды да төсегіне жатып қалды. Мен балалармен әлекпін. Түс ауа берген кезде үйге бір жолдасы келді. Ойпырм-ай, қуанғанын көрсеңіз, өте көңілденіп кетті. Жаңағы жолдасына «Мені алып кетейін деп келдің бе?» деп жиналып, киіне бастады. Сағат екінің шамасы, екеуі шығып кетті. Енді мені біртүрлі ойлар қамап, не істерімді білмей отыр едім. Көрші тұратын студент келіп «Мерекеге аға екеуіңіз үйге жүріңіздер, қонаққа шақырып келіп едім» деді. Рақметімді айтып, «Төлеген жоқ, мен балалардан шыға алмаймын, тастап кететін адам болмай тұр» дедім. Көп өтпей, шешесімен келіп тұр. Шешесі: «Балаларды мен қарап отырамын. Сен жалғыз үйде отырасың ба, одан да біздің үйге жастарға бар, мерекелеңдер» деп қоймады. Мен киіндім де, көршінің үйіне бардым. Ән айтылып, күй шертіліп, дастарқан басы өте көңілді екен. Мен де қалыспай, әзіл-күлкілерді жібермей араласып отырдым. Сол, бес шамасы болатын, үйден хабар алайын деп есіктің алдына шығып едім, жаңағы қонақта отырған жігіттердің біреуі қызыңқырап қалған, жасы менімен қатарлас, тиіп тұрған үйге шығарып салмақшы болып бірге шықты. «Мен осында тұрамын, рақмет, қайта қойыңыз» десем, қояр емес, мен ыңғайсызданып тұрмын. Әлгі көнбейді, содан соң қаттырақ сөзбен қайтаруға тура келді. Үйге кіргенім сол, Төлеген де келіп қалды. Көрші екеумізді қонаққа шақырғанын, содан мен үйге оралғанымды айтып жатырмын. Есіктен қарап тұрды да, қайта шығып кетті. Бұл қайта көршіге бара жатқан болар, жаңағы жігіттерге күйеуімді көрсетіп, мысын басып тастайын деп арқасынан сәл кешігіп ере шықтым, менің шыққанымнан ол бейхабар. Ол көршінің үйіне емес, төмендеу тұратын бір үйге кіріп кетті. Мен далада күтіп тұр едім, екі бала шауып жетіп маған келді, екеуін ертіп жаңағы үйге кірдім. Бағанағы ертіп кеткен жігіт мен кіріп келгенімді көргенде қатты қызарақтап, қысылып қалды. Төлеген бір қызбен отыр. Не дерімді білмей қалдым. Артқа шегіндім де, балалар көріп қоймасын деп, екеуін жетектеп, тез қайтып кеттім. Үйге келе жатырмын. Енді ашу мен қызғаныш қыса бастады. Аяғым жерді сезбейді. Кірдім де киімдерімді, құжаттарымды ыңғайластырып бір чемоданға салып жатып ішімнен ойладым: «Мынау не тіршілік, бұған барлық баланы да, үй-жайды да тастайын да кетейін. Не істесе, сол істесін» деп іштей ашуға бастым. Сөйтіп жатқанда ол даладан кіріп келді. Мен оған жай ғана: «Сенің ішкі дүниеңді мен байқамаппын, сен «жалғызбын, жалғызбын» деп қоймаған соң, бес баланы дүниеге әкелгеніме сен кінәлісің! Енді бәріне ие бол, елге апарып тастайсың ба, не «шешесі тастап кетті» деп детдомға бересің бе, өзің біл! Мен төркініме баратын әйел емеспін. Өз күнімді өзім көремін» дедім де жинала бастадым. Төлегеннің үгітіне көнейін десем, іс-әрекеті, ойым, өкпем – бәрі мойын бұрғызбай тұр. Кетіп қалайын десем, арғы жағы қиын тіршілік, айтуын айтсам да балаларды қайтем, не істерімді білмей, тұрып қалдым. Еркек басымен жалынып ол тұр. Бір кезде сонша шаршау, ашу бәрі-бәрі қосылып кетті ме, көңілім езіліп, көзімнің жасы көлдей болып, бірінші рет жыладым. Бұл оқиға есіме түскен себебі, сол күнгі жылауым түк те емес екен ғой. Нағыз жылау ол кеткеннен соң басталды емес пе?! *** – 1967 жылдың шілде айында Төлеген Жазушылар одағына жұмысқа алынатын болды. Бұл ұйғарым оны қатты қанаттандырды. Ол өмірге ғашық көзбен қарайтын болды. Әр күнді үмітпен, арманмен қарсы алатын. Енді өзі туған Қарақалпақ жеріне барып, ата-анасының қабіріне тәу етіп қайтуға жолға шықты. Бірақ жұмыс әбден сарғайтып келді, жүйкені мықтап тоздырды, – дейді анам. Осы кезең туралы Әбіш Кекілбаев: «Мен онда бұлай боларын білген жоқпын. Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы еді. Алматының әсем бір таңында Жазушылар үйінің алдында оған жолықтым. Қайқы төсін жасыл теректердің арасынан жасырынып ескен майда лепке тосып, алыстан менің келе жатқанымды көріп, амандасқалы тоқтаған екен. Бұрын ылғи жолыққан сайын, Жазушылар одағының фойесіндегі шеттеу орындыққа жайғасып алып, ол маған Қашағаннан жыр соғатын. Сол әдетіммен: «Қалай, Қашекеңді айтасың ба?» деп едім, ол: «Қызметке орналасатын болдым, бүгін-ертең бір-екі ақынды ертіп, Қарақалпақстанға жүрмекпін» деп асығыс басып, қоштасып жүріп кетті. Мен бірақ ол кезде оның мәңгілікке қоштасқанын білмеппін», – дейді. *** Төлеген екеуміз ақшаны бөліп алдық. Мен сол жолға жетерлік жиырма сом алдым да, оған сексен сом тастадым. Ташкенттің Бостандық ауылында әкем бар. Сол кісіге сеніп бара жатырмын. Егіз қыз бен Махаббат сонда қалған. Поезд осы жерден жүретін болғандықтан, бір сағаттай бұрын вагонға кіріп жайғасып алдық. Шығарып салушыларға «қайта беріңдер» дедім. Төлеген науқас, оған «дәрігерге бар» деп тақап айттым. Ер адам болғасын қалтасы өзіне жетерлік босын деген ой менде. Бір кезде вагонның терезесін соққылап әйел даусы айғайлап тұр. Төлеген бізді поезға шығарып салып, апама сексен сомды қайта ұстатып жіберіпті. Мен шығарып салған адамдарды қайтарып жіберген сол, көл-көсір болып жылайын, көзімнен жас тоқтар емес. Енді апамның даусын танып тұрмын. Сасқалақтап, бетімді тез сүртіп, терезеге келсем, апам есікке кел деп, мені ашық тұрған есікке шақырды. Барсам, «Мынаны Төлежан саған беріп жіберді» дейді. Шалының аты Төлеген болғандықтан, әрі апасы, әрі анасы, үлкен апайы. «Мен алмаймын, оған ақша керек қой» дедім. Сол кезде ол: «Бармыз ғой, ала берсейші. Маған сөйлеп жүрер, ал» деп жүгіріп келгендіктен ентігіп тұр. Содан әлгі ақшаны алып қалдым. Апама «Тез барып ананың жағдайын істеңіз, айран қатқан көже керек пе?» деп қойдым. «Ауа, ауа» деп ақшаны берген соң, көп іркілмей жүгіріп, кері қайтып кетті. Мен қайтып келіп, орныма отырғаным сол, көзімнің жасы парлап тоқтар емес. Купеде бір ғана жігіт жатыр, қалған орын – бос. Салтанатқа балалар билетін алғанмын. Қысқасы, басқа купелер туралы ойымда ештеме жоқ. Сонымен, мен тоқтай алмай, Хожа еліне дейін еңіредім. Содан бойымды жинап балаларға, өзіме карайын деп икемделгенім сол, жаңағы жігіт тез шай алып келді. Хожа елінен жерге түсіп, балаларга керекті ұсақ-түйек зат алып шығыпты. Балалар мәз, мен еңіреп отырған кезде, ол жігіт екі баланы ойнатып, вагонның дәлізінде жүрді. Қауын, қарбыз да алған, қысқасы, төртеуміз отырып шай іштік. Енді танысып сөйлесе бастадық. Қазақ емес, түсініспеген жерін орысшалап сөйлесіп отырмыз. Ол сұраған соң, мен бес баламның бар екенін, өзімнің отыз жаста екенімді, күйеуімнің ауырып қалғанын, оның іссапарға келіп, ауруханаға түскенін, осы жер елі екенін айттым. Өзі «Мен әлі үйленген жоқпын. Самарқанда тұрам, әке-шешем бар, вахтада он бес күн жүмыс істеп, он бес күн демаламын» деді. Содан әр түрлі тақырыпта сөйлесіп отырдық. Үлкен аялдамада жерге түсіп, балаларға керектіні үйіп-төгіп алып келеді. Ақша берсем, алмайды, ол кезде поезд екі жарым сөтке жүретін. Қысқасы, Самарқанға барғанша бізге қызмет көрсетіп, Салтанат пен Дәуренді ойнатып барды. Мен екі баламен Ташкентке жеттім. Үйге келсек, егіздің біреуін ауруханаға, екіншісін тәуіпке алып кеткен екен. Кішкенелер қатты науқастаныпты. Інімді қасыма алдым да, ауруханадағысын шығарып алып, Алматыға қарай шығып кеттім. Жол бойы өлтіріп алсам, кайтем деп қорқумен жеттім. Әкеліп екеуін де ауруханаға салдым. Ендігі есіл-дертім екі қыз болды. Алғашында Төлегенге ештеңе айтпадым, өзі ауырып жатқанда қосымша болмайын деп. Оның қатты уайымдайтынын жақсы білем. Ол ана жақтан хат жазады, мен жауап жазуға да қорқам, қалай балалар аман-сау деп айтам? Қыздардың жағдайы нашарлай бастаған соң, айтуыма тура келді. Екі қыз – ауруханада, екі бала – үйде. Махаббат – анамда. Таңның атысы, кештің батуы – бір тыным жоқ. Сол күндер азапты сияқты көрініп еді, ол да түк те емес екен... Бір күні Нөкістен менімен телефон арқылы сөйлесті. Бірден «Екі қыздың хәлі қалай?» деді. Мен екеуінің де хәлі нашар екенін айттым. Ол тыңдап болды да: «Жарайды, көп қайғырма, жағдай қиындап бара жатса, маған шұғыл телеграмма сал. Қалаудың (Қалаубек Тұрсынқұлов) үйлеріне Қуанышбайды жүгіртерсің» деді. Қуанышбай немере інісі болатын. Ол әкесінен он сегіз күндігінде, шешесінен үш жарым жасында жетім қалған. Мектеп бітіргеннен кейін, біздің Салтанат үйге келді. Төлеген телефон арқылы оның жағдайын да сұрастырып, маған кеңес берді: – Қуанышбайдың документін СХИ-дан ал да, кез келген жоғары оқу орнының кешкі бөліміне тапсырт. Өзім де жиырмаларынан әрі барып қалармын. Жазған әр хатында да маған інісін көп тапсыратын. Сол сапардан Төлеген оралған жоқ. Ағалы-інілі бірін-бірі көре алмай қалды» дейді. Анамның айтқан естеліктеріне байланысты, осы жерде, мен сол кездегі әкемнің Қарақалпақстаннан анама жазған хаттарының түпнұсқасын толығымен ұсынғым келіп отыр: «Аман-саумысындар? Балалардың дендері сау ма? Бөрібектің үй іштері аман ба екен? Ал, Үрниса, сен кеткесін мен екі-үш күндей Оразғалидікінде жатып, Дауылбайды шақыртып алып, емделіп ем, бірақ Дауылбай, Никитинада ауруханаға жатып, 10-15 күн емдел, жақсы болып кеткен соң, жұмыс істейсің деп болмады. Солардың айтқанын қылып 28 (шілде) июль күні келіп ауруханаға жаттым. Мақпалша да, Балхия да – екеуі де келіп көріп кетті. Тамақ тасушылар көп. Дәрі қазір жағып жатыр. Күніне 2-3 рет глюкоза, тағы басқа нәрселерден укол салады, бәрі де әсер етуде, ішім де қайтып келе жатыр. Мен де врачтың айтқан режимін ұстап жатырмын. Сен енді әзірше менен қауіптенбе, переговормен де сөйлесермін. Қазір Алматымен –Шакеновпен РК- ның учетынан сөйлесуді күтіп отырмын, түнгі 12-де. Оған жағдайды, жұмыс бабын өзім айтам. Қуанышбай бізге біратала келіпті, мына үйімен шығыспай кетіпті. Олар бізге жолатқысы жоқ екен, бала ағамды табам, оқымасам да, соның есігінде жүрем деп серт айтып кетіпті. Ауруханаға Ұштап келіп айтты. Сондықтан мен барғанша бар қамқорлықты жасай бер. Оқуға түссе, құба-құп, түспесе де барғасын аманшылық болса, бір есебі табылар. Түсе алмаса, үйге учетқа отырғыз. Жұмыстың тамашасын өзім барғасын тауып берем. Ал енді балаларға, бәріне де қарай бер. Қысқасы, менің денсаулығым жақсарып келеді. Мен де көп ұзамаспын. Қоңырат бітті, мынадан шықсам, Нөкісті тез бітіріп барып, үй жағдайын, қаражатты бір жөнге салып қайтармын. Балаларды мен болып сүй. Кеңсе үйдің, Жәлел, Қуаныштың жағдайларын айтып, ауруханаға, Катираның атына хат жаз. Сәлеммен, Төлеген. 29 июль, түнгі 1. Үрниса! Өзіңнің, балалардың дендері сау ма? 30 июль күні Кеңес Сәрсекпен сөйлескен екен. Сені Алматыға, үйге барды деп айтпапты, соған қарағанда неге іркілді екен деп тынышсыздандым, ал менің жағдайым қазір өте жақсы деуге болады. Өзгеріс, баяғы Наурызбай досымыз (минздравтағы) республиканың главный терапевты екен. Сол арнайы сан самолет жіберіп, мені 31 июль күні Нөкіске алдырды. Әзір басқа да тәжірибелі врачтар бар екен, қарап жатыр. 7-8 күні сауықтырып, аяғына мінгіздіріп жібереміз деп жатыр. Өз чувствам жақсы. Өз жоспарымда ең кемі 10 августқа дейін жатсам деген ойдамын. Орал үй-ішімен тік тұрып, ертелі-кеш хабар алады. Тамақ толып тұр. Көбей, Керей, Орақ т.б. әкеп жатыр. Жалпы, еш нәрседен қиналып жатқаным жоқ. Аз жатсам болмайтын да, қазір тіпті осы 7-8 күнде атқа мінгендей болдым. Еш жерім ауырмайды. Енді сен былай қыл: Балалар тарықпасын, өзің де ешкімнен ақша сұрама, тым болмаса Қуанышбайдан ала тұрарсың. Барғасын бәрі де ретке келеді. Қуаныш та, Кенес те қасымда бірге жатыр. Менің сендерге переговорға шақыруға, ауруханада болған соң, сыртқа шығуға мүмкіндігім жоқ. Сондықтан сен Оралдың үй адресіне бәрін айтып, жағдайларыңды толық баяндап, хат сал. Нөкіс, Парковый тупик. Демегеновой Орал де. 24 күні жазып, 30 күні салған хатым барған шығар, бұл осында келгесін жазып отырған хатым. Жұмыс жағдайын өзім реттеймін, оған бас ауыртпай-ақ қой. Басқа хабар жоқ. Қуаныштың түсіп кетуіне көмектесу жағын қарастыр, СХИ-ға документ тапсырып қой. Енді ол көрсе де, көрмесе де бізге біратала келген бала. Әнеукүнгі хатта айттым ғой. Балаларды мен боп сүй. Сәлеммен, саулықпен Төлеген Айбергенов. 2 август, 1967 жыл. Үрниса! Үй-іші, балалардың дендері сау ма? Сенен не онда, не мұнда ешбір хабар болмай жатыр ғой. Менің жағдайым жақсы. 31 июль күні ауруханаға Нөкіске келіп түскем, өте жақсымын. Ішкі суды айдайтын түрлі дәрілер, уколдар беріп жатыр. Бір түрі әсер етпеді, бүгін 2-түрі, басқа біреуін салды. Әлі результатын берген жоқ. Жалпы, жақсы Балхия, Төлеген, Қуатпайлар Нөкіске келіп кетті. Мақпалша жаңа Қоңыраттан телефонмен сөйлесті. Балхия әлі Оралдікінде, әлі кеткен жоқ, бүгін Артығалы мен Зәбира келетінге ұқсайды, менің тап сондай науқасым жоқ, сонда да көңіл білдірейін деп жатқан болу керек. Қуанышбай Сельхозға резерв болса да түссін, сонан соң реті келер. Мен мұнда сол 13-15-теріне дейін жатпақшымын. Еш жерім қинап зерігетін де жағдай жоқ, тек балаларды сағындым. Қажетті қымбат дәрілерді Көбей мен Наурызбай тауып беріп тұр. Бүгін переговорға шақырып, Қатира сенімен, Ташкентпен сөйлесетін шығар. Екі жарым айға усовершенствованиеге бүгін ұшып кетті. Маған сен бар жағдайды баяндап Оралдікіне хат жаз, басқа хабар жоқ. Болғанымша хабарласып тұрмын ғой, балаларды мен болып сүй. Үйге кімдердің келіп, кеткенін де қалдырмай жаз. Сәлеммен, Төлеген Айбергенов. 7 август. Үрниса! Саумысындар! Балалардың дені сау ма? Сенен мұнда Оралдікінен әлі хат келген жоқ. Сонда да бүгін 4-хатты жазып отырмын, бір телеграмма да жібердім. Менің жағдайым жақсы, бір аптадай әлі жатамын. Бәрі аманшылық. Кеше Алматыдағы Бас бастығыммен сөйлестім, біз де жақында барамыз. Командировкаңды продлить етермін. Сен сонда біз барғанша бола бер, бізді бастап алып қайтасың деді, сондықтан сені беспокойт етуіңе тура келер. Сірә, Үсендер (Қатша апамның баласы) Ұл той беретін болып, соған Балқия мен Мақпалша Оралды шақырған. Маған өкпелей көрмеңдер. Соған бәріміз барамыз деп решение жасадық. Тойы 16-сы көрінеді, аналар мал әкелетін болды. Ал енді бүгін сені мен переговорға шақырамын ба деп отырмын. Қалған сөзді сонда айтамын. Балаларды мен болып сүй. Менің денсаулығым жақсы. Ақша жағдайынан қысылып жатсаң, айт. Басқа хабар жоқ. Сәлеммен, Төлеген Айбергенов. 9 август 1967 жыл. Үрниса! Аман-саумысындар. Балалардың дендері сау ма? Сенің жазған хатыңды да (10.08. 1967.) кеше алып, қуанып қалдық. Кеше обкомнан бір машина алып, ішіне Оралды салып, Мақпалша мен Балқия екеуін, екі мал мен мына Үсеннің тойына алдыртам, өзім де рұқсат алып, бүгін кеште барып, ішінде мүмкіндігінше болатын болып отырмын. Ал денсаулық мәселесі дегенмен, жеңіл де емес екен. Режим сақтап тынығу жақсы, пайда беріп жатыр. Су азайып келеді, бірақ длительный процесс көрінеді. «Сен Алматыға кет, сонда жақсы дәрілер бар, біз направления береміз. Бізде ондай дәрілер жоқ» деп кей врачтар айтып жатыр. Дегенмен, менің жақын арада оны тыңдайтын түрім бар. Мына мәселені бір жақты қылу керек, жалпы емделу керек, бірақ қорқынышты емес деп жатыр. Өз самочувствиям жақсы, жайшылықта былай жүрсем білінеді деп айтпаған да болар ем. Емхана сөзі басқаша ғой. Сен енді менен уайым шеге бермей, өзді өзіңмен бола тұр, ақша, қаражат жағы да бір ретке келер. Мен ана қыздар өліп қалса, соның ретін қалай табады деп уайымдап жатырмын, ең басты қайғы сол болып тұр. Жасырмай айтсам, өз ойым осы, маған жалпы ойлануға, қайғыруға болмайды дейді врачтар. Қатты ойлансаң, су толып кететін көрінеді. Бұл жалпы ауру асылы суықтан, ойлаудан екен. Сондықтан өзімде сақтанып жүрмін, ал ең бастысы, көңіл-күйім жақсы, денем сергек, еш жерім ауырмайды. Ішкі организмім отлично істейді, аппетит деген тамаша, тағы да хат жазамын ғой, сен ойланба, переговормен де сөйлесемін. Сұрағандарға тегіс сәлем де, Қуаныш жүре берсін. Сәлеммен, Төлеген. Кеңес 3 күні ме, сол ертеңіне ме, мекен-жайын беріп, бар хабарды айтты, Қуаныштың паспортын тез жіберемін, өзім де саған келіп-кетем деп кеткен. Дәулеттен хабар алдым, тілектестік хат жазғаны үшін, үлкен рақмет! Мен де амандығына тілектеспін! деп жазды де.- 08. 1967 ж. Айбергенов
Жазып алып, өңдеген
Салтанат АЙБЕРГЕНОВА
qazaquni.kz