Нұрбек Бекбау. АНАМ АЙТҚАН ЖАЛҒАН СӨЗДЕР

      Бала күнімізде отбасы жағдайымыз тым төмен болды. Кедейліктің тақсіреті маған сезілмесе де, шешеме қатты батты. Киер киім, ішер асқа жарымай жүргенде, ол үнемі өз ыдысындағы несібесін маған бөліп берер еді. «Құлыным жей ғой, менің қарным ашқан жоқ» дейтін. Бұл оның үнемі айтатын жалған сөзі еді. Ер жете бастаған шағымда, базардағы қымбат зат немесе дәрумендер алып беруге шешемнің қалтасында көк тиыны жоқ еді. Үнемі жақын маңдағы өзеннен балық аулап келетін. Мен балық етін жеп, сорпасын ішіп отырған сәттерімде ол үнемі сіренің (үстел) шетінде отырып, балық сүйегін мүжіп отыратын. Анам қайнатқан балық сорпасының дәмі әлі күнге таңдайымда. Үнемі шынысына ет салып берсем, «өзің жей ғой, білесің ғой мен балық етін ұнатпаймын» деп, қайтадан өз ыдысына салып қоятын. Бұл оның екінші жалған сөзі болатын. Орта мектеп оқып жүрген кезімде, менің оқу және киіміме кететін қаражатымды қамдау үшін үнемі түні бойы мардымсыз ақша үшін тігіншілікпен айналысатын. Түн ортасында оянсам, бүкшиіп отырып, киім тігіп отырған анамды көретінмін. «Шеше, ұйықтаңызшы, таңертең тағы жұмысқа барасыз» десем, «Ұйықтай бер, құлыным, менің әлі ұйқым келген жоқ» дейтін еді. Ал бұл сәтте, таң ағаруға жақын қалғанын іштей сезіп жататын едім. Бұл оның үшінші жалған сөзі еді. Жоғары оқу орнына емтихан тапсырар күні мектеп қақпасының алдында, шақырайған күн астында мені күтіп тұрған анамды көрдім. Өзге ата-аналар секілді дүкеннен салқын су алуға ақшасы жоқ шешем, маған бола қант қосылған қара шәй алып келіпті. Үш сағат бойына мені күтіп тұрған байқұс шешемнің ерні кеберсіп кетсе де, әлі нәр татпағанын білдім. Өзіңіз ішіңіз деп ұсынып ем, «Жаңа ғана іштім, әлі шөлдеген жоқпын» деді. Кесе түбіне анамның мейір-шапағаты тұнғанын сезетінмін. Сарқып ішіп, анамды құшақтадым. Бұл оның төртінші жалған сөзі еді. Әкем өмірден озғанда анам тым жас еді. Жалғыздықтың азабын аз тартқан жоқ. Тігіншілікпен тапқан аз ғана нәпақасымен мені оқытты, республикалық әйгілі университетке қабылдандым. Нағашы апайымның жазған хатынан, үнемі жалғыз бас, ақкөңіл көрші ағайдың анама көмектесіп, отын-суын әкелісіп, ірілі-ұсақты шаруаларына қолғабыс етіп жүретінін білдім. Апайымның ойы да маған белгілі еді. Әкемді қанша сағынсам да, анамның жанашырсыз, жалғыздығын ойлап, үнемі демалысқа барған кезімде сол ағай туралы айтатын едім. «Әй, өзі бір ақ пейіл жан... бірақ, ұлым.... мен оны ұнатпаймын ғой... өз жайың қалай, маған ертерек келін керек» деп күлімсірейтін. Әңгімені басқа жаққа бұра бастағанынан мен оның тағы да жалған сөйлеп тұрғанын сезетінмін. Бұл бесіншісі еді. Университет бітірген жылы жұмыс жайымен сол қалада қалып қойдым. Жалақым, бір басыма жетпей жүрсе де, үнемі анама ақша салып тұратын болдым. Бірақ, сол ақшам әр жолы өзіме қайтып келетін еді. Және «Құлыным, менің өз табысым өзіме жетеді. Сен қиналып қалма» деген сөз бар хаттар да келетін. Жыл соңында ауылға қайтқанымда анамның жұмыссыз қалғанын бір-ақ білдім. Сонда ғана оның маған тағы да жалған сөз айтқанын ойлап, көзіме жас іркілді. Екі жылдан кейін мен Америкадағы бір әйгілі университетте докторлықты оқыдым. Оқуым біткен соң айлығы да жоғары, үлкен бір зерттеу орнының өтінішін қимай, сонда қалып қойдым. Ауылдағы анама ақша да, сыйлықтар да жіберіп тұрдым. Анамды қанша сағынсам да, бала күнімнен бері талпынған бұл еңбегімнің жемісін әлі көрмеген едім. Сол үшін қайтпадым. Ал анам «Мен ол жерге көне алмаймын» деп қасыма келуге қарсы болатын. Бұл оның әрі жалған әрі шын сөзі еді. Анам да қартайды. Бір күні ауылдан шұғыл шақырту келді. Жүрегім аузыма тығылардай үрей мен алаңдаушылық ішінде ауылға жол тарттым. Ауыр асқазан рагына шалдыққан анам емханаға түсіпті. Тәңірден күн сайын анамның амандығын тіледім. Ота аяқталғанда анамның жаны зорға қалған еді. Жанға батқан ауру азабы тіптен қартайтып жіберіпті. Осыншама уақыттан бері күн сайын оны сағынсам да, қадірін ешқашан жете түсінбеппін. Наркоздан әлі оянбаған анамды құшақтап егіліп жыладым. Аз-кем уақыттан соң ғана көзін ашып, маған күлімсіреп қараған анам қауқарсыз саусақтарымен менің қазандай басымнан сипап, «Құлыным, жазылдым ғой міне. Еш жерім ауырған жоқ...» деді. Мен оның ұлына айтқан ең соңғы жалған сөзін естігенімде, көз алдымда аспан ауып бара жатқандай мең-зең күй кештім.

(с) Массагет сайтынан алынды

Facebook парақшасы