Мырзатай Жолдасбеков: Абайды жасына жетпей қартайтқан – қазақ

2
225

Биыл халқымыздың данасы, ұлы ойшылы, хакім Абайдың туғанына 175 жыл толды. Ақынның тойы елордада басталып, отанымыздың барлық өңірлерінде де ойдағыдай өтуде. Одан бөлек шет мемлекеттердің ұлттық кітапханаларында «Абай» ақпараттық мәдени орталықтары ашылды.

Осындай рухани іс-шаралардың ұйтқысы болып жүрген Ұлттық академиялық кітапханада ақынның мерейтойы орай тағы бір мәрте ұлықталды. Мемлекет қайраткері, филология ғалымдарының докторы, профессор, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбековпен «Абаймен сырласу» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында ғалым М.Жолдасбеков ұлы Абайдың қазақ позиясында алар орны мен елдікті аңсаған ақын арманы, сондай-ақ, ұлт тағдырына қатысты пайымдарымен бөлісті.

– Абай атасынан кемеңгер боп жаратылып, анасынан дана, еліне пана боп, өз заманынан ойы озық туған ғұлама, халқының мұңшысы, ұлы ақыны, қазақ үшін дертті болған, сол дертінен айыға алмай кеткен, жан жарасы жазылмай кеткен, кеудесі қайғы мен қасіретке толы қазақ тарихындағы ең ірі, трагедиялық тұлға.

Қазақ қоғамы, оның болмысы, келешегі туралы соншама терең толғанған; ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған, елі үшін күйіп-піскен, азапқа түскен, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанына батырып бүкпесіз ашық айтқан Абайдан асқан кісі болған жоқ. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегенді Абай жасы жетіп қартайғандығынан айтқан жоқ, Абайды жасына жетпей қартайтқан – қазақ, оның санасы, жағымсыз әдеті. Айтып-айтпай не керек, заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бәрі бір қазақ түбінде Абайға, оның өсиетіне, аталы сөзіне жүгінетін болады.

Абайды оқыған сайын, көкейіңе тоқыған сайын қазақты аша түсесің, ой түбіне бата түсесің, ел-жұртыңның тағдыры, келешегі жайында толғана түсесің, – деді мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков.

Сондай-ақ, «Абай рухымен сырласу» атты әдеби-сазды кеште елімізге белгілі әншілер Клара Төленбаева, Перизат Тұрарова, Толғанбай Сембаевтар Абай әндерін шырқап, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Әлқуат Қазақбаев және Тұрар Әліпбай күй тартты.

2 ПІКІРЛЕР

  1. Тілде буын жоқ… Рас екен-ау?! «Құранды жатқа біліп, оның амалын жасамаған адам-алтын артқан есекке тең»-деп кім айтты екен?

  2. Абай қартайса қазағы үшін қартайды, арманы жоқ! Бүгіндер қазақты қартайтып жатқандар туралы да айта кетуі керек еді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз