Мәриям Алданқызы: Сабыр – оған Алланың берген сыйы
2021 ж. 17 қаңтар
4283
0
Мәриям Алданқызы, педагог, Қаз ССР оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері:
Сабыр – оған Алланың берген сыйы
Үмбетбай Уайдин – қарымды қаламгер, ұлағатты ұстаз, ғұмыры ғибратты ғалым, сатира сардары. Ол саналы ғұмырын ұлтымыздың ұлағатты ұрпағын тәрбиелеуге арнады. Сондай-ақ қазақ сатирасы мен журналистикасының өсіп-өркендеуіне һәм дамуына ерен еңбек сіңірді. Тырнақалды туындысынан бастап, ақтық демі біткенше, «Ендігісін айтпаймын», «Ішің білсін», «Қара көзілдірік», «Контейнермен келген кемпір», «Тілсіз қоңырау», «Быды-быды», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Пәлен-пәштуан», «Алло, бұл кім?», «Мәңгілік мәселе», «Сен кімге күлесің?», «Особая столичная простокваша», «Әдеп әлемі», «Біз осылай байыдық», «Сырымды айтайыншы», «Инабат иірімдері», «Өмірге құштарлық» тағы басқа сатиралық һәм публицистикалық кітаптар жазды. Әртүрлі тақырыпта жазған туындылары мен басылымдарға берген сұхбаттары қаншама жинақтарға енгізілді. Егер тірі болса, қазақ сатирасының қара нары 85 жасқа толар еді. Амал нешік, торқалы тойын өзі сүйген, еркелеген қалың елі – қазағымен бірге тойлауды тағдыр жазбапты. Осы мерейтойға орай біз жазушының жары Мәриям жеңгеймен әңгіме-дүкен құрған едік. – «Қызды кім айтпайды, қымызды кім ішпейді» деген сөз бар қазақта. Бұл – өмір заңы! Дей тұрсақта отағасы екеуіңіздің өмір жолдарыңыз қалай түйісті? Оған кім себепкер болды? – Біздің өмір жолымыздың түйісуі тура осы қағидаға келіп тірелетіндей. Бұл өзі ұзағырақ әңгіме, оқырманды жалықтырып алмасам болғаны. Біз екеуміз де – адам жоғалтқан тағдырласпыз және бір өңірденбіз. Жерлеспіз. Яғни, Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданынанбыз. Әңгімемді әріден бастайын. – Құлағымыз сізде... – Ол кезде мен Ырғыз ауданының орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім едім. Жұбайым аудандық комсомол комитетінің хатшысы болатын. Кейін аудандық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болды. Алты жарым жыл отастық. Жұбайым жол апатынан қаза болды. Есеңгіреп қалдым. Жанашыр жақындарыммен мектеп ұжымының, сондай-ақ жұбайымның туыстарының арқасында есімді жидым. Жылдық асы өткенше қара орамал тартып, жоқтау айтып, аза тұттым. Одан кейін өмірге етене араласып кетуіме себеп болған – Тойған апам. Ол кісі сол кездегі аудан басшыларының бірі – аудандық партия комитетінің идеология хатшысы болатын. Уақыт өте келе, сол кісілердің ортасында, яғни үлкен аға-апалармен бірге қонаққа шақырылатын болдым, бірге жүрдім. Міне, мен осындай ортаның үлгі-өнегесін алдым. Жоғарыда айтқанымдай, жұбайымның жылы өткеннен кейін, бір күні үйге Тойған апам келді. Ол кісі – әңгімесін алыстан орағытып отырмайтын, тіпті, көңіліңе де қарамай, бетіңе тіке айтатын, өткір тілді, ер мінезді адам. Орындыққа жайғасып отырғаннан кейін: – Алматыда Уайдин деген жазушы жігіт бар, әйелі қайтыс болған, мен оны танимын, – деді. Қысқасы, ол кісінің әңгімесінен түсінгенім, апам Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқып жүрген кезінде, КазМУ-да оқыған Үмбетбаймен жерлес ретінде араласып тұрыпты. Бір реті келгенде, Үкең менің апама елден балаларына ана, өзіне лайық жар табылса, отау құрғысы келетінін емеурінмен айтқан екен. Сонымен, бұл әңгіме «қызды кім айтпайды, қымызды кім ішпейді» дегендей сол күйінде қалды. Одан кейін де екі жыл сырғып өте шықты. Әлгі әңгіменің ұмытыла бастаған кезі. Бір күні үйге жақсы араласқан жора-жолдастарымыздың әйелі келді. Байқаймын, бір әңгіме айтуға батылы жетпей тұрған секілді. Бұйымтайын сұрадым. Сөйтсем: бұдан екі жыл бұрынғы айтылған әңгіменің жаңғырығы болып шықты. Сол адам ауылға келген екен, – егер қарсы болмасаң, сені көргісі келеді, – деді. – Ол адамымыз Үмбекең ғой? – Иә, ертеңіне әлгі Жанғазы деген жолдасымыз Үкеңді ертіп үйге келді. Ол Үкеңнің туыс інісі болып келеді екен. Дастарқан басында Жанғазы әңгіменің майын тамыза отырып сөйледі де, Үкеңнің бүкіл болмыс-бітімі мен қадір-қасиетін айтып, жете таныстырды. Мақтауын да жеткізді. «Айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма» дегендей, әңгіменің аяғын тұрмыс құруға әкеп тіреді. Сонан соң, менен жауап күтті. Мен Жанғазыға қарап: «Үш жылдан бері мен көңіл айтып келген адамдарды ғана күтіп отырғанымды білесің ғой», – дедім. Үкең сезімнің адамы ғой, бірден түсінді де, кешірім сұрады. Әрі қарай ол әңгіме қозғалмады. – Үмбетбай ағамыз сезімнен бұрын, әдептің адамы ғой... – Иә, сөзіңіздің жаны бар. Мен ол кезде өзім жұмыс істейтін орта мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы болатынмын. Аудандық оқу бөлімі мектеп ұжымына демалыс орындарына жолдамаларды бөлетін. Көбінесе сондай жолдамаларды өткізе алмай, әлек болатын. Аудандық оқу бөліміндегі Кенжалы деген профком: «Мәриям, бір путевканы өзің ал, демалып кел, әбден жүдеп кеттің», – деп жанашырлық білдірді. Сол кезде Хайролла інім КазМУ-те жазғы сессияда, яғни, Алматыда болатын. «Барсам, барайын» деп, туыстарыммен ақылдасып, путевканы алдым. Ырғыздан Алматыға пойыз жүрмейді. Сондықтан, Шалқарға келдім. Өйткені, онда жұбайымның немере ағалары тұратын. Кіші абысыныммен вокзалға билет алуға барсам, касса қасында балаларымен бірге Үкең тұр. Шалқарда апалары тұратын. Бірінші қайын-жұрты осы Шалқардан болатын. Соларға қыдырып келіп, енді қайтуға бет алыпты. Не керек, ертеңіне екеуміз бір вагонға міндік. Алматыға бірге келдік. Хайролла күтіп алды, жоспарымыз – жақын ағайымыздың үйіне қонып, ертеңіне демалыс үйіне бару еді. Пойыз кешкілік келеді. «Демалыс үйі бізге жақын, сол жақтан барасыңдар» деп қояр да қоймай, Үкең Хайролла екеумізді үйіне алып келді. Ертеңіне Хайролла екеуі мені «Просвещенец» демалыс үйіне апарып орналастырды. Ол жерде бір танысын кездестіріп: «Бұл ырғыздық сіңлің, сенімен аттас» деп сол кісінің қасына орналастырды. Сөйтсем, ол кісі Жақсылықова Мәриям деген – Ырғыздың қызы, Дүкенбай Досжановтың жұбайы екен. Дүкенбайдың қарындасы Ләйлә (Сейтқазы Досымовтың жұбайы) Үкең тұратын үйдің 48 пәтерінде, Үкең 49 пәтерде тұрады екен. Бұны тағдыр дейміз бе, әлде Алланың бұйрығы дейміз бе? Қысқасы, «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген – осы! Біріншіден, Мәриям апамыз Үкеңдермен қатар оқыған; екіншіден, жерлес; үшіншіден, жазушы отбасы; төртіншіден, туған қайын сіңлісінің есіктес көршісі; яғни, бұл кісіні жақсы біледі екен. Бесіншіден, Үкең «осы қызда ойым бар» деп оңаша айтқан болуы керек. Апамыз тілі жеткенше, арамызға дәнекер болуға тырысты. Үкең екі-үш күн сайын балаларын ертіп келіп тұрады. Көбіне өзінің тағдырын, балалық шағын, қазіргі жағдайын әңгімелейді. Мәриям апам да, арасында:«Айналайын, барып балаларға ыстық тамақ істеп беріп қайтшы» деп, мені ертіп жібереді. Сөзін қайтаруға ұяламын. Барып тамақ істеп, шәй ішіп, әңгімені әрі қарай жалғастыра бердік. Ол кезде демалыстың уақыты – 24 күн. Әңгімені жағымды, қоңыр дауыспен сабырмен айтады екен. Қанша сабырмен айтса да, басынан өткен қиыншылығы, бала кезіндегі жетімдігі, кісі есігі, кейін өмір сүруге деген талпынысы – бәрі-бәрі мені бейжай қалдырмады. Қазіргі жағдайы тіпті алаңдатты: үш бала; зайыбы 1974 жылы қайтыс болған; науқас әйелінің күтімі; жас балалармен қалуы; одан бері арадағы екі жылда бір әйелмен бас қосқан екен. Өзінің айтуы бойынша, балаларының жағдайы болмай, 5-6 ай тұрып, оған рұқсат берген екен. Әуелгі ойына қайта оралып, елге алаңдаған ғой. Жора-жолдастары да: «Кел, саған лайық адам бар, көр, сөйлес» деп шақырған көрінеді. Тұрмыс тауқыметі денсаулығына әсер етіп, қайта-қайта ауруханаға түсумен болыпты. Сонан соң, өзі арыз беріп жұмыстан шыққан екен. Сөйтіп жүргенде, үлкен баласы Еркебұлан ауыр науқасқа шалдыққан. Ауруханада. Құралайды 1-2 сыныпта оқығанда №12 мектептің интернатына, ал Ерболды күні-түні қарайтын, демалыс күні алатын балабақшаға берген екен. Газет-журналға мақала беріп, соның қаламақысымен амалдап, сонда да балаларын ешкімге бермей, өзі қарап отыр екен. Мәриям апамыз 24 күн бойы Үкең туралы, оның адамгершілігін, азаматтығын, барлық жағымды жақтарын айтып, біздің табысуымызға барынша тілектестігін білдірді. Әрине, маған да сенімі болған шығар. «Біздің жақтың қыздары сертіне берік болады, жарына адал болады» деген сияқты әңгімелер айтатын. Өзі демалуға ауруханадан шығып келген екен, бірер жылдан кейін марқұм болды. Ол кісінің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Содан бастап менде жар құшағын аңсаудан гөрі, Үкеңе деген аяушылық сезімі, құрметтеу сезімі, қадірлеу сезімі оянды. Оның ауыртпалығын көтерісіп, отауының отын жағып, азаматқа жанашыр, ал балаларға ана болу парызы пайда болды. «Осы жауапкершілікті мойныма алуым керек» деген ниетпен ауылға қайттым. Арада екі ай уақыт өтті. Осы екі айда Хайролланы үйлендірдік. Жауапкершілікті алып, шешім қабылдағанмен, оны орындау оңайға тиген жоқ. Себебі, мен қайтадан тұрмысқа шығамын деген ой үш ұйықтасам, түсіме енбеген еді. Осы үш жылда «осы адам саған лайық» деп, біреулердің байлығын, айлығын айтқан «жеңгетайлар» үйге дейін келген. Олардың ешқайсысына селт етпегенмін. Екі айдан кейін Үкеңдер: «Келеміз, оқу басталмай алып кетеміз» деп хабарласты. Мұндай шешім қабылдап, уәде еткенмен, бұны туыстарыма айтудың өзі қиын болды. Сонымен, уақыт жақындаған сайын, жұртқа тура қарай алмай, қылмыс жасаған адамдай күй кештім. Дегенмен, «шешінген судан тайынбас» дегендей, жеңгеме айту арқылы хабардар етіп, елді ақыры құлақтандырдық. Әсіресе, жұбайымның туыстарына айту қиын болды. Қойшы не керек, жеңгелері арқылы жұбайымның анасын, туған-туыстарын үйге шақырып, рұқсат сұрадым. Енемнің құлағы ауыр еститін еді. Алдына апарып бір жеңгеміз «Мариям рұқсат сұрайды, батаңды бересің бе?» деді. Әуелі түсінбей қалып, содан кейін жылады. «Қимағанмен, амалым бар ма?! Мариямды қиса, Құдай баламды алмас еді ғой» деп батасын берді. Екеуміз көрісіп жыладық. Үкеңдер келген соң, шешемнің, ағаларымның рұқсатын алып, одан Ырғыздағы сыйласып, дастарқандас болып жүрген ел ағаларының батасын алу үшін дастарқан жайдық. Ол кісілер: «Біреуің – осы елдің ұлысың, біреуің – осы елдің қызысың, қосақтарыңмен қоса ағарыңдар, елдің тілекшісі болыңдар, мақтанышы болыңдар» деп баталарын берді. Қайын ағаларым: «Бұрын келініміз едің, енді ұзатқан қызымыз боласың, жолың болсын» деп рұқсаттарын беріп шығарып салды. Ол ағалардың бәрі дерлік бақилық болды. Жандары жәннаттан болсын! Сөйтіп, көштің басын Алматыға бұрдық. Жолшыбай бірнеше елді мекенге тоқтадық. Біреуін ғана айтайын, Үкеңнің қайын атасы, шалқарлық «Ленин орденді» теміржолшы Қалағанов Дәрменқұл әкеміздің батасын алуға үйіне келдік. Әкеміз өте бір парасатты адам екен. Өлгені тірілмесе де, өшкені жанғандай қарсы алып, батасын берді. Ол кісі 100-ге бірер жас жетпей қайтыс болды. Дүниеден өткенінше маған туған әкемдей, мен туған қызындай болдым. Әлі күнге ұрпақтарымен араласып тұрамыз. Ауылдан менің жеңгем мен Үкеңнің жеңгесі кішкентай баласымен ерді. Бәріміз пойызға міндік. Айтпақшы, «құда» болып келген досы дәрігер Биекенов Қалекеш: «Келінді алып бердім, енді, өзің ие бол» деп Алматыға ертерек қайтып кеткен. Пойыздан түсіп, таксимен үйге келсек, есік жабық, кілт жоқ. Көңіл жарты болып қалған адам, әрнәрсеге алаңдағыш болады ғой. Дегенмен, өзімді-өзім қайрап: «Сен осы үйдің есігін ашып, отын, шамын жағуға келдің ғой» деп өзіме қайрат бердім. Сөйтіп, кілт табылғанша, үйдің жанындағы «Көктем» дүкеніне жеңгемді ертіп барып, тамақ пісіретін қазан, бірнеше тәрелке, кесе, қасық сатып әкеліп, сол минутта сол үйдің отын жағуға кірісіп кеттім. Бұл – 1978 жыл болатын. Содан бастап Үкеңмен 40 жыл отастық, енді артындағы шырақшысы болып отырған жайым бар. – Бір романға жүк болатындай әңгіме айттыңыз. Енді ол кісінің туған жері, шыққан тегі туралы да айта кетсеңіз? – Үмбетбай Уайдаұлы 1935 жылдың 10 қарашасында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты «Жаныс би» ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл бұрын «Жаңа құрылыс», ал Кеңес дәуірі кезінде Калинин совхозының 2 фермасы аталған. Қазір «Жаныс би» ауылы деп аталады. Бұл ауылда «Жаныс тамы» деп аталатын ХIХ ғасырда салынған мавзолей бар. Жаныс деген кісі би болған екен. Батыр болған. Үкеңдердің тікелей бабасы болып келеді. Ол кісінің атын атамау үшін, «Қызыл там» аталып кеткен екен. Себебі, күйдірген қызыл кірпіштен салдырған. Мемлекеттік қорғауда болып, соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткізілді. Ауылдың батыс жағында, төбеде орналасқан, сол ауылды әруағымен қолдап, қорғап тұрғандай алыстан көрінеді. Үкеңнің әке-шешесі, аталары, бақилық болған туыстары сол зиратта жатыр. Барған сайын, Бабаның басына барып, зиярат етеміз. Осы Жаныс бабаның әкесі, Сығай деген кісі болған екен. Бір барғанымызда, Айса атты туыс ағасы: «Біздің елде «Сығайдың сықағынан сақтан» деген мәтел бар. Үмбетбайға сол атасынан қонған ғой» дегенін естігенмін. (Есімдерін атап жатқаным үшін аруақтарынан кешірім сұраймын). Ал өзінің айтуы бойынша, әкесі молда болған. Оның әкесі де діндар адам болыпты. Әкесінен бір жасында қалған, анасы әкесінен кейін әмеңгерлікпен қайнысына қосылған екен. Ол кісіден балалары болған. Жағдай қиындаған соң, бұны бір қайнысының қолына берген. Онда да жағдайы болмай, қайтадан алып кеткен. Сөйтіп, қиындықпен бастуыш сыныпты бітірген соң, Темірастауға орталау мектепте оқу үшін барады. Онда да жататын үйі болмай, мектеп директорының үйіне барып, сол үйде «қол бала» болады. Олар – Асылбеков Нарымбек, Ахмадиева Мариям деген ерлі-зайыпты кісілер. Апайымыз – татар қызы. Зиялы адамдар. Кейін Ырғыздың орталығына, одан кейін Шымкентке дейін келеді. Шымкентте апайдың бауырлары жан-жақтан жиналып, үй тарлық етеді. Бұл 8 сыныпты бітіріп, Алматыға жазушыларға хат жазып, Сәбит Мұқановтың көмегімен Есік қаласындағы интернат-пансионда оқиды. Бұның барлығы өзі жазған естеліктерінде бар. Жалпы,Үкеңнің өмір жолы өте қиын болған. Ес жиып, етек жапқаннан кейін, тәрбиелеген ағай мен апайды тауып алды. Әке-шеше болып, ол кісілер дүниеден өткенше араласып, дүниеден өткенде, ақ жуып, арулап жөнелтуіне қатыстық. Ағайдың құлыптасында ескерткіш қоюшы балаларының ішінде Үкеңнің де аты бар. – Отағасы отбасында қандай адам, қандай жар болды? – Екеуміз де – отбасылық өмірдің ащы-тұщысын көрген адамдармыз. Сондықтан бір-біріміздің қадірімізге жеттік деп нық сеніммен айта аламын. Ол кісінің мінезін қаламдастары, шәкірттері, жалпы оны танитын және жиі араласқан адамдардың бәрі біледі. Өзі айтқандай, сабыр – оған Алланың берген сыйы. Ол көрген қиыншылығын, қайғы-қасіретін осы сабырмен жеңді. Бас қосқаннан кейін, абыр-дабыр басылып, ауылдан келген адамдар қайтқаннан кейін, тағы да көңіл түскен жағдай болды. Себебі, Еркебұлан ауруханада. Бір күні Үкең маған:«Саған көңіліңді түсірмейін деп айтпадым, Еркебұланның ауруы жақсы емес, ол баланың қанша өмірі бар екенін білмеймін» деп қамықты. Бір жылдан кейін, 1979 жылы 8 шілде күні, Еркебұлан ауруханада көз жұмды. Екі жарым жыл қан ауруымен ауырған, аурухана үйіндей, дәрігерлер туысындай болып кеткен. Есі кіріп қалған бала ғой. Мені «Апа» деді. Дәрігеріне: «Наконец-то я за папу не переживаю, Апа хороший человек» депті. Бірде Еркебұлан, бесікте жатқан Шынардың мұрнын қысып: «Ой, жаман қыз» деп күлді де, ауруханаға кетті. Содан көп ұзамай, ауруханада қайтыс болды. «Қосым ауып келгенде қандай күйге тап болдым» деп тыйылған көз жасына қайтадан ерік бердім. Тағдырдың ісіне не шара? Әкесі қиналған сайын, мен одан бетер қиналамын. Басын қарайттық. Құлыптасына мынандай өлең жазды: Бақытымның басы едің, базарым ең, Көп үмітім кетті ағып, қазаңменен. Демал енді, жан балам, демал енді, Аз алысқан жоқсың сен, ажалменен. Үкеңнің жүрегі ауыратын. Еркебұланнан кейін де қатты ауырып жүрді. Байқаймын, білдіртпейді. Мен де білмегенсимін, бірақ қатты алаңдаймын. Кейде ауруханаға жатып қалады. Шынар мүлдем ембейтін болды, сүт шықпай қалды. Сол кездерде қайғысын қағазға түсіріп, маған да, Шынарға да арнап өлең жазды. Жалпы, ол бала-шағасы мен немерелерінің бәріне өлең арнады. Түсіңде айды көріп кіл, Күнде ертемен күліп тұр. Шаршағанын әкеңнің Қылығыңмен ұмыттыр... Өзінің ойын хат арқылы білдіргенді қолайлы көретін. Алматыға келгеннен кейін, жақын мектептерде орын болмай, 1 Алматыдағы №5 теміржол мектеп-интернатында жұмыс істедім. Таңғы 6-да тұрып кеткеннен, екі автобуспен үйге жеткенше сағат 16.00-17.00 болады. Ауырып келемін. Ол кезде аяғым ауыр болатын. Бір күні тұрсам, бір шумақ өлең жазып қойыпты: Жауабыңның бәрі «иә», Жаның жайсаң әрі ұяң. Көп ауыра бердің-ау, Айналайын, Мәриям. Өмір даңғыл жол емес. Соқпағы, ойы, қыры, асулары, өткелдері болады ғой. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дегенді де халқымыз өмірден алып айтқан ғой. Отбасындағы мәселелердің айқай-ұрыспен емес, әзіл-қалжыңмен, ыммен, тұспалмен шешуге тырысатын. Бір кездері, «жаның жайсаң әрі ұяң» деп жазған Үкең, менің бір ашуымнан кейін, әзіл-шыны аралас, былай деп жазып қойыпты: Көңіл-күйің жақсы кезде «жаным» дейсің, «Жының» келгенде жанымды жейсің. Мұндай әзілден кейін ол кісіге қалай ренжисің?! – Шығармашылықпен қай уақытта айналысушы еді? – Қалтасында блокнот. Оның арасында қиынды қағаздар жүреді. Келіп қалған ойды жер талғамай-ақ, сол қағазға түртіп қояды. Ал тұтас шығарма жазарда, ол кісіге тыныштық керек. Өзінің бөлмесінде жұмыс істейді. Ас-судың уақыты болғанда, байқап шақырмасаң, «ой бөлінеді» деп ескерту жасайтын. Көбінде, түнде бала-шаға жатқан соң, жазу столына отыратын. Отырар алдында шәй ішеміз. Кейде ұйқымды қимай, шәйді өзіне дайындап беріп, жатып қалатынмын. Ол кісі тәпішкесін сүйретіп, бөлмесіне кіріп-шығып жүреді. Оянып кетіп кейде ренжимін. «Тырп-тырп етіп, ұйқы бермедің, таңертең жұмысқа барамын» деп. Таңертең тұрсам, бас жағымда бір шумақ өлең жазып қояды. Тырп-тырп жүріс, Бітпейтін бір іс. Бітпейтін бұл іс, Бітпегені дұрыс! Өлеңнің астында қолы тұрады. Оны кейін балаларға оқып беріп, бәріміз мәз боламыз. – Шығармашылық жоспарлары туралы сізге айтып отырушы ма еді? – Шығармашылық жоспарларын жазып болып, кітапқа дайындап қойғаннан кейін айтатын. Кейінгі кезде кітапты жазудан, шығару қиын болды ғой. Сол кездерде «ана баспаға ана қолжазбамды берсем, мына баспаға мына қолжазбамды берсем» деген сықылды ойларымен бөлісетін еді. Бірнеше кітабын мемлекеттік тапсырыспен «Ана тілі» баспасынан шығарды. Бұл жағынан баспа директоры Жақау Дәуренбек інісіне риза болушы еді. «Білім» баспасынан Жарылқасын досы бір-екі кітабын шығарды. Әділгерей Әуелбаев деген баламыз екі-үш кітабына демеуші болып, «Нұрлы әлем» баспасынан шығарып берді. – Ол кісінің бірінші оқырманы сіз болған шығарсыз? – Әрине, мен – ол кісінің шығармаларының алғашқы оқырманымын. Жалпы, газет-журналдарды оқып үлгере алмағанда, маған беріп, «көзім демалсын, мынаны сен дауыстап оқышы» дейтін. Оқығандарымызды талдап-пікірлесетінбіз, көбіне менің ойымды қоштайтын. Ол кісі жұмыс істеп отырғанда, газет-журналды мен бірінші қарап шығатынмын. Сосын: «Ал, не оқыдың?» деп менен сұрайтын. – Кімдермен араласушы еді? «Ең жақын достары» деп кімдерді айтар едіңіз? – Бұл сұраққа 2010 жылы Ақтөбе қаласында өткен кездесуде өзіне қойылған сұраққа қайтарған жауабын сол қалпында қайталап берейін. «Ахат Жақсыбаев, Жарылқасын Нұсқабаев, Кәдірбек Уәлиев, Тәжібай Жанаев, Иген Қасенов, Бексұлтан Нұржекеев, Ұзақбай Доспанбетов, Адам Мекебаев, Әлімжан Әлімбеков сынды күлсек те, күрсінсек те бірге дегендей алпысыншы жылдан бері қарай келе жатқан курстастарым бар. Бір жартымыз Астанада, анда-мында. Бірсыпыралары өмірден озды. Ал құрамында Ғаббас Қабышев, Сейіт Кенжеахметов, Мыңбай Рәш, Қажытай Ілиясов, Еркін Жаппасов, Көпен Әмірбектер бар сатира ауылы өте тату». Дүниеден ертерек озып кеткен Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Садықбек Адамбековтардың да орны бір төбе болатын. 1974-1988 жылдар аралығында қазіргі Достық даңғылының бойындағы үш-төрт үйде көптеген жазушы-журналистер тұрды. Қазақ ауылы сияқты барлық көршілермен етене араластық. Олар: Сағат Әшімбаев, Жақау Дәуренбек, Сейтқазы Досым, Кәдірбек Сегізбай, Тәжібай Битаев, Серік Әбдірайымов, Баққожа Мұқай, Дәрібай Әлисұлтанов, Ұзақбай Доспанбет. Балаларымыз аулада бірге ойнайтын. Көбісінің балалары сол көшедегі №2 эсперименталды мектеп-интернатта үйден барып оқитын. Біздің үш баламыз, Сағат Әшімбаевтың екі баласы, Баққожа Мұқаевтың үш баласы, Кәдірбек Сегізбайдың бір баласы, Тәжібай Битаевтың екі баласы, Сейтқазы Досымның екі баласы, Жақау Дәуренбектің бір баласы сол мектепті оқып бітірді. Тәжібайдың жолдасы Айдаркүл, Жақаудың жолдасы Шұға және мен –үшеуміз сол мектепте біраз жыл бірге жұмыс істедік. «Тыңда да бірге, сында да бірге» дегендей, жұмыста да, үйде де етене араластық, өте тату көршілер болдық. Аталған №2 эксперименталды мектеп-интернат – қазіргі Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаты. – Бала тәрбиесіне қалай қарады? Қандай әке еді? – Ширек ғасырдай уақыт КазМУ-дың журналистика факультетінде және Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернатта сабақ берді. Шәкірттерінің ағайлары туралы шынайы лебіздерін тебіренбей оқи алмайсың. Осы тәріздес ол кісінің шәкірттерінің баспасөз беттерінде жарық көрген жүрекжарды әңгімелері өте көп. «Ол кісі балаға дауыс көтермейтін, айналайыны көп еді. Сабақта шыбынның ызыңы естілетін еді» деп еске алады шәкірттері. Үйдегі өз балаларына да солай болды. Үйге келген ағайын-туыстың балалары да, аталарының қасына барып, әңгімесін тыңдауға құмар болатын. Жұмысын жиып қойып, олардың бетінен қақпай, салған шимай-суреттеріне дейін жинап қоятын. Ал мен балаларға ұрыссам, ара түсіп оларға шаң жуытпайтын. Ертеректе Шынарды шапалақпен шарт еткізіп тартсам керек, тентек болған ғой шамасы. Соған ол кісі кәдімгідей ренжіп, «Өзара әңгіме» деген өлең жазған болатын. Бұл да – тәрбиенің бір әдісі. Міне, ол осындай әке болды. Менің де осал жерлерімді осылай тәрбиеледі. – Көзі тірі кезінде неше кітабы жарық көрді? – Шығармалары енген жалпы жинақтарды қоспағанда, көзі тірісінде 25-26-дай кітабы жарық көрді. Өзі ауырып отырса да, ауық-ауық қағазын ақтаратын, шаршап қалатын. «Бірнеше жыл бұрын «Сөздік– словарь» деген баспаға «Бата-тілек» деген қолжазбамды беріп едім, хабар жоқ, қолжазбам да жоқ» деп отырушы еді. Сосын кішкене болса да демеу болсын деп бала-шағамызбен ақылдаса отырып, «Әумин, айтқаныңыз келсін!» деген бата-тілектер кітабын шығардық. Жинақ Ақтөбенің «Полиграфия» баспасында тасқа басылды. Оның басы-қасында Рақымжан деген журналист інім жүрді. Үкең кітаптың шыққанын естігенімен, бірақ көре алмай кетті.Соңғы кездері бір кітабын шығаруды қолға алды, бірақ шамасы келмеді. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін қолдағы бар материалдармен «Жылы сөз» атты кітапты да өз қаражатымызға Ақтөбе «Полиграфия» баспасынан шығарттық. «Күлкі-күлкі» деген қолжазбасын «Ана тілі» баспасына тапсырғанына 3-4 жыл болған еді. Көзі кеткеннен кейін, яғни 2019 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Қоржынында жатқан «Инабат иірімдері және баспасөз» деген қолжазбасын КазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекке тапсырған болатынбыз. Болашақ жастарға оқулық болып шығу керек. Бірақ әзірге хабар жоқ. «Сөз сұраймын» деген атпен жинақтап қойған қолжазбасы бар еді. Оны да Ақтөбедегі Рақымжан ініме тапсырып қойдым. Сонымен, қолымыздағы 5 кітаптың үшеуін шығардық, екеуі баспада жатыр. Алла нәсіп етсе, шығып қалар. – Неше перзент тәрбиелеп өсірдіңіздер? Қазір қанша немере-шөберелері бар? – Үлкен бала Еркебұлан 1979 жылы 14 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. «Қазақ баланың санын айтпайды» дейді ғой, дегенмен екі қыз, үш ұлдан 12 немере, 3 шөбере бар. – Ол кісінің еңбектері дер кезінде бағаланды ма? – «Маған мансаптың керегі не, менің мансабым – қаламсабым» деп отырушы еді жарықтық. Сол айтқандай, ол атақ-даңқ қуған адам емес. 50 жасқа толғанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 60 жасында Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз, Шалқар аудандарының Құрметті азаматы атағы берілді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын да кейін алды. Ұсынылған кезде: «Мен тұра тұрайын, бәленше алсын» дейтін көрінеді. Бір рет мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда өтпей қалды. Әрине, еңбегі еленіп жатқанды кім жек көреді?! Биылғы 2020 жылдың қараша айында 85 жасқа толар еді. 2019 жылдың аяғында, бұл кісінің атын мәңгі есте қалдыру мақсатында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке, Ырғыз ауданының әкімшілігіне хат жазған болатынмын. Кейін Ақтөбе облысы әкімдігінен жауап-хат келді. Онда, туған жерінде, ауданда, Ақтөбе қаласында кездесу, еске алулар өткізу жөнінде айтылған. Пандемия жағдайына байланысты тоқтап қалған сияқты. Жақында туған жері – Ырғыз ауданының орталық кітапханасынан, сондай-ақ Ақтөбедегі Жұбанов университетінен Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет ашылды. Бұдан 15 шақты жылдай бұрын, өзі 20 жылдай жұмыс істеген Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта «Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет» ашылды. Сол кабинетте біраз жыл сабақ берді. Кейін өзі де бірнеше рет кездесулерге барып тұратын. Мектеп ұжымына алғысымызды білдіреміз. Бұл кісінің есімін мәңгілік есте қалдыру үшін, туған жерінен, жастайынан Алматы төрінде еңбек етіп, ізі қалған жерінен көше, мектеп, басқа да қоғамдық орындарға аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. – Әңгімеңізге рақмет. Сұхбаттасқан Ермахан Шайхыұлы qazaquni.kz