ҚАЗАҚ БОЛУ – ЗОР БАҚЫТ
2020 ж. 04 қазан
2553
0
СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтың әдеби мұрасымен танысқан оқырман бір аныққа көз жеткізеді. Ол – қилы заманның өзінде ұлтының болмысын, қазақтығын қисынын тауып мақтан еткен Жұбан жырындағы жығасы жығылмаған далалық еркін рух. Мұны ақынның «Қазақ», «Менің халқым», «Қазақстан көктемі», «Ғажапсың, Қазақстаным», «Мен қазақ әйеліне қайран қалам», «Қазақстан», «Қазақшадан аударылған», «Қазақ тілі», «Білем, білем бір қазақты», «Біз, қазақтар қызықпыз», «Мен – қазақпын» т.б. өлең, поэмаларынан анық көреміз.
Жұбан жырының литмотивіне айналған қазақ болмысының алғашқы көрінісі ақынның 1943 жылы жазылған «Қазақ» өлеңінен бастау алады. Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері Жұбан Молдағалиев өзгелер «ұлы орыс халқының» қаһармандығын жарыса жазып жатқанда, «өзге емес, өзім айтам өз жайымды» көңіл күйімен көз көріп, көңілге түйгенін ұрыс шебіндегі ұлы дала ұлдары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдулин, т.б. ерліктерімен ұштастырып:
«...Сан айқаста қол бастап,
Талқанын жаудың шығарған,
...Момышұлы Бауыржан,
Ол да – қазақ баласы» – деп атаның ерлік дәстүрі мен ананың ақ сүтін адал ақтаған «Кім еді, сен білемісің?» дей келіп, «ол – қазақтың баласы» екендігін мақтан қылады. Өлең шұбалаңқы, көркемдігі кемшіндеу көрінгенмен жиырма үш жастағы Жұбанның жұртын сүйген жүрегін анық аңғартып тұр.
Жүз сексен жолдан тұратын «Қазақ» өлеңі алғаш «Отан үшін» атты майдандық газетте, сол жылы арнаулы тапсырмамен Алматыға келген сапарында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды. Бұл мәңгі өлмес «Мен – қазақпын» жырының балаң шыбық болып бүр жарып, бұқараға бой көрсетуі еді.
Қазақ халқы түп тұқияннан бүгінге дейінгі тарихында замана дауылының дедектетуімен жар қабақтың ұшпасына талай барғанымен асқақ рухының арқасында аман-есен қалған халық. Өмір керуенінде көші малтыққанмен ойсыл қарасы омақасып жүрісін тоқтатқан емес. Осының бәрін ой санасынан өткерген ақын «Ғажапсың, Қазақстаным» өлеңінде танданысын асқақ үнмен былайша жеткізеді:
«Ал бүгін көркің мүлде өзге.
Ғажапсың, Қазақстаным!
Кім айтар сені бір кезде
Көрді деп өмір қыспағын».
«Жер бетінде жел өшірген із аз ба?». Бізден әлдеқайда әлеуетті, қарайған халқының саны да көп талай ұлт тілінен, ділінен, дінінен ажырап қалды, болмаса бордай тозып, болмысы мен ата қоныс жерін жоғалтып, тарихта құр атауы ғана қалды. Ақынның Қазақстанды, қазақты ғажапсың дегенінде міне осындай тәу еткен ақ адал пейілі жатыр.
Жұбан жырының үлкен бір арнасы – Қазақ әйелі, аяулы анасы мен асыл жары. Ақынның сұрапыл соғыстың қан майданында жүріп жазған алғашқы өлеңдерінің бірі «Әлия», кейінгі бейбіт өмірде дүниеге келген «Мен қазақ әйеліне қайран қалам», «Жесір тағдыры» т.б. өлең-жырлары тұтасып келіп, қазақ әйелінің бүтін бітімін бейнелеп тұр. Ұрыс даласында ерлермен тізе қосып жауға қарсы тұра білген қайсар қарындас пен бейбіт өмірдің берекелі тірлігінің басынан табылған нәзік жандыларға ризашылығын, танданысын ақын: «Не қазақ әйелінің құдіреті бұл» деп жеткізеді. Автор мен оқырманның келісімге келетін жері де осы.
Ұрпақ тәрбиесіндегі ананың ролі ұлттық болмысымыздың баянды болуының кепілі екендігін ақынның анасына тағзым еткен мына бір жолдарынан оқи аламыз:
«Анашым, аты – Зеріп, беріде өлді,
Ұлына сүтін, күшін беріп өлді.
Әйелдің алдияры, ақсұңқары
Аптапқа, аязға да берік еді...
Кешқұрым жырлап қазақ дастандарын,
Жаныма шашып еді жастан жалын...».
Жұбантанушылар Жұбанның ақындығы анасынан дарыған дей келіп, анасы Зеріп жас күнінде айтыстарға қатысып ауыл-аймағына ақын болып танылғандығын келтіреді. Ақынның өзі де анасы туралы естелігінде: «Ол кісі мені шын мәнінде өлеңмен ауыздандырды» дейді. Жыр жолдарындағы «Ұлына сүтін, күшін беріп өлді», «Жаныма шашып еді жастан жалын» деуінің мәнісі осында.
Жұбанның қазақ әйеліне арналған жырын оқығанда бұрын өзің білетін әлемнің беймәлім тұстарын танығандайсың. Әйелдің ару ана, асыл халық болып жырлануы әншейін әспеттеу үшін айтыла салған сөз еместігін «Аздырмай жеткізді олар ұрпақтарын» жолындағы ақиқатпен бетпе-бет келгенде мойындайсың. Иә, ұрпақтың азуы ұлттың тозуы. Қазақтың қазақ болып болмысынан ауытқымауы ақын қайран қалған қазақ әйелінің құдіретінде жатыр. Ғасырлар белесінде ұрпағын аздырмай жеткізген қазақ әйелі ару ана болмағанда кім ару, қазақ әйелі асыл халық болмағанда кім асыл? Соның бірі ақынның жары Софьясы. Өлеңнің соңғы шумағындағы мына бір сезім шуағы соны аңғартады.
«Мен қазақ әйеліне қайран қалам.
Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған.
Сол менің жүрегімнің ханшасы,
Жыр шоғын ұсынамын Айдан да оған».
Он тоғыз шумақ өлеңнің басында және осы соңында екі-ақ жерде қайталанатын «Мен қазақ әйеліне қайран қалам. Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған» деген жолдар автордың қазақ әйеліне, жүрегінің ханшасы сүйген жарына көрсеткен құрметі, азаматтық алғысы.
Бұл көңіл-күйді өзара ішкі ұйқас құрап, өлеңнің әуезділігін арттырып, бір құбылыстан іле шала екінші, үшіншіге ауысып динамикалық серпін танытып, түрлік ерекшелігі жағынан градация, яғни, өлеңге дамыту сипатын беріп тұрған шумақтың екінші жолындағы бірыңғай мүшелер «Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған» деген жолдардан да анық байқауымызға болады. Сондай-ақ бұл жолдарда ыстық қайратпен жайнаған, нұрлы ақылмен жалындаған, жылы жүрекпен жайраңдаған қазақ әйелінің Абай данамыз атап көрсеткен үш адами қасиеті де бар.
Қазақты өркениеттің төріне шығаратын, рухани құндылықтарын күллі адамзат баласының игілігіне айналдыруға ат салысатын сөз өнері. Қалған тамылжыған әуен де, көз тартар шаһар да, ақ қағаз бен кенепке түскен бейнелер де қазақтың болмысын толық ашып бере алмайды. Әрине бұл өнер туындылары белгілі бір дәрежеде таңқалдыруы, тәнті етуі мүмкін. Қазақтың жан дүниесін айнадай жарқыратып көрсететін құдірет, әдеби мұрасында ғана. Осыны жете түсінген Жұбан ақын қазақтың классиктері шет тілдерге аударылғанда қазағымды әлем танитын болды деп «Қазақшадан аударылған» атты шалқар көңілдің шаттығын танытатын өлең жазады.
«Қазақ үнін енді есітті талайлар.
Қазақ жырын бал бұлаққа балайды ар.
Жер тудырған шоқ жұлдыздар көгінде
Жарқырайды Шоқан, Мұхтар, Абайлар.
Қазақшадан аударылған...
Демек сондай ел бар, қазақ тілі бар».
Шексіз әлемде шектеулі тіл білетін адамзат баласы аударма арқылы қаншама халықтың болмысын білуге мүмкіндік алады. Өз елінің елшісіндей өзге тілге тәржімаланған шығармаларға ақын үлкен аманат артқанын байқаймыз.
Әлемдік өркениеттің ықпалымен өзгеріп жататын өміріміз ұлттық болмысымызға да әсер ететіні белгілі. Жаһандану процесінде жұтылып кетпеу үшін рухани құндылықтарымызды бойына сіңіріп өскен толағай тұлғалар қажет. Сондықтан да Абай хакімнің «единица – жақсысы, не бітірмек өңкей нөл» деп жырлағаны. Бұқараның басын біріктіретін, елдің атын шығаратын сол «единица» екендігіне көзіміз жетіп келеді. Осындай нар тұлғаның құрметіне жазылған «Білем, білем бір қазақты» өлеңінде Жұбан Молдағалаиев:
«Білем мен
Бір қазақты жұрт жырлайтын,
Ықпайтын,
Жықтырмайтын,
Ұттырмайтын...
Жылқыда
Жақсыны айтса қазан ат деп,
Адамда
Мақтайды ерді азамат деп.
Мұнымен
Бір дидарлас болғандарда
Кетеді жігіт-ақ деп,
Қазақ-ақ деп» –
деп, жұрт жырлаған бір қазақ кейіпкерінің кешегі кеңестік кезең тұсында өздерің «аға ұлт» санағандардан ығысып ықпайтынын, туған жерге тігілген туын жықтырмайтынын, өмір көкпарында ұттырмайтынын айтып, «единица – жақсысы» абсолюттік ақиқат екендігін аңғартады.
Осы үзіндінің соңғы жолындағы демеулік шылаулы «Қазақ-ақ» сөзімен берілген күрделі ментальді болмыс сан алуан интерпретацияда ұғынылып, бекзаттықты, мырзалықты, бауырмалдықты, мәрттікті білдіріп ақындық қуатты да танытып тұрғандығын сөз ретінде атап өткен абзал.
Қазағын жырлаудан тынбаған Жұбан ақын кей кезде сол қазаққа қайран қалып сөз таппай «Біз, қазақтар, қызықпыз» деп, ұлттық болмыстың ғасырлар қойнауындағы қалыптасу тарихын тамыршыдай тап басып өнегелі өлеңге айналдыра біледі.
«Біз бір қызық халықпыз кен жаралған,
Болмыстан жат жары жол, енжар адам.
Жазсын тағдыр жазбасын – мол тілейміз,
Жылдар үшін, бәлки бұл кенде қалған».
Ақын қызық халықпыз деп құр қызықтап қоймайды, өлеңнің өң бойында тек қазаққа тән танымды, мінезді шәк келтірмейтіндей жайып салады, солай екен-ау деген қорытындыға алып келеді. Өмір сүру дағдымыз бен дүниетанымымыздағы өзіндік ерекшеліктеріміздің мәнін енді ғана түсінгендей боласың.
Өз ұлтыңды сүю, құндылықтарыңды қастерлеу, жақсылығыңды жария ету Жұбан жырында басқалардан басым. Сондықтан да Жұбан үшін қазақ жылқысы қазан ат, жігіттері намысты азамат, ал даласы қанатты қыран. Даланың қыранға теңеліп, балануы қазақтың ерлігімен, биіктігімен ұштасып жатқандығын «Қыран дала» поэмасындағы:
«Тоғысқан сенде кемедей
Адамзат, ата мұраты.
«Дала» деу – «Қазақ» дегендей,
Қазақтың сенсің бір аты» –
деген шумақ мазмұнынан аңғарамыз. Жұбанның шығармашылық даңқын шығарып, 1978 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығын алған «Қыран дала» поэмасы ақынның өлеңдерінде талай көрініс тапқан дарқан дала, ақжайма ауыл, еңселі ел суреттерінің жинақталып, тарихтан сыр шертетін танымдық туынды түрі деуге болады.
Қазақ даласының арғы-бергі тарихын жетік білетін ақын шығармашылық кемеліне келіп, толысқан тұсында туған жер топырағына тәу етіп, перзенттік парызын жауһар жырмен өтегісі келген сияқты. «Қыран дала» поэмасын оқыған оқырман осыны тани алса ғана автордың мұратын, шығарманың идеясын дұрыс ұғынып бағалай алады.
«Қазақ болу – зор бақыт» бұл Жұбан Молдағалиевтің атақты «Мен қазақпын» поэмасында авторлық түпкі ойды танытып тұрған жол. Бірдің аузымен айтылғанымен көптің көкейіндегісін дөп басып айтылған сөз. Жай сөз емес шуақты сөз, қуатты сөз. Шуақтылығы жан дүниенді нұрға бөлейді, қуаттылығы қара орман халқыңды қанаттандырады. Мың өліп, мың тірілген қазағымның келешегі кемел екендігіне сендіреді, рухтандырады. Оқып көрелік:
«Мен – қазақпын, белдімін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім».
Айтпақ ойды, шадыман көңілді, кесек мінезді, ұлттық менді танытатын сөз тәуірін ақын ой түбінен теріп ала білген. «Мен қазақпынның» жазылғанынан жұрттың жадында хатталып, күні бүгінге дейін Жұбан ақын болып талай мінбелерден үздіксіз оқылып келе жатуы, міне, осының дәлелі.
Қазіргі ұлттық идеологиямызда «Мен қазақпын» поэмасындағы авторлық түпкі ой «Қазақ болу – зор бақыт» ұстанымын ұрпақ тәрбиесінде басым бағыттың бірі етіп алуымыз керек. Сонда біз ақын айтқан белді әрі байтақ мәңгілік ел боламыз. Мұны әуелі құлаққа, сосын санаға, кейін жүрекке жету үшін ретімен айта беруіміз қажет. Ертеңгі күні Жұбанша: «Мен – қазақпын, өз халқымды мақтан етемін. Маған оның қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат» дейтін жастардың қатары қалыңдай беру үшін де айта беруіміз қажет.
Азамат Мамыров,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты
qazaquni.kz