"Мыңның ішіндегі асыл еді..."
2020 ж. 04 қазан
1577
0
Ақынның зайыбы София Мәлікқызымен әңгімеден
– Адам алдындағылардан да, соңғылардан да көп үйренеді дейді ғой. Алдыңғылардан не үйрендіңіз, арттағыларға не үйреттіңіз? – Өтті-ау, дәурен дегендей, біздің алдымызда қараса көз тоятын, сөйлесе көңіл тоятын, отырған жерлерін биіктететін, айналасына сәуле шашып тұратын салтанатты үлкен бір көштің адамдары болды. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов... Асылдардың қайсыбірін айтарсың. Ол кісілердің өздері бір мектеп болса, әйелдері екінші мектеп еді ғой. Сәбит Мұқанов біздің мамамыз қайтыс болғанда: «Қайран жеңгеміз кетіп, келіннің қолына қарайтын болдық-ау» – деді. Осы сөз менің ол кісілердің қызметіне қандай кезде болса да дайын, жинақы тұруыма себепкер болды. Үй-түзімді мамам бардан кем етпеуге тырыстым. Біз Сәбит ағаның үйіндегі Мәриям апайдың гваридиясы едік. Бірде көк базарда Жұбанның менімен жүргенін көрген Мәриям апа бізді біраз жерге ықтырып тастады. «Азық-түлікті мен өзім алып жүрмін, Жұбан серуендеп жүріп, кездесіп қалды» деп ақталып жатырмыз. Ғабит Мүсіреповтың үйіндегі Ғүсни жеңгей қандай еді... Өзі ауруханада қатты науқастанып жатып, үйдегі жиһаздарды қалай орналастырсам оңды болатындығын айтып, солай істеуімді өтініп еді. Біздің алдымыздағылар өздерін ғана емес, өзгелерге де жақсы болуын көп ойластыратын. Олар бір-бірінің үйіне қонаққа жиі барып тұратын. Ол кезде қонақ күтудің өзі бір салтанат еді ғой. Дастархан басындағы әдебиет, өнер туралы әңгімелер қазіргі съезд көтеретін мәселеден салмақты еді-ау. Үлкен-үлкен шығармаларды талқылап, қайта жазғызып, қайта оқытып, кем-кетігін ұлылықпен түзеп жататын. Ішетіндерін де алдын ала даярлап қоятынбыз. Тайыр Жароков қызыл арақты ұнататын. Мунира апай жанында отырса, шымшылап көп ішкізбейтін. Сонда Тайыр үзілісте: «Әй, ішіп қой, алып қой деген зорлау болмай ма, сонда іш деп отырса қалай ішпеймін деп алып қоймаймын ба», – деп күлдіруші еді. Алдымыздағы үлкендер соншалықты ұлы әрі соншалықты қарапайым еді. – София апай, Мәриям Мұқанкелінінің бір естелігінде: «Бір жолы Сәбиттің басына барсам, төңірегінде түгел әйелдердің бейіті қаптап кетіпті. Жүрегім бір түрлі болып кетті. Қасында Гүлбарам, Сәкеннің әйелі, бір жағында Хайдар Арыстанбековтың әйелі, бір жағында Жамал Омарова. Сосын тұрдым да: «Құдай-ау, қасыңа кілең әйелдер жиналған екен. Целый ансамбль ғой мынау. Әй, Сәбит, – дедім дауыстап – сен ойлан, мені ұмытып кетпе. Ертең мен келгенде, орныңды сипап қалмайын, смотри! – дедім, – дегені бар екен. Апайдың жылап тұрғанда аузына түскені ғой. Қимаған аяулы сезімі. Қызғаныштың да жақсы бір реңк алатын кезі болады ғой. Сіздің басыңыздан сондай сәттер өтті ме? Жұбан аға Жазушылар одағының басшылығында отырғанда пәтерді қыз-келіншектерге көп бөлдіріпті. – Жо-жоқ. Жұбан ағаң поэзия мен үйден басқаға бұрылмаған адам. Мен оны солай түсіндім, солай қабылдадым. Жүрегім оның кәмілдігіне шәк келтірмейді. Бұлай үзілді-кесілді жауап беруімінің сыры бар. Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып жүргенінде атақты бір жазушының әйелі күйеуінің опасыздығын айтып, жылап келгені бар. Соны естігенде қатты қайран қалып, «онысы несі екен, ә, онысы несі екен, ә!» деп күйінгені көз алдымда. Ол отбасынан бөлек өмір бар дегенді ойына алмай кетті-ау деп ойлаймын. Рас, Жұбанды бір әйел жақсы көрді. Дәрігер – рентгенолог еді. Бірде ауруханаға барған менен: «Сіз Жұбанның әйелісіз бе, мен оны селт еткізе алмай-ақ қойдым ғой» дегені бар. Мен не дейін, «саған бұл мәселеде ешқандай көмектесе алмаймын» деп жөніме кеттім. Бірақ көңіліме қызғаныш кірген жоқ. – Жүзге келген бір қариядан артынан қаулап өсіп келе жатқан ұрпақтары: «Көке, өмір қандай екен?» деп сұрапты. Сонда әлгі кісі: «Несін сұрайсыңдар, шырақтарым, өмір деген есікті ашып, қайыра қайтып жапқандай ғана екен» депті. Сол айтқандай адам баласы жер бетінде мәңгі жүретіндей болып көрінеді. Тек бір қимас жақының, асылың дүниеден өткенде өмірдің опасыз екеніне көз жеткендей болады. Есіктің ашып, жабылғандай кезеңінің көңілде жатталып қалған аяулы бір суретін есіңізге түсіріңізші. – Біз «сүйеміз» дегенді айтпай көңілмен, жүрекпен ұғысқан жандар едік. Сезім лүпілімізді жалаңаштамайтынбыз. 1965 жылы Моңғолияға бір ай мерзімдей уақытқа командировкаға баратын болды. Кетіп бара жатқанында «телефон соғу қиын болар ма екен?» деді. Мен: «Онда хат жаз!» деп қала бердім. Содан хат пен телефоннан бұрын өзі келді. Оңашада шабаданының түбіндегі хатты алып берді. Онда былай деп жазыпты. «Апака, родная моя Софья! Вот я по-твоему подсказку решил из далекого Улан-Батора, столицы братской Монгольской Народной республики, впервые написать тебе письмо. Да, мне никогда не приходилось писать тебе. Больше того: мы с тобой еще не объяснились даже в любви. Познакомились и в течение одной недели успели пожениться. Но, спасибо судьба тысячу раз, что дала мне именно тебя. Я всегда горжусь тобой и твоей беспредельной любовью ко мне. Хотя ты, также как я, ни разу не говорила: люблю. И правильно. Истинная любовь должна подтверждаться жизнью, делами, а тогда объясняться не надо. И ты мне кажется, тоже хорошо знаешь как я дорожу тобой. Моя самая большая и тайная мечта: сделать тебя и моих детей счастливые всех. Для этой цели я и живу. Не заню, насколько мне это удается, но я думаю, что мы и сейчас счастливы. Поэтому что, без слов понимаем друг друга, заботимся друг о друге и дети у нас растут хорошими. Вот я, через 18 лет после нашей женитьбы, наконец, объяснился с тобой в любви. Видимо, начинаю стареть что ли. В общем, береги себя, родная. Ты мне очень нужна, больше, чем кто-либо на свете. Теперь о деле. Как я уже говорил тебе по телефону, здесь встретили меня очень хорошо. Пока я нахожусь в Улан-Баторе, а в понедельник 25 (1) еду в Дархан, в новый строительный центр. Вернемся 28 января, затем тут поблизости, съездили в угольный район, к шахтерам, а 4 февраля домой, в Москву. Вот и все. Целую тебя и наших детей. Твой Жубан. 22.01.1965 г.» Міне осы хат өзгелер үшін өміріңді арнау үлкен бір бақыт екенін аңғартып, мейірімге мейірім қосып, өмірімізді бұрынғыдан да шуақтандырып жібергендей болды. Жұбан ағаң сыртқа шыққанда үйге сыйлықсыз келмейтін. Жапония жерінен бірде қып-қызыл кимоно әкелді. Өрттей. Өзім ерекше болып киінгенді онша ұнатпаймын. Сол көйлектің ағаң әкелген қалпымен тұрғанына 40 жылдай болып қалыпты. Алып, қарап, сипап қайыра орнына қоямын. Шөберем бойжетіп қалды, соған берермін. Хатта «Апака!» деп отыр ғой. Мамам (енесі. Д.М.)4 балаға да мені София деп атымды ататты. Мамам қайтыс болған соң олар мені «апака» деп атап кетті. Жұб-ағаң да солай атайтын болды. – Апай, – деймін, – енді мен де бәсең дауыспен. Оның артында неге қалдым. Маған бұл дүниенің енді қандай қызығы бар деп тарыққан кездеріңіз болды ма? – Болмаушы ма еді, болады ғой. Өмір тану сабағында бәрі болады. Жұбан кеткеннен кейін қонаққа барғанда, жалғызсырап қалатын болдым. Бұрын ол барда онымен ілесіп ол төрде отырса мен де төрге шығушы едім. Ол жоқта үй иесінің отырғызған жерін қанағат тұтамын. Ондайда Жұбанды іздеп жабырқаймын. – Жұбан Молдағалиев поэзиядағы борышын өтеген ақын ғана емес, ұлт алдындағы парызын ақтаған батыр да. Жыл айналып желтоқсан келген сайын ойыңызға не оралады? – Небір сұмдықтар оралады. Қабырғама қан қатырып, кеңірдектен қылқындырған кезең ауыр еді ғой. Бүге-шігесін өздерің де біліп жатырсыңдар ғой, қайталамай-ақ қояйын. Олжас Сүлейменов «Сіз сөйлейсіз!» депті. Жазған сөздерін алдымен маған оқып берді. «Тым қатты кетіп қалыпсың ғой, жұмсартуға болмай ма?», – дедім. – Жоқ, – көп болса қызметін алар, қаламым өзіммен бірге қалады, – деді. Сөйтіп адамгершілік туын, әділдік туын шыңға шығарды. Мінезін танытты. Адалдығын көрсетті. Иә, мен Жұб-ағаңның бауыры ауырғанын, асқазан жарасының ашылып, қан тоқтамай қойғанын білемін. Бірақ желтоқсан көтерілісіне байланысты өлімі жеделдеп кеткен жоқ па екен деген күдік жиі-жиі мазалайтын болып жүр. Қуанатыным, «қайтейік енді» деп көп адам қипақтап тұрғанда, туралыққа жол салып бергені. Сананы сәулелендіргені. Ел тірлігін жеңілдеткені. Осындай жанның, мыңның ішіндегі бір асылдың маған бұйырғанына тәубе етемін. Ділдәр МАМЫРБАЕВА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі qazaquni.kz