Дүлдүл жырдың дарабозы
2020 ж. 27 қыркүйек
3789
0
Биылғы жылымызды қазақ халқы үшін мерейтойлар жылы десек қателеспейміз. Әлемнің екінші ғұламасы атанған Әл-Фарабидің 1500 жылдығы, ұлы Абайдың 175 жылдығы дәп биылғы жылға сәйкес келгені осыған нақты дәлел. Елімізге кеңінен танымал бұдан да басқа белгілі тұлғалардың мерейтойлары халық арасында аталып өтіп жатыр. Солардың қатарында арқалы ақын, әнші, актер, композитор, шебер домбырашы, суырып салма айтыскер ақын Иса Байзақовтың та 120 жылдық мерейтойы осы жылдың еншісіне тиіп отыр. Әрине, әлемді жайлаған коронавирус індеті ұлтымыздың біртуар ұлдарының мерейтойларын алдынала жоспарланғандай жоғары деңгейде өткізуге кедергі болғаны баршаға аян. Бірақ одан ұлы тұлғалардың беделі төмендемек емес, керісінше жылдар өткен сайын олардың шоқтығы биіктеп, келер ұрпақ көгінде жарық жұлдыздай жарқырай түсері анық.
Небары қырық алты жылдық қысқа ғұмырында қазақ әдебиетіне, ұлтық өнерімізге өлшеусіз үлес қосқан Иса Байзақов 1900 жылы 3-қазанда Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. Әкесі Байзақ сауатты, жасында ән салып, өлең шығарған, шағын шаруалы кісі болған. Иса 9 жасында шешесі қайтыс болып, әжесі Жанбаланың бауырында өседі. Өнерлі, шежіреші әжесінің тәрбиесін көріп өскен Иса нағашы ағасы Рахметтен домбыра тартып, ән салуды үйренеді. Кішкентайынан өнерге бейім ол «Домбырашы бала», «Әнші Иса» атанады. Революцияға дейін байлардың қойын бағып, шахтада жұмысшы болады. Алдымен ескіше сауат ашып, одан кейін Семейдегі жұмысшылар факультетін, Орынбордағы қазақ ағарту институтын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Оқып жүрген кезінде суырып салма ақындығы, әншілігі, домбырашылығымен ерекше кезге түседі. Өлеңдері баспасөзде бірінші рет 1924 жылы жарияланған. 1926 жылы Қызылордада Қазақтың тұңғыш ұлттық театры ашылғанда Әміре Қашаубаев, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов сияқты тағы басқа танымал актерлармен бірге жаңа театрдың негізін қалады. Жас театр қойған алғашқы пьесаларда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» мен «Бәйбіше-тоқал» пьесасында басты рөлдерде ойнаған. Өзі инсценировка жасаған «Біржан-Сара» қойылымында Біржан рөлін сомдап, ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен жұртты ерекше сүйсіндіреді. Театрда спектакль соңынан үнемі қойылатын концерттерге де белсене қытысқан. Әншілік, артистік, домбырашылық өнерінің үстіне, серіктестері Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов секілді әншілердің айтатын халық әндеріне жаңа мазмұнды мәтіндерін жазып берген. Мысалы, «Заулатшы-ай», «Қалқа», «Ісмет», «Назқоңыр», тағы басқалардың сөзін Иса Байзақов қайтадан жазған. Халыққа кең тарап кеткен мұндай ән мәтіндерінің саны қырықтан асады. Қазақтың халық әндерін тұңғыш жинап бастырушы Александр Затаевич Иса Байзақовтың аузынан «Кәкен», «Бике», «Жар-жар», тағы басқа халық әндерін жазып алып, нотаға түсірген. Иса Байзақов орындайтын бірсыпыра халық әндері «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларының музыкасына енген. Ал атақты «Гәкку» әні Иса Байзақовтың орындауымен ешбір өңдеусіз «Қыз Жібек» операсына көшті. Театрға жиналған жұрттың қалаған тақырыбына іркілместен суырып салып, өлең шығаруымен «ақын-артист» атанған Иса Байзақовтың ақындық дарыны жарқырай көрінді. Күн сайын театрда суырып салып айтатын жаңа жырлары, газеттерде жарияланып жататын ірілі-уақты өлеңдерінен басқа, оның эпикалық көлемді шығармалары да жарық көрді «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында», «Кавказ», «Қырмызы-Жанай» (аяқталмаған), «Ақбөпе» поэмаларында Иса Байзақов адамгершілікті, адал махаббатты жыр етеді. Қазақтың басынан өткен қайғылы кезеңдерін көз алдыңа елестетіп, қазақ пен қалмақтың ірі бай-феодалдарының зұлымдығын әшкерелейді, тап қайшылығын көрсетеді. Иса Байзақов өз кезеңіндегі өмір шындығына «Неге Алатау шаттанды?», «Ұлы құрылыс», «Он бір күн, он бір түн» поэмаларын арнаған. 1932-1940 жылдар аралығында Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, филармонияда, Жазушылар одағында қызметтер атқарған. Денсаулығына байланысты өзі бара алмаған Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрып, ел аралап, үгітшілік қызмет атқарды.
Халықтың рухын көтеріп, ерен еңбектерімен жауды жеңуге шақырды. Бұл кездерде композиторлық дарыны да кеңінен танылды. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) сол жылдары халықтың жан-жүрегін тербеп, әнұранына айналды десе де болады. Иса Байзақовтың өмірі мен шығармаларын Есмағанбет Ысмайылов, Мәди Хасенов, Рахманқұл Бердібаев тағы басқалар ғалымдар зерттеген. Жазушы Николай Ановтың «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесі жасалған. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Ал, ақын үшін ең басты марапат халықтың сүйңспеншілігі болатын. Атақты ақынның есімі Алматы, Павлодар қалаларындағы көшелерге, Ертіс ауданыдағы ауылдық округке, Үлгілі ауылындағы орта мектепке берілген. Онда ақынның әдеби мұражайы бар.
Амал жоқ, биыл сақтық шараларын сақтау мақсатында көптеген іс-шаралар шағын ғана топпен, көбінесе онлайн режімінде өткізілетін болды. Иса Байзақовтың 120 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың дүлдүл ақыны» атты конференция да дәп осындай жағдайда өтті. Алдымен сөз алған Павлодар облысы Ертіс ауданы әкімі Аян Байсекин жерлестері Исадай дүлдүл ақынын мақтан тұтатынын жеткізіп, оның соңына қалдырған әдеби, мәдени мұралары болашағымыз жастарды тәрбиелеуде таптырмас үлгі-өнеге екеніне ерекше тоқталды. Облыс, аудан көлемінде алдынала белгіленген жоспарлардың пандемияға байланысты орындалмай қалғанына өкініш білдіріп, дегенмен көптеген шаралардың іске асып жатқанынан хабардар етті. Аудан көлемінде Иса ақынның сан қырлы өнеріне арналған түрлі әдеби, мәдени байқаулар өткізіліп, Иса оқулары бірнеше жылдан бері тұрақты іс-шараға айналғанын баян етті. Аудан халқының талабы бойынша Иса Байзақов көшесінде ескерткіші орналасқан аудандық Мәдениет үйіне ақын есімін беру туралы ұсынысын жариялап, көп кешікпей бұл игі бастама іске асатынына сенім білдірді.
Тартымды өткен жиынға ақынның туыстары, жерлестері, әдебиет, мәдениет, ғылым өкілдері, өзге де қоғам белсенділері қатысты. Иса Байзақовтың ұрпақтары – немерелері, тарих ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің профессоры Құралай Ертісқызы мен Қырмызы Ертісқызы атасы-әжесі, әке-шешелері жайлы қызықты естеліктер айтып берді. Жазушы-журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, Иса ақын және оның ұрпақтары жайлы жазылған кітаптың авторы Ғалия Балтабаева ақынның қызы Мақпуза Байзақова әкесі туралы көптеген құнды деректерді жинап, жеке кітап басып шығарғаны туралы әңгімеледі. Кітап жазу барысында өзі де Исаның көзі тірі замандастары белгілі әдебиет және мәдениет майталмандарымен кездескенін, ақын туралы түрлі аңызға бергісіз әңгімелеріне қаныққанын айтты.
Ақынның жерлесі, педагогика ғылымының кандидаты Алма Қожахметова Иса өлеңдерін сонау бала кезінен жаттап өскендігін айта келе, анасы Сара жас кезінде Иса домбырамен өлең айтқанда аузынан шыққан сөздерін қағазға түсіргендігі жайлы әңгімелеп берді. Сонымен бірге, А. Қожахметова қай ұлт болсын өз мәдениеті мен әдебиет саласындағы дарынды тұлғаларын кеңінен дәріптеуі, мақтан тұтуы заңды құбылыс деді. Мысалы орыстар Пушкин, Толстой және өзге де ақын-жазушыларының туған жерлерін тарихи маңызы бар мұржайларға айналдырды. Дүлдүл ақын Иса Байзақовтың туған ауылы «Үлгіліні» де осындай тарихи орынға айналдыру қажеттігіне аймақ, аудан басшыларының назарын аударды.
Ақынның туысы, тарих ғылымының докторы, профессор, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры Амангелді Құсайынов Иса Байзақовтың сан қырлы шығармашылығының ерекше тұстарына тереңірек үңіліп, оны зерттеу жағы сыңаржақтық сипат алып жүргенін атады. Белгілі ғалым Иса ақын шығармаларындағы түйдек-түйдек философиялық көзқарастары мен ақын ғана емес этнограф, тарихшы болғанын көрсететін шығармаларынан нақты мысалдар келтірді. Сонымен бірге туған жер табиғатын суреттеуде және махаббатты жырлауда қазақ поэзиясына қомақты, тіпті теңдессіз үлес қосқанын естен шығармау керектігін жеткізді.
Расында, кейбір жылдарда Иса шығармашылығынан шикілік іздеген, орынсыз сын айтқандар да болды. Бұл жерде біз Иса Байзақовтың ұлтымыздың баға жетпес асыл қазынасы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің түйісер тұсындағы тұлға екенін, екі кезеңді жалғастыратын алтын көпір салушылардың өкілі екенін естен шығарып алатынымыз бар. Ал, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасы жер мен көктей екені белгілі. Ауыз әдебиетінен нәр алған жазба әдебиет қана көркемдігі жоғары дүние болатыны баяғыдан белгілі. Жыр жауһарларын, дүлдүл жырларды ұлтымыздың ауыз әдебиетінен іздеуіміз керек. Одан тамыр үзген бүгінгі кейбір шығармалардың сапасыз, мәнсіз, қарадүрсін баяндаудан әрі аса алмайтынын да көріп жүрміз.
Иса өлеңді айлап жазып, қайта-қайта күзеп-түземеген ақын. Жұрт алдында ауызекі айтылған жырларының басым бөлігі мүлдем қағаз бетіне түспегені де белгілі. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы Абай айтпақшы, бұл жерде біреулерге бағыт-бағдар беруден аулақпыз. Бірақ қандай да болса ақын-жазушылардың шығармаларына әділ баға берілгені жөн. Ол жағын әдебиетшілер мен сыни талдау жасаушылардың ары мен еншісіне қалдырайық.
Ақынның шығармашылығы мен өнері туралы өзінің таңды таңға жалғайтын жырларындай ұзақ әңгіме етуге болады. Біз бүгінгі шағын мақаламызда Иса ақынның бар ғұмырын халқына арнағанын, үзеңгілес қатар жүрген достарына деген адалдығы, сыйластығы мен адамгершілігі жайлы ғана сөз етсек дейміз. Кешегі күн бүгінгілер үшін аңыз, тіпті ертегідей көрінуі ғажап емес. Аңыздың аты аңыз, ол жылдар өткен сайын өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сондықтан Иса ақынның замандастары, туыстары, қатар жүрген қаламгерлердің өз қолымен жазып қалдырған естеліктеріне назар салып көрген дұрыс сияқты. Сонда ғана біз жыр дүлдүлінің шынайы бейнесін көз алдымызға әкеле аламыз. Соның бір-екеуін ғана назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
«1945 жылдың жазында Ұлы Отан соғысынан Алматыға қайттым. Майданнан қайтқан солдаттың сағынышын, қуанышын бұрын бір жүріп, бірге өскен жолдастарын көруге қаншалық ынтық болатынын майдандас жолдастар ғана біледі.
Сол жазда ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толғаны бүкіл Қазақстандық мереке болды. Осы мереке үстінде өзімнің қаламдас жолдастарымның көпшілігімен кездесіп, шексіз бір қуаныштың айдынында жүзіп жүрдім. Сол жылдың жеңіс жылының жазындай жарқын, аспанындай ашық көңіліме күтпеген жерден бір ой орнай қалды. Ол не? - Ол мынау: Абай тойында ақын-жазушылардың бәрі бар; елдің кәрі тарлан, жүйрік жыраулары да топ жара суырылып шығып жатыр. Осындай думанның ортасында дуылдап жанған оттай шалқитын Иса қайда? Онсыз думан өтуші ме еді; ол әрдайым ортамызда болушы еді ғой. Осынысы қалай? Исаның орны бос тұрған сияқты, ол неге келіп отырмайды орнына... Қанатын желпіген бүркіттей өткір қара көздері төңкеріліп «Желдірмемен» желпіп-желпіп өтпес пе? Ақын жанның салютіндей жарқылдатып, асыл жырды аспандата атпас па?... Ол қатты науқас дейді. Алматыда жоқ дейді. Келе алмапты, бұл тойға. Неткен арсыз хабар. Домбырасын қолға алып, қыран құстай қомданып көз алдымызда да, өлеңнің өткел бермес теңізін екпінді желдей «Желдірмемен» сапырып-сапырып жібергенде де, сол Исаның бойында мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді? Япырай, Сондай қуатты өмірді, сүмелек ауру басынғаны не сұмдық!?
«Иса келіпті», - деді бір жолдас. Қуанғанымнан: «Иса! Иса! Иса!» - дей бердім ішімнен. Түскен жерін біліп алдым да, дереу сонда тарттым. Көз алдымда баяғы Иса сол қалпында елестейді. Жеттім. Ендім үйіне, сәлем бердім. Төрдегі бір төсекте Исаға маңдайы ұқсас, бір құр сүйек адам жатыр екен. Жаныма мұз төгіліп кеткендей болдым. Даусы ақырын ғана шығып, «Қарағым, Қасымым!» деді де, қалт-қалт еткен қолын соза берді. Менің ыстық шеңгеліммен, оның салқын тартқан шеңгелі достықтың бір түйініндей жазылмай біраз тұрды.
- Отыр, қарағым, - деп төрді ұсынды. Отырдым. Жайлап басын көтеріп, ол да төсек үстінде отырды.
- Аман-есен қайтқаныңды есіткем. Бәрін де есіткем. Қайырлы болсын, үй болыпсың.
Ол менен қандай өлең жазғандығымды, ағайын-туысқандарымнан кім барлығын сұрады. Осыдан кейін төсектің бас жағында тұрған, алғашқыда Исаның қойнындағы баласындай жастықтаса жатқан домбырасын алды да, бас пернеден сағаға дейін бір-екі рет сыдыртып өтті. Байқаймын, саусақтары бұрынғыдай құйғытпайды, тек жай ғана желеді...
- Сәбитке сәлем айт. Осында Сапарғалиді жіберіпті, менің өмірбаянымды жазып алсын, - деп. Тегі мені «өледі» деп ойлаған екен. Мен өлмеймін. Туберкулезім жоқ, тек бойымды суық алған. Өлмеймін! - деді Иса.
Бұл кез 1946 жылдың көктемі еді. Сол жылдың жазында Иса Алматыдағы туберкулез институтының ауруханасында жолықтым. Бірнеше адамдармен бірге жатыр екен. Сәлемімді алды. Қуанып қалғаны бірден сезілді. Өзімен қатарласа жатқан домбырасын алды да «Желдірмені» ойнап, бірден қосылып кетті. Амал не, дауысы сәл-сәл ғана естіледі. Кеуденің әбден қажығандығы сезіліп-ақ тұр. Бұдан соң жазушылар ұйымында не жаңалықтар болып жатқанын сұрады. Өзіне кім келді, кім келмегенін айтты. Әсіресе, Мұхтар мен Кәрімнің келгеніне қатты риза екенін айтты. Ақыр соңында:
- Мен осы қанша өлмеймін десем де өлемін-ау деймін. Тегі, енді ұзаққа бармаспын. Жолдастарға сәлем айт. Сәбитке сәлем айт, - деді де көзін жұмып біраз жатты. Мен шаршап жатқанын сездім де:
- Иса аға, мен енді кетейін, - дедім. Қолын созды. Қолын алдым да шығып кеттім.
Осыдан біраз күн өткен соң Шахмет Құсайынов, Ғабдол Сланов тағы бірнеше жолдастар болып сол институтқа барып, Исаның сүйегін алдық...» деп үлкен өкінішпен жазған екен қазақтың тағы бір дарынды ақыны Қасым Аманжолов Иса туралы шағын естелігінде. Оған қоса «Ақын ретінде рухы жағынан, адам ретінде мінезіммен де мен ақын ағам Исекеңе ұқсайтын тұстарым аз емес. Ол мені жақсы көретін, сонысын өзім мақтан тұтатынмын. Мені де ажал алса оның қасында болғанды қалар едім. Ал, қазақ әдебиеті тарихында менің атым Исадан кейін тұруы керек» дегені тағы бар. ( «Ақын Иса» кітабы. 151- бет).
Әдебиетте, өнердің сан саласында да еліміздің атын асқақтатқан дарындар жетерлік. Құдайға шүкір, қазақ ұлты ол жағынан кемістік көрген емес. Өр мінезді, жалынды жырларымен жұртты тәнті еткен дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың осы бір жүрекжарды сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Біріншіден, қазақ әдебиетінде өшпестей із қалдырған екі бірдей алыптың бір-бірінің талантын, әдебиет пен өнердегі баға жетпес еңбектерін бағалай білгендігі. Екіншіден, жоғары адами құндылықты, сыйластық атты қасиетті ұғымды ту етіп, қастерлей білгендіктері бірден байқалады. Әдебиеттің аламан бәйгесінде қатар шапса да, ешқашан бір-бірін шаңға батырмаған тұлпарларды көз алдыңа әкеледі. Бүгінгідей жеңіл-желпі жүлде үшін бет жыртысып қалатындардай емес, алыптардың осы бір үрдісі қазіргі қалам ұстағандар мен өнер өлкесінде жүргендерге үлкен өнеге емес пе! Осындайда ақындық атты киелі өнерде достарыңа деген адалдық пен қарапайым ғана адамгершілік қасиет алдымен ауадай қажет екен ғой деген ойға қаласың.
Жасыратыны жоқ, бүгіндер бір іс-шара өткізу үшін аудандық немесе қалалық әкімдік болсын бүкіл ұжым болып, тайлы-тұяғымен бір ай бойы шапқылап, мұрындарынан қан кетіп әзер ұйымдастырады. Баяғы «Ит – иті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайдының» керін келтіріп, әкім орынбасарын, орынбасары бөлім басшыларын, олар өз кезегінде қарамағындағы қызметкерлерді жұмсап уақытын босқа өлтіреді. Сыртынан қарасаңыз бірдеңені қырып-жойып жатқандай, ысқырықтары жер жарады. Ал, сондағы айдағандары бес ешкі демекші, бітіретіндері шамалы. Қарап отырсақ, осындай шараларды Иса ақын жалғыз өзі-ақ атқарған. Әрі кетсе қасына анда-санда бір-екі адам ертіп жүрген. Алыс аудандарды аралап, шалғайдағы ауылдарға дейін шығып, кешкі іңірден таң атқанша концерт қойған, халықтың рухын көтеріп, еңбек адамдарына жыр арнаған. Сөзіміз жалаң болмас үшін, ақынның қызы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Мақпуза Байзақованың әкесі туралы жазған естеліктеріндегі мына бір тұсқа назар аударылықшы. «...Әкеміздің өмірі ат үстінде өтті ғой. Әсіресе, соғыс жылдары. Сондықтан жайғасып отырып әңгімелесе қалғанда біз бір жасап қалатынбыз. Папама осы жазда музыка училищесінің балаларымен концертке қатысып, ауылдарда болып қайтқанымды айтқанда, ол кісі бірден сөзіме назар аударып, бар жайды қадағалап сұрай бастады. Жұрт алдында жүрексінген жоқсың ба, халық риза болды ма, концерттерің қанша уақытқа созылды! - деген сияқты сұрақтар. Болған жайды түгел баяндап кеп, тек бір колхозда «бар болғаны осы-ақ па» - дегені дедім. Папам жымиып қойды. «Концерттерің тым ұзақ болған екен. Дегенмен шаршап жүрген колхозшыларға түскі демалысында ойын көрсетіп, көңілдерін көтергендерің әбден жөн іс», - деді. Бастапқы «тым ұзақ» деген сөзінің астарын сезіп қалдым да - ал, өзің қанша уақыт концерт бересің! - деп сұрадым. Папам маған біраз күлімсіреп, домбырасын, өзі бір ойға кеткенде тартатын күйіне салып, шерте отырып, әңгіме бастады.
- Мен сағатқа қарап өлең айтып көрген емеспін. Халық ымырт жабыла жиылып, таң атқанда бір-ақ тарқайды. Колхозға келгенде ауылдың ең шетіндегі қарапайым кісінің үйіне түсем де, бүкіл колхоздың жағдайын сұрап біліп алам. Жалқауларының, озаттарының фамилияларын жазып алам, сонсоң басшыларының кемшілігін де біліп алып барып бастыққа жолығам, - деп қулана күліп қойды. Жұрттың қалағанын айтам. Олар «Арқалық батыр», «Рүстем-Дастаннан» айтуды сұрайды. Оған қоса, көбінесе бүгінгі қан майдандағы жас батырлар Зоя, Мәншүк, Әлия, Төлеген, Бауыржан, Мәліктердің ерліктерін жыр етем. Мәселен, майдан қорына қаражат жинап беруде ғана емес, ол да керек қой. Бірақ, ең қажеті халықтың осы ауыр күндерде рухын көтере білуде, - деп, папам біраз ойға кетіп отырды да, әңгімесін әрі жалғастырды. Сол жырымның аяғында «әр үйден кеткен арыстардың сонау майданда қан кешіп жүргенде, сендердің іштерінде кейбір адамның еңбек етіп, көмектескен сиқы мынау», - деп суреттеп келіп, бүкіл жалқауларын сынап өтем, озаттарын мадақтай кетем. Не керек, отырған халық күлкіден ауыз жия алмай қалады. Қатты ұялғандары шыдамай, есіктен ата жөнеледі. Енді «Түн ортасынан ауып кетті, дем алыңдар», - деп өлеңге қосам, сонда бәрі бір ауыздан: «шаршаған жоқпыз» дейді. Әлден уақытта «уа, темекі тартып дегендей, сыртқа шығып желпініп келмейсіңдер ме» деймін. Тағы да бір ауыздан «Жоқ, Исеке, шықпаймыз, айта беріңіз, тек өзіңіз шаршамасаңыз болғаны», - дейді. Несін айтасың, балақай, таң атқанда бір-ақ тарқап, үйлеріне барып, шайларын ішіп, бірден қырман басына жөнеледі. Міне, папаңның концерті осылай өтеді. Сонда мен «Бар болғаны осы ма» деген сөзді естіген емеспін, - деп мені еркелеткендегі дағдысы бойынша мұрнымды бір қысып қойды...». Бұдан біз ақынның үнемі халық арасында жүргенін анық аңғарамыз. Балаларының да өнер қуып, жасаған алғашқы қадамдарына қуанып, тіпті сын көзбен қарап, жол сілтегенін байқаймыз.
Мақпуза Байзақова естелігіндегі мына бір тұсы да елең еткізеді. «...Сол кездегі СССР Жазушылар одағын басқаратын А. Фадеев «Иса Байзақовты жіберіңіздер» деп, жөнделген телеграмма жолдапты. Ең бір қызығы, дәл жүрердегі болған оқиға. Папамның дұрыс костюмі болмай қалса керек. Ол кісі үйсіз жүргендіктен дүниелері әр жерде қалып қоятын немесе өзінен костюмі нашарлау біреуге кигізе салатын дүниенің бетіне қарамайтын адам болатын. 1936 жылдың жазында Семейде өз көзімізше екі қолы жоқ көшеде отырған бір кісіге үстіндегі су жаңа костюмін кигізе салғаны бар. Апам ренжіп еді, папам болса: «Шәрбану, сен саспа, мен ертең-ақ дәл сондай костюмнің көкесін табам, ал мына мүгедек байғұс қалай табады», - деді.
- Енді көйлекшең барасың, қонаққа келе жатырмыз ғой, - деген апама: - Е, Исаны киімі үшін сыйлаған үйдің маған көк тиынға қажеті жоқ, - деп жауап берген еді...
Содан папамыз Мұхтар ағайдың үйіне жетіп бара салып:
- Мұқа, ана киім ілген шкафты аш, - депті. Мұқаң сөзге келмей аша қойған. Папамыз барлық костюмдерін қарап шығып, біреуін киіп алыпты да, «мынау маған шақ екен, ақшасын керосин қатқанда аларсын» - деп шығып жүре беріпті. Мұны папам өзі Мұқаңа үлкен ризашылық білдіре, өзін ағасындай болып еркелетінін мақтана айтатын...» - деп жазған екен әке жолын қуып, өмірін өнерге арнаған асыл қызы. Ұлылардан ұлағат деген осы шығар!
Иса жайында қазақтың ірі тұлғаларының айтқан жылы пікірлері өз алдына бір төбе. Осы бір екі-ақ естеліктен оның халық үшін өмір сүріп айналасына сыйлы болғанын анық байқаймыз.
...Сірә мен көштен кейін қалып па екем,
Жырлаудан тіл мен жағым талып па екен.
Ақындық міндетімді ауырсынып,
Қиналып, қабақ шытып налып па екем.
Жоқ, қайта өрге қарсы ағып келем,
Қайран ғып шаршы топты жарып келем.
Әзірмін халқым үшін бәріне де,
Өйткені ақынмын мен халықпенен.
Халқыма тәуелдімін жанымменен,
Арыммен, асау ыстық қанымменен.
Ешқашан одан менің аярым жоқ,
Бар асыл қазынамның бәрін берем... - деп жырлаған Исадай дүлдүл ақынын халқы да ешқашан ұмытпайды....
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz