Құлтас ДОСТАН: Жүрегім тағы не білдің?..
2013 ж. 19 ақпан
1821
0
ЕРДІҢ ЖАСЫ ЕСЕЛЕНСІН!
Біздің басылымымыздың бас редакторы Құлтас Әбсадықұлы Достан «Ердің жасы елуге» толып отыр. Құлекең 1963 жыдың 23 ақпанында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылынды дүниеге келді. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (Қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университеті) Журналистика факультетін бітірді.
1990-1993 жылдарда республикалық «Жас алаш» газетінде тілші, 1993-1994 жылдары «Білек» компаниясының директоры болды. 1994-2003 жылдары «Шартарап» атты жеке баспа ашып, қазақтың небір майталман тұлғаларының шығармалары мен кітаптарын жарыққа шығарды. Ұлттың жоғалған құндылықтарын түгендеуге атсалысты.
Жаңа ғасыр басында Құлтас Әбсадықұлы «Отан Медиа Групп» компаниясының Коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры (2005-2006), Республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясының коммерциялық-жарнама қызметінің бастығы (2006-2007), республикалық «Спорт айдыны» газетінің Бас редакторы (2008-2010), 2010-2011 жылдары Қазақстанда өткен 7-і қысқы Азия Ойындарында Баспасөз қызметінің бас сарапшысы қызметтерін атқарды. 2011 жылдан бері «Қазақ үні» (бұрынғы «Жас қазақ үні») республикалық қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы.
Құлекең қазақ журналистикасының белді өкілі, публицист, спорт шолушысы, ақын, «Жігер» жастар фестивальінің лауреаты, баспагер, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі.
Мерейлі тойдың мезетінде Құлтас Әбсадықұлына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт, телегей табыс, баянды бақыт тілейміз! Ислам ғұламасы Суфйан Сәури: «Ей, адам! Бұл күндер міндетті түрде өтеді, тіпті, көп бөлігі өтіп кетті. Онда, еш болмаса, қалған өміріңнің қадірін біл!» – деген екен.
Құрметті Құлеке, әрбір күніңіз қадірлі, әрбір таңыңыз таңғажайып болып, шабытыңыз сарқылмасын, айтарыңыз таусылмасын! Жаратқан Иеміз адалынан – асын, ұзағынан – жасын нәсіп қылсын!
«Қазақ үні» газетінің ұжымы.
ҰЛТТЫҢ РУХЫ
...Біз, қазақ, парыз ақтаған,
Жан досын жауға сатпаған!
Ғасырлар бойы қан бұзбай,
Рулық пәктік сақтаған!
Көрсетсе дұшпан жалаң доқ,
Қалмасын көңіл алаң боп...
Қарындас, қатын – бір емес,
Рудан – бізге жаман жоқ.
Ессіз сөз емес елемес,
Жүз болу – бітпес ерегес.
Рулар – рухы қазақтың,
Жүз ру – бізге көп емес...
«Мен – қазақ!» – ұран, ұлы шер,
Балқытар бойды жылы тер.
Бірігу – жоқты бүтіндер,
Бөліну – тұздай ірітер!...
ІБІЛІСТІҢ ҚҰРЫҒЫ НЕМЕСЕ ЗАУАЛ КҮННІҢ САУАЛЫ...
Бай болудың жобаларын түзіп мың,
Ә дегенде қазынаға қызықтым.
Зауал күннің сауалдарын ұмытып,
Жалған күннің жүйрігімен шынықтым...
Берілмедім «берекесіз» алаңға,
Бағылан боп, шырт түкірсем жаман ба?
Зауал күннің сауалдарын ұмытты,
Бүкіл денем, ойым менен санам да...
Алшаң басып, «алақайлап» күлдім мен,
Мамыражай, тергендейін бүлдірген...
Зауал күні барлық болмыс талақ қып,
Сорым қайнап, сор боларын кім білген?!.
Бас қатырып, ақыретті «кезбедім»,
Сауал барын, зауал барын сезбедім.
Зауал күні санап берді күнәмды,
Қараңғыда көре алмаған көздерім...
Адалдарды дей алмаспын – аядым,
Арам пиғыл, харам ойлар – саялым...
Он айналып, шатастырып бақсам да,
Барған жердің бәрін «айтты» аяғым...
Жоқ-жітікке шікірейіп шекемнен,
Мол байлыққа мамырадым бек емген...
Зауал күні қарсы шықты өзіме,
Барлап жүріп, байлық жиған бәтеңкем...
...Түсім екен, өз орнында аяғым,
Қорқыныштан үзілерге таядым,
Самаладай сарай салып сарсылған,
Миллионер досымды ойлап, аядым!..
КӨҢІЛДІ КІРБІҢ ШАЛҒАНДА
Көңілді кірбің шалғанда,
Сыймай кетемін бар маңға
Алысты аңсап, аһ ұрам,
Жете алмай қалған арманға...
Көңілді кірбің шалғанда,
Түсінер мені жан бар ма?..
Түнімен тулап, теңселем,
Таңдарды жалғап, таңдарға...
Көңілді кірбің шалғанда,
Қараймын өткен шаңдарға...
Бөрі-тірлік баз кешіп,
Айналдым ба, арланға?!.
Түндегі жарық шамдарға,
Бейбақ-көңілім алданба!..
Апамның дауысын сағынам,
Көңілді кірбің шалғанда...
...Өзіңнен жақын жан бар ма?!.
ЖЕРДІҢ БЕТІН АНАЛАР ӘЛДИЛЕЙДІ
Салқын сабыр – ананың «даты «білем,
Деген оймен талай таң атырып ем...
Жердің бетін аналар әлдилейді,
Жылуымен, көркімен, ақылымен!..
Болғанымен әкешім асқаралы,
«Ана» десе – көзімнен жас тамады...
Бар әлемді еркектер билегенмен,
Ал, еркекті – әйелдер басқарады!..
...Дүниенің болмайды басқа мәні...
ЖАН СЫРЫ
Нұрлан Нұрғазинге
Самғаудан қыран талмайды,
Шыныққан сайын қармайды.
Кеудеде жүрек соққанда,
Үмітті әр күн жалғайды.
(...Сенімің жайғар бар жайды...)
Сыралғы сырлас, мұңдассың...
Жақсыны жебе қылмас кім?!.
Талабың зәулім, қуат мол,
Қыраның қабат қырды ассын!
(...Мен-дағы қарап тұрмаспын...)
АЗҒЫНДЫҚ
Қызбайды тілім бекерге,
У ма екен, әлде, шекер ме?..
Сәбиін, қазақ, жылатып,
Саудалап жатыр шетелге...
Құл болғанның жат елге,
Қайғы-мұңына жетем бе?..
Хайуан да баласын,
Тастамайды бөтенге!..
...Аңға айналып кетем бе?!.
БАЛАЛЫҒЫМ - ПӘКТІГІМ
О, өмір!
Өтірік, жалғансың!
Көңілім қалай алдансын?!.
Жанымды жаулап алғансың,
Балалығым-пәктігім,
Ұмытпас мәңгі тәтті мұң,
«Әбен сайда» қалғансың...
О, тіршілік!
Қас – маған!
Семсердей семген, баспаған...
Алысқа атып тастағам...
Балалығым-пәктігім,
Ұмытпас мәңгі тәтті мұң,
Ақ жауын жуып тастаған...
...Көргім келеді, мен сені...
СӨКПЕ МЕНІ...
Жарқыным, ұмыттың ба?..
Жанымның бар шуағын төккенімді,
Сені көріп, аялап өткізбеген,
Әр күн мен әр сәтімді сөккенімді...
Шымбұлаққа биіктеп, арман қуып,
Медеуде мұз-сырғанақ тепкенімді...
Ақпанның аязында сақылдаған,
Жылытып, ыстық деммен өпкенімді...
Уайымға жеңіліп текке, мұңлы,
Азанға дейін азап шеккенімді...
Жаным-ау, ұмытпашы...
Сен ғана көңілімнің көктемі едің,
Ұзақ жылдар сарғайып жеткен едім,
Шыңы менен, сезімнің, бөктері едің,
Бақ сыйлаймын өзіңе, жеткеремін,
Басқа пиғыл, жат көзді жек көремін
Бақыт құсым алысқа кетпе менің!..
...Деп жүргенде сарғайып, сағым қуып,
Ғайып болдың...
Мұздадым...
Өкпеледім...
...Шымбұлақтың шыңынан ұшып шығып,
Айдынына Медеудің батып кетсем...
...Сөкпе мені...
КЕУДЕМДЕ СОҚҚАН ДІРІЛСІҢ...
Садық Мұстафаевқа
«Тастан да тамыр іздеген...»
МҰҚАҒАЛИ
Жүрекке жылы інімсің,
Кеудемде соққан дірілісің...
Намысын қолдан бермеген,
Қазақта туған шын ұлсың!
Жарқырап өскен шынарым,
Сағынып сені тұрамын...
Саңлақтар баптап – әлемге,
Қазақтың атын шығардың!
Тегіңді айтып тізбедім,
Жүйріктен оздың жүз-керім.
Айналаң толып достарға,
Тастан да тамыр іздедің...
Тапыраң – текті елемес,
Тектіге – телпек тең емес.
Аға да сенде аз, сірә,
Іні де менде көп емес...
Жүрегім – нәзік, жыр – емім,
Үміттің – ұшар шыңы едің!
Қайда да естен шығармай,
Қамыңды ойлап жүремін!..
...Жанымның таптың шын емін!..
АЛТЫН САРАЙ
Жалғанның алды – күлкі, арты– қайғы,
Пешенеге жазғаннан артылмайды
Біреулер алтын сарай салдырады,
Біреулер қар астында қалтырайды...
Жүрейінші жалғанда күйсіз, мейлі,
Хақ Тағала тым әділ, мұңсыз дейді,
Күркесіздер жұмақта жайраңдап жүр,
Алтын сарай салғандар үйсіз дейді...
ПӘНИДІҢ АЯЗЫ
Әттең, адам азғындап, құрып тындық...
Сен басқадан бөлексің – мұным шындық.
Абайды да күндеген қайран қазақ,
Айта алмаған «ақсың» деп, «ұлықсың» деп...
...Саған ашам сырым мен шындығымды,
Пәнидің аязында шынықсын, деп!...
НЕҢ ҚАЛДЫ...
Етігімен қан кешкен батыр бабам,
Жауларынан жабырқап, аһ ұрмаған.
Қабырғасын жұлса да дұшпанына,
Туған жердің тамшысын татырмаған!
...Ырысыңды жатжұрттық пақыр-надан,
Айдың күні аманда тақырлаған...
Байлығың мен барыңды түптеп жатыр,
Қазағым-ау нең қалды, сатылмаған?!.
Үш жылын қамдамай ма, ақылды адам?!.
МАДИЯР - МӘМІЛЕ
Азамат туы – ар болар,
Әділдік – арға нәр болар.
Қос егіз қоңсы қонса егер,
Жақсылық әркез жар болар.
Досқа құшақ жайғанның,
Жауының жолы тар болар.
Тілектен – ниет жиғанның,
Ошағы-орыны бар болар!
Береке-бірлік қашпасын,
Беліңді дұшпан баспасын.
Адал болса – астасың,
Тәңірім берер басқасын!..
ИМАНДЫ ДОС
Қадыржанға
Бар жақының сүйенген, сенім артып,
Досымсың сырымды айтар, түгел сарқып.
Көпшілік көңілінің кілтін таптың,
Еңбекпен, ақ ниетпен, жүрек шарпып...
Жақсының жүрісі мен тұрысы – артық,
Бекзаттың болмысы мен білісі артық.
Тектіліктің тәпсірі – берік иман,
Жаратқанға сенгеннің ырысы артық.
...Жеңістердің естілер үні шалқып!..
23 ақпан
Секіріп биік құздан-құз,
Отанды қорғап, қызғанбыз...
Өте жас, өте «мас» болдық,
Әрі өрт, әрі ызғармыз...
...Жауынгер жылдар жадымда,
КСРО – жоқ, біз – бармыз!..