Батыр Баукеңнің болмысы
2020 ж. 13 желтоқсан
2243
1
Даңқты қолбасшы, әскери ғылымның білгірі Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толды. Осыған орай оқырман назарына батырдың жайшылықтағы мінез-құлқы, тапқырлығы мен шешендігі, ұлтжандылығы мен ойшылдығына қатысты әлі еш жерде жарық көрмеген бір топ әңгімелерді ұсынып отырмыз.
«Сәлемімді солдаттарымдай тік тұрып қабылдады»
– Профессор Бейсембай Кенжебаевтың алпыс жасқа толған мерейтойына шақыру билетін алған соң, әскери киімімді киіп, бардым. Басымда – папахам, қасымда қатыным. Салтанатты жиын әуелі өзі қызмет ететін бүгінгі Әл-Фараби атындағы университеттің мәжіліс залында өтті.
Зал оқытушыларға, студенттерге лық толы. Ректор Бейсекеңді алпыс жылдық мерейтойымен құттықтап, марапат ырымын жасады. Маған сөз жиынның орта шенінен ауған кезде берілді. Мінбеге жай басып барып, сөзімді асықпай бастадым.
– Баяғыда, біздің заманымызда үйге берілген тапсырманы түбіне дейін жеткізіп, түгел орындайтынбыз. Оны мұғаліміміз мұқият тексеріп, баға қоятын. Сол кластастарым кейін асқар таудай қайраткер, зиялы азамат атанды.
Біз мұғалімдеріміздің жүрген жүрісін, тұрған тұрысын, киген киімін, сөйлеген сөзін өнеге тұттық. Ол кісілер мақтанғанды, мақтағанды ұнатпайтын. Бәрі әдепті, мәдениетті еді. Бейсекеңді ойласам, сол мұғалімдерім еріксіз есіме түседі.
Өздеріңіз жаңа куә болдыңыздар, бір «оқымыстымыз» мінбеге шыға салысымен сөзінің жартысын ректорды мақтауға арнады. Мен: «Мұның мүлде қажеті жоқ нәрсе, ұят қой. Той профессор Бейсембай Кенжебаевтың, әлде ректордың тойы ма» деген екіұдай ойда қалып, сіздердің ешқайсыларыңыздың жағымпаз «оқымыстының» бетін қайтарып тастамағандарыңызға ренжідім. Сірә, мақтау бәріңізге жағатын тәрізді, – деп біраз бөгеліп, сөзімді жалғадым. – Ардақты ағайын, менің сіздерден өтінерім, бастықтарды мақтауды доғарайық!
Зал ду қол шапалақтады. Алдыңғы қатарда отырған, боянып-соянып алған орта жастағы, көзілдірікті қатын:
– Көп рақмет. Сіз жұрт айта алмай жүрген сөзді айттыңыз, – деді дауыстап.
– Мені жұрт батыр дейді, халық құрметіне рақмет! Бірақ мен әдебиет майданының бір батырын білемін, мақтаныш тұтамын – ол филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кеңжебаев ағам. Ұлт әдебиеті тарихын сан ғасырға ілгерілеткеннен артық қандай батырлық керек?! Бейсекең әдебиет тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан, шәкірттерін еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа қырық жылдан астам баулыған асыл ұстаз, нағыз қаһарман! Бұл кісімен әр жолығып, сырласқан сайын ішім жылып, қуанып қаламын. Араласып-құраласқанымның пайдасы, мен Бейсекеңнің ғылым саласындағы екі қасиетін байқадым. Бірінші қасиеті, білгішсінбей, майда қоңыр, қарапайым сөйлеу мәнерімен-ақ жұртты өзіне баурап алады. Екінші қасиеті, көрген, естігендерінен, оқығандарынан дұрыс ой қорыта біледі.
Жұрт қайта қол шапалақтады.
– Арамызда өзін-өзі қор етіп, көрінгеннің жуындысын ішкенге мәз «ғалым-залымдар» да, өсекші-өтірікшілер де, бәлеқор-жалақорлар да, ұрылар да бар. Олардан біржола іргемізді аулақ салмай алға еркін адымдауымыз, көгеріп, өсіп-өнуіміз қиын. Бұлай деп тұрған себебім, аса құрметті Бейсекеңе, жалғыз Бейсекеңе ғана емес, шынайы ғалымдарымызға бәле ойлап, жала жауып, қол-аяғына тұсау болғандарды сіздер менен гөрі жақсы білесіздер. Ол арамзалардың қайсыбірі осы залда отыруы да мүмкін.
Жұрт қайта қол соғып, дүрлікті.
– Бейсекең бәлеқор-жалақорлардан бойын, ойын аулақ ұстаған, халқымыздың, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көне дәуірлерден бар екенін дәлелдеу жолында талмай ізденіп келе жатқан, өзінің сөйлеу, іздену, ой-пікір айту мәнері бар, адал ғалым. Ол кісі біреудің бетінен алып, дауыс көтерген, ешкімнің атақ-даңқын қызғанған емес. Сол үшін Бейскеңе деген құрметім шексіз.
Қадірлі Бейсеке, тойыңыз тойға ұлассын, Әрдайым аман, абыройлы болыңыз. Жастарымызға өшпес өнеге Сіздей Қаһарманға жай сәлем бергенім жараспас деген оймен әдейі әскери киімімді киіп, әскери жоралғы салтымен сәлем беруді жөн көрдім.
Сөзімді аяқтап, оң қолымды шекеме апарып, салтанатты қадаммен Бейсекеңнің алдына барып, сәлем бердім. Риза болғаным, Бейсекең сәлемімді орнында отырып емес, ержүрек солдаттарымдай қарсы алдымда қасқайып тұрып қабылдады. Иығына зерлі шапанымды жауып, төс түйістіріп, құшақтадым.
Жұрт орындарынан тік тұрып, ұзақ қол соқты.
«Үй толы жұрт ләм-мим демеді»
– Қапал арасан шипажайы ұнады ма?
– Ұнады. Әуелі Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бәйкен Әшімов қабылдап, хал-жайымды сұрап білген соң, облыстың жағдайымен таныстырды. Соғысқа қатысқан, солдат қадірін, ел, жер жағдайын білетін азамат көрінді. Уақытымыз қоштасуға тақағанда шипажай бас дәрігеріне телефон соғып:
– Сіздерге Баукең, Бауыржан Момышұлыағамыз бара жатыр. Бұл кісі кітап жазбақ екен. Жеке бөлме бөліп, еркін демалуына, еркін ойлануына жағдай жасап, көңілін алаңдатпаңыздар. Ертең уақыт тауып, қалай орналасқанын өз көзіммен көрем, – деді. Жауапты қызметкерінің бірі мені шипажайға жеткізіп салды.
Ертеңіне сәске түс мезгілінде Бәйкен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысын ерте келіп, қалай жайғасқанымды көрді. Біраз әңгімелесіп, дастарқанымнан дәм татқан соң, сол маңда көп жылдан бері колхаз басқарма төрағасы қызметін атқарып келе жатқан қарттың үйіне қонаққа шақырды.
– Қарағым, дәмнен үлкен емеспін. Тек ескертерім, мен сендермен бір сағаттай ғана дастарқандас бола аламын.
– Жарайды, Бауке. Сағат бірге он минут қалғанда мына жігіт келіп, сізді ана үйге алып барады, – деп Бәйкен қасындағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысын меңзеді.
Қазақтың қонақты қалай күтетінін білесің. Оны тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Дастарқанға бата жасап, бетімізді сипаған соң:
– Бұдан былай облыстық, аудандық партия комитеттері бірінші хатшыларымен бірге қонақ болмауым керек екен, – дедім.
– Неге? – деді дастарқан иесі қарт.
– Себебі, мына отырған жұрттың бәрі бірінші хатшылардың аузына қарап, сұсы қашып, не айтарын білмей, еркін сөйлей, еркін ойлай алмай, аңысын аңдып отырады екен. Бұл жағдай маған да теріс әсер етті. Сондықтан бұдан былай жоғары лауазым иелерімен дастарқандас болмағаным жөн екен деген шешімге келдім, – дедім.
Үй толы жұрт ләм-мим демеді.
« Тәтті өмірдің қадірін білейік»
– Баукеңнің соғыста жұмсаған қайраты өз алдына, бейбіт күндердегі шовинстермен арпалысының өзі жүйке жұқартады. Соның біріне назар аударалық. Жазушы Александр Бектің досы Анатолий Рыбаков кезінде: «Бек бүкіл әлемге даңқын шығарған Момышұлы енді оның қас жауына айналды. Ол «Арпалысты» («Волоколамск тас жолын») бірлесіп жаздық деп есептеді. Ол сарапшылар мен сол сияқты дүниелер арқылы Бекті титықтатып болды, бұл жазушының уақытын алып, жанын жегідей жеді», – деп жазса, Бектің қызы Татьяна: «Момышұлы көркем жиынтық образдың шынайы прототипі, әңгіме соның – қазақ полковнигінің атынан баяндалады. Ол өзін осы кітаптың бірлескен авторымын деп есептеген. Ол әкемнің әдеби жетістігін қызғанды.
Неліктен оның өз шығармалары («Москва үшін шайқас», «Офицер күнделігі», «Майдандағы кездесулер» және басқалары) оқырман көңілінен орын алмайтынын түсінбеді», – деп жазды.
Дау «Казахфильм» студиясы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» повесі бойынша «Ел басына күн туғанда» фильмін түсіру барысында өршіді. Нәтижесінде Бек сценарийінен бас тартқан соң, фильм Бауыржан Момышұлының кітабы мен оның материалдары негізінде түсірілді. Оны Бек
одақтық экранға шығартпауға барынша әрекеттенді. Киношыларды плагиаттық жасады деп кінәлады.
Госкино фильмді қабылдап алғанымен тірі адам туралы түсірілген деген сылтаумен экрандарға шығармауды ұйғарады. Қазақ ССР-і Мәдениет министрі Ілияс Омаров Бауыржаннан фильмді түсірушілерге көмектесуді өтінеді. Алғаш Баукең келіспейді, Олжас Сүлейменовтен фильмнің экранға шығу-шықпау тағдыры Госкино директорының орынбасары Владимир Баскаковтың құзырында дегенді естіп, соған жолығуды ұйғарады. Алайда оның кабинетіне кіре алмай, тіке Госкино директоры Алексей Романовтың өзіне барады. Біраз сөйлескен соң:
– Сіз маған пистолет сатып алуыма көмектесіңіз? – дейді Баукең.
– Оны қайтесіз?
– Асылып өлгенім сіздерге де, өзіме де абырой емес әрі ол офицерлік ар-намысыма – нұқсан. Сондықтан мен атылып өлгенді қаладым. Сүйегімді іздеп әуре болмай, «Москва» қонақүйінің 720-шы нөмерінен табасыздар.
– Бауыржан,бұл қай сөзіңіз? Менің үрейімді ұшырдыңыз ғой.
– Үрейіңіздің ұшқанына мен кінәлі емеспін. Сіздің орынбасарыңыз Владимир Баскаков көзі тірі адам жайлы фильмді экранға шығаруға тиым салыпты. Ол менің өлуімді тілеп жүрген көрінеді, ендеше мен өлейін. Сонда оның ойы іске асады, мемлекет ақшасы да желге ұшпайды, киношылардың еңбегі де зая кетпейді.
Алексей Романов қарқылдап күліп, орынбасары Баскаковқа телефон
соғып:
– Бауыржан Момышұлы туралы фильмді одақ экранына шапшаң шығар, –
дейді бұйырып. Баукең Алексей Романовқа:
– Түсінгеніңе рақмет. Қайғы келмей тұрып, тәтті өмірдің қадірін білейік,–
деп қолын қысып қоштасады.
«Қашанғы алдана береміз?»
– Хабарласпағаныңа бүгін бесінші күн.
– Жоқ, аға төртінші күн.
– Қайдағы төртінші күн! Мені қателестіргің келе ме? Тірі кезімдегі түрің мынау. Өлгеннен кейін мені мүлде ұмытарсың. «Өлдің Мамай, қор болдың» дегеннің керін келтірмексің бе? Онда жақсы, сау бол.
– Ой, аға, олай демеңіз. Газеттерді оқуға уақытым жетпей, айтар жаңалығым болмағандықтан хабарласа алмадым.
– Газеттер бар болсын. Бес күн бойы телефон соқпағанға ауырып қалды ма деп уайымдап едім. Сенің «үлкен жаңалық жоқ, ұсақ-түйек нәрселер» дейтініңді білем. Менің жаңалығым бар. Көзімнің көруі, құлағымның естуі әлсіресе де, айтарым – «Ана тілін қорғау» деген партия құрыңдар. Дүние жүзіндегі барлық адамның құқығын қорғайтын Біріккен Ұлттар Ұйымы бар. Ол біздің де құқығымызды қорғауға тиіс. Содан көмек сұраңдар. Сен көмек сұрауға қарсысың. Екеуіміздің таласып-тартысқанымыз билікке пайда. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» деп бірімізді-біріміз қолдауға жоқпыз. Көрші өзбек халқынан қашан үлгі аламыз? Қашанғы іштен тынамыз?
Сен саяси жаттықпаған адамсың. Тұлабойыңнан саясаткерлік қасиетті көре алмай жүрмін. Саясаттың не екенінен, оның жолынан, адамдармен қарым-қатынас жасаудағы ерекшеліктерінен бейхабарсың. Сенің мұның, қайталап айтам, биліктегілерге тиімді. Олар сөз жүзінде «ана тілімізде сөйлеуіміз керек» деп алдандырып қояды. Ойлансаңшы, қашанғы алдана береміз?
«Елін сүйген ерлер боғанын көкседім»
– Мен телефон соққан сайын «тағы уақытымды алатын болды-ау» деп қабақ шытып, ренжитініңді білсем де, айтар сөзімді айтпақпын. Сен оңбаған менің аяғымнан оңдырмай шалдың. Есіңе түсті ме?
– Аяқтан шалу дегеніңіз не, аға? Есіме ештеңе түсер емес.
– Мойындағың келмей ме? Ойлан. Мен тәуекелге бел буып, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Никита Сергеевич Хрущевтің орнына таласып, шайқасқа түстім емес пе? Тепе-тең дауыс жинап, жеңуіме титтей көмек керек кезде, сен «е, Бауыржан өзіміздің адам ғой, бізден озып қай да бармақшы» деген қызғаншақ оймен даусыңды маған бермей, Хрущевке беріп жібердің.
– Сіз «маған көмектес» деп бір ауыз ескертпедіңіз ғой.
– Ескертсе ғана есің кіріп, ескертпесе, есіңнен айырылады екенсің ғой.
Сөзді көбейтпей, тыңда. Менің Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хашысы болсам дегендегі мақсатым – халқымның бата берер бабасы, ақыл айтар атасы, қамқорлық жасар әкесі, сыйласқан құрбы-құрдастарымның сыйлы құрбы-құрдасы болып, араларындағы талантты, адамгершілік туын биік ұстап жүрген қасиетті жастарды, қолдап, тәрбиелеп, дүниеқоңыз емес, елін сүйген ерлері болғанын көкседім..
«Америкаға барып, демалып қайтайық»
– Мен – есалаңмын, сен – есерсоқсың. Екеуіміздің бір арбаға жегілгеніміз рас па, өтірік пе?
– Рас.
– Сенімдімісің?
– Сенімдімін.
– Екеуіміздің бір арбаға жегілгенімізді Нью-Йорктің қымбат ресторанында атап өтсек деген оймен саған телефон соғып отырмын.
– Ой, аға, Америкада қатты дауыл соғып, самолет ұшпайтын, ресторандары жұмыс істемейтін көрінеді.
– Табиғаттың тосын мінезіне не дерсің? Екеуіміз Нью-Йорктің ең қымбат ресторанына барып, өзімізше көңіл көтерсек деген едім. Енді өкінгеннен басқа амал жоқ. Сенің жолкіреңе арнаған отыз мың доллар бар еді. Оны қайда жұмсарымды білмей отырмын. Саған берсем бе, бермесем бе?
– Алматыда да ресторан көп қой.
– Ол жол жүруге арналған ақша. Үмітсіз – шайтан. Дауыл басылғаннан кейін Америкаға барып қайтамыз. Баяғыда танысқан бойжеткендер шеттерінен мыжырайған кемпір болған шығар. Біздің екпініміздің желінен құлап қалса қайтеміз?
– Құламайды, аға. Олардың жаны сірі.
– Құламағаны жақсы. Олармен не туралы сөйлесеміз?
– Өмір туралы сөйлесеміз.
– Әйтеуір ұятқа қалып жүрмесек болды. Тәуекел, Америкаға барып, демалып қайтайық. Келістік пе?
– Келістік, аға.
Жоспар
– Мен шаршап отырмын. Бүгін ғана емес, бұрыннан шаршаулымын, – деді Баукең сәлемімді алып, жағдай сұрасқан соң. – Сен келердің алдында есіме бір тақырып түсіп еді, ұмыттым. Тақырып деген нәрсе нәзік, музыкалы келеді. Музыканың бір нотасынан жаңылсаң, ән сазы бүлінеді. Оны нәзік дейтінім содан.
Сырттан, дәл терезе түбінен бір әйелдің шәңікілдеген даусы естілді.
– Жүр, балам, менің ұйықтайтын бөлмеме барып әңгімелесейік, – деп Баукең орнынан тұрмақ болды. Қолтығынан сүйемек едім:
– Тапқан екенсің мүгедекті?! – деді қолымды сілкіп. – Менің денім сау, жап-жас жігітпін!
Баукең орнынан өзі тұрды. Ұйықтайтын бөлмесіне барып, орын-орнымызға жайғасқан соң:
– Саған жоспарымды айтып берейін. Алдағы дүйсенбі, не сейсенбі күні ауылға аттанамын. Не үшін десеңші? – деді жұмсақ үн қатып.
– Не үшін?
– Ауылымда Ақбас дейтін менен он жас үлкен, көп балалы, өте реңді, өте ақылды жеңгем бар еді. Өзі маған әрі құдаша.
Баукең асықпай қимылдап, темекі тұтатып тартты. Көк түтінді құшырлана жұтып:
– Көңіліңе келсін, келмесін, осы уақытқа дейін жеңгелерім менің атымды атаған емес. Бәрі «керой қайным» дейді. Керойға түсінесің бе?
– Түсінем. Герой дегендері ғой.
Ақбас жұрттың бәрінің көзін бақырайтып қойып:
– Әй, Бауыржан! – дейтін. – Ауылдағы атымды атайтын жалғыз сол кісі еді. Жасы биыл жетпіс сегізде, мен алпыс сегіздемін.
Жақында Ақбас келмес сапарға аттаныпты. Оған түсінесің ғой, ә?
– Түсінем.
– Бір жағы жақсы жеңгем, бір жағы жақсы көретін құдашам еді. Ауылға барам дегендегі басты адамгершілік парызым – сол кісіге бата оқу. Она заслуживает такого внимания.
Естіген ел-жұрт, жекжат-жұрат:
– Бауыржан Момышұлы құдашасына, жеңгесіне бата оқып келіпті, – дейді ғой. Бата оқып келіпті дегеннің мәнісі бар.
Жамбылда (қазіргі Тараз. М.Қ.) тоқтап, қоржын жасаймын. Оның іші бос болмауы керек. Жуалыға барып, құнан қой сатып аламын. Қоржыным бар, құнан қойым жетегімде, ауылға барамын. Молданы шақырамын. Жұрт жиналып, жайғасып отырған соң:
– Молдеке, құран оқыңыз. Ақбас әрі жеңгем, әрі құдашам еді, бата оқып келдім, – деймін. Шал-кемпірлер: «Ойпырм-ай, Бауыржанның әкесі молда еді, мынау да, Құдайға шүкір, кәпір болмапты. Біз өлсек, балаларымыз өстіп басымызға құран оқыса, арманымыз жоқ, – дейді ғой. Бұл психологиялық әсер.
Ауылға бара жатқандағы жоспарым осы. Мен Ақбас жеңгемнің адамгершілігіне бас иіп, құрмет көрсеткелі барамын.
Мамытбек Қалдыбай, бауыржантанушы
qazaquni.kz