Әдебиет адалдықты сүйеді...

Бұл қара ормандай қаулап өскен қазақ әдебиеттану ғылымында терең сұлба салып кеткен атақты академик Қажым Жұмалиевтың сөзі. Сол ағалар салған ізбен, ағалар қалдырған тәмсілмен ғұмыр кешіп, сан мыңдаған жастарды білім нәрімен сусындатып, ғылым жолына баулып келе жатқан ұстаз-ғалымның бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали. Қазақ әдебиеттану ғылымында, жалпы әдеби ортада есімі танымал Зинол-Ғабден Бисенғали ғылымда уызына жарыған жан. Оның бойындағы адами қасиет, әдебиетке адалдық аяулы ұстаздары Бисенғали Кенжеғалиев, Зейнолла Қабдоловтардан жұғысты болған тәрізді. Ұстаздарының ұлылығы, кісілігі Зекеңнің де бойына сіңісті болғандығы мінезінен, ісінен, әңгімесінен сезіліп тұратынын ізіне іні, шәкірт болып ерген жылдардан бері таныдым. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген сөздің жаны бар. Байқағаным, Зекеңнің ұстамы әдебиетке адалдығында. Қырық жылға жуықтаған қазақ әдебиетіндегі шығармашылық жұмысында қалпынан айнымаған Зекең бір ғасырдың бүлінген рухани бастау бұлағын тұндыруға, бүтіндеуге бар ғұмырын арнап келе жатқандығын ғалымның «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы», «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы», «Казахский роман начала ХХ века», «Қазақ романы», «1940-1960 жылдардағы қазақ әдебиеті» т.б. монографиялар мен оқу құралдарынынан көруімізге болады. Қазақ әдебиеттану ғылымында «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін» зерттеу жақынның алысы, жеңілдің ауыры. Бұл кезең әдебиетінің жақынның алысы болу себебі тарих үшін күні кешегі уақытта жазылған көркем туындылар болғанымен қолжетімсіздігінде. Кейбіреулерін кешегі ағалар жүрген жолдармен жүріп әзер табасын. Жат ел кітапханалары мен архивтерін ақтаруға тура келеді. Ал жеңілдің ауыры болу себебі бір қарағанда ХХ ғасыр басында жазылған әдеби шығармалардың саны аздау болып көрінгенімен олардың баспа жүзін көргендері де, қолжазба күйінде жеткендері де бүгінгі кирилицада таңбаланбағандығы. Олардың бәрін шұқшиып көзмайын таусып оқу оңай шаруа емес. Уақытпен сарғайған, кешегі күннің күркірімен бүктеліп, жыртылған бірақ қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді дегендей бүгінге аман жеткен, алаштың аманатындай әдеби мұраларды тану, зерттеу тек әдебиетке адалдық танытқан жандардың қолынан ғана келетін іс. Осындай шығармашылық михнатқа толы істі адал атқарып келе жатқан ғалым Зинол-Ғабден Бисенғали зерттеулерінің бір бөлігін мақала көлемінде қамтып айту үшін әңгімемізді келесідей тақырыптармен бөліп көрсеттік: Романдық ойлау, Қажымтануға оралу. Романдық ойлау Қазақ әдебиеттану ғылымында ХХ ғасыр басындағы романдарымызды арнайы зерттеген белгілі ғалым, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали «Қазақ прозасы ХХ ғасыр басы: Жаңа роман жолында» атты зерттеу еңбегінде: «Роман жанрының қиындығы сонда, оны жазуға отырған қаламгердің өзі романдық ойлауға жетуі керек» деген болатын. Демек, ХХ ғасыр басында дәстүрлі сөз өнеріміздің толығып, жаңа бір арнада көрінуі ұлттық дүниетанымыздың рухани жаңғыруы, яғни, романдық ойлау кеңістігіне көтерілгеніміздің көрінісі. Төл әдебиетіміздегі романдық ойлаудың қалыптасу жолына тереңірек үңіліп қарар болсақ, мұның түлеп жетілуіне әдеби дамудан бөлек ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының сауаттылығының артуы, дүниежүзілік дүмпулермен дүниетанымның кеңеюі, еркіндікті аңсаған елдің егемендікке ұмтылуы, күрестің мұратқа жеткізетінін сезінуі, өз құқығы мен көзқарасын қорғауы сынды бірнеше факторлар себеп болды. Сондай-ақ адамзат ақыл-ойының жетістіктері арқасында қоғамдық қарым-қатынастардың жеделдеуі, баспагерліктің өркендеуі, әдебиеттегі көркемдік ізденістер, эстетикалық танымның жаңашылдығына бастады. Осы тұста романдық ойлау биігіне көтерілген қазақ қаламгерлері жаңа көркемдік жанр романды сүйіншілеп өз оқырмандарына ұсынды. Мұны сол кездегі «Қазақ» газетіндегі (1914-1915 жж.) «Роман не нәрсе?», «Роман жарысы туралы», «Роман бәйгесі» деген мақалалардан көре аламыз. ХХ ғасырдың басындағы әдебиет тынысын зерделеуге арналған ұжымдық және жекелеген зерттеу еңбектер қатары баршылық. Ғылым әдебін сақтай отырып айтар болсақ, осы кезеңнің әдеби мұрасы көрнекті ғалымдарымыз М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Шалабаев, Т.Нұртазин, Б.Кенжебаев т.б. аға буын әдебиет зерттеушілердің еңбектерінде талданды. Бұл кезеңнің әдебиеті кейінгі буын зерттеушілердің де қызығушылығын танытты. Әсіресе, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап, ХХ ғасырдың басындағы әдебиетті тану, жинақтау бар ынтамен жүргізіліп келеді. Осы ретте ХХ ғасыр басындағы әдебиетті уақыт мерзімімен межелеп көрсетуде кеңес үкіметі орнағанға дейінгі 1900-1917 жылдар, Қазақ АССР-і құрылғанға дейінгі 1900-1920 жылдар, «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулысына дейінгі 1900-1925 жылдар деген сынды шамамен ширек ғасырлық уақыт аралығын көрсететін пікірлер барында атап өтеміз. Әттегенайы, ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің алтын арқауы саналатын осы ширек ғасырлық кезең тәуелсіздікке дейін әдебиет тарихында өзіне лайықты тиісті бағасын толық ала алмады. Ал біздің бүгінгі тануымыз кеңестік өмір қалыптастырған дүниетаным тұрғысында ғана. ХХ ғасырдың басында романдық ойлау деңгейіне көтерілген қаламгерлеріміздің шығармашылығын ХХІ ғасырда романдық ойлау зердесімен зерттей алып жүрміз бе деген де ой келеді. Әрине, соны пікір, парасатты пайымдар бар. Бірақ осы бірлі-жарлы бірегей ізденістер нәтижесі біртұтастанып ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жан-жақты қарастыратын мектеп қалыптастыра алмауда. Бәлкім бұған ғылым жолындағы дәстүрдің жаңа арнаға бет бұруы да себепкер болар. Бір анығы ХХ ғасыр басындағы қазақ романдары идея сонылығымен де, көркемдік ізденістерімен де, жанрлық бітімімен де, түрлі тақырып, сан сырлы мазмұн, сазымен де ұлттық әдебиеттің жаңа белес биігіне көтерілгендігін білдіреді. Ал сөз басында атап өткен профессор Зинол-Ғабден Бисенғалидің «Қазақ прозасы ХХ ғасыр басы: Жаңа роман жолында» атты зерттеу еңбегі «ХХ ғасыр басындағы қоғамдық өмір: мәдениет пен әдебиет және қазақ романдарының басты сипаттамасын», «қазақ романының бейнелеу ұстанымдары мен көркемдік әдіс тәсілдерін», «қазақ қаламгерлерінің тақырыптық-идеялық ізденістерін», «қазақ романындағы көркемдік идеялық ізденістерін» т.б. мәселелерді жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді. Осы кезең әдебиетін тереңірек білем деушілерге Зинол-Ғабден Бисенғалидің аталмыш еңбегін оқып шығуды кеңес етеміз. Атап отырған еңбекте ғалым ХХ ғасыр басындағы қазақ романшыларының дүниетанымынан туындаған романдық ойлау ерекшеліктерінің сырын және оған әсер еткен төрт түрлі факторді ашып көрсетеді: 1. «ХХ ғасыр басында роман жанрына қалам тартқан қазақ жазушыларының... бірі – ұстаз, ағартушы болғандықтан қоғамдық, шығармашылық барша қызметі де осы мақсатқа бағындырылды. Тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге мәселесі сондықтан да бірінші орында тұрады. Т.Жомартбаев пен С.Көбеев романдарында тәлім-тәрбиеге бағытталған идеялардың молдау ұшырасатыны осыдан. 2. Романшылар арасында журналист қаламгерлер де аз болған жоқ. Олардың шығармаларында қазақ қоғамы алдындағы келелі мәселелер көбірек қозғалды. М.Кәшімов пен С.Торайғыров шығармаларында осы мақсаттың іздері, өрнектері айқын. 3. Саяси күрестерге араласқан ірі қоғам қайраткерлері арасынан да романшылар кездеседі. Олардың шығармаларында Қазақстан мен қазақ халқының елдігі, тәуелсіздігі, болашағы туралы күрес жолына шыққан қаһармандар тағдырлары қозғалады. М.Дулатов пен С.Сейфуллин шығармаларына үңіле қараған адамның осы мақсатты жазбай таныры анық. 4. Қазақ романшылары арасында – адам, қоғам, ұлт, бостандық, тәуелсіздік, елдік мәселелеріне терең бойлай алған ойшыл-философ, тума талант, ірі суреткерлер де кездеседі. Ш.Құдайбердииев, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің қай-қайсы да қазақ елінің ертеңі мен халықтың болашағы не болады деген түйінді шешуге талпынған». Шартты түрде алғанда романдық ойлау уақыт пен кеңістікке, өркениет пен әдеби үдеріске тығыз байланысты тарихи категория: уақыт өтсе, кеңістік өзгерсе, бұл да белгілі өзгеріске ұшырайды. Мұны ғалымның ХХ ғасыр басындағы қазақ романдарына сынның әсері қандай болғандығын негізге ала отырып айтып отырмыз. Еңбекте ғалым қазақ романдарына сын «1910-1928 жылдар арасында, эссеистикалық сыннан (шығарманы жеке қабылдауына, өз эмоциясына ғана сүйене талдау, дәлел, деректердің аздығы) социологиялық сынға жуықтағандығын» көрсете келіп, романдық ойлауға «субъективті факторлар ресми үкімет, цензура, қаламгердің жеке басының проблемалары т.б.» ықпалы мол екендігін ашады. Және олар «шығарманың қоғамдық санадағы тарихи-қызметтік (историко-функциональный) мәнін аша түсуге жәрдемдесетінін С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының тарихына тоқталу» арқылы көрсетеді. Өзімізге белгілісі «Тар жол, тайғақ кешу» романы алғаш оқырманға жол тартқан 1927 жылдан сынға ұшырады. Шығармадан гөрі авторын сыбаған ұрда жық сын сымақтармен қатар орынды айтылған шынайы пікірлерде болды. «Романның екінші басылымына (1936 ж.) уақыттың саяси ахуалына орай, ресми идеологияны, сын пікірлерді ескере келе автор тиісті түзетулер жасады. Алашорда қозғалысына қатысты аз-кем деректі материалдар авторлық баяндауға, түсініктемелерге көшірілді». Бұл өз кезегінде жоғарыда айтылған романдық ойлау уақыт пен кеңістікке, өркениет пен әдеби үдеріске тығыз байланысты тарихи категория: уақыт өтсе, кеңістік өзгерсе, бұл да белгілі өзгеріске ұшырайды деген пікірімізді нақтылай түседі. Романдық ойлау туралы танымымыздың төркінін іздегенде «жаңа жанрлық көркем мазмұн бағытының, аспектісінің пайда болуы, көрінуі, романдық ойлаудың қалыптасуы» ХХ ғасыр басындағы романдарымызға дейінгі көлемді, көркем шығармаларда нақтырақ айтқанда «Қисса сұл Әнбиедегі» «Жүсіп-Зылиха» тәрізді қиссаларда. Сондай-ақ эпостарымыз бен салт ертегілеріміздегі романға тән жанрлық мазмұн белгілер мен көркемдік әдіс-тәсілдерде жатыр. Мұны ғалымдарымыз қазақ романының басы, «халықтық романдар» деп қарастырып жүр. Яғни, романдық ойлаудың қалыптасуына «халықтық романдар» алғы шарт болса, бұл ХХ ғасыр басындағы романдарымызда қалай көрінді деген сұрақтың туындары анық. Бұл турасында Зинол-Ғабден Бисенғали: «Дәстүрлі әдебиеттің жазу үлгілерін, бейнелеу құралдарын пайдалану, әсіресе, 1917 жылға дейінгі шығармаларда М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», романы мен С.Торайғыровтың «Кім жазықты?» аралығындағы шығармаларда жиі кездеседі. Кейбір романдарда ауызекі әңгіме, халық прозасы көркемдік жүйесінің көп қолданылатыны сонша, халық арасына кең тараған ауызша әңгіме стильге түсірілгендей әсер қалдырады. «Бақытсыз Жамал» мен «Қалың мал», «Мұңлы Мариям» мен «Қамар сұлу», «Қыз көрелік» т.б шығармаларда халық прозасы үлгілерінің әсері мол... » дей келіп, «Бақытсыз Жамал» романында жазушы: («Жамал он бес жасқа келді. Сұлу, ақыл, салтанат үшеуі бір біріне толық келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды...») жоғарыда айтылған халық прозасы мен шығыс әдебиетіндегі дәстүрлі баяндаудың романдық ойлау контексінде сәтімен қолданылғанын көрсетеді. Осы «Бақытсыз Жамал» романының жазылғанына биыл тура 110 жыл. Қазақ романының тұңғышы «Бақытсыз Жамалдың» 1917 жылға дейін екі рет басылым көріп, авторының көзі тірі кеңес заманында мүлде баспа жүзін көрмеуіне қатысты ғалым: «Баспа, баспасөз маңында жүрген қаламгердің кезінде оқушысын тапқан шығармасын қайта бастырмауының негізгі себептері болуға тиіс. Қоғам мінезін, замана тілін ұға алған ірі қоғам қайраткерінің саяси-идеялық күресте жеңіліс табуы әсер етті ме, әлде романдық ойлау деңгейіне көтеріле алған қаламгердің алғашқы романын жанр талабына сай түбегейлі өзгерте жазуға уақытының, жағдайының, ықыласының болмауынан ба?...» деп сұраулы сөйлеммен бір ойлантып алып, жазушы өмір сүрген уақыттың шамырқанған шындығын былай түйіндейді: «Талайды көрген тәжірибелі жан, өз елінің тәуелсіздігі, елдігі, дербестігі үшін күрескен табанды қайраткер, өз айтқанынан өзгені естімейтін саяси жүйе беталысынан оның болашағын көріп тіксініп қалғанға ұқсайды». Расында ұрдажық саяси жүйе беталысынан бір ғана М.Дулатұлы емес, сол кездегі қазақ қаламгерлерінің бір тобы А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, М.Әуезов т.б. тіксініп қалған еді. Олар әдебиеттің «идеологияға жегілуін, саяси-тәрбие құралына айналуын құптамады. Өнердің танымдық, тәрбиелік, эстетикалық қызметін қарадүрсін идеологияға қосақтауға, үгіт-насихат құралына айналдыруға қарсы болды». Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдар ортасына дейін қазақ романшыларында партиялық, таптық көзқарастың байқалмауы содан деген пікір ләзімінде дұрыс. Осы кезең әдебиетін зерттеушілер аталмыш еңбектегі ХХ ғасыр басындағы «қазақ романшылары таптық идеологияға арнап жасалған контрасты қалыпты ғана көрсететін көзілдірікті әлі кие қойған жоқ» пайымымен келіседі әрі сол арқылы өнердегі еркін ойлылықтың қадірін таниды деп білемін. Ал «Бақытсыз Жамал» романында сөз болатын әлдінің әлсізге жасаған зорлығы таптық бөліністі бейнелеп тұрған жоқ бар болғаны романдық ойлау деңгейіне көтерілген қаламгердің қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік көрінісін көрсету мақсаты ғана. «Шығармадағы авторлық концепция Жамалды трагедияға ұшыратқан әлеуметтік күштерді айқындай бейнелеуде». Әлеуметтік теңсіздіктен туындайтын талайлы тағдырлар трагедиясының ХХ ғасыр басындағы қазақ романшыларында шебер суреттелу сыры, сондай-ақ осы кезең әдебиетін зерттеуде әлі де болса толық ашылмаған әдеби бағыттармен олардың әдіс-тәсілдері «Қазақ прозасында» әдебиеттанудағы нақты мәселе ретінде көрсетіледі. Алғашқы әлеуметтік теңсіздік салдарынан орын алған тағдырлар трагедиясының сәтті суреттелуі қаламгерлеріміздің әлемдік әдебиеттегі натурализм әдіс-тәсілдерін меңгеріп шын мәніндегі романдық ойлау деңгейіне көтерілгендігімен байланыстырылса, натуралистік бағыттың нақты мәселе ретінде қарастырылуы «қазақ әдебиетінде бұл әдеби бағыттың ұлттық ерекшеліктерін ескеретін теориясы жасалмауымен» түсіндіріледі. Және зерттеу нысанына қатысты: «қазақ романдарында, тіпті әдебиетінде де, бұл әдіс, бағыт көркем жүйе тәрізді қалыптасты ма, оны ашып айту қиын. Арнайы зерттеулер де жоқ. Қажет екені көрініп-ақ тұр» деп, әдебиеттанушылардың алдында анықталуы тиіс мәселелерді де нақтылап өтеді. Осы төркіндес ойды ғалымның романдағы сентиментализм өрнектеріне қатысты айтылған «қазақ әдебиетінде сентиментализм ағымының түрі, бейнелеу әдісі ретіндегі қолданылу аясы, көріністері зерттелген емес» пікірінен де аңғарамыз. Ғалымның ХХ ғасыр басындағы роман жанрының қалыптасып даму жолдарын зерттеудегі пайымдары әдебиет тарихы мен роман теориясы үшін ғана емес, әдебиет теориясы мен сыны үшін де аса маңызды материалдар, бағыт-бағдарлар бере алады. Екінші жүз жылдыққа қадам басқан қазақ романының тарихы мен табиғатын, роман жанры айналасындағы түрлі теориялық, идеологиялық, саяси айтыстар мәнін тануда да Зинол-Ғабден Бисенғали еңбектеріндегі жинақталған ойлар мен тұжырымдар аса маңызды болып табылады. Қажымтануға оралу Сөз басында қара ормандай қаулап өскен қазақ әдебиеттану ғылымында терең сұлба салып кеткен академик Қажым Жұмалиев екендігін айтқанбыз. Осындай үлкен тұлғаның еңбектері зерттеушісін таппай жүргендігін әдебиетке енді келгенімде ұстазым Зинол-Ғабден Бисенғалиден білдім. Қажым Жұмалиевтың сан-салалы еңбектерінің бір қырын зерттеу тақырыбы етіп ұсынып, ғылыми жетекшілік жасауы қазақ әдебиеттану ғылымында Зинол-Ғабден Бисенғалидың бастамасымен жүзеге асқан Қажымтануғаға Оралу болатын. Зекең өз зерттеулерінде ардақты аға Қажым Жұмалиев туралы былай дейді: «Ұстаз-академикті көрген, дәрістерінде болған қазіргі шәкірттері аңызға бергісіз әңгімелер айтады: Қазақ әдебиеттануының қалыптасу жылдарында оның дамуы үшін өмірі мен білімін аямай-ақ жұмсаған бір адам болса сол дейді. Мұндай әңгімелердің шет жағасын, 1967 жылдары КазГУ де оқып жүргенде біз де естігенбіз: Ауыз әдебиеті және қазақ, орыс классиктерінің шығармаларын жатқа білді деп айтқанда, КазПИ студенттеріне сене алмадық, көруге асықтық бірақ жете алмадық..,1968 жылы ұстаз дүние салды. Тағдыр-ай десеңші...» Осылай деп бір толғанып алған Зекең Қажым Жұмалиевтың ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қоғамдық пәндер құрамында оқытылып келген төл қазақ әдебиеттану пәніміздің дербестігі үшін арнайы бағдарлама жазып, қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясын жазуда жасаған ерең еңбегі жөнінде: «Мұның бәрі қазақ әдебиетінің тарихын жазу, теориясын жасау үстінде қолға алынды. Алда – үлгі, қолда-дерек, ойда-айқындық жоқ. Күмән бар. Қиындық көп. Көп емес-ау өлшеусіз көп. Дәл осы жағдайда қиын тақырыпқа қойып кету деген үлкен батылдықты, әрі ең бастысы өзіне сенуді көрсетеді. Қ.Жұмалиевта қаптаған қиындықтарға қарамастан өзіне сенім мол еді. Өте маңызды, кезек күттірмейтін оқулық жазу осылай басталған еді» дейді. Қ.Жұмалиевтың есімі, қазақ әдебиеттану ғылымына сіңірген еңбегі бүгінгі күні әдеби ортада тиісті бағасын алып жүр ме деген Зекеңнің алаң кеуілің мына жазғандарынан аңғаруға болады: «Қажым Жұмалиевтың кім екенін интернет пен алуан түрлі қызықтарға алаң бүгінгі ұрпақ біле ме, ойланып көргендері бар ма екен, өзі деп ойлайсың осындайда. Оқырмандар арасында аты-жөнін білетіндер кездеседі. Бірақ қазақ қоғамдық санасы мен мәдениетіне сіңірген еңбегі туралы жақсы білетіндер көп болмаса керек. Мәселе – осында! Алдымен мына тарихи деректерді еске түсірген дұрыс. Қажым Жұмалиев – М.Әуезовтің қанаттас әріптесі, қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетінің ірі маманы. Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы туралы алғашқы жүйелі зерттеулер мен еңбектер, монографиялар жариялаған, жоғары мектептерде дәріс оқыған ұстаз. Әдеби үдеріске үзбей араласқан ҰҒА алғашқы академиктерінің бірі». Ғалым Зинол-Ғабден Бисенғалидың академик Қажым Жұмалиевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жазғандарын оқысан біраз ойланып қаласын. Біз осы әдеби танымымызды дұрыс қалыптастыра алып жүрміз бе? Әлде сәулелі шамырқанған шындықтан қарғарық болған пендедей жанарымызды тайдырып жүрміз бе? Әдебиетіміз бен тарихымыздағы кешегі кеңестік ақтандақтардың сыры белгілі, ал бүгін бастапқы пікір қайшылықтары «айырылғырдың суы айырылдың» күйін кешкен аға буын бөлінісін біз де күйкі тірлікпен жалғастыра береміз бе? Олай болмас, өмір мектебі олай болдырмас. Өзіміз сөз қылып отырған Зинол-Ғабден Бисенғалидың «Ұлыларын ұлықтау өсер елдің ісі» атты көлемді мақаласы қажымтануға қосылған олжа болуымен қатар, көпке ой салатын және осы бағытта атқарылатын жұмыстың бағыт-бағдарын көрсеткен танымдық дүние болғандығын ғалымның мына тұжырымдарынан аңғаруымызға болады: -Қорғамдық-гуманитарлық білім саласының қызметкерлері, әсіресе, қазақ әдебиеті тарихы мен теориясының мамандары өзімізге дәріс оқымаса да ұстаз тәрізді қабылдаған академик – ғалымға (Қ.Жұмалиев) егемендік алған жылдан бері тиісті құрмет көрсете алдық па, өзіне лайық; - Қ.Жұмалиевтың еңбегі мен зерттеулерін талдай қарағанда шығармашығында айтылатын тарихи уақиғалар жүйесіне, деректерге әдейі «теріс баға» беретін, кеңестік идеологиямен былыққан сұрақтар мен ойлар бүгінде жеткілікті. Оның бәрін түптеп айтуға уақыт керек, әрі жеңіл емес; - Азабы мен мазағы аралас кеңес үкіметінің жазасынан кейін, соның сойылын соққан сауатты замандастарының арсыз әрекет мінездер жалғасты. Қ.Жұмалиевтың тағдырлас бауырлары болашақ ұрпақтарына айтар аманатын түптеп айта алмаса да асыл армандарын ішке бүккен мұраларды қалдырды. Енді солардағы жасырын сөздерді тауып, оқып, шешу ұрпақтарының басты міндеті; -Академиктің ғылыми қызметтері мен зерттеулерінен өзге көңіл мен уақытын бөлген жұмысының басты арнасы Ұстаздыққа байланысты болды... Ол туралы аса көрнекті ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Қ.Жұмалиевтың кешегі шәкірттері көп жазған. Бұл пікірлерге жәй көз салудың өзі талай ойларға қозғау салады». Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін қажымтануда айтылып келген пайымдаулардың дамуына соны қарқын беріп, ғылыми еңбектердің жазылуына, әдеби мұраларының жинақталуына тікелей бағыт берген Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали: «Академик Қажым Жұмалиевтың ғылыми еңбектерін : 1) ауыз әдебиеті, 2) әдебиет тарихы, 3) әдебиет сыны 4) әдебиет теориясы деп негізінен төрт топқа бөліп қарастыруға болады» дей келіп, енді қазақ әдебиеттану ғылымында осы салалар қаншалықты дамыған сайын соншалықты Қ.Жұмалиевқа орала береміз өйткені оның бастауында Қажым Жұмалиев тұр деген болатын. «Әдебиет адалдықты сүйеді» деген тәмсілдің жаңғырған, аясы кеңейген мағынасы сірә осы болар. Азамат Мамыров, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты qazaquni.kz